Алаш қайраткері - Мұстақым Малдыбаев
11.05.2023 2253

Мұстақым Малдыбайұлы (1880 – 1927) – Тәуелсіздік жолында азаттық мұраты үшін, Алаш идеясының тұғыры үшін шаһид кеткен боздақ. Саяси қайраткер. «Алаш» атты әскерін құрысқан, полк құрамында болған тұлға. Семей облыстық қазақ комитетінің ағзасы, төралқа мүшесі.


МҰСТАҚЫМ МӘТІҚҰЛҰЛЫ МАЛДЫБАЙДЫҢ ҒҰМЫРНАМАСЫ

1880 жылы – Семей облысының Қарқаралы уезі, Едірей болысының №12 ауылында (қазіргі Қарқаралы ауданы, Мәди ауыл округінде, Едірей тауының баурайындағы Қарадыр деген қоныс) дүниеге келген. 

Жас талап сол кездегі замандастары тәрізді ауыл молдасынан сауатын ашқан Мұстақым Тройцкідегі орыс-қазақ мектебінен дәріс алған. Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған. Уфада оқып жүргенде Ғазиза Ғайнулла деген татар қызына үйленген. Ғазиза 1891-1893 жылдары туып, 1928 жылы қаңтар айында Мұстақымның қырқының алдында қайтыс болған.

1909 жылдың күзінен 1911 жылдың жазына дейінгі аралықта Жетісу өңіріндегі Мамания мектебінде әрі оқытушы, әрі директор болып қызмет атқарады. 

1911 жылы – Семей қаласына қоныс аударып, Семей мұғалімдер семинариясына қызметке орналасқан. 1911-1920 жылдары осы семинарияда оқытушы қызметін атқарған. 

1911-1918 жылдары – «Айқап» журналы (1911-1915), «Қазақстан» (1911-1913), «Қазақ» (1913-1918), «Алаш» (1917-1918), «Сарыарқа» (1917-1918) ұлттық басылымдардың беттерінде Мұстақым Малдыбайдың публицистикалық шығармалары жарияланған.  Оның мақалалары «М.М», «Азамат Қорықпасов», «Мұстақым», «Ризабек Сәулеев» деген бүркеншік аттармен жарияланған. 

1912 жылы – Алаш қайраткері, ағартушы Елеусіз Бұйраұлының «Ызың» жинағына М. Малдыбайдың «Туған жерім» атты өлеңі енген. 

1912 жылы – «Қазақша ең жаңа әліппе» мен «Қазақша оқу кітабы» деген екі кітабы жарыққа шыққан.

1914  жылы – «Иман һәм намаз яки мұсылмандық» кітабы жарық көрген.

1917 жылы – Алаш Орда үкіметінің Семей комитетіне мүше болған. 

1918 – 1919 жылдары – Алаш қалалық Думасының төрағасы Биахмет Сәрсеновтың орынбасары болып, шаһардың қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласқан

1923-1926 жылдары – Совет үкіметінің жаңа экономикалық саясатына (НЭП)  байланысты, елге келіп кәсіпкерлікпен шұғылданып, жер алып Қу өңірінің ірі кәсіпкеріне айналады. Мал бордақылау орнын ашып, одан қала бере Семейден бірнеше дүкен ұйымдастырған. 

1925 – 1926 жылдары – Мұстақым «Алаш ісі» бойынша күдікті ретінде бақылауда жүрген әрі Қарқаралыдағы қазақ мектебінде оқытушы болып қызмет істеген.

1927 жылдың желтоқсанында –  Алаш мұғалімі, қайраткер, публицист Мұстақым Малдыбай 47 жасында қайтыс болған. Сүйегі Қарқаралы ауданы, Сарықияқ деген жерге жерленген. 

АЛАШ ҚАЙРАТКЕРІ МҰСТАҚЫМ МАЛДЫБАЙДЫҢ

ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРІ

Жәрдем беріп, шәкірт оқытудан қайырлы бір іс болуы мүмкін емес. Әсіресе, осындай көңіл көр, көкірегіміз шер болып тұрған заманда надандықтан құтқаратын, тілегімізге жеткізетін, көңілімізге сәуле енгізетін адамдар осы – оқушыларымыз.

Қазақтың өзге жұрттардан кем болып отырғаны Құдай кем жаратқаннан емес, өнер, білімнен құр алақан қалғандығынан.

Осы күнгі оқушы қазақ баласының оны бай баласы емес. Қолы қысқалықтан қандай зерек, өткір жігіттеріміз ілгері барып, оқи алмай, шалақұмар болып қалып жүр. Бұлардың оқи алмаулары өздерінен бетер жұртқа зияндырақ.

Бір миллеттің дүниеде уа ақыретте бақытты шат уа рахатта тіршілік етуі кем, қор, жарлы, жалқау болып жоғалмауына себеп нәрсе бар болса, әуелде ғылым, ғылымда тәртіпті мектептер ашып, заманға лайық әдіспен оқытумен болады.

Қалың қараңғы тұман ішінде адасқан уақытта қызмет еткен мырзаларымыз қадірі білінбесе де келешекте қадір-қызметке жолығады, тарих беттерінде есімдері қалады.

Жүрегінде иманы, тамырында ата-бабасының адал қаны бар әр мұсылман ынтымақтан шықпас деп сенеміз.