Қуат Есімханов туралы бірер сөз
28.04.2023 2875

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ұлы хакім Абай айтқандай,  ұлтқа адал қызмет қылған ел перзенті Қуат Есімхановтың бұл жалғаннан өткеніне де бір жылдай болыпты. 


Қуат ағамен 2016 жылдың тамызында таныстық. Астана әуежайынан қазіргі Абай облысындағы Үржар кентіне арнайы ұшақпен бір топ азаматтар жолға шықтық. Арамызда белгілі алаштанушылар қазір Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы және Алаш тарихын зерттеушілер мен журналистер бар. Сол сапарда  рухани шараның өтуіне  ұйытқы болған Қуат ағамызбен ұшақта қатар жайғасыппын. Сонда ағамызға: 

- Осының бәрін рет-ретіне келтіріп, сағат-минутына дейін есептеп күн тәртібін жасап қойыпсыз. Жалғыз кісінің емес, бір ұжым тоқсан бойы сапырылысып бітіре алмайтын үлкен ауқымды іс екен,- дедім.

- Ел ішінде жүрген ауқатты бизнесмендердің бәрі тоғышар емес. Ұлттық таным тұрғысындағы құндылықтарды түсіндіре айтсаңыз, игілікті іске бел сыбана кірісер азаматтарымыз аз еместігін көріп жүрміз. Олар атақ та қумайды. Аттарын да атамайды. Келешегімізге қажетті шара болса, көмегім осы деп қолынан келгенін жасауға әзір. Міне, аталы сөзге ден қойып, жүйелі сөзге тоқтаған кәсіпкер інілеріме алаш қайраткері Отыншы Әлжановтың қазағым деп жанын құрбан етіп, қаза тапқан жерге ескерткіш қояйық дегем. Соны енді салтанатпен ашу керегін және жеткіздім. Бұл солардың сөзімді екі етпей орындауы болса, оны өзімнен жас келесі буынға көрсетіп өнеге ету менің парзым, - деген.

Расында ұлттық болмысты мәңгілікке сақтау үшін бірінші кезекте ұлттық кодымыз: ұлттық тарихымыз, салт-дәстүріміз, дініміз, тіліміз, ділімізді қайта жаңғыртуға көшу керек екені анық. Ұлт тарихына жаңаша көзқарас қалыптастыру, еліміздің азаттығы жолында қанын да жанын да аямаған арыстардың есімін туған халқымен қайта табыстыру - тәуілсіздік алғышарты. 

Орда бұзар жас отызға толмай жатып әдебиетіміздің абыздары Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің ақ батасын алған, Әбіш Кекілбаев замандасымен кеңесіп ел ертеңінің рухты ережесін қалаған, елге белгілі тұлға Қуат Есімхановпен жақын сырлас болғанымызды мақтаныш етеміз. Елуінде елағасы атанып, алпыстың асқарында абыройының жалауын қалың жұрты әспеттеген абыз ақсақал атанды.

Мақаламыздың басты кейіпкері Қуат Есімхановтың ұйытқы болуымен, тікелей бас-көз болуымен тындырылған игі істердің бірқатарын атап өтейік.

Қоғам қайраткері Қуат Есімхановтың қолдауының арқасында Шоқан Уәлихановқа - Омбыда, Мағжан Жұмабаевқа - Түркістанда, Майра Уәлиқызы, Сәбит Дөнентаев, Нәжимеден Доғаловқа - Павлодарда, Отыншы Әлжановқа - Үржарда, Ғабит Мүсрепов пен Ауған соғысының батырларына – Қызылжарда, Қарауыл Қанай биге – Ақмолада, Батыр Баянға – Астанада ескерткіш-мүсіндер орнатылды.

Халқымыздың аяулы азаматтары: Шоң би, Қамардин хазрет, Мұса Шорманұлы, Қожаберген жырау, Құсни-Қорлан, Естай, Есеней би, Сәкен Сейфуллин перзенті Аян, Кемпірбай ақын мен Малайсары батыр тағы да басқа тұлғалардың басына белгітастар жасалып, ескерткіш-тақталар қойылды. Бөкей ордасы мұражай-үйіне Жәңгір хан мен Фатима сұлудың патша сарайындағы үлкен портреттік суреті сыйланды.

Ел егемендігінің сан қатпарлы тарихына үңілсеңіз-ұлтқа адал қызмет өнегесі, ел келешегінің кемел жолын өз саласында жоғары деңгейде қалаған мықты маманның ізгі істерін көресіз. Есімханов жолы – қазіргі жастар тәлім алар адалдық алаңындағы - игілік баршамызға, ізгі істер азаматтық борышымыз дейтін парасат парызы.

Мамандығы инженер-құрлысшы, экономика ғылымдарының кандидаты. Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында басшылық қызмет атқарған мемлекет және қоғам қайраткері. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «ҚР еңбек сіңірген қызметкері», «ҚР Құрметті теміржолшысы» атақтарымен наградталған. Бірнеше облыс пен ауданның Құрметті азаматы. Қай жерде жүрсе де ел құрметінде болды. Кейінгі он бес жыл теміржол саласында қызмет атқарды.

«Еңбегіне адал адам қай қызметте жүрсе де тапсырылған мемлекеттік тапсырма міндетті жоғары деңгейде орындаумен қатар, ұлтқа адал қызмет етуді қатар алып жүре алатынын көрдім. Жұмыс арасында шетелдік және салааралық тәжірибе алмасу бойынша өткілген семинарлар менің жадымда жатталып қалған. Жалақы төленетін күнделікті жұмысымызбен қатар басшымыздың бастауымен тарихи орындарды аралап, ұлттық құндылықтар мен салт - дәстүрлерін танып білдік. Дастандар мен айтулы ақындардың жырларымен таныстық. Міне енді өзіміз де зейнетке шығып-ақсақалдар қатарына қосылғанда жас ұрпаққа тағлым айта алар қазыналы қарт болсақ, ол да бастығым, әріптесім әрі рухани ұстазым болған Қуат Есімханұлының арқасында», - дейді ұзақ жылдар «Теміржолсу» АҚ вице-президенті болған еңбек ардагері Ермек Қабышұлы Ысқақов.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуат Есімханов қазақ халқының төл тарихы, әдебиеті мен мәдениетіне, жаңа ғасыр, жаңа заманға бет бұрған бүгінгі ұрпаққа сол сан ғасырлық сын мен сынақ жолынан өткен ата-бабамыздың өнегелі тарихын жеткізуді өзіңің азаматтық борышы санаған ел презенті.

Өткенге ерекеше құрметпен, жеке жауапкершілікпен қарайтын азаматтық позициясы 1987 жылы Павлодар облысындағы Ермак (қазіргі Ақсу) аудандық атқару комитетінің төрағасы ретінде бар жауапкершілікті өз мойнына алып, арнайы Қаулыға өзі қол қойып, қанішер Ермактың ескерткішін бір түнде орнынан жұлып алып тастау оқиғасынан бастау алған...

Бұл туралы қазақтың белгілі ақындары Кәкімбек Салықов, Несіпбек Айтұлы, Төлеген Қажыбаев, Арман Қани, Аманжол Әлтай арнайы жыр жолдарын арнаған. Тарихшы-жазушы Қойшығара Салғарин толғау жазған.

Бірде Қуат ағадан осы уақиғаны өз аузыңыздан естісем дегем, әлқиссасын Ермактың он бес метрлік ескерткішін бір сағатта қалай жоқ қылғанына қызығып:

- Мамандығыңыз – инженер-құрылысшы, экономика ғылымдарының кандидатысыз. Ертеректе республиканың еңбек сіңірген қызметкері атағын алдыңыз. «Құрмет», «Парасат», «ҚР Құрметті теміржолшысы» ордендерімен наградталғансыз. Бірнеше облыс пен ауданның Құрметті азаматы деген мәртебеңіз бар. Қай жерде жүрсеңіз де ел құрметіндесіз. Сіз танымайтын, сізді білмейтін ақын-жазушы кем де кем ғой. Мұны өркениеттілік деп білеміз. Қоғамымыз да соған ұмтылуда. Осыған қалай келдіңіз? Билік пен мәдениеттің бір-біріне қажеттілігі туралы ақсақал жасына жеткен кешегі Әкімнен сұрасақ дейміз,-дегем.

Сонда Қуат ағамыз еркін отырып, жас кезіндегі сол бір ерлігін айтып берген еді.

- Совет Одағы кезеңінде Қазақстан Жазушылар одағы ақын-жазушыларды өндірістік өңірлердің тыныс-тіршілігімен таныстыру, еңбекшілер арасында әдебиетті насихаттау мақсатында облыстарға тұрақты түрде жіберіп тұратын. «Адамға табын, жер енді» поэмасымен бір күнде қазақтың қыран ақыны танылған Олжас Сүлейменов сондай іс-сапармен Ермак (қазіргі Ақсу) қаласына келе қалды. Бұл 1968 жыл болса керек. Қалалық партия комитетінің жауапты қызметкерлері орда бұзар отыз жастағы Олжас Омарұлын қаладағы ең құрметті де көрнекті орын саналатын атаман Ермактың ескерткіш мүсініне апарады.

«Мынау кім?» - деп сұрапты сонда Олжекең. Жанындағылар: «Ә, бұл Сібірді игеруші әйгілі атаман Ермак Тимофеевич қой...» - деп жарыса-жармаса жауап бере бастаған ғой. Сол сәтте орда бұзар отыздан енді ғана асқан қызу қанды ақын Олжастың «Выступление у памятника Ермаку» өлеңі туыпты…

Олжастың «Махамбет туралы реквиемін» оқыдың ба? Ол да осы Ермак ескерткіші басындағы ақынның күйзелісінен туған ғой. Жалпы ақын-жазушы деген қауым тарихты тереңнен білуі ең бірінші парызы.

Олжастың Махамбетке арнауын оқышы. Қазір де жан сарайыңды тебірентіп – толғантады.

И потому, когда кочевье выманит

всё моё племя, –

я один пашу,

когда никто не смеет слова вымолвить,

мне рот завяжут –

я стихи пишу.

Эх, если бы сказали мне:

«Великий,

прости людей, уже пора – простить,

мир будет счастлив

от твоей улыбки!»

Тогда бы я старался не грустить.

Сказали бы смущённые мужчины:

«Моря полны водой, пока Урал

не высохнет.

Пока ты жив, мы – живы...»

Тогда бы я, клянусь, не умирал.

Тарихты тануға келгенде сауатсыз адамнан аса бір қауіп жоқ. Олар «мен білемге» салып, жаға жыртысып дауласпайды. Ең қиыны шаласауаттылар. Егер олар екі сөйлемді құрап жазуды үйренсе нағыз дәукес, пысылдақ пәле. Тарихқа кінәрат. Анадан-мынадан оқыған-естігендерін термелеп-тізіп, ақиқат осы деп жазады. Онысымен қоймай менікі дұрыс деп дауласады. Мына мен Қуат Есімхановтың принципті түйіні - әр оқиғаның дәлелі керек. Бұлжытпайтын сілтемелері қоса жазылуы міндет. Сонда ғана ол шындыққа жақын. Тарихтан орын алатын мәлімет болмақ. Шоқан Уәлиханов пен Әлкей Марғұланның жазбаларын оқыдым. Архивті күн-түн ақтардым. Содан іріктеп қағазыма жазғандарын жадында ғана сақтамай, ел-жұртқа жария етіп отырдым. Бәріне нақты сілтеме келтіреді. Аңыз емес, өмірде болған кісілердің естелігі. Және қай жылы, қай уақытта, қандай жағдайда айтылғаны сол жазбада көрсеттім. Бәрі дерлік бейнебір нотариалдық мекеменің құжаттарындай айдан анық. Міне, тарихи деректер осылай тізбеленуі керек.

Сол ауданды басқарып, бабалар аманатын орындауды тағдыр менің маңдайыма жазыпты. 1987-1989 жылдары – Ермак аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1989-1992 жылдары – партия қалалық комитеттінің бірінші хатшысы, аудандық және қалалық Халық депутаттар Кеңесінің төрағасы қызметін атқардым. Бұл нағыз өткелден өтер өтпелі кезең болатын. Тәуелсіздікке бет бұрған, Егемендікке қол жеткен ерекше жылдар болатын. Тәуелсіздік бізге тәуелділіктен құтылу үшін берілді.

Иә, елдің тәуелсіздігі, жердің қожасының кім екені, шекараның бекітілуі, экономиканың еркіндік алып, нарыққа бейімделуі, дүние-мүліктің жекенің қолына өтуі – бұл мемлекетті нығайтатын негізгі факторлар. Әйткенмен, бір елдің толыққанды тәуелсіз болуы үшін сол ел халқының саяси-экономикалық жақтан ғана емес, рухани тұрғыдан тәуелсіз болуы басты шарт деп түсінемін. Онсыз тәуелсіздік – тәуменділіктің екінші атауы ғана болмақ-дүр. Рухани тәуелсіздік – сананы отарсыздандыру. Мен осыны түсіндім. Сондықтан барынша іс-әрекет жасауға бел сыбана кірістім. Ертеректе Ғабит Мүсрепов, Ғабиден Мұстафиндермен ел келешегі туралы еркін сөйлескенім бар. Бұл кезде олар жоқ. Содан Алматыға Жазушылар Одағына тарттым. Ол кезде Коммунистік, қазіргі Абылайхан көшесіндегі зиялылар ордасы барып, Әбіш Кекілбаев бастаған жазушыларға жолығып Ермактың ескерткішін орнынан алып тастау туралы ойластырып қойған жоспарымды айттым. «Ол қаладағы коммунистер саған рұқсат берер ме екен?»,-деді олар. «Ермак қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы өзіммін»,-дедім. Сонымен не керек зиялылар батасын алдым. Әрине, «байқа, ұрынып қалма» деген ескертулер айтылды. Мен қандай да бір әрекетке бармас бұрын сол жағдайды толық зерттеп аламын. Соның алдында әйгілі тарихшымыз академик Манаш Қозыбаевқа арнайы жолығып, Ермактың өмірін, қайда туып, қайда өлгенін анықтап беруді сұрағанмын.

Академик Манаш ағамыз өзінің Ресейдегі достарына сұраныс жасады. Әрі бір өзіне тән тынымсыз еңбегі арқылы Ермактың батыр емес, қанішер, баскесер болғанын, оның қазақ тарихына еш қатысы жоқ екенін анықтаған мол деректерді тауып берді. Сөйтіп, депутаттардың сессиясын өткізіп бір күнде Ермак ауданы өзінің ежелгі өз атауы Ақсу болып өзгертілді. Бұл айтуға оңай, істеуге қиын шаруа еді. Ермактың ескерткішін тағынан тайдырудың қаншалықты шу тудырғанын осы күні аңыз ретінде қабылдайтындар бар. Оны құлатпақ түгіл, маңына жолатуға қарсы болған империяшыл пиғылдар қасарысып бақты. Бірақ бір түнде, бір сағатта дәу ескерткішті жоқ қылдық. Міне бауырым, арқамда сенім артқан қалың халқым болмаса осындай көзсіз ерлікке баруға батылым жетер ме еді.

Бәрін басынан бастайын. 1987 жылы Павлодар облысындағы Ермак (қазіргі Ақсу) аудандық атқару комитетінің төрағасы едім. Ел аралап жүріп, қазақтың жері болса да қазақтың исі аса қатты сезілмейтін осы аймақта мықты қазақ өткен бе деп іздедім. Әрине, алдымен биліктегі компартия талабына орай қимыл жасадым. Ол кезде Ермакта бәрі орысша еді. Тіл де, діл де, салт та орыстанған. Сонда естідім. Социалистік Еңбек Ері Мәмбет Омаров деген қазақ өткенін білетін едім. Көргенім де бар. Колхоз басқарған. Хрущев дәуірінің қаһарманы. Кезінде дәріптелген, сосын ұмытылған. Не көшенің аты берілмеген. Жерленген жері де белгісіз. Заман-ай десеңізші. Содан басталды - өткенге салауат. Мектепке атын бергіздік. Бюст қойғыздық. Көшені атадық. Жақсылап жол салдық. Осы қайырлы істің ашылуына Алматыдан досым Жәнібек Кәрменов келді. Ғұмырлы қарияларды жидық. Көп көргендердің аманатын сонда естідім. Қаншама ата-бабаларымыздың жатқан жерлері елеусіз қалғанын еңсесі көтеріле бастаған ел ақсақалдары айтты. Еңбек демалысымды алғанда анамды көлігіме отырғызып, қазақтың ұлан-ғайыр даласын шарлайтынмын. Аруақты тұлғалардың басына арнайы барып, құран оқитынбыз. Сол кезде жүрегімді жаралаған жәйтті айтайын. Бірде Семейге барғанымызда аяулы анам көзіне жас алып: «Семейдегі СССР-ге әйгілі ет комбинатының астында ұлтымыздың сандаған дүлділдері жатыр... Мына маңда Кемпірбайдың сүйегі жатыр… Талай азамат ескерусіз қалды-ау…» деп күрсінген. Е, бұл далада қаншама арыстардың тағдыры тәлкекке ұшырамады дейсің. Жаным жай таппады. Тарихи деректермен таныстым. Семейдің тарихын жазған журналист әрі жазушы Жекен Жұмахановтың кітаптарын қарап шықтым. Біршама деректерді білген соң мазам қашты. Нақты мәліметке қанық жандардан көзі тірісі академик Зейнолла Қабдолов қалыпты. Алматыға арнайы ат басын бұрдым. Сонда Зекең «ол жерде суырып салма ақындығымен, әрі әншілігімен аты шыққан Кемпірбай Бөгембайұлы ғана емес, Алашорда белсенділері мен әскербасылар жерленгенін» деп айтты. Бұл деректер үлкен ақын Несіпбек Айтұлының ертеректе баспасөзде жарияланбаған, ел аузында жүретін өлеңдерінде айтылады. - Иә, бұл жағдайды Сіз Шығыс – Қазақстан облысы әкімінің орынбасары кезінде естіп білдіңіз. Кейінірек Солтүстік – Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған кезде атқарған игі істеріңізді де білетін жұрт жыр қылып айтады.

Қызылжар – қазақтың небір марқасқаларының табаны тиген қасиетті жер. Осында Қожаберген, Сегіз сері, сосын өзге де бірқатар аптал азаматтар мәңгілікке орын тепкен. Бір күні Қожаберген жыраудың зиратына барсам, темір шарбақпен жәй қоршала салыпты.

 

Содан біраз бұрын Қожабергеннің тарихтағы орнын таныту үшін облыстағы университет ректоры, академик Ғалым Мұтанов халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізген екен. Астана мен Алматы ғалымдары баяндама жасап, ақпарат тетігі ағытылды. Артынан Омбыға барып жобасын сыздырып, төрт азамат болып басына үлкен мазар тұрғыздық. Ас беріп, аруағына дұға бағыштадық. Екі томдық кітабы жарыққа шықты. Атақты Батыр Баян да сол облыстан шыққан ғой. Ал Мағжанның «Батыр Баян» жырындағы Жолдыөзек деген жер Аққайың ауданы етіп өзгертілген. Оның табиғаты ақынға ғана емес, адам баласына ерекше әсер қалдырады. Ауасы да жұпар өлең, табиғаты да тұнған өлең. Бәрі де - Өлең! Бабалар даналығындай өлеңдетіп жатады!.. Обаған өзені ағып келеді де, жер астына өтіп із-түзсіз жоқ болып кетеді.

Бірнеше шақырымнан соң жер үстіне қайта айналып соғып, Қостанайды бетке алып ағып жатқаны. Міне, ол жерді киелі деуімнің сыры осында жатыр. Көп ұзамай Солтүстік Қазақстан облысында Батыр Баян есімі орта мектепке беріледі. Сегіз серінің де кітабы жарияланды. Қызылжарда Сәбит пен Ғабиттің 100 жылдығын ел болып атап өттік. 2003 жылы Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдығын да ескерусіз қалдырған жоқпыз. Қазір үлкен аудан Мағжан атында. Тарих әділеттілігі деген осы. Ал оның бәрі біртіндеп, санаға сатылап ұлттық таным орныққан сайын орындала беретін жәйт. Мына жәйтке де жұртшылық назарын аударғым келеді. Осы Петропавлдағы іс-шараларға жиналған Тұрсынбек Кәкішев бастаған ақсақалдарымызды, еліміздің зиялы қауымын Омбыға апардым. Көше аралатып, кешегі Алаш арыстары өмір сүрген қаланы көрсетіп келе жатырмын. Сол Қызылжардан шыққан тобымызбен Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин оқыған училищеге делегация болып бардық. Соның алдында ежелгі ескі досым Омбы облысының губернаторы Леонид Полежаевпен келісіп сол училищеге ескерткіш тақта орнатуды шешіп қойғанбыз. Жас ұрпағымыз бойына ізгілікті қалыптастыру үшін алдыңғы толқын ағалардың атынан жасалған мұндай істің ғұмыры ұзақ болмақ деп ойлаймын. Бір жаратқанның қиыннан қиыстырып шығаратын кереметі болады. Осы алаш ардақтыларына тағзым етіп, ас ішіп шықан соң бір сәтке бой жазып серуендейік деп ресторан алдындағы паркке бардық. Көпшілік қыдыратын, ит жетектегендер қаптап жүрген жер екен. Қолымдағы қоқысты тастайын деп бұрылғанда алаңқайға жапсырылған кішкентай тас тақтайшадағы жазуға көзім түсті де қаққан қазықтай қатып қалдым. Өз көзіме өзім сенбеймін. «Здесь будет установлен памятник известному географу Чокану Валиханову» деп жазылған. Сірә, 40 - 50 жыл бұрын қойылған тақта болар. Сол жерде құранымызды бағыштап, өзім іштей ой түйіп қайттым. Елге келген соң мықты азаматтардың басын біріктіріп сол жерге Шоқан бабамызға ескерткіш орнатамыз деп шештік. Тағы да Омбы губернаторы Леонид Полежаевқа жолықтым. Шештім. Ол: «қазақтар мыстан ескерткіш қоярсыңдар. Ұрылар көп, тоналмау жағын да ойластыр», деген.

Содан Омбының Ішкі Істер министрі, генерал Виктор Камерцельмен Павлодарда қызметтес болғанмын. Ескі досты ежелден жақсы білетінмін. Соған айттым. Генерал досым Шоқан ескеркішінің түбіне полиция постын қойды. Қазір де сол күзет посты сол жерде. Әрине сырт елде ескерткіш орнату үшін Қазақстан Президентінен рұқсат алу керек. Солтүстік Қазақстан облысының сол жылдардағы әкімі Анатолий Смирнов Елбасы Назарбаевтан келісімді алды. Мен бизнестегі азаматтардың басын біріктіріп, аруақ алдындағы парызды орындадым. 2003 жылы Омбыдағы Назарбаев – Путин жоғары деңгейдегі кездесуі алдында Шоқан Уәлиханов ескерткішін орнаттық. Керемет ел сүйсініп қарайтын еңселі ескерткіш болды.

- Біз ұмытшақ халықпыз… Өткенімізді тез ұмытып үлгірместен, бүгінімізді де бағдарлай алмай жатамыз. Бірақ бір өкінішті, бір үміт алға жетелейді. Абылай ханның Петропавлдағы Ақ үйі төңірегінде дау-дамай аз болған жоқ. Осы тарихи нысан жайлы алғашқы жорамалдар айтылып, соны айғақтайтын деректер іздестіріле бастаған кезде бәз біреулер бұл жақта атақты ханның ордасы болмақ түгіл, аяғы да аттап баспаған деп қызылкеңірдектікке салынды. Әрине оған дәлел құжаттар Ресей архивтерінде екені мәлім. Ресей архиві Сталиннің тұсында шығарған бұйрығына сәйкес әлі де өзгеріс енгізілмей ұзақ уақыттан бері жабық жатыр. Сауд Арабиясында консул болған қазақтан шыққан тұңғыш дипломат шығыстанушы, саясаткер, советтік мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов туралы кітаптардың авторы Тайыр Мансұров екенін білесіз. Мансұров Ресейде елші болып жүргенде Нәзір Төреқұловтың өз қолымен жазған өмірбаянының көшірмесін арадағы достық қатынасты арқаланып Ресей Үкіметінің Председателі Евгений Примаковтың кабинетіне барып, Примаковтың жеке өзінен ешкімге айтпаймын деп уәде беріп алғанын маған құпиялап айтқаны бар еді… Ал Абылайдың Ақ үйінің көшірмесін елге сіз әкелді дегенді естіген едім. Соның мән-жәйін айтсаңыз дегем.

- Омбыдағы Шоқан ескерткішінің ашылу салтанатына қатысу жаңадан тағайындалған облыс әкімі сол Тайыр Мансұровқа бұйырды. Анатолий Смирнов әкімдіктен бір ай бұрын босатылып, Мәсекуге Елшілікке қызметке ауысқан болатын. Ал Абылайдың Ақ үйі болмаған деген қауесет дүрілдіп, әне-міне осы әңгімені тоқтатуға шешім қабылданайын деп тұрғанда арнайы Мәскеуге бардым. «Адам біліскенше» дейді ғой. Ресей ГРУ-індегі (бас барлау басқармасы) офицер достарым маған архивтегі Абылайдың үйінің көшірмесін көрсетті. Бірақ қолыма ұстатпайды. Рұқсат жоқ. Оқып таныстым. Патшаның указымен Абылайдың құрметіне салған резиденция. Қанша қаржы жұмсалғаны, толық бухгалтерлік есеп тұр. Тіптен дәу бөренелерді тасу үшін Оралдан неше ат алдырғанына дейін тіркелген. 1811 жылы неден өртенгеніне дейін рәсімделген. Бәрі тайға таңба басқандай.

Сонымен академик Манаш Қозыбаевтың шәкірті, біздің елшілікте жауапты қызмет атқаратын Қобыландин деген інімнен ресейлік достар сұраған қағазды хаттап, Ақ үйдің көшірмесін алып Астанаға жеттім. Сол жылдары Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтегі болған жазушы Төлен Әбдіков: «Петропавлда Абылайдың Ақ үйі болмағаны туралы мәліметті жазып қойдым, ертеңдер жоғары жаққа кетеді»,- деп қарап отыр. Мен қолымдағы құжаттарды көрсеттім. Сонымен «Мәдени мұраға» жауапты Мемлекеттік Хатшыға бардым. Арғы жағы белгілі... Абылайдың Ақ үйі мем­ле­кеттік «Мәдени мұра» бағ­дарламасына енгізіліп, қалпы­на келтірілді. Хан ордасының ауласына «Ат үстіндегі Абылай хан» мүсіндік композициясы орнатылды. Қоладан құйылған ескерткіштің авторы – алматылық мүсінші Қазыбек Сатыбалдин. Толық қалпына келтіріліп, жаңаша кейіпке енген хан ордасы 2008 жылы тамыздың 21-інде есігін айқара ашты.

Сол күні таң елең-алаңнан жұртшылық хан ордасына қарай ағылыпты. Жергілікті тұрғын­дар асыға күткен бұл оқиғаға ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып: «Біз бүгінде өз тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан резиденциясы екені даусыз», – деді. 

Рас, бұл орын жергілікті тұрғындардың көзайымына айналады. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, адамдар, әсіресе, алғашқы күндері мұнда толассыз ағылған екен. Қазір де келушілер көп. Еліміздің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жолы түскен меймандар Абылайдың Ақ үйін көрмей кетпейтін игі дәстүр қалыптасты. Көршілес Ресейден келіп жататын қонақтар да іздерін суытпайды. Қуантатыны сол, мұнда әртүрлі мекемелерден ұйымдасқан түрде экскурсияға келушілермен қатар, қызықтап, өз ынта-ықыластарымен табалдырық аттағандар да аз емес. Ұлттық таным деген осы.

Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың мерейлі немесе атауға тиіс жылдары еске алу, сол арқылы бүгінгі ұрпақ санасында ұлттық құндылықтар мен ұлы есімдерді жаңғырту күні кеше бодандық қамытын киген әр ел үшін маңызды қадам. Мұндай тәжірибеден біз ғана емес, бір кездері отарлықтың қамытын киген кез келген мемлекет өткен. Еркеғали Рахмадиевті білесіз. Мәдениет министрі болған. Қазақстанның алғашқы Еңбек Ері. Шет ел таныған әйгілі композиторымыз. Сол кісімен бірде Балқашқа шомылудың сәті түсті. Көл жағасында дем алып отырғанымызда маған ол: «Менің мойным­да бір аманат бар. Соны орындамақ болып бірқатар басшыларға қолқа салып көріп ем, нәтиже шықпады. Енді бойымнан күш-қуат кеткенде кім тыңдай қояр дейсің?!» деді. Аманаттың жөні былай екен. Ерақаң­ның өткен ғасырдың жет­пісінші жылының басында Алматыдағы консерваторияда ректор кезі. Ол бір күні Бөрлідегі әке-шешесіне бармақшы болады. Жолға жиналып жатқанда Қанабек Бай­сейітов «Мені де ала кетсейші» дейді. Қанабектің ауылы да Үштөбенің жанында. Ерақаң жарайды деп келісімін бе­реді. Ұлы сәскеде Арқарлы асуынан өте берген жерде Қанекең: «Машинаңды тоқтат» дейді. Дастархан жайылады. «Әй, Еркеш, мен бұл жерге ішіп-жеу үшін келгенім жоқ. Бұл жерді өзіне арнайы көрсетейін деп келдім. 1934 жылы Күләш екеуміз бас қосқанымызда Жетісуға бет алып ек. Күләш үйінен азық-түлік салынған қоржынын ала шыққан болатын. Жетісу өңіріне жеткеннен кейін осы жерге аялдадық. Қасымызда серіктеріміз бар. Күләш сонда көпшілікке қарап: «Жетісуға алғаш келін болып, жерін аттап отырмын, дастархан жаяйын деп іске кірісіп кеткен еді» депті Қанекең. Ерақаң осы маң­ның елеусіз болып бара жатқанына налыды. Ойланып жатпастан «маған неге бұрын айтпағансыз?!» дедім. Күләш Байсейітова Совет Одағындағы Халық әртісі атағын алғаш алған бес жұлдыздың бірі. Сол кезде жасы 24-те ғана. Ғаламат оқиға. Әлем әртістері Күләшті «Феномен, Чудо» деген. Ондай әртістер қазақта ғана емес, әлем тарихында некен-саяқ.

Ендеше Күләштей ардақтыларымыздың есімін келешекке жеткізуіміз парыз. Көпке созбадық. Марқұм Еркеғали ағам сол ескерткішті көрді. «Қаныбек пен Күләшқа еліміз өсті, өркендеді. Өнерді көкке көтерді», деп о дүниеде кездескенде айтам деп разы болған еді. Сол ескерткіш белгітастың бетіне Ақселеу Сейдім­бектің «Қазақтың әйгілі әншісі Күләштің Жетісу еліне келін ретінде алғаш келген сапарында Қанабек Байсейітұлы екеуінің ат шалдырып, дастарқан жайған жері» деген сөзі өрнектеліп түсті. Бірде Көкшетау қаласындағы зиратта болғанымда, шағын тастағы жазуға көзім түсті. Онда: «Бұл жерде Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян жер­ленген» деп жазу тұрды. Асыл тұяғының бейіті неге мұншалықты қараусыз қалған деген сұрақ санамды да, жанымды да байыз таптырмады. Сұрау салып, оқиғаның астарына үңілдім. Сәкен атылғаннан кейін жеңгеміз Гүлбаһрам Қызылжардан поезбен Көк­шетауға аттанады. Қолындағы дімкәс Аян жол үстінде шетінейді. Жолсерікке айтса, «Сейфуллиндей халық жауының» әйелі ретінде санап, кездейсоқ стансадан түсіріп кете ме деп қауіптенген. Жансыз баласының аузын кеуде тұсына тосып отырады да, межелі жеріне жеткенде әлгі зиратқа жерлейді. Содан бері қараусыз қалыпты. Азаматтармен ақылдасып, ас беріп, белгітасын қойдық. Оның бетіне Несіпбек Айтұлының: «Үзілген бір қауырсын жатыр мұнда, Сәкендей ақсұңқардың қанатынан»,- деген өлең жолдары жазылды.

Келешегімізге қажетті шара болса, көмегім осы деп қолынан келгенін жасауға әзір болдым. Жеке басыма келсем мені екі анам тәрбиеледі. Әкеден ерте айырылсам да, қос анам қанатымды қайырмай өсірді. Әжем мен анам тарихи-аңыз әңгімелерді, нақыл сөздерді құлағыма құйып, кәусар бұлақтың тұнығынан дәм татырды. «Әр жігіттің ішінде сырғауыл болады. Сол сырғауыл майысса ешқашан түзелмейді. Сен Алладан өзге ешкімге қарыз емессің! Еңсеңді тік ұста», – деуші еді. Бұл – ана сөзі! Ана сөзінен қадірлі сөз болсын ба?!. «Әйел - өмірдің тірегі ғана емес, әйел өмірдің өзі» деген аталы сөзге бас иемін.

Менің осы істерімді әйелім түсіністікпен қабылдайды. Әйелім қолдаған соң ұл-қыздарым да барынша қолдайды. Олар қазір менің ісімді жалғастыруда. Жалпы шығыс халықтарының арасында, тіптен исі мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты ерекше қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі – біздің қазақ екендігі аян. Қыз тәрбиесін ұлт тірбиесі деп қабылдаған жұртпыз. 2018 жылы Павлодар облысының Усоль шағын ауданында ұлттық музыка өнерінің көрнекті өкілі, белгілі композитор Майра Шамсутдинованың мүсінін қойдық. 1937 жылғы халық жауларын атып, түрмеге тоғыта бастағанда Ресейдегі төркіндеріне барып бас сауғалап, сонда қайтыс болған Қорланның басына Баянауылдан төрт тонна гранит тас апарып орнаттық.

«Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын, Табиғат берген екен күн мен айын. Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен, Дариға, арманым көп не қылайын», – деп жырлаған Естайдың өшпес махаббаты. Қазақтың алақанға салып әлпештеген серісі, әнші перзенті Естай Беркімбайұлы шығармашылығының ең шоқтықты туындысы да осы ән. Біздің қазақта басы артық бықсық сөзді шығаратын бейбақ бейшаралар бар. Мәселен, Естай мен Қорланды бір-біріне қосып қояды. Сол секілді Ақан Сері мен Ақтоқтыны бір төсекке жатқызады... Өмірде де, өнерде де тазалық болса деймін. Осы ардақты, өз ошақтарының ұйтқысы болған Қорлан, Ақтоты және Майра туралы жазғанда ақиқаттан аспау керек деп ойлаймын.

Қорланның жұбайы сол заманның оқыған азаматы, атақты Құлынды даласында он жеті мың жылқысы болған Қуат деген асқан байдың Нұрмұханбет деген шөбересі. Бес ұлдары болған. Зұлмат тұсында Владивостокқа барып бас сауғалаған. Ұрпақтары мықты азаматтар. Ақтоты да сондай. Ақан серіде махаббат пен сезім болған шығар. Шын сүйген болар. Содан да ерекше биікке көтеріп құрметтеп жырлап өткен. Болды. Міне осыны кезіндегі Компартия тұсында социалистік реализмнің шынайылығы осындай деп Ғабит Мүсірепов пьеса жазды. Сәкен Жүнісов роман жазды. Сәкен серімен көзі тірісінде сөйлестім. Біледі екен. Мойындады. Бірақ социалистік әдебиет принциптерінен аса алмадық қой деген. Осы қазақ әйелі тақырыбын тереңнен зерделедім. Айтарым көп. Әйел – Отанымыздың сақтаушысы. Ошағымыздың ұйтқысы. Береке-бірлігіміздің алтын діңгегі. Ұлттық мәдениетіміздің мәйегі.

Ел аралап жүріп, қазақтың жері болса да қазақтың исі аса қатты сезілмейтін осы аймақта қызмет еткен Еңбек Ері Мәмбет Омаров деген қаһарманды естиді. Кезінде дәріптелген, сосын ұмытылған. Не көшенің аты берілмеген. Жерленген жері де белгісіз. Заман-ай десеңізші. Содан басталды - өткенге салауат. Мектепке атын бергізіп, бюст қойғызды. Еңбек демалысында анасын көлігіне мінгізіп, қазақтың ұлан-ғайыр даласын шарлайтын. Аруақты тұлғалардың басына арнайы барып, құран оқитын. Бірде Семейге барғанында аяулы анасы көзіне жас алып: «Семейдегі СССР-ге әйгілі ет комбинатының астында ұлтымыздың сандаған дүлділдері жатыр... Мына маңда Кемпірбайдың сүйегі жатыр… Талай азамат ескерусіз қалды-ау…» деп күрсінген. Содан жаны жай таппай, тарихи деректермен танысады. Нақты мәліметке қанық жандардан көзі тірісі академик Зейнолла Қабдолов қалыпты. Алматыға арнайы ат басын бұрған. Сонда Зекең ол жерде суырып салма ақындығымен, әрі әншілігімен аты шыққан Кемпірбай Бөгембайұлы ғана емес, Алашорда белсенділері мен әскербасылар жерленгенін айтқан.

Қуат Есімханов сөз емес істің адамы еді... Алаштың арда азаматтарына арнап отыздың үстінде есте қалар естелік дүниелердің жасалуына бас-көз болды. Бизнесмен де, ақшасы көп бай да емес. Әрбір қасиетті істі қолға алып асарлатқан кезде бар жауапкершілікті мойнына жүктеп алып, бас болатын бір айғайшы елағасы керек. Сол абыз ақсақал Қуат ағамыз. Осы күнге дейін ел перзенті – Қуат Есімхановтың бас болуымен жеті ескерткіш, алты тақта, бірнеше гранит тастар қойылды.

Қуат ағамыз осы ескеткіштерді орнатарда архивтерді қопарып, нақты әрі дәлелді құнды мәліметтерді жинады. Ешкімнің тарапынан дау тудырмайтын кезде ғана азаматтарға сөз айтып, іске кірісетін.

Тарихты жасайтын, жазатын да адам десек оның әділ болғаны жөн. Ал оны зерделеп, жүйелі зерттеу үшін алдымен ынта, сосын дәлелді құжатың болуы тиіс. Біздің тарихымызда ұмытуға болмайтын оқиғалар, заманалар зары, сондай зұлмат кезеңде өмір сүрген, қазір ескерусіз ұмыт қалған тарихи тұлғалар жетерлік. Бірін білсек, екіншісін ұмытып, екіншісін танысақ, үшіншісін іздеусіз қалдырып жатамыз. Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың мерейлі немесе атауға тиіс жылдары еске алу, сол арқылы бүгінгі ұрпақ санасында ұлттық құндылықтар мен ұлы есімдерді жаңғырту күні кеше бодандық қамытын киген әр ел үшін маңызды қадам. Мұндай тәжірибеден біз ғана емес, бір кездері отарлықтың қамытын киген кез келген мемлекет өткен.

Қуат Есімханұлы – қазақ тілінің нағыз жанашыры еді. Аудандарды аралаған сапарларында әртүрлі ұйымдардың маңдайшаларындағы мемлекеттік тілде жазылған атауларынан қате көрсе-ақ, қабағы қарс түйіліп, дереу түзеткізетінін жұрт әлі күнге ризашылықпен әңгіме қы­лып отырады. Облыстың барлық мекемесінде апта сайын бір күн – Қазақ тілі күні болып белгіленіп, сол күні жұрттың бәрі мемлекеттік тілде сөйлеуге тырысатын жаңа дәстүр пайда болған еді.

Иә, Қуат ағадай есіл ердің жүрегі елім деп соқты бұл пәни дүниедегі дәм-тұзы таусылғанша. Оған да міне бір жыл толыпты.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «АЛАШ ҰРАНЫ» осындайда еске оралады.

Алаш туы астында,

Біз алаштың баласы.

Күніміз туып көгерді,

Сарыарқаның даласы.

Құрт аурудай жайлаған,

Құртпаққа бізді ойлаған,

Қанымызға тоймаған,

Қолымызды байлаған,

Ерімізді айдаған,

Елімізді лайлаған.

Жерімізді шимайлаған,

Өшті залым қарасы.

Жасасын, алаш, жасасын!

Алаш туы астында,

Қолдайтын алаш бабамыз.

"Туысқандық", "теңдік" деп,

Туын қолға ап шабамыз.

Берілгенде тілектер,

Жарылмай ма жүректер?!

Заң жасайтын орынға,

Жұртпен бірге барамыз!

Қатардан орын аламыз!

Жасасын, алаш, жасасын!

Алаш туы астында,

Куә болсын арымыз.

Көркейтуге алашты,

Құрбандық біздің жанымыз!

Былай тұрсын малымыз,

Алаш деген ел үшін

Сарыарқаның жері үшін,

Бостандық берген ер үшін,

Төгілсін біздің қанымыз!

Аялмасын жанымыз!

Жасасын, алаш, жасасын!

Алаш туы астында,

Өлсек бірге өлдік біз.

Не жақсылық, не қайғы,

Көрсек бірге көрдік біз!

Ішкі жанжал таласты,

Күншілдікпен қарасты,

Мына жерге көмдік біз!

Жасасын, алаш, жасасын!

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше сөнбейміз.

Енді ешкімнің алашты,

Қорлығына бермейміз!

Адамдықтың жолына,

Бастаған ерлер соңыңда,

Басқаға көңіл бөлмейміз,

Қандай шайтан келсе де,

Алдауына көнбейміз.

Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз!

Жасайды алаш, өлмейміз!

Жасасын, алаш, жасасын!