Күйгенжарда Әз Тәуке ханның ордасы болған ба?
25.08.2023 1242

Есіл өзені бойындағы Күйгенжар қалашығы 2013 жылы біздің Астана- Қараөткел тарихына қатысты барлау жұмыстары кезінде, Күйгенжар ауылының солтүстік жағындағы қазақ зиратының ішінен табылды. Жалпы Есіл өзенінің осы тұсында, яғни Күйгенжар маңында Әз Тәуке ханның ордасы болуы мүмкін болды деген әңгіме ел арасында ертеден бар. 


Күйгенжар қалашығы

Мысалы 1994 жылы Р.Нуртазина ел аузында жүрген деректерге сүйеніп  Әз Тәуке ханның ордасы «Близ озера Есил, в частности, где он умер в народе называют Куйгенжар, которое находится в 5 километрах от центра совхоза п.Мичурино, это ныне Акмолинская область» дейді.  Бұл мәлімет Ақмола өңіріне белгілі өлкентанушы Клара Әмірқызының назарына ілігіп, ол кісі 1997 жылы Ақмолада шыққан «Қиылған ғұмырлар» кітабында «Жаугершілік күшейіп кеткен заманда Тәуке ханның Күйгенжарда жерленуі күмән туғызбайтын тәрізді» деген пікір білдірді (Әмірқызы К. Қиылған ғұмырлар. Ақмола, 1997, 115  б ).

2008 жылы жарыққа шыққан «Астана» энциклопедиясында Ресей елшілері Ф.Скибин мен М.Трошин  «онда Тәуке ханның өзен жағасында тұрған ордасына жету үшін Нұраны кешіп өткендері, Қорғалжын көлі мен хан ордасы аралығындағы Нұра өзені жағасында Ботағай атты қаланың қанат жайғаны баяндалады. Тәуке ханның қалаға жасаған қамқорлығын айтып, елшілер дінге сенушілерге арнап салынған керемет үйлердің көптігіне қызығады»-мыс деген жолдар бар («Астана» энциклопедиясы. Алматы: «Атамұра»,2008.-35 б.).  

Біз бұл елшілік материалдарын түгелге жуық қарастырдық, жазбаларда Күйгенжар туралы ешқандай дерек жоқ. Орыс елшілігі Тайкоңыр Құлтабай аталықұлына еріп  1692 жылы (орысша жыл саунада – 199-шы  жыл) Тобольскіден (Бұл қала Сібір хандығының астанасы болған Ескер қаласының орнына салынды-Ж.А.) шығып Адбаш острогы (бекінісі бар қалашық осылай аталады-Ж.А.) арқылы Кокоркина слабодкасының жанында Есілден бірінші рет өтеді. Одан Шәмші Қарағайға жетеді. Мамырдың 20-нда елшілер Қараөткелге келеді, оны орыс деректері «дальный Ишимский брод» деп атайды.  Елшілердің жолжазбаларында Қараөткел қазақтың жортуылда жүрген жігіттерімен кездескені айтылады «у того броду объявились воинские люди Казачьей Орды и Каракалпаки, и шли за ними четыре дня». Бұдан әрі елшілердің  Нұра өзеніне келетіні жазылған, мәтінде «Нор Ишим река» деп аталады (Дополнения к актам т.YI. СПб., 1857, с.156).

Ауылым қонған Күйгенжар жағасына

Есілдің өзенінің Күйгенжар тұсында болған, Күйгенжар ауылы адамдарымен араласқан  адам бұл жердің  қонысқа  өте ыңғайлы екенін біледі.  Есіл өзенінің бойы қашанда көк шалғын, қалың тоғай, сонымен бірге  Күйгенжарға келгенде  жайылмасы бар,  яғни өзен көктем уақытында арнасынан шығып толып жатқан жерді суландырады. Оның үстіне  нақты осы Күйгенжар құдықтарының суы өзінің дәмділігімен, тұщылығымен  таң қалдырады. Осы табиғи себептерге байланысты Күйгенжар маңы қазақтың бірнеше мың жылдық тарихына қатысты толып жатқан ескерткіштеріне бай.  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің  этноархеологиялық іздестіру жұмыстары  нәтижесінде тас дәуірінің қоныстары мен қару-жарақтары, ерте көшпелілердің жан-жағын орлаған үлкен обалары, қазақ қыстаулары мен қорымдары анықталды. Кейбір қорымдар ашық аспан астындағы бірнеше  мың жылдықтың мұражайы сияқты. Күйгенжар ауылы осы мұражайдың ортасында, Есілдің оң жағалауына орналасқан. Ауылдың оңтүстік жағында Есілден өтетін Алтай-Қарпық аталатын атақты өткел бар, ал ауылдың солтүстік жағындағы ескі қорымның ортасында біз Әз Тәуке ханның ордасы деп жорамалдап отырған  қалашық орны кездесті. 

Қалашықтың  сипаттамасы

Әз Тәуке ханның жазғы ордасы Есілдің Күйгенжар ауылынан аса беріп оңға қарай шұғыл бұрылатын жерінде, өзеннің оң жағалауындағы дөңес жерге орналасқан. Қазіргі оқырманға түсінікті болуы үшін орда Күйгенжар  ауылы мен Астана-Қарағанды тас жолының арасында десек те болады.

Әз Тәуке ханның жазғы ордасын жағалай төрт бұрышты биік қорған соғылған. Қорғанның оңтүстік жағы 60 метрдей, солтүстік жағы 40 метр, яғни қорған тік төрт бұрыш емес, бір жағының ені аздау. Қорғанның шығыс және батыс  қабырғаларының  ұзындығы 100 метр. Бекініс қорғанның сыртынан да, ішінен де терең ор қазылған және ол орлар Есілмен арық арқылы жалғасады. Ендеше Есілден не шығыр арқылы, не атпамен жоғарыға қарай су жіберіліп тұрды деп есептеуге болады. Себебі бекініс-қорған орналасқан жердің  деңгейі өзеннен жоғарырақ. Өзен мен бекіністің оңтүстік-батыс мұртының  арасы 50 метрдей.

Әз Тәуке ханның жазғы ордасына кіретін қақпа екеу болған сияқты, оның бірі шығыс жақтан, яғни негізгі дарбаза және екіншісі батыс жақтан қосалқы қақпаның орыны көрінеді. Қорғанның ішінде ескілікті саман мен шымнан салынған құрылыстардың орыны аңғарылады, бірақ олардың не зират, не қоныс-жай екенін арнайы қазба жұмыстарын жүргізбей тұрып анықтау қиын.  Біз Әз Тәуке бекініс-қорғанның ішінде он екі қанат кигіз үй тігіп отырды деген жормал ұсынамыз.  Бүгінгі күні қорғанның бүкіл периметрі бойынша ХХ ғасырдың басынан бастап салынған зираттар  қоршап тұр. Бірнеше құрылыс, соның ішінде христиан бейіттері, қорғанның ішіне де еніп кеткен.

Әз Тәуке ханның жазғы ордасы қауіпсіздік мәселесін жақсы ескеріп салынғаны анық көрінеді. Біріншіден, бекініс-қорғанның іргесі биік көтерілген, бұрыштары қарауыл мұнара сияқты көтеріңкі жасалған. Екіншіден, бекініс-қорғанның ішіне де, сыртынан да терең ор қазылған және құрылысшылар оған су жіберуді қамтамасыз еткен. Үшіншіден, жазғы орданы батысынан және оңтүстігінен Есілдің өзені қорғап тұр десек те болады. Жазғы орданың негізгі қақпасы Есілден өтетін қазақтың байырғы өткеліне бағытталған, яғни өзге елмен байланыс осы өткел арқылы жасалғаны сөзсіз. Бұл өткелді жергілікті ел Алтай –Қарпық, не Күйгенжардың өткелі деп атайды. Жазғы орданың шығыс және солтүстік жақтарынан алыстан орағытқан ор кездеседі ме, оны анықтау қазіргі уақытта қиын.  Бекініс-қорғанның екі жағынан да тас жол өтеді және соған байланысты жер бедері қатты өзгерген. 

Әз Тәуке хан және Күйгенжар         

Деректерге қарағанда Әз Тәуке ханның билік құрған уақыты 1680-1715  жылдар.  Қазақ халқына Әз Тәуке атымен мәшһүр болған  билеушінің туған жылы шамамен 1620 жылдар болса керек. 1640 жылдары Тәуке сұлтанның әкесінің тапсырмасы бойынша атақты тәшкенттік Шайхантаур нәсілі Жүніс қожамен бірге қазақ Алты шаһар деп атайтын Шығыс Түркістан өлкесіне елшілікке барғаны белгілі. Шах Махмуд бен мырза Фазыл Чорастың «Тарих» деген шығармасында Жәңгiр ханның елшiлiгiнiң Шығыс Түркiстанға келгендегi жазылады : «Сол кезде Жаћангер ханнан елшi болып Шайх Хаванд Тахурдың (Шайхантаур) ұрпағы Жүнiс қожа деген адам келдi. Мына жақтан Софы қожа жiберiлдi, ол қожа Сеиід Мұхаммед–халифтың ұлы,-Алла жар болсын. Жаћангер хан Софы қожамен бiрге өзiнiң ұлы Тәуке сұлтанды жiбердi. Хан (Абдолла хан-Шығыс Түркiстанның билеушiсi-Ж.А.) оны  патшадай  сыйлап, онымен бiрге Қошқар бектi жiбердi. Жаћангер хан сол кезде, Құдай рахмат айласын, Ахунд Молла Иакуб пен Жан қожаның ұлы Вафа қожаны өлтiрдi.  Осыдан кейін Жәңгір Қошқар бекпен бірге өзінің үлкен ұлы Абақ сұлтанды жолға аттандырды. Ол Абдолла ханның ұлы Жолбарыс сұлтанға өзінің қарындасын ұзатып салды. Абдолла Абақ сұлтанды ерекше сыйлап, қымбат дүниелерді көп берді» (Материалы по истории Казахских ханств, 1969, 554-555 бб.)

Енді Салқам Жәңгір қайтыс болған 1652 жыл мен Әз Тәуке хан есебінде таныла бастаған 1680-шы жылдар арасында кім билік етті деген мәселе ашық қалады. Мырза Мұхаммед Әминнiң жазуы бойынша ХУІІ ғасырдың соңғы ширегінде  Тәуке хан Ташкент қаласы мен маңайындағы қалашықтарға иелік жасады және осы қалада 1687 жылы Бұхар ханы Нәдiр Мұхамедтің ұлы Сұбхан Құл ханның елшiлiгiн қабылдаған. Ол елшiлiктi Қошыке би аталық басқарған, оның мақсаты қазақ ханы Тәукемен кездесiп шекара мәселесін талқылау болды.

Кейбір деректерге қарағанда сол жылдары Тәукенiң басшылығындағы қазақтар Ташкенттiң батыс алқабында, Зерафшан бойында мекендеген қытай – қыпшақ аталатын жауынгер тайпамен соғыс жағдайында. Деректерде Тәукенiң қытай - қыпшақтарға қарсы екi соғысы туралы айтылады. «Тәуке хан 1694 жылы 20 мың адаммен қытай - қыпшақтардың екi қаласын басып алып, 3 мың адамын қырып салып, бiрталайын тұтқанға алды. Кейiннен ол тұтқындарды қайтарды, ал келесi жылы ол 15 мың адаммен шабуыл жасап, құр, олжасыз оралды» делінеді деректерде (Дополнение к актам, т.Х., 1867, 15 б.). Бұл соғыстар Сырдария бойындағы көне дәуірлерден бері қазақ саудасының көзі болған қалалар үшін Бұхар хандығына қарсы жүргізілгені сөзсіз. 

Біздің қолымыздағы көптеген деректер Тәуке ханның Ресей, Жоңғария, Орта Азия елдерiмен тығыз мәмлегерлік және сауда байланыстарын ұстап тұруға барлық күшін жұмсаған ел басшыларының бірі екенін дәлелдейді. Ең басты қауып бұл кезеңде дүрбен-ойрат (қара қалмақ, жоңғар) тарапынан болды деуге келеді. Тарихи деректер Әз Тәуке ханның заманында қазақ-қалмақ арасындағы қарым-қатынастар кейде бейбіт, кейде жаугершілікпен шешіліп отырғанын көрсетеді. 

Еуразия көшпелі елдерінің билеушілерінің қыста оңтүстікте, қалалық өңірде қыстап, жазғы жайлауды елмен бірге Арқада өткізетіні ертеден белгілі салт. Мәселен Қытайдың «Ханнама» жылнамасында Қаңлы елінің хандары туралы «Қаңлы елінің ханы қыста Логатнұқта тұрады да, жазда Бетен даласына көшеді» дейді. Екі арасы біраз жер, себебі Чаң-әннан (Қытайдың сол кездегі астанасы) қаңлының қысқы жұрты 21300 ли болса, жазғы жайлауы 9104 ли. Екі аралық шамамен 8000 ли деп алсақ,  қыстау мен жайлаудың арасы 2-3 мың шақырым болмақ. Зерттеушілер Лоғатнұқты Шыршық өзенінің бойындағы Қанға қаласымен, ал Бетенді Балқаш пен Арал арасындағы өлкемен байланыстырады. Біздің пікірімізше Бетен Өлеңтінің Ақкөлге құяр жерінде орналасқан қалашық. 

Жазғы орда ұстау дәстүрі өз кезегінде Қазақ ордасында жалғасын  тапқаны сөзсіз. Әз Тәукеге дейінгі қазақ хандарының өмір тарихына қатысты деректерден де осы көшіп -қонуды аңғарамыз. Мырза Хайдар «Тарихи-и Рашиди» кітабында Моғолстан билеушісі Саид ханның Қасым ханмен кездесуін баяндай отырып «Жаздың соңы еді. Қасым ханның бұйрығымен қазақтар қыстауларына қарай бағыт алды. Қасым хан (Саид ханға) «Қазіргі уақытта Шайбанға қарсы елді көтеру қиын шаруа. Ел қысқа дайындықты жасауы керек. Бұл кезде әскер жинау мүмкін емес» деді. Осылайша сыпайы түрде жорыққа шығудан бас тартты. Қасым хан ханды (Саид)  үлкен құрметпен шығарып салып, өздерінің ата қыстауларына қарай жылжыды» дейді. Осы сияқты деректерді қазақтың әр ханына қатысты ондап-жүздеп келтіруге болады.

Әрине, қазақ хандарының Түркістан өңірінен алысқа ұзамай қалатын кездері де болса керек. Ол не жаугершілікке, не жұтқа, не қысыл- таяң елшілік істеріне байанысты болама дейміз. Ондай жағдайда хан ордасы Түркістаннан теріскеге қарай бет алып, Қаратауды жағалай көшіп жүреді. Егер жаз уақытында сырттан келген елшіліктерді, не ірі сауда керуендерін қарсы алу керек болса Кәрізге ақ шаңқан үй тігіп, Бақ жаһанда қарсы алады. Бұл сонау ерте заманда басталып ХІХ ғасырдың басына дейін жалғасын тапқан дәстүр. 

Күйгенжарда  Әз Тәуке хан ордасының болуына қандай дәлелдер бар ?

-Біріншіден, жазғы жайлауда көшпелі жауынгер елмен бірге болу Еуразия кеңістігін билеген басшылардың ерте замандардан бергі дәстүрі. Қазақта «хан жайлауы» деген ұғым бекер өмір сүрмесе керек.

-Екіншіден, Күйгенжар, Сарыоба, Ақмола арасын Әз Тәукенің ұлы, 1729-1737 жылдар қазақтың үлкен ханы болған  Сәмеке ханның тұқымдары мекендеді. Ақмола дуаны 1832 жылы ашылғанда алғашқы аға сұлтан болған да Сәмеке немересі Қоңырқұлжа сұлтан.

-Үшіншіден, Күйгенжар Әз Тәукеге аталық болған Барқы батырдың қонысы. Шежіре деректерінде Күйгенжар өткелін «Алтай-Қарпық» өткелі деп те атайды.  Аталық Барқы батыр Алтай руының Сайдалы тармағынан шыққан белгілі ел басыларының бірі, оның тұқым-жұрағаттары әлі де Күйгенжар маңында қоныстанған.

-Міне, басқа әңгімелерді айтпағанның өзінде жоғарыда аталған үш дәлел Күйгенжарда Әз Тәуке ханның жазғы ордасы болды деген жорамалдың шындыққа келетінін айғақтауға жететін сияқты.

Қазақты  тұтас билеген Тәуке ханның 1715 жылы өз ажалынан қайтыс болғанын осы жылы Уфаға келген Тайқоңыр Құлтабай аталық ұлы бастаған қазақ елшілігі мәлім етті. Елшілік Әз Тәуке ханның орнына үлкен хан болып сайланған Қайыптың атынан келген: Қазақтың үлкен тағына Қайып  Әз Тәуке қайтыс болған соң  1715 жылдан 1718 жылға дейiн иелік жасады. Үлкен орданың ханы ретiнде мемлекет басқарып, халықаралық қатынастарға белсене қатысты. Қайып ханның Уфаға, Қазанға, Тобылға жiберген елшiлiктерi оның Тәуке ханнан кейiнгi өкiлеттiгiн мақұлдатуға бағытталған: «Доброю воле умре Тевке. Мухаммед хана ближней, Тайкунур-батыра своим жалованием послом отрядили великому государю» (Казахско-русские отношения, 1961, 27-б). Бұл жерде жазба дерек «Мухаммед хан» деп Қайып Мұхаммед ханды нұсқап отыр. Тайқоңырдың Уфадан әрі Ресейдің орталығына барған-бармағаны бізге белгісіз.

Бір өкініштісі біз Тәуке хан заманына қатысты деректермен жақында ғана танысып, ғылыми тәпсірге жаңа кірістік. Оның бір дәлелі таяуда ғана Түркістан ғалымдары Мұқтар Қожа мен Зікірия Жандарбек жариялаған «Қисса-дастан Шыңғыс хан» қолжазбасы. Бұл хижра 1228, қазіргі жыл санау бойынша 1813 жылы Түркістанда қазақ сұлтаны Әлиақбардың тапсырмасымен жазылған тамаша дерек көзінде Әз Тәуке ханның Әзіреті Сұлтанда жерленгені айтылады: «Шығай хан Самарқанның Пірімкентінде жатыр, Есім хан Шайх ат-Тахур бабада жатыр, Жаһаргир хан, Тәуекел Мұхаммед баһадүр хан (Тәуке хан-Ж.А.), Шаһмұхаммед баһадүр хан (Сәмеке хан-Ж.А.)Түркістанда жатыр» (Қисса-дастан, 2020, 60- б.) Сонымен Әз Тәуке хан Қазақ хан әулетінің бірнеше ұрпағы жатқан Әзіреті Сұлтанда жерленді. 

Қорытынды

Бұл әңгімені қорыта келе Күйгенжар қорымында сақталған қалашық орнын біз Әз Тәуке ханның жазғы ордасымен байланыстармыз. Заманында  тек қазақтың үш жүзін ғана емес, сонымен қатар қырғыз, қарақалпақ, құраманы  бір тудың астында қосқан Түркістанды қыстап, Есілді жайлаған Әз Тәуке ханның жазғы ордасы мемлекет тарапынан қандай да болсын қамқорлыққа  лайық деп есептейміз.

Әдебиет:

«Астана» энциклопедиясы. Алматы, 2008

Әмірқызы К. Қиылған ғұмырлар. Ақмола, 1997.

Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена. Т.1-2. М.-Л.,1950. т.3. М.,1953.

Дополнения к актам историческим т.YI. СПб., 1857; т.Х.СПб., 1867.

Казахско-русские отношения в XYI-XYIII вв. (Сборник материалов и документов). Алма-Ата, 1961

Өзкенди Әбдірахман. Қисса-дастан Шыңғыс хан. Қолжазба факсимилесі. Жалпы ред. М.Қожа, ауд.:З.Жандарбек, З.Муминова.  Алматы,2020

Материалы по истории казахских ханств XY-XYIII вв. (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Алматы, 1969.

Мырза Хайдар Дулати. Тарих-и-Рашиди. Алматы,1999