21 мамыр - Халықаралық шай күні
22.05.2023 1557

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ақпараттық-идеологиялық кешені ретінде қызмет етіп келе жатқан мекеме. Кітапхана өз жұмыс ауқымына кітапхана, архив, музей, мәдени-ағарту, білім беру, ғылыми-зерттеуді сыйғызып отыр. Ұзақ жылдар бойы ел тізгінін ұстаған кез келген тұлғаның өмір жолы, қызметтік кезеңдері – қайда да болмасын, ол басқарған мемлекеттің тарихындағы ажырамас бөлігі болып саналады. Осы тұрғыдан алғанда Тұңғыш Президент кітапханасы музейінің тәуелсіз еліміздің қалыптасуы мен даму тарихын танытудағы орны, әлеуеті зор. Түрлі форматтағы ақпараттық жинақтамалар мен олардың мүмкіндіктерін айтпағанда кітапхана қорында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұзақ жылдар ел басқару кезеңіндегі шетелдік мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің, өзге де құрметті қонақтардың сыйға тартқан құнды жәдігерліктері: өнер туындылары және тарихи мәні зор құндылықтар бар. 


Кітапхананың артефактілік әлеуеті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасының музейі жинағында 11000-ден астам сақтау бірлігі барын ескерсек, бұл – әлемдік өркениет тарихынан көзбе-көз сыр шертетін зор ақпаратттық әлеует деген сөз. Мұндай әлеуетті ел игілігіне, қазақстандықтардың, әсіресе өскелең жас буынның таным көкжиегін кеңейтуге орайын келтіре пайдалану – аталған ұжымның басты ұстанымы екен. Яғни жинақталған мол жәдігерлік қорына негіздей отырып, Тұңғыш Президенті кітапханасы халықаралық, мемлекеттік деңгейдегі маңызды мерекелер, атаулы күндер аясында түрлі іс-шаралар өткізіп, экспозициялық-көрмелік қызметтер ұйымдастырып отырады. Осындай іс-шараның бірі – 2023 жылдың 16 мамырында Халықаралық музей және Халықаралық шай күндері қарсаңында кітапхана өткізген «Шай дәстүрінің әлемі» атты қор көрме.

Аталған көрме шет мемлекет басшылары мен олардың сенім білдірген өкілдерінің дәстүрлі дипломатиялық әдеп бойынша ҚР Президентіне ескерткіш ретінде ұсынған шай жабдықтары негізінде ұйымдастырылған екен. Яғни бұл көрмеде дүниежүзінің көптеген мемлекеттерінің шай ішу дәстүрін бейнелейтін жүзден астам жәдігерді көре алдық. Олар: шай ыдыс-жабдықтарының барлық негізгі түрлері: сервиздер, су ішуге арналған ыдыстар, самауырындар және тағы басқа бұйымдар – Қытай, Корея, Жапония, Ресей, Азия және Еуропа елдерінде аса бір нәзік талғаммен жасалған. Шай жабдықтары негізінен құмтекті: фарфор, фаянс, керамика, шыныдан және тастан, сондай-ақ мыс, темір, алюминий, ағаш т.б. материалдардан әзірленгенін көреміз.

Халықаралық шай күні туралы

Көрменің дәл осы мерзімде өтуінің де мәні бар. Себебі 21 мамыр – дүниежүзілік шай күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2019 жылғы 15 желтоқсанда өткен жиынында 21 мамырды Халықаралық шай күні International Tea Day) деп атап өту жөнінде қарар қабылдаған болатын. Осыған орай Халықаралық шай күні биыл төртінші жыл атап өтіліп жатыр. Адамзат баласы шөлбасар ретінде тұтынатын сусындар ішінде әлемдегі ең таралғаны – шай екендігі еш талассыз ақиқат. Күнделікті ішілу мөлшері бойынша шай түрлері әлемде тек таза ауыз суды ғана алға оздырып, тұрақты екінші орынға ие болып келеді екен. Қазіргі күнің шайдың түрлері де көп. Әлемнің ең ыстық нүктесінен ең суық өлкесіне дейінгі аралықтағы климаттық фактордың негізінде шайды сусын ретінде керектенудің өзіндік дәстүрлері қалыптасқан. 

Әлемдік шай өндірісіндегі көшбасшылар: Үндістан (жылына – 1 млн. тоннаға жуық), Қытай (850 мың тонна), Кения (500 мың тонна), Шри-Ланка (350 мың тонна) өндіріп отыр. Сонымен қатар Аргентина, Бразилия, Түркия, Индонезия, Вьетнам және т.б. климаты дымқыл да жылы елдерде шай өсіріледі. Шай жапырағы арнаулы шай фабрикасында, өзіндік күрделі өңдеу технологияларынан өтеді. Осыдан кейін оны қораптап, тұтынушыға жөнелтеді. Шайдың соңғы өнімдік сипатына қарай жапырақша, түйіршіктелген, кірпіштелген, ұнтақталған, аралас, т.б. түрлері бар. Және оларды шөлбасар, мейір қандырар сусын ретінде қайнатып әзірлеудің, құйып ішудің де көптеген әдіс-тәсілдері бар. Бұл да негізінен әр климаттық белдеудің, өңірдің өзіндік ерекшеліктеріне қатысты қалыптасқан дәстүрлер.

Шайдың әлемге таралу тарихынан

Шайдың отаны – Ежелгі Қытай. Шай жапырағының алғаш қайнақ суға абайсызда түсіп кетіп, оның дәмі императорға ұнап қалуынан басталады делінен аңыз айтылады. Таңдаулы шай сұрыптары Шаньси провинциясының Сиань таулы өңірінде өсіріледі екен. Жалпы шайдың аса танымал болған уақыты – ҮІІ ғасырдағы Тан империясы тұсы деп саналады. Тан дәуірінде өмір сүрген Лу Юй деген адам шай дәстүріне арналған алғашқы трактат жазған. Лу Юйдің бұл туындысы шай ішу дәстүрі, шай өсіру мен оны жинау, кептіріп пайдалану мен қолдануды қамтыған аса іргелі ғылыми еңбек ретінде бағаланады. Лу Юй өзінің бұл трактатын он екі жыл бойы тәжірибе арқылы еңбектеніп жазған. Лу Юй өзінің еңбегінде: «Шайды көп ішсең, қанаттанасың», - деп жазады. Бұл – шайдың адам көңіл-күйіне игі әсерін көрсетеді.

Осы Сианьнен бастап Ұлы Жібек жолы бойымен батысқа қарай жол тартқан керуендердің жүгі қазіргі Қазақстан жері арқылы Еуропаға, Шығыс Африкаға дейін жеткен. Бұл керуендердің негізгі тауары қытай жібегі, шайы мен фарфоры болған. 

Қытайдан Жапония мен Кореяға, одан Оңтүстік Шығыс Азия мен Үндістанға, Африкаға, кейіннен Еуропаға, Америка құрлығына дейін тараған шайдың қазіргі күні мыңдаған сұрыпы бар. Ұлы Жібек жолы бойымен ғасырлар бойы Азия арқылы тасып жеткізіліп тұрды дегенімізбен, шай Еуропаға салыстырмалы түрде кейінірек келген екен. Шығыс Еуропа славяндарына Шыңғыс ханның ұлы жорығынан кейін шай ішу дәстүрі жете бастағанымен, ол заманда бұл – князьдер мен ауқатты тұрғындарға ғана қолжетімді таңсық сусын болыпты. Үндістан, Цейлон мен Қытайға су жолдары арқылы қарым-қатынас жасай бастаған батысеуропалықтар да біртіндеп шайға бой үйрете бастаған. Қазақ жеріне шай Ұлы Жібек жолы арқылы ежелден таныс болса да, нақты кеңінен таралғаны – ХІХ ғасырдың ортасынан бергі дәуір. Қазақ даласына шай Қытайдан қазіргі Моңғолияның Қияқты сауда өткелегі арқылы Сібірді басып, солтүстіктен жетіп отырған. Қазақтар көбінесе кірпіш шайды пайдаланған. Қазақ әдебиетінде шай ішу дәстүрі туралы ХІХ ғасырдың ортасынан бергі авторлардың (жыраулар мен сал-серілердің) туындыларында кездесе бастайтыны бекер емес.

Шай ішудің әлемдік дәстүрлері

Шайды сусын ретінде ішумен қатар, оның әлемдік өркениеттегі өзіндік мәдени сипаты да ғасырлар жүзінде қалыптасты. Қазіргі күні шай ішуге қатысты әлемнің көптеген елдерінде өзіндік рәсімдері бар. Мұны көрмеге қойылған шай жабдықтарының алуан түрлері айқындайды. 

 Ағылшындар, португалдар, испандар арасында шай ішу дәстүрі кеңінен тараумен қатар, ХҮІІ ғасырда шайдың фарфор жабдықтарын күйдіріп әзірлеуді де игереді. 

Шай ішу дәстүрлері әлем халықтары арасында ғасырлар бойы қалыптасқан. Бұл дәстүр әрбір халықтың өзіне тән мәдениетін, философиясы мен тұрмыс-салт ерекшеліктерінің айнадай көрінісі. Шай ішу дәстүріне қарап кез келген халықтың дүниетанымынан, эстетикалық талғамынан, қонақжайлығынан, сән-салтанатынан, гигиеналық деңгейінен молынан ақпарат алуға болады. Ата айтқанда шығыстағы Қытай мен Жапонияның шай рәсіміндегі нәзік философия мен ым-ишараға толы әдет-ғұрыптарды, Орта Азия елдеріне, әсіресе қазақтарға тән қонақжайлықты, ағылшындардың бекзаттық сипатын аңдаймыз. 

Кітапхана қорын тамашалағанда аңғарғанымыз – адамзат баласы шайды күнделікті тұтыныс сусыны ретінде кеңінен қолданысқа енгізе түскен сайын оның мәдени өмірінде үлкен бетбұрыстар жасалған. Шай – мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың стратешиялық қозғаушы күштерінің бірі болған. 

Шай жабдықтары кейінгі бірнеше ғасырда ғаламат алуандыққа ие бола бастаған. Шай жабдықтары әр мемелкет халқының өзіндік ерекшелігін танытатын атрибутқа айналған. Чехияда, Венгрия, Литва, Ресейде 13 ғасырдан бастап шай жабдықтары негізделе бастаған. Ал Ресейде, 19 ғасырдың ортасынан шай жабдығының басты нышаны самаурын болды. Тула қаласында самаурын жасайтын арнайы зауыт болды.

Шай қайнату мен ұсынудағы ең негізгі ыдыс ретінде қыш ыдыстар ежелден басты орында болып келді. Қытайдағы тәрізді ХҮІІ ғасырдан бастап Еуропада да фарфор ыдыстар жасала бастады.

Шай ішу рейтингі бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа ілінетін Қазақстанның әрбір тұрғынына шаққанда жыл сайын 1,54 кг шай тұтынады екен. Әлемде ең көп шай ішетін ел – Түркия. Түріктердің шай ішу дәстүрі бойынша сопақ бүйірлі кесесінің пішіні – ондағы ыстық сусынның суып кетпеуі үшін жасалған қолайлау болып есептеледі. 

 

«Конфуций институты» директоры шай туралы

Халықаралық шай күніне орай іс-шараға «Конфуций институтының» Қытай тарапынан директоры  Яң Лэй мырза арнайы шақырылған екен. Көрме барысында жиналған жұртшылық алдында Яң Лэй мырза қытайдың дәстүрлі шай ішу мәдениеті туралы кең көлемде әңгімелеп берді. Әңгімелей тұрып, қытайдың дәстүрлі шай ішу рәсімін көмекшілері арқылы тікелей көрсетті. Шай ішу дәстүрін қызықтаушылар исин сазынан жасалған шәйнекте демделіп, түйекөз кесеге құйылған шай түрлерінен татып көрді. Яң Лэй мырзаның айтуынша алғаш камелия жапырағын қайнақ суға салып ішуден басталған шай ішу рәсімі Қытайда кеңінен таралған және әр өңірде өзіндік ерекшеліктері бар екен.

Директор Яң Лэй мырзаның айтуынша шайдың түрлі сұрыптарын әр өңір өзінің сұранысына қарай пайдаланып келген. Қытайдың өзінде, ішкі өлкелерінде негізінен көк шай ішетін болса, көшпелі моңғолдар мен қазақтарда қызыл шайды сүтпен ішу дәстүрі қалыптасқан. Мұнда қызыл шайдың қасиеті – денедегі майды ерітетіндігінде. Әзілге сүйеп айтқанда қазақтар, орыстар т.б. суық өңірдің халықтары «етқоректілер», ал қытайлар «шөпқоректі» екенін айтуының жаны бар. «Шөпқоректілер» көптеген дәрумендер мен өзге элементтерді көк шайдан алады. Бәрі климаттық, географиялық факторларға байланысты. Қазақстанда қызмет істеп жүрген кезде біз де сүт қосқан қызыл шай ішеміз. Себебі мұнда – қызыл шай ішу қажеттілік. Жалпы алғанда жазда көк шай шіп шөл қандырып, қыста сүт қосқан қызыл шаймен мейір қандырған дұрыс. Мұның ғылыми негізі бар деп атап өтті қытай халқының өкілі.

Қытайдың шай рәсімі әр өңірде әрқилы ерекшеліктер бар дегенімен, негізінде ортақ ұқсастық барлығын көреміз. Шай рәсімі үшін ең әуелі исин сазынан жасалған 150 мл сыйымдылықтағы шәйнек басты рөл атқарады екен. Шай дайындау, ұсыну, иісін, дәмін сезіну, шай ішу, аяқтау – ғасырлар бойы қалыптасқан әрі бұлжымас салт-дәстүрлер рәсімі екенін айтқан қытай ұлтының өкілінің сөзінен ұққанымыз – бұған қатысатын шай жабдықтарының әрбірінің өзіндік орны бар.

Шай қайнататын шәйнекті қытайша «чаху» деп атайтынын ескерсек, шәйнек (орысша – чайник) қазақ тіліндегі бір атауы шәугімнің қайдан шыққанын бағдарлағандаймыз. Мұндай қытайы шәйнектің 200-ге жуық түрі бар екен. 

Чачуань немесе шайдың қайығы аталатын арнайы ойылған ыдыстың міндеті – шайды әрдайым ыстық күйінде ұстап тұру. Оның үстіне үнемі ыстық су құйып отырады. Чачуаньның міндеті – үстел үстінің жинақы болуына сондай-ақ сән-салтанатқа игі әсерін тигізеді. 

Демделген шайды кеселерге құюға арналған «чачжун немесе «чахай» аталатын ыдыс та шай рәсімінің ажырамас бөлігі. Чахайдың міндеті – кеселерге құйылатын шай тұнбасының дәмі мен бояуы біркелкі болуын қамтамасыз ету. Сондықтан да оны «гуандаобэй» немесе «әділет ыдысы» деп атайды.

«Вэньсянбэй» аталатын ыдыс – «хош иісті иіскеуге арналған тікше сопақ бокалша әдетте «пинминбэй» аталатын пиаламен бірге ұсынылады. «Пинминбэй» – «вэньсянбэйге» қарағанда аласалау әрі ернеуі кеңірек келеді. Бұл пиала тұнбаның дәмін татып көруге арналған, осыдан кейін бұларды төңкеріп, шай ішу рәсімін орындайды екен. 

Бэйто – кесе мен табақшаның (шыны-аяқтың) астына қойылатын қойғыш.

Гайчжи – қақпақты қоюға арналған қойғыш. Шәйнектен алынған қақпақтың үстел үстінде қалып қоймауын қамтамасыз етеді. 

Шай ішу рәсіміне пайдаланылатын үстелді «чавань» деп атайды. Он см биіктіктегі шағын үстелдің алмалы салмалы бетінде шайды демдеу рәсімі кезіндегі төгінділер ішіне құйылып тұруға арналған тесіктері болады. Судың былайша құйылып тұруы – қытай ұғымында молшылықтың нышаны болып саналады екен. 

Гайвань – табақшалы, қақпағы бар шай пияласы. Бұл ыдыстың қызметі – шайдың демдеуге және шай тұнбасын ішуге арналған.

Чунпаочжун – сопақ пішінді шай кесесінің бір түрі. Оның ішінде құрғақ салмаға арналған тағы бір ыдыс болады. Бұл кесе демдеуіш кесемен бірге пайдаланылады. Бұл кесеге демдейтін шайды салады, қайнақ су құйып бірақ уақыт демдеп қойып қояды. Сосын поршень арқылы жапырақты сығымдайды. Осы кезде шай тұнбасынан сығынды ажырайды.

Шығысқа тән нәзік ишаралы қимылмен ұсынылған кеседегі шайды ішуден бұрын жақындатып дем тартып барып ақырындап татқан дұрыс болмақ. Осы арқылы шай рәсімінің мән-мағынасы ашылмақ.

«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» демекші, шайдың отаны Қытай халқының шай рәсімін орындауды тамашалай отырып, дәм татқан дұрыс болады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасында өткен іс-шарадан осындай ой түйдік. Әрі өзге жұрттың шай рәсімімен қазақтардың, сондай-ақ өзімізге әдет-ғұрпы таныс өзге де отандас халықтардың шай ішу дәстүрі туралы салыстырулар жасауға болады. Өркениеттер тоғысы, өзара ықпалдастығы аясындағы бірегейлік, даралық сипат дегеннің өзі осы шай дәстүрінде жатыр. Шай дастарқаны – қазақ халқының қонақжайлығының, меймандос көңілінің, бірлік пен берекеге, ынтымаққа ұмтылысының шынайы нышаны. Кешегі ғасырларда да, бүгінгі күні де келелі кеңестер, маңызды мәселелер, түйінді проблеамалар бірлесе атқарылар болашақ жоспарлар шай іше отырып талқыланып, тарқатылып, ширатылып, жөн-жобаға келтіріліп келген. Қазақтың кең даласының үстіндегі көк аспаны әрдайым бейбіт, күні шайдай ашық болсын!