Барбикор: Әдебиет кейіпкеріне айналған ойыншықтар
17.08.2023 1016

Өнер әлеміндегі соңғы жаңалықтарға құлақ түрсек, Грета Гервигтің «Барби» фильмі АҚШ прокатында 537,5 миллион доллар жинады. Осылайша, аталған туынды Warner Bro студиясының АҚШ территориясында ең көп табыс әкелген картинасы болып отыр. Таспа касса бойынша «Қара рыцарь» драмасын басып озды. Кристофер Ноланның фильмі 2008 жылы 536 миллион доллар жинаған еді.


14 тамызда «Барби» фильмінің продюсерлері рекордтық гонорарға қол жеткізгеннен кейін фильмнің жалғасын түсіруді талқылай бастағаны белгілі болды.

«Барби» фильмінің премьерасы 19 шілдеде өтті. Сол аптаның өзінде картинаның кассасы 356 миллион долларды құрады. Әйгілі қуыршақтың ойыншықтар елінен қашып кетуі туралы фильм қазірдің өзінде 2023 жылғы картиналардан озып тұр.

Барби бар ғаламшарға арман ойыншық болатындай бренд дәрежесіне әлдеқашан жетті. Бірнеше буын ұрпақтарының бала күні осы қуыршақпен өтті. Балалық шақ – бұл адам өміріндегі жай кезең емес, ол ертегідей өтетін ғажап әлем. Ал оның айнымас бөлігі – ойыншықтар. Бала солардың көмегімен мына әлемді түсінеді, қоғамға үйренеді, қиялын, ойын, моторикасын, логикасын және т.б. дамытады. Бұл дағдылардың барлығы адамда бала кезінен өте берік бекітіледін, сондықтан ойыншық тұлғаның қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Балалық шағында кез келген адамның сүйікті қояны, иті немесе бір сәтке да тастағысы келмейтін қуыршағы болған шығар. Бұл кішкентай адамдағы махаббаттың алғашқы көрінісі. Сондықтан ойыншықтардың бала өміріндегі рөлі өте маңызды.

Сол секілді ойыншықтар әдебиет кейіпкерлеріне де айналып жатады. Біз солардың бірқатарына тоқталуды жөн көрдік.

 

Блисс Эмили: Сыңармүйіз ханшайымдар: Күнсәуленің жарқырауы

Steppe&World Publishing баспасы тәржімалаған әлемге әйгілі шығарма. Крессида Жекинс сыңармүйіздерді жақсы көреді. Бір күні үйінің жанындағы орманда Күнсәуле ханшайым атты шынайы сыңармүйізді көргенде, Крессиданың ең үлкен тілегі орындалады. Cыңармүйізге Крессида Жекинстің көмегі керек. Cыңармүйіз барына сенетін қыз Күнсәуле ханшайымның сиқырлы сары асылтасын тапқанда, сиқыршы кесірткенің сиқыры жойылады. Крессида Кемпірқосақ патшалығында Cыңармүйіз ханшайымдармен танысады, сиқыр әлемін зерттейді. Түрлі қызық оқиғаларды бастан кешеді. Ең бастысы, ғажайып пен арманға сенуі керек.

«Сыңармүйіз ханшайымдар – балалардың сүйікті кейіпкері. Сыңармүйіздердің әрқайсы бір-бір патшалық иесі болғанымен, олардың да қолынан келмейтін іс көп. Сондай сәтте оған кішкентай адам баласы Крессида көмекке келеді. Мейірімді, ақылды сыңармүйіздердің адамға берер тәлімі мол»,-дейді аударма редакторы Оралай Алейдарова.

 

Дик Кинг-Смит. Леди Дейзи

Дик Кинг-Смит кітаптарының кейіпкерлері, әдетте, жануарлар болды: тышқандар, иттер, кірпілер, тотықұстар және торайлар. Тіпті шығармаларын «фермада туған қиял» деп те атаған. Бірақ 1992 жылы бала мен қуыршақтың достығы туралы ертегісінде «Леди Дейзи» пайда болды.

Леди Дейзи Чейн бұл тек кестеленген көйлектегі қыздың ойыншығы немесе Виктория дәуірінің құнды антиквариаты емес. Ол жүз жылдан астам бір шаңырақта тұрып жатқан «дана әже» болмысын береді. Қуыршақпен әңгімелесу баланың өмірінің маңызды бөлігіне айналады және ол кенет Леди Дейзидің сөзін естімейтін күнге жеткенде балалық шағының өте шыққанын түсінеді. Бірақ бір күні қуыршақ көзін қайтадан ашады және ересек Недтің кішкентай қызымен сөйлеседі.  

 

Джонни Груэлл. Шүберек Энн

Үйдегі қуыршақ туралы ескі және сентименталды кітап. Джонни Грюэллдің туындысы мультфильмге айналды, ал сүйкімді Энн танымал кейіпкер боп шыға келді. Оның мәні мен сыры неде? Бәлкім оның шүберек жүзінен ешқашан кетпейтін боялған күлкіде шығар. 

Анн туралы кітап екі маңызды нәрсені үйретеді. Біріншіден, бұл кез келген аймақ пен ендік үшін әрқашан өзекті және әмбебап келетін мейірімділік сабақтары. Екіншіден, дәстүршілдік, буындар арасындағы байланыс, ұрпақтар сабақтастығы.  

 

Дон Фриман. Жұмсақ қонжық

Дон Фриманның «Жұмсақ қонжығы» - балалар әдебиетінің классикасы. Кітап 1968 жылы шыққаннан кейін бірден танымал болды, ал оның басты кейіпкері - сүйкімді құлақтары мен жасыл жолақты шалбары бар ойыншық аюдың балаларға ұнағаны сонша, оның шытырман оқиғасының жалғасы автор қайтыс болғаннан кейін де жарияланып жүрді. Оның мотивтері бойынша анимациялық сериал түсірілді. School Library Journal мәліметтері бойынша, Фриманның бұл жұмысы XX ғасырдың ең жақсы 100 суретті кітабының бірі саналады.

«Балаларға қарапайымдылық ұнайды», - дейді Дон Фриман. «Жұмсақ қонжық» хикаясы бұл тезисті растайды. Аю ойыншықтар дүкенінде тұрады және оны біреу сатып алады деп армандаумен болады. Оның сөреде тұрғанына ұзақ уақыт болғаны сонша, тіпті шалбар да тозып, түймесі де түсіп қалды. Алайда, көп ұзамай ол Лизаны кездестіреді: тәтті кішкентай қыз оны бір көргеннен жақсы көреді және ол досын бірден үйіне әкеткісі келеді.

Әңгіменің жақсы құрастырылғаны және шебер суреттелгені сонша, ол әрі мағыналы, әрі әсерлі.  

 

Алан Милн. Винни Пух

Винни Пух — ойыншық аю, ағылшын жазушысы Алан Милннің екі әңгімесі мен екі өлеңдер жинағының кейіпкері. Винни Пух алғаш рет 1926 жылы 14 қазанда осы аттас балалар кітабында басылып шықты.

ХХ ғасырдағы балалар әдебиетінің әйгілі кейіпкерлерінің бірі. Кітаптың алғашқы иллюстрациялары мен эскиздерін атақты карикатурист Эрнест Шепард жасаған. Sotheby's аукцион үйі Алан Милннің ертегісі үшін салған суреттерін бірнеше рет сатты: мысалы, 2013 жылдың 10 шілдесінде алты эскиз (бастапқыда сегіз жұмыс сатылуы керек еді) жарты миллион фунт стерлингке сатылды.

Дж.С.Кюйоның айтуынша, «Пух әдебиеттегі ең танымал және сүйікті аюға» айналды. 

Шығармадағы кейіпкер прототипі болған жазушының баласы-Кристофер Робинге тиесілі Винни Пух ойыншық аюы қазір Нью-Йорк кітапханасының балалар бөлмесінде сақтаулы.

 

Ал Барбидің өзі ше? Ол неге сонша атақты?

Барби – Mattel фото жиектеме компаниясын құрған америкалық Ратт Хендлер күйеуімен бірге жасаған қуыршақ. 1959 жылы 9 наурызда Рутт Хэндлер Нью-Йорктегі америкалық халықаралық ойыншықтар жәрмеңкесінде толық аты-жөні Барбара Миллисент Робертс Барбиді таныстырды. Барби есімі Ратттың қызы Барбараның құрметіне қойылған. Оны жеке киімдері бар қағаз қуыршақтарынан шабыттанған. Кен – Барбидің досы және серіктесі – Рутттың ұлы Кеннеттің есімімен аталды. Кен мен Барби – әлемдегі ең танымал ойдан шығарылған кейіпкерлер.

Барбидің шығу тарихы 1960 жылдары шыққан кітаптар сериясында баяндалған. Барби Висконсин штатының қиялдан туған Виллоус қаласында тұрады. Барбидің жеті бауыры бар, сонымен қатар Ұлыбританияда тұратын немере туысы да айтылады.

Жалпы, оның әлемінің шеті мен шегі көрінбейді. Шын адамдай толыққанды өмір сүреді. Мысалы, 60 жылдан астам өмір сүріп келе жатқан Барби 250-ден астам мамандық ауыстырды: ол ғарышқа да ұшты, дәрігер болып жұмыс істеді, тіпті алты рет президенттікке үміткер болды. Қуыршақты жасаушы Рут Хендлер Барбидің мансап жолын әдейі құрды, осылайша әйел кәсіби түрде кез келген еркектен кем түспейді деген идеяны алға тартты.

Барбидің гардеробында 1959 жылдан бері ол үшін арнайы тігілген киім түрлері көп. Барбиге киім тіккен атақты сәнгерлердің қатарында Ив Сен Лоран, Жан Пол Готье, Майкл Корс, Вера Ванг, Тьерри Муглер, Карл Лагерфельд, Александр Маккуин, Стелла Маккартни, Роберто Кавалли және басқалар да бар. Кейде Барбиге сатылатын киімдер қуыршақтың өзінен де қымбат тұрады.

Барби қуыршағы екі себеп бойынша танымал: біріншіден, 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында Барби бүкіл әлемдегі қыздарға арналған ойыншықтар әлемінде шынымен төңкеріс жасады, екіншіден, Mattel компаниясының орасан зор маркетингінің арқасында. Барби 60 жылға жуық белсенді түрде жарнамаланып келеді және әлемнің 150-ден астам елінде сатылады. Барби танымалдығының келесі толқыны осы жылы Марго Робби мен Райан Гослингтің басты рөлдерді сомдаған «Барби» фильмі (Mattel – Mattel Films кино бөлімі), арқылы жалғасын тауып отыр. Оны қолдауға арналған жаһандық науқан бірнеше ай бойы жалғасып келеді.