Суретші: Адамның ең үлкен ұстазы – қызығушылық
07.08.2023 1231

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі. 

Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр. 

Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.

Түп тамырын ғасырлар қойнауынан бастау алатын сурет салу өнері бүгінге дейін қасиетін жоғалтпай, сақталып келеді. Өйткені оны ары қарай жандандырып, халықтың назарына ұсынып жүрген азаматтар да жетерлік. Солардың бірі – елордалық суретші әрі ұстаз Қайрат Жәйірбекұлы. Бүгінде ол сүйікті кәсібін табысқа айналдырып жүрген өнер иесі. 


– Қайрат Жәйірбекұлы, алдымен өзіңіз туралы қысқаша айтып кетсеңіз...

– Мен 1973 жылы Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағында дүниеге келдім. Сол жақта педагогикалық колледжде «Қытай тілі» мамандығы бойынша бітіріп, ұстаздық қызметімді бастадым. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей бала кезімнен әкемнің суретшілік өнерін бойымызға сіңіріп өстік. Ол кісі кәсіби маман болмаса да, белгілі бір деңгейде білімі бар шебер адам. Сол кісінің бағыт-бағдарымен өнерге жақын болып өстім. Бірте-бірте бұл өнерге қызығушылық арта бастады. Содан қытай тілі пәні мұғалімінен суретшілік мамандыққа бет бұрдым. Ал 1995 жылдан бастап мектепте бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Ал осыдан 17 жыл бұрын атажұртқа қоныс аудардым. Қазіргі кезде Астана қаласындағы  №2 өнер  мектебінде ұстаз болып қызмет етемін. 

 

– Суретшілік бойынша маман ретінде білім алғаннан кейін өзіңіздің төл шығармашылығыңызды қалай дамыта бастадыңыз?

– Барлығы еңбекпен келеді. Бастысы қызығушылық болды. Сондықтан ұстаз ретінде балаларға тәрбие берсем де, шығармашылықты қатар алып жүрдім. Кейде түн жарымда шабыт келетін кездер де болады. Сондай сәтте бірден қолыма қалам алып, қағазға эскиздер саламын. Кейін Астанадағы ірі-ірі сурет көрмелерінде алдыңғы буын аға  кісілердің өнерін тамашалап, одан сайын шабыттана түсемін.

 

-Бұл салада жүргеніңізге қанша уақыт болды?

- Өнердің бұл саласында жүргеніме 30 жылдан асты. Осы уақытқа дейін живопись, графикамен жұмыс істеп келемін. Барлығы 200-ге жуық жеке шығармашылық жұмысым бар. Олар әртүрлі форматта жасалған. Жалпы мен көбінесе портреттік жанрдағы суреттер салғанды ұнатамын. Бір айта кетерлігі, мен өзімді сырттай карикатурист ретінде көремін. Өйткені суреттерімнің көбісі осы бағытта салынған.  

- Қайрат Жәйірбекұлы, қандай жетістіктеріңіз бар?

- Негізінен, мен өзімді әуесқойдан бастап кәсіби суретшіге көтерілген адаммын деп есептеймін. Қазіргі кезде Қазақстан Суретшілер одағының, Еуразия дизайнерлер одағының және Қазақстан Республикасы Көркем академиясының корреспондент-мүшесімін. Сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгімен марапатталдым. Оған қоса, Астананың 20 жылдығына арналған халықаралық суретшілер жинағына шығармаларым енді. 

 

– Сурет салу бойынша өткізілетін жарыстар мен көрмелерге қатысасыз ба?

– 2020 жылы Алматыда өткен Республикалық карикатура байқауында бас жүлдені жеңіп алдым. Онда «Бюджет мол. Мәселе сол» деген тақырып болды. Елордада Суретшілер одағы жанынан «Жас суретшілер бірлестігі» құрылды. Бірлестіктің мүшесі ретінде көптеген көрмеге жиі-жиі шыға бастадық. Сөйтіп, өзге суретшілермен тәжірибе алмастық. 

 

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай? 

- Абай атамыздың «Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың» деген сөзді ұстанамын. 

- Картиналарыңызға қызығушылық танытып сатып алғандар немесе сұрағандар болды ма?

- Әлбетте, көрмелерде қандай да бір картинаны көріп, бірден ұнатып, сатып алатын жандар табылады. Мысалы, АҚШ, Франция секілді әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер қызығушылық танытады. Тіпті, олар сатып алады. Сондай-ақ суреттерге еліміздегі қалалардан да тапсырыстар келіп түседі. Ал жаз мезгілінде, әсіресе, саябақтарда сурет салумен айналыспаймын. Алайда қартайған уақытта неге бармасқа?! Бір жағынан уақытты қызықты өткізу, екіншіден, сүйікті ісіңмен шұғылдану – ләззат. 

 

- Шәкірт тәрбиелейсіз бе

- Әлбетте, шәкірттерім бар. Қазіргі кезде Астана қаласындағы №2 өнер  мектебінде ұстаз болып қызмет етемін.  Онда қабылданған балаларды 4 жыл бойы сурет өнеріне баулимыз. Ал кейін мектепті бітірген соң оларға арнайы сертификаттар табысталады. Осылайша түлектер сурет өнері, дизайн секілді бағыттары бойынша мамандық таңдауға дайын болып аттанады. 

– Алдағы уақытта суретшілікпен айналысуды жоспарлап жүрген жандарға қандай пайдалы кеңестер айтасыз?

– Адамның ең үлкен ұстазы – қызығушылық. Егер адамның бойында сурет өнеріне деген сүйіспеншілік үнемі лаулап тұрса, онда оны ешқандай жоғары оқу орнына түспей-ақ өз бетімен жетілдіре алады. Сондықтан өнерге деген құлшыныс әрқашан төмендемесін деп тілеймін! Керісінше, оның құрметі арта берсін. Сондай-ақ жастар, әрдайым ізденісте болыңыздар. Кез келген жұмыстың жемісі тек еңбекпен келеді. Соны естен шығармау қажет. Қандай да бір жетістікке жету үшін, адам сол бағытта аянбай еңбек етіп, тер төгуге тиіс. Сол кезде нәтиже де болады. Ал, содан кейін атақ пен абырой қатар еріп жүреді. 

 

- Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз? 

- 80-жылдары брэйк данс туралы АҚШ фильмдерінен көріп өстік. Тіпті, сол кездерде бүкіл бала соған қызықты. Олардың қатарында мен де болдым. Жолдасым – кәсіби биші. Сондықтан үйде бала-шағамызбен анда-санда би билеп, көңіл-күйімізді көтеретін жайымыз бар.

 

- Қазіргі кезде балалардың сурет өнеріне деген қызығушылығы қалай деп ойлайсыз?

- Астана қаласындағы №2 өнер мектебінің көркем сурет бөліміне келетін балалардың барлығы шетінен талантты деуге болады. Кез келген баланың әр сала бойынша қабілеті бар емес пе? Ал, біз, ұстаз ретінде сол дарынын дұрыс жолға бағыттасақ, онда одан болашақта үлкен үміт күтеміз. Қуантарлығы, қазіргі таңда сурет салуға қызығатын жеткіншектердің қатары артып келеді. 

- Қайрат мырза, алда қандай жоспарларыңыз бар?

- Алда жеке шығармашылық сурет көрмемді өткізу жоспарымда бар. Осы уақытқа дейін 3 сурет көрмесін өткіздім. Оның алғашқысы 2018 жылы аралас көрме болды. Онда графика, живопись және рельеф жанрындағы суреттер көпшілік назарына ұсынылды. Екіншісі, 2021 жылы елордадағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханада болды. Шағын типтік көрме балалар тақырыбына арналды. Ал соңғысы былтыр «Арнау» атты тақырыпта ұйымдастырылды. Ол сурет көрмесіне келушілер иллюстрация, карикатура және каллиграфия жанрындағы суреттерді тамашалады. Ал ендігі жоспар тек живопись бағытындағы жеке көрме ұйымдастыру. Бастысы тыңғылықты дайындалып, сақадай сай болып өткізу керек деп есептеймін. Сондықтан қазіргі таңда көрмеге қызу дайындықты бастап та кеттім.

 

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақкербез МЫРЗАХМЕТ