Күндерек. 25 мамыр - әлем және Қазақстан тарихында
25.05.2023 1584

25 мамыр - Григориан жылнамасының 145-күні. Осы күні әлем елдерінде көптеген айтулы мерекелер атап өтіледі. Қазақстан тарихында елеулі орны бар бірнеше тұлғалар осы күні дүниеге келді.

 


25 мамырда дүниеге келген танымал тұлғалар

Аққағаз Досжанова – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш дәрігер, Алаш партиясының мүшесі, қоғам қайраткері. Ол 1893 жылы бұрынғы Орынбор губерниясы Ақтөбе уезіне қарасты Бөрте болысында дүниеге келген. Қазіргі Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Бөрте ауылы. 

Алаш арысы - Аққағаз Досжанова ата-анасынан ерте айырылып, қаршадайынан жетім қалады. Сол уақыттан бастап ағасы Сағындық Досжановтың тәрбесінде болады. Ағасы бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған, Ыбырай Алтынсариннен тәлім-тәрбие алған көзі ашық адам болады. Ол алаш арыстарымен етене байланыста болып, Алашорда қозғалысының батыс қанатын басқарған, Қырғыз Халық комиссарлары Кеңесiнiң, орталық атқару комитетiнiң мүшесi, Торғай облыстық халық ағарту комиссары қызметтерiн атқарған. Орынбор қаласындағы мұғалімдер семинариясын бітіріп, мұғалімдік қызмет атқарған. Сағындық қарындасын да өз мектебінде оқытып, орысша, татарша білім береді. Кейін 1914 жылы Орынбордағы қыздар гимназиясын тәмамдап, Мәскеуге оқуға аттанады. Мәскеудегі жоғары әйелдер курсының дәрігерлік факультетін бітіріп, сол кезден бастап, елдік істерге араласа бастайды. 

1917 жылы 1-8 мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сьезіне қатысып, мұсылман әйелдерінің мұң-мұқтажын жоқтап сөз сөйлейді. Осылай жұрт назарына ілігіп, елінің сөзін сөйлеп, мұңын жоқтап жүргенде өзі ауруға шалдығып, Мәскеуде түра алмай, 1918 жылы елге қайтады. Бірер жыл денсаулығын күтіп, аурудан айыққан соң 1920 жылы Томск медициналық университетіне оқуға түседі. 1921 жылы Ташкенттегі Түркістан халық университетінің медицина факультетіне ауысады. Оқи жүріп ординатор-дәрігер болып қызмет істейді. 1922 жылы оқуын бітіріп, жұмысқа араласады. Жастайынан ұлтының тағдырына күйініп, жаны шырқырап жүрген аяулы қыздарын қазақтың сол кездегі ел ағалары қатты құрметтеген екен. 

1928-1929 жылдары Ташкентте тұрақтайды. 1930 жылы отбасымен Алматыға көшіп келіп, № 1 ауруханада гинеколог болып жүмыс істейді. 1932 жылы Шымкент қаласында өкпе туберкулезінен қайтыс болады. Аққағаз Досжанова ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөз беттеріне медицина тақырыбынан бөлек, «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» атты әлеуметтік, жалпыұлттық тақырыптарда мақалалар жариялайды. 

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов – Кеңес Одағының батыры, армия генералы, әскери қайраткер. Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы. 

Ол 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауылында дүниеге келген.  Әкесі – Қожахмет (Сағадат дүниеге келерден бірнеше ай бұрын дүниеден өтеді), анасы – Айса. 1932 жылы анасыда дүниеден өтеді. Осылайша Сағадат пен ағасы Сағит тұл жетім болады. Сағадат ағасының тәрбесінде болып, жастайынан өжет, алғыр болып өседі. Ақкөз ауданындағы мектепте білім алып, зеректі, алғыр оқушы атанады. Бірақ ағасы Сағит Қожахметұлы майдан даласына аттанып, Новгород түбіндегі шайқаста қаза табады. 

Сағадат Нұрмағанбетов соғыс жылдары Қосым ауылында есепшi, клуб меңгерушiсi қызметтерін атқарады. 1942 жылы 18 жасында кеңес әскері қатарына қабылданып, Түрікменстанда пулеметшiлер дайындайтын училищенi үздiк аяқтайды. Кейін взвод командирi ретiнде майдан шебiне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерлерiнде, Одер, Шпрее өзендерiнiң бойында жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады. 1949 жылы Мәскеудегі Әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабында істеді. 1954-1958 жылдары - мотоатқыштар полкінің командирі. 1958-1961 жылдары - мотоатқыштар дивизиясының штаб бң оастығы. 1962-1969 жылдары Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы. 1969-1989 жылдары - Орта Азия әскери округі қолбасшысынырынбасары, Оңтүстік әскери тобы қолбасшысының бірінші орынбасары. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. 1992-1995 жылдары - Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі. 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды.

Сағадат Қожахметұлы Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде, республиканың Қарулы күштерін құруда, ұлттық кадрларды даярлауда үлкен еңбек сіңірді. 1999 жылы наурызда Астана қаласында генерал Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі құрылды. 

Мархабат Байғұт - жазушы, журналист, аудармашы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты. «Құрмет» орденінің иегері.

Қаламгер 1945 жылы 25 мамырда Түркістан облысы, Түлкібас ауданының Пістелі ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Сібір және Забайкалье әскери округтерінде әскерде болған. Түлкібас аудандық газетінде, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде көп жылдар бойы әдеби қызметкер, мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болды, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды. 1985 – 2001 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесінің жетекшісі, облыс әкімшілігі аппаратында ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, облыстың тіл басқармасының бастығы қызметтерін абыройлы атқарды. 2008 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы мамыр айына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңір бойынша (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл) арнауылы тілшісі, 2012-16 жж. «Қазығұрт KZ» альманахының, кейіннен журналының бас редакторы болды. Жазушы 2022 жылдың 26 қарашасында Шымкент қаласында дүниеден озды.

Жазушының «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ», «Күнгей көңіл», «Іштарлық пен құштарлық», «Аршакие», т.б. прозалық және публицистикалық кітаптары жарық көрген. Шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған. Ол В.Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, Ш.Айтматовтың шығармаларын, У.Ирвингтің Мұхаммед пайғамбар туралы кітабын аударған. Республикалық «Жалын» баспасы белгілеген сыйлықтың екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» газеті сыйлығының үш дүркін иегері.

Есенгелді Өсербайұлы Қуандықов – медицина ғылымдарының докторы, профессор. Құрмет белгісі марапатының иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі. Ол 1949 жылы Өзбекстан Республикасы, Наманган қаласында дүниеге келді. 1972 жылы - Алматы мемлекеттік медицина институтын  (қазіргі Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген. 

1972 – 1975 жылдары Санкт-Петербург мемлекеттік медицина институты мен Мәскеу қаласындағы КСРО Медицина  ғылым академиясының медицина генетика институтының аспирантурасында оқыған. Еңбек жолын  Алматы мемлекеттік медицина институттында ассистент  болып бастады. Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Акушерлік, гинекология және перинатология ғылым-зерттеу институтында лаборатория меңгерушісі, ғылым жұмыстар жөніндегі институт директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 

Есенгелді Өсербайұлы «Генетико-демографические процессы и показатели нарушений репродуктивной функции в городских популяциях Казахской ССР» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 60-тан астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде қазақ және орыс тілдерінде жазылған 5 оқулықтың авторы. Қазіргі кезде С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінде жемісті еңбек етуде.

25 мамыр - әлемде 

25 мамыр - Халықаралық Түркі академиясының құрылған күні. 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжан Республикасының Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Осылайша тарихи  келісімі негізінде 2010 жылдың 25 мамырында Астана қаласында Түркі академиясы ресми түрде өз жұмысын бастады. Осыдан кейін Қырғыз Республикасының астанасы Бішкекте 2012 жылдың 22-23 тамызы күндері өткен Түркі Кеңесінің ІІ саммитінде Түркі академиясына халықаралық ұйым мәртебесін беру жөнінде шешім қабылданды. Аталған құжат мүше мемлекеттер парламентерінде ратификацияланған соң 2014 жылдың 28 тамызынан бастап Түркі академиясы халықаралық мәртебеге ие болды.

TWESCO түркітілдес мемлекеттер арасындағы ғылыми-гуманитардық интеграцияны дамыту, бауырлас халықтардың тарихи-мәдени мұраларын зерделеу бағытында қызмет жасайды. Ұйым халықаралық деңгейде танылған интеллектулдық орталықтардың біріне айналды. Халықаралық Түркі академиясын құрушы мемлекеттер - Әзірбайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Түркия Республикасы ұйымға мүше мемлекеттер болып саналады. 2018 жылдың 2 қыркүйегінен бастап TWESCO-ға Мажарстан ресми түрде бақылаушы мемлекет ретінде қатысу мәртебесін алды. 

Халықаралық ұйымның мақсаты -  Көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп түркі мемлекеттерінің әлемдік өркениеттегі орны мен ерекше үлесін төлтума деректер негізінде аша отырып жалпы түркі әлеміне қатысты ғылыми зерттеулерді үйлестіретін бірегей орталыққа айналу.

25 мамыр - Вена опера ғимараты ашылды. Әлемдік мәдениет өнерінің жауһарларына жататан – Вена опера ғимараты 1869 жылы Моцарттың «Дон Жуан» қойылымымен ашылды. Бүгінгі таңда бұл тарихи ғимарат әлемдегі ең сәнді театр ғимараттарының бірі. Аустрия мемлекетінің музыкалық мәдениет орталығы болып саналады. Өткен тарихқа шегініс жасасақ, Венадағы сот операсы ХVІІІ ғасырда пайда болды. Бірақ алғашында спектакльдері әртүрлі театрларда қойылып жүрді. 1861 жылы император Франц Джозеф біріншінің өтініші бойынша сәулетші Фон Зиккардсбург жобалаған Вена операсына арналған арнайы ғимараттың құрылысы басталды, интерьерді Ван дер Нюль жобалаған.

1875-1897 жылдары театрдың музыкалық директоры және бас дирижері Вагнер шығармаларының көрнекті аудармашысы Рихтер болды. Оның тұсында Вагнердің «Нибелунг сақинасы» тетралогиясы, Моцарт операларының циклі, Вердидің «Отелло» қойылымдары көрермен қошеметіне бөленді. 

Вена операсының тарихындағы маңызды кезең 1897 жылдан бастап көрнекті композитор және дирижер Густав Малер басқарған тұста басталды. Ол 10 жылға жуық басшылық жасады. Густав Малер спектакльдердің жоғары көркемдік деңгейін қамтамасыз етіп қана қоймай, театрдың репертуарын едәуір кеңейтті. Оның басшылығымен Вена операсы Еуропадағы ең жақсы театрлардың біріне айналды. Малер көптеген опера шеберлерін жұмысқа тартты. Дәл осы кезеңде Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин», «Пиковая дама», «Иоланта»  опералары театр сахнасында алғаш рет шырқалды.

Бұл сахнада Моцарттың «Фигаро үйлену тойы», Глюктің «Орфей және Эвридика», Вебердің «Эвриант», Флотовтың «Марта», Штраус, Эйнем, Шнитке және басқа да көптеген опералардың алғашқы қойылымдары мен әлемдік премьералары болды. Вена операсының сахнасында ХХ ғасырдың ең ірі әншілері мен музыканттары өнер көрсетті. 

Бүгінгі таңда Вена мемлекеттік операсы - әлемдегі жетекші опера сахналарының бірі. Ол Вена классикалық мектебінің ең жақсы дәстүрлерінің қамқоршысы болып саналады. Жылына бір рет мемлекеттік Операның сахнасы мен паркеті бір түнге үлкен бал залына айналады – бұл жерде әлемге әйгілі Вена опера балы өтеді. Онда Аустрия президенті құрметті төраға болып табылады. 

25 мамыр - Африканы азат ету күні. 1963 жылы 25 мамырда Эфиопия астанасы Аддис-Абебада Африка елдері үкіметтерінің бірінші конференциясында Африка бірлігі мемлекетаралық ұйымы (АБҰ) құрылды. Оның жарғысына Африканың отыз елі қол қойған бұл күн БҰҰ шешімімен жыл сайын «Африканы азат ету күні» ретінде атап өтіледі.

Африка одағы (АБҰ) – құрлық елдерінің бірлігі мен ынтымақтастығын нығайту, Африка мемлекеттерінің іс-қимылдарын үйлестіру және жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, егемендікті, аумақтық тұтастық пен тәуелсіздікті қорғау, сондай-ақ отаршылдықтың барлық түрлерін жою және халықаралық ынтымақтастықты көтермелеу мәселелерін айқындау мақсатын көздейді. 

Белгіленген мақсаттарды ойдағыдай жүзеге асыру үшін Африка бірлігі ұйымының мүшелері сыртқы саясат, экономика, ғылым және техника, қорғаныс және қауіпсіздік, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында өз әрекеттерін үйлестіруге міндеттенді. Ал басты қағидаттар – мүше мемлекеттердің ішкі істеріне теңдік пен араласпау, олардың аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін құрметтеу, даулы мәселелерді бейбіт жолмен реттеу және тағы басқа. 

2002 жылдың 9 шілдесінде Африка бірлігі мемлекетаралық ұйымы таратылып, орнына Африка одағы келді.

Африка - флора мен фаунаның байлығымен, минералды шикізат қорымен, жер мен су ресурстарының көптігімен, көптеген және тез өсіп келе жатқан тұрғындармен ерекшеленетін үлкен экономикалық мүмкіндіктер континенті. Сонымен қатар, Африка экономикасы әлемдік экономиканың ең артта қалған бөлігі болып табылады. Бұл артта қалу континент елдеріндегі саяси тұрақсыздықтың, ішкі өндірістік база мен инфрақұрылымның әлсіздігінің, инвестициялар ағынының жеткіліксіздігінің нәтижесі болды.

25 мамыр - Дүниежүзілік қалқанша безі күні. Бұл атаулы күнді өткізудің мақсаты – қалқанша без аурулары, оларды емдеу және алдын алудың әдістері туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыру. Бұл атаулы күні 2009 жылы Еуропалық тиреоидологиялық қауымдастық бастамасымен құрылды. Ол қалқанша безіне байланысты мәселелерді зерттеумен айналысатын ұйым. Қалқанша безі адам ағзасында маңызды орын алады. Ол жүйке, эндокриндік, иммундық, жүрек-қантамыр, тыныс алу және т.б. адам ағзасының барлық жүйелерінің жұмыс істеуіне әсер ететін гормондар шығарады. Қалқанша безінің гормондары иммундық жүйенің қалыпты жұмыс істеуіне жауап береді: ағзаның инфекциялармен күресуіне әсер ететін жасушаларын ынталандырады. Қалқанша безі сондай-ақ адамның көңіл-күйіне және сырт пішініне де әсер етеді.