Методология грек тілінен аударғанда metodos – таным жолы, logos – ілім деген мағынаны білдіреді. Тарих методологиясына келетін болсақ, ол адамзаттың өткенін зерттеп білуде пайдаланылатын таным жолы. Тарих методологиясын зерттеу бағытында өзіндік зерттеулерімен ерекшеленетін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Хасенқызы Мұхатованың жетекшілігімен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында методологиялық семинарлар өткізілуде. Методологиялық семинарларды ұйымдатырудағы негізгі мақсат – тарихшы ғалымдарымызды тарихты зерттеудегі басты құрал болып табылатын тарихи методологияның әдістерімен, тәсілдерімен, белгілі бір деңгейде қалыптасқан теорияларымен таныстыру, зерттеу жұмыстарында оларды шебер пайдалануға үйрету және ғалымдарымыздың өзіндік тәжірибесінен өткен әдіс-тәсілдермен бөлісу болып табылады.
Осы мақсатта, 2023 жылғы 28 сәуірде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсититуты «М. Фуконың үкімет (governmentality) теориясын бірінші Қазақcтан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың (1950 жылдардың аяғы – 1986 ж. желтоқсан) қызметін зерттеуде қолдану әдістері» атты республикалық методологиялық семинар өткізді. Бұл семинардың мақсаты – 1950-1980 жылдардағы қазақ партия қызметкерлерінің, әсіресе Д.А. Қонаевтың қызметін зерттеуге үкімет (governmentality) теориясын қолдану әдістерін қарастыру. Пол Мишель Фуко – француз философы, мәдениет теоретигі және тарихшысы. Оның үкімет (governmentality) теориясы белгілі бір дәрежеде зерттеушілерге адамның құрылымдық және жүйелік қатынастарын (мемлекет пен мемлекеттік құрылымдарға қатысудың және қатысудың әртүрлі деңгейлерін) түсінуге және түсіндіруге көмектеседі.
Институтымызда «Д.А. Қонаевтың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына және республиканың аумақтық тұтастығын сақтауға қосқан үлесі» тақырыбында жобасы жүзеге асырылуда. Жоба орындаушыларының бірі, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсититутының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дидар Бейсенгалиевна Касымова Қазақстан басшылығында болған Д.А.Қонаевтың қызметін М. Фуконың үкімет (governmentality) теориясы бойынша талдау, оның бұрын-соңды ашылмаған қырларын айқындауға, ғылыми тұжырымдар жасауда пайдаланған тәжірибесімен методологиялық семинар барысында бөлісті. Оның пікірінше, аталған теорияны пайдалануда басқару схемаларына енгізілген тұлға зерделенеді және оны мемлекеттік аппараттың бөлігі / бірлігі ретінде қарап, осы құрылғының жұмыс принциптерін қабылдауы және оның мүддесі үшін әрекет етуі зерттелінеді. Сонымен қатар, үкіметтік теориясын қолдану Д.А. Қонаевтың: республикада да, орталық органдарда да Қазақстан мүдделерін ілгерілету жөніндегі шешімдер қабылдау үдерістеріндегі; ел ішіндегі, республикадағы және халықаралық оқиғаларға қатысы; Қазақстан басшыларымен және Одақ шеңберіндегі өзара қарым-қатынастардағы рөлін анықтауға көмектесуге тиіс.
Методологиялық семинарға қатысуға тарих, этнология, әлеуметтік және мәдени антропология және басқа да қоғамдық және гуманитарлық пәндер саласындағы ғалымдар, магистранттар мен докторанттар шақырылды. Олар зум арқылы белсенді қатысып, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, жас ғалымдарымыз өздерінің докторлық диссертацияларын жазуда аталған теорияны пайдалану бойынша Дидар Бейсенғалиқызының қосымша дәрістер өткізуін сұрады, сондай-ақ өз тәжірибесімен бөлісіп, you tube каналымызға басқа да ізденуші ғалымдар үшін бейнежазба жүктеуді ұсынды. Дидар Бейсенғалиқызына шығармашылық табыстар тілей отырып, ғылыми шабытыңыз шыңдала берсін демекпіз.
Қорытындылай келгенде, адамзаттың негізгі көрсеткіштерінің бірі – білімі мен ғылымы болса, тарих ғылымын зерттеудегі таным жолының әдістері мен тәсілдерін дұрыс пайдалана білгенде, тарихымызды тереңірек және жан-жақты аша білеріміз сөзсіз деген оймен түйіндейміз.
А.А. Бекенова–Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері тарих магистрі