Құл қоғамның Құдайы қандай?
26.05.2023 2377

Шындықты білетіндер оны сүйетіндерге жеткен жоқ...

                                                                                                                   (Конфуций)   

 

                                     Егер сіз тұрақты түрде көпшілік жағында екеніңізді байқасаңыз, 

                                     бұл сіздің дүниетаным көзқарасыңызды жедел арада өзгертуіңіз

                                     керек екендігінің нақты белгісі...

                                                                                                                    (Марк Твен)


                                                          I

Құдай – қашанда мәңгілік тақырып қой. Адам барда, оның рухани болмысы мен танымы барда бұл мәселе  адамзат алдынан  көлденең тартылып шыға беретіні хақ.  Біреуге «мен астекпін» я «діндармын» деп ашық айтуымыз қаншалықты асылық естілсе, «мен Құдайға сенбейтін атеист едім» деп айтуымыз да соншалықты тұрпайы естілетін еді. Бұл ешкімге есеп беріп талқыламайтын, тіпті сыбырлап та айтпайтын әркімнің жеке мәселесі ғой. Бұл жағынан келгенде, атеист пен діндардың бірін-бірі келеке ететіндей,  өзара тәжіркелесетіндей ештеңесі  жоқ.  Шындап келгенде, екеуінің де ел алдындағы мәртебесі (статусы)  бірдей.  Рас, әркімнің Құдайы – өз өресі мен парасатының, ең абзалы, ішкі мәдениетінің жемісі. Бұған енді жеке тұлғаның танымдық ізденісіндегі дербес пайымын да жатқызуға болады.  Нидерланды елінің ғажайып философы  Бенедикт Спинозаның  Жаратушыға қатысты тәуелсіз ойлары, Лао-цзы мен Конфуцидың танымдық жазбаларын да осы өлшем негізінде қарастыруға келеді.  Әрісі біздің заманымызға дейінгі бес ғасыр ілкіде  айтылған онтологиялық ойға  біз де өз тарапымыздан үн қосып, жекелей пайым  жасасақ деген үмітпен осы жазбамызды  жариялап отырмыз. 

 

                                                         II

Жаратушыны жасампаз әрі шығармашылық өре өлшемінде бағамдағанда ғана «құлдық» пен «құлшылық» үрейінен  шын  құтылуға болады. Шығармашылықта  «Ол мәңгі... Тумаған, туылмаған...» тәрізді тұрақты әм өзгермес  қағида жоқ.  Менің жеке пікіріме төзімділік танытып,  төрелік жасатсаңыз,  Жаратушы болмысының өзін эволюция заңдылығының негізінде   ғана қарастырған болар едім.  Неге дейсіз ғой? 

Ғалам –  үлкен жарылыс бастауынан   пайда болып,  кейін әлемнің күн салып  кеңею әрекетінде ұлы Құдайдың да  шығармашылық  танымы бар деген пікірдемін.

Сонымен, шығармашылықтағы үздіксіз жетілу процесі – Құдайдың да негізгі болмысы. Діндарлар жиі айтатын Құдайдың ләмәкән (мекенсіздігін), оның  үнемі бір орнында тұрмас динамикаға (қозғалысқа)  тиесілі жетілуімен де  түсіндіруге келетін шығар.  Әрине, бұл сөзімізге  күн санап кеңейіп бара жатқан ғаламның өзі  куә.  Ендеше  ҒАЛАМ  мен  ЖАРАТУШЫ – бір контекстегі тұтас ұғым.  Бұл екеуін бірінен-бірін бөліп қарастыру тіпті де  ақылға томпақ  болатын еді.  Ғалам – өзі бір үлкен  кітап десек, Құдай  көпке мәлім киелі кітаптар парағындағы мазмұнда  емес,  экожүйе мен эфир заңдылығы  үйлесімінің (гармонияның) ішінде. Бұған  енді ғаламның өзін және оның  ұдайы ұлғаюы мен  кеңеюін шығармашылық процесс деп қарастырып отырған автономды көзқарасымызды қосыңыз.  Ендеше Құдай  басқа таным мен болмыс деген жекелей байлам жасауымызға болады. Олай болса  үздіксіз жетілуге толы шығармашылық өреде  адамды  құл санау мен құлшылыққа байлау  тұжырымы деген атымен келмейді,  керісінше  төл туындысын  паш ету,  оны  өзіне дос  тұту сұхбаты ғана болады.  Біз осыдан-ақ  адам  Алланың  ғажайып  матрицасы әрі шығармашылық нысаны екендігін анық аңғарамыз.  

Адам Құдайдың  алдында құрақ ұшумен емес, оған қарсы сұрақ қоюмен ғана өседі. Өйткені бір мәтінді қайталай беретін механикалық  құлдық  пен құлшылықта  еш ілгерілеушілік  болмайды.  Көне фолкьлорда  көп кездесетін «Құдай өзіне  қары болған пендесін  ғана ұнатады»  пайымы да осы ойымызды айшықтай түседі. Бұл жердегі қолданып тұрған  «қарсылық»  сөзі қозғалыс пен ой еркіндігінің нышаны... 

Тегінде, Адам ата мен Хауа ана хикаясы шат-шадыман жұмақ жайында емес, адам таңдауы мен оның еркіндігі туралы астарлы шындық болса керек-ті. Әйгілі неміс әлеуметтанушысы Эрих Фромм бұл ықылым аңыздың астарын адамның тұмса табиғаттан жекелей бөлініп шығуымен байланыстырады. Олардың өз-өздерінің жалаңаш тәнінен ұялуы, ар мен  ұят ұғымдарының алғаш қалыптаса бастауымен, сондай-ақ осы  арқылы адам болудың  қадамы басталғанын айтады. Не десек те барлық мәселенің бастауы осы оймақтай ғана аңызда жатқандығы анық.

 Бұл жердегі «алма» – қарсылық ұғымы. Адам Аллаға қарсы келіп, сол алманы жемегенде бүгінде адам жайлы әңгіме де, оның еркіндігі мен бостандығы туралы сөз де болмайтын еді...

Ендеше  Құдай – ілкідегі  киелі кітаптар парағымен  түсіндіріліп, ата-бабамыздан ғасырлар бойы сабақтастық негізбен санамызға ұялаған дәстүрлі түсініктен тіпті де  басқа феномен.  Енді ең негізгі мәселеге оралайық.

Ақиқатта салт-дәстүр мен ата-баба авторитеті  деген  болмайды, тек ғылыми жаңалыққа негізделіп,  жіті тексерілген ақпараттың өзі ғана болады.

 Олай болса, біздің табынып, мінәжәт етіп  жүргеніміз қандай  Құдай?  

Адамзат бүгінде  қай Құдайға арман тілегін айтып құлшылық жасап отыр?

Бұл ережелер мен қағидалар  біздің санамызға қалайша орнықты? 

Міне, аталған осы сауалдар төңірегінде аз ғана ой індетіп көрсем деймін.

Әрине, ол  физика мен философияны терең зерделеп, ондағы  мәңгілік сұрақтарға күні-түні жауап іздеп қатты қалжырағаннан емес,  санамызға ең жеңіл,  дұрысы, қожа-молдалардың манипуляцияға толы арзан уағыздары  арқылы  көзқарасымызға әбден  орнығып алды.  Бірден  айтайын,  біздің табынып  жүргеніміз ешқандай да  «Құдай»  емес.  

Бұл – дін мен саясаттың өзара ымырасынан жаратылған  «АВТОКРАТ  ҚҰДАЙ». Сондай-ақ осы дін мен саясаттың екеуара  «некесінен»  адамзаттың  арамза қулығы да   жаратылды.   Аталған  арамза  қулық материалдық сана негізінде  Жаратушыны да материалдық  формаға түсіріп, оны осы өлшем тезіне толықтай айналдырып жіберді. Соның негізінде бейне бір адам сипатындағы,  өзіне жалпақ қаққанды  жарылқайтын,   қарсы шыққанды бірден жазалайтын  автократ құдай түсінігі  пайда болы.  Міне, материалдық  бұл  таныммен  бірге  біздің  кісілігіміз бен ұжданымыз да тұтастай  құлдырауға ұшырады.  Сөйтіп, Алланың адам тұрпатындағы  эквиваленті ретінде   автократ патша түсінігі қоғамдық қозғалысқа түсті. 

Бұл өз кезегінде «Патша – Алланың жердегі көлеңкесі» іспетті саяси  түсініктерді де  дүниеге әкелді. Біздің сандаған жылдар бойы табынып жүрген бұл  құдайымыздың дін мен саясат «некесінің» сәтсіз  төлі екендігін  әйгілі ағылшын  философы  Бертран Рассел де растайды.  Ол өзінің  «Батыс философиясының тарихы»  атты көлемді еңбегінде бүй дейді: «...Әулие Аугустиннің ерен еңбегі сол, ол діни нанымдарды сенімге селкеу түсірмейтіндей етіп ерекше үйлестіріп береді. ...Міне осы үлгіні Әулие Аугустин христиандыққа, ал Маркс социализмге барынша лайықтап алған». Осы еңбегінде Бертран Рассел Маркстің  ТОЗАҚТЫ  капиталистерге арналған жаза орыны ретінде тәпсірлесе, ШІРКЕУДІ коммунистік партия есебінде сипаттағанын жазады.  

Маркстің осы ілімін  социалистік қоғам құрылысы өз патшаларына келгенде (мысалы, Ленин мен Сталинді) ислам дініндегі дап-дайын тұрған пайғамбар мен сахаба  аналогиясында ұсынды десем еш қателеспеген болар едім. Осы орайда пайғамбар дегеннен шығады ғой, адамнан идеал жасаудың адамзатты қандай қанды қырғынға ұшыратқаны бәрімізге мәлім дүние емес пе? 

 Дұрысы, «ет пен сүйектен жаратылған адам атаулыдан еш идеал жасауға болмайды» категориясына діндегі  пайғамбарлар мен сахабалар есімі  жата ма, әлде жатпай ма деген заңды сауалдың да  тумай қоймасы анық? 

Әрине, дін атаулы бұл сұрақтан аттап өтіп, айнала қашатыны белгілі. Егер идеал жасауға болады десек, бұдан кейін де адамзаттың  белуардан қан кешіп, аталған түсінік негізінде сомдалатын «автократ құдайлар» лаңынан көретін көрешегіміз әлі де алда деген қорытынды жасауымызға болады. 

Өйткені бұлайша сұрақ қойып, еркін ойлаудың өзі ең қауіпті адам, әрі дінбұзар кәпір есебінде саналады. Сондықтан ол адам қашанда сайтанның досы. Бұл, бір жағынан, өзімізге өте ыңғайлы саяси құдайдан еш бас тартпаймыз деген ішкі  құлдығымызды білдірсе, сондай-ақ ойланудан қашатын рухани көк жалқаулығымызды да білдіреді...

Неге дейсіз ғой? Ілгеріде жазғам. Бұл жерде тағы бір естеріңізге сала  кеткеннің еш артығы болмас.  Біріншіден, Құдайды шығармашылық өре өлшемінде бағамдап, адамды құл емес шығармашылық объекті (нысан) ретіндегі танымды төрге  оздырар болсақ, әлгі  дін мен саясат «некесінің» төлдері өздерінің  жеп отырған нанынан айырылады. Дұрысы, тобырдың ақылсыздығынан күн көріп отырған үлкен «бизнесі» толығымен  күйреп  тынады. Екіншіден,  ақиқаттан  гөрі мешіт пен шіркеуді   садақа  жәшігі мен күнә жуатын «кір мәшине» ретінде сақтап  отыру олар үшін әлдеқайда тиімді емес пе?

 

                                                         III

Осыған дейін жасалған адамзат өркениетінің ең негізгі мәнін  «мәдениет» деген жалғыз-ақ сөзге сыйғызуға болады. Адам мен жануар арасының  мидай араласып  кетуінен  қорғап  тұрған  «алма қабығындай»  ғана нәзік қабатты  мәдениет деп атасақ, сол мәдениеттің өзі адам еркіндігінен  бастау алады емес пе?  Бұл өмірде адам бостандығынан  туған ізгілік пен жауапкершіліктен артық қандай құндылық  болуы мүмкін? Біз бұл тақырыпты неге ғана таңдап алдық? Осы арқылы оқырман қауым қаперіне нені салғымыз келді?  Әрине, сөз әлхамында  әңгіменің  басын бірден ашалап алғанымыз дұрыс секілді. Біз азғантай ғана аталған бөлімде құлдық пен еркіндіктің негізгі табиғатын, оның адам санасына әсерін  әліміз жеткен жерге дейін жіліктеп  жазсақ дейміз. 

СОНЫМЕН,  ЖАСАМПАЗДЫҚ ӘМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТАНЫМ АДАМ САНАСЫ МЕН  ҚОҒАМ ӨМІРІНДЕГІ  АВТОРИТАРИЗМДІ ЖОЮ ҮШІН ҒАНА КЕРЕК. МІНЕ, ҒЫЛЫМНЫҢ ДА НЕГІЗГІ ТӨЛ ТАБИҒАТЫ ОСЫ. 

Ғылымның  ең басты ерекшелігі жалған түсініктер мен өтіріктердің түп тамырын іздеп тауып, соған толықтай анықтама беру ғой. Ғылыми дерек алға тартылған тұста бөстекі сөз бен ертегіге ешқандай да жол берілмеуге тиіс. 

Құлдық құрығынан  толыққанды құтылуымыздың  ең басты жолы  ғылым болса, екіншісі  жасампаздық пен шығармашылық таным. Ол үшін біз нені аңғаруымыз керек?  

Әрине, авторитаризм мен тоталитаризм табиғатын толық түсінбей еркіндіктің шын мағынасына жету  қиын.  

Бір қызығы, құл қоғамды «автократ құдай» билеген  тұста  құлдық керісінше  бостандық пен еркіндік сипатында дәріптеле бастайды. Көрнекті қаламгер Асқар Сүлейменовтың «Өтірік неғұрлым ұзақ айтылса,  шындыққа айналып кетеді» пайымы да осыған саяды. Құлдықтың құлақкесті авторлары  қарапайым бұқараны осындай ұзақ өтіріктермен ұдайы адастырып отырады. 

Ал еркіндік пен азат ой адамдары көбіне есі ауысқандардың санатына еніп, олардың ұстанымдары әрқашан келеке мен мазаққа ұшырайды  (Еркіндік жетілген жанға азат ой мен абырой сипатында  болса, ол баз біреулер үшін қылбұрау мен кісен есебінде). 

Құлдық  –  енжарлар мен қорқақтардың тіршіліктегі  тірі қалуының ең басты жолы.  Сондай-ақ тәу етер ұлы қағбасы.  Рас, кейде адамды  дайын ақиқаттар мен мен ережелерге бас шұлғыту өміріңді бес есе жеңілдете түссе, ал қарсы болу жеңілдетпек тұрмақ, жер астынан бірақ шығаруы да мүмкін (Мүмкін емес-ау, дәл солай болған)

Қария тарихта надандық пен дүмшеліктің өткір ұстарасы небір кемеңгер ұлдардың  күретамырын түп-тұқиянына дейін қидалап түсті емес пе? Сол күре жолдың қанды керуені  аяғын ілби басып, баяғы баз қалпында жылыстап келеді. «Қасиетті инквизиция» соты, мешіттің құрттаған уағызы,  шіркеудің индульгенция (күнәні кешіру құжатын сату) қулығы мен өтірігі еш тоқтаған жоқ. Қазір «қандай да бір сайлау жалған өтті» деп Ақорданың алдына бара қалсаңыз, сіздің де татар кермегіңіз бен кешер тағдырыңыз осы.  Бұл таңдаған жолыңыз бен азаматтық көзқарасыңызды  дін мен саясат екеулеп жүріп қып-қызыл қиянат пен қылмысқа шығарар еді. Осыдан-ақ дін мен биліктің о бастан-ақ  ым-ишарасының  бір екендігін  шын бағамдауымызға болады ғой. 

Психолог Карл Густав Юнгтің пайымынша, диктатураның негізгі табиғаты дінде жатыр. «...Социалистік диктатура діннің болмысы болса,  мемлекеттік құлдық – табыну формасы. Мұндай жағдайда мемлекет саясаты діни насихат деңгейіне дейін көтеріліп, көшбасшы немесе партия жетекшісі жақсылық пен жамандықтың ар жағындағы жартылай құдайға айналады.  Ал оның жақтасы болғандар,  әлгі апостолдар мен миссионерлер сияқты мәңгілік құрметке ие болады», – дейді.

Ал біз осы  ережелер мен шындықтарды бес саусағымыздай біле тұрсақ та рухани құлдық пен «автократ құдайларға» тәу етіп, көзсіз табынғанды бір тоқтатқан емеспіз...

Сонымен қоғамда  авторитаризм орынағанда  құлдық  еркіндік пен бостандық  есебінде дәріптеледі дедік.  Бұл  «еркіндік»  енді  кімдерге керек болды дейсіз ғой.   

ӘРИНЕ, ОЛ  БІЛІМСІЗДЕР  МЕН АЛАЯҚТАРҒА, ӘСІРЕСЕ  ТАЛАНТЫ  ТӨМЕН ЖАНДАРҒА ТАПТЫРМАС  МҮМКІНДІК БОЛЫП САНАЛАДЫ.  ОЙДЫҢ  ЖАЛҚАУЛЫҒЫ,  ЕНЖАРЛЫҚ ПЕН ҚОРҚАҚТЫҚ – ҚҰЛАҚКЕСТІ  ҚҰЛ БОЛУДЫҢ  БАСТЫ ШАРТТАРЫ...

 Мұндай адамдар құлдық идеяны қызыл қанының  соңғы тамшысы қалғанға дейін қызғыштай  қорғайды. Өйткені құлдықтың қас  дұшпаны  бостандық болса, өтіріктің  жауы әділдік пен  шындық екендігі бесенеден белгілі емес пе? Біз сырт көзге азаматтық қоғамның демократ жандары болып көрінгенмен, көбіне ішімізден құлдыққа оң қабақ танытып отырамыз (Себебін жоғарыда айтып өткендіктен, бұл жерде оны қайталамай-ақ қоялық).  Бір жағынан,  автократтық жүйеде шындықтың жолы өлімге пар өткір ұстарадай екендігін  жәмиғатың көбі  білгендіктен, бұл жолды  таңдауға ешкімнің де  батылы барып,  жүрегі дауаламайды.  

Мана сөз басында тілімізге тиек еткен, 1941 жылы «Еркіндіктен қашу» деп көлемді  еңбек жазған неміс ғалымы Эрих Фромның да кей тұжырымдары  осы  ойымызбен сәйкес келеді.  Еркіндікті позитивті және  негативті деп екіге бөліп қарастырған ғалым былай деп ой қорытады: «Еркіндіктің ауыртпалығын еркіндіктен қашу ұмтылысы ғана тудырады... Адам алайда шіркеулік биліктен азат болғанымен, ендігі оның жалғыз кепілі ар мен ақыл еді. Бірақ ол осы «жеңіп» алған еркіндігінен де ерекше үрейленеді. Сондықтан адам еркіндіктен барынша қашуға тырысады.  Бүгінде адам ең маңызды таңдау алдында тұр. Бұл капитализм мен социолизмнің арасында емес, роботизм мен гумманистік коммунитарлы социализм арасындағы таңдауы. Көптеген факторлар енді адамның роботизмді таңдағанын көрсетеді. Бұл, сөз жоқ, түбінде  адамды қиратуға алып келетіні анық» деген пайым жасайды. Еңбектің сонау екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жазылғанын ескерсек,  бүгінгі жасанды интеллекті әлеуетіне  (дұрысы роботқа) қатысты   ғалымның дөп  басқан  ұлы  болжамына қайран қалмасқа еш  амалымыз жоқ.

Біз осы  орайда еркіндікке қатысты ең маңызды деген  тағы бір  дүниеге аз-кем аялдап, өз ойымызды осы жерінен  түйіндесек дейміз.

ЕҢ  БАСТЫСЫ  СОЛ –  ЕРКІНДІГІ  ЖОҚ  ЕЛДЕН ЕШҚАНДАЙ ДА ДАРЫНДЫ  ЖАНДАР МЕН  ҒАЛЫМДАР, ІРІ  ТҰЛҒАЛАР  ШЫҚПАЙДЫ. 

Неге десеңіз, рухани тоқыраудың түпкі тағаны сол қоғамның бостандық табиғатын толық танымауынан болады.

Мен мұны  зәредей де шүбәсіз жүз пайыз сеніммен айта аламын.

Талант табиғатының ең басты шарты  еркіндік десек, мұндай тұлғалар  тек бостандық  идеясынан ғана  жаратылады. 

Бізде неге  тың туындылар мен  ұлы шығармалар  жоқ  (я  жазылмай жатыр)  десеңіз, оның жауабы  осы қарапайым ғана қағидада жатыр.  Бұл – түсінген жаңға ең басты қағида...

Шығармашылықтағы  шекарасыз ойлау, биік  қиял, алқаракөк аспанмен таласқан асқақ дауыс, ұлы идея – бәрі-бәрі  сана еркіндігінен ғана пайда болады.  Азат ойсыз бұлардың  бірі де болмайды.  Ал өнерге қатысты басқа  дүниелердің  бәрі  (мысалы, машық пен  жазуды айтамыз) кәсіби тәжірибе негізінде күн салып жетіле түседі.  Адамның  барлық қарым-қабілеті  тек еркіндікте ғана ашылып, еркіндікте ғана түрленіп сала береді. 

Ендеше  еркіндіксіз өмірдің ешқандай да  мағынасы жоқ, бүйткен «өнер» мен  сүрген  «ғұмырды»  рәсуә десек те жарайды.  

Адамның  ой  азаттығында  ғана  Құдайдың мәні ашылады.  Сол мәннің биігінен ғана  төмендегілердің қараңғылығы мен қылмысы айпара болады.

Сөйтіп, құлдықтың құрық бойламас  әлгі айла шарғылары мен арамза қулығы әшкереге ұшырайды.  Сонда ғана жалған идеялар мен өтірік түсініктер діңі кесілген теректей көз алдымызда күйреп түсетін болады. 

Сіз біздің бұл жазбамыздан  не нәрсені  ишара еткенімізді, нені жасырғанымызды,  ең бастысы, еркіндігі жоқ адамның ендігі құдайының кім болатынын шындап  түсінді деген үмітпен бұл шағын жазбамызды  осы жерінен  тәмамдасақ дейміз...