Адольф Янушкевич Қарқаралы жерінде
24.04.2023 3524

Қарқаралы – тарихы терең тамырлы өлке. Бұл өңірде қазақтың, сонымен қатар шетелдік небір әйгілі адамдарының ізі қалған. Солардың бірі – поляк пен белорус халқына ортақ тұлға, ақын, этнограф, күрескер-төңкерісші демократ Адольф Янушкевич. Ақсүйек тұқымынан шыққан зиялы Адольф Янушкевич өз өмірінің көп бөлігін туған жерінен жырақта, айдауда өткізген адам. Осы тағдыр жолы барысында ол қазақ даласын аралайды. Қарқаралы өңіріне де келіп, мұндағы елдің тіршілігі туралы жазбалар қалдырған.


Адольф Михал Валериан Юлиан Янушкевич 1803 жылы 9 маусымда Патшалық Ресейдің Минск губерниясы, Несвиж қамалында, орта дәулетті ақсүйек отбасы Михаил мен Текла Янушкевичтердің отбасында дүниеге келеді. Әкесі жағынан да, шешесі жағынан да поляктің әйгілі ұлт-азаттық күрескері Тадеуш Костюшкомен туыстық қарым-қатынасы барлығы Адольфтің бала кезінен ел қамын ойлар азамат болып қалыптасуына әсер етті. Ол әуелі туған елді мекені Несвиждегі Доминикан мектебінде, одан соң Подолиядағы Винница орта мектебінде оқиды. 

Ол тырнақалды өлеңдерін Вильнюсте шығатын мерзімді басылымдарға жариялатып жүреді. 1826 жылы Каменцеде Азаматтық сот істері бойынша бас палатаға депутат болып сайланады. 1929 жылы денсаулығына байланысты жұмысынан босап, шетелге, Германияның Карлсбадіне қоныс аударды. Одан соң Оңтүстік Францияға, Италияның астанасы Римге көшті. Римде ол Адам Мицкевичпен және А.Одынцовпен танысады. 1830 жылы еліне қайта оралады. Келген соң поляктардың Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық қараша төңкерісіне қатысады. Ұрыстарда жеті рет жараланып, тұтқынға түседі. 1831 жылы Брест, Мәскеу қалаларына, одан соң Вяткаға жіберіледі. 1832 жылы 4 наурызда оған әскери сот шешімі шығады. Ақсүйек атағынан айырлып, дарға асып өлтіру жазасына кесіледі. Дегенмен бұл аса ауыр жазасы аздап жеңілдетіліп, 25 жыл бойы Сібірге жер аударуға, мүліктерін тәркілеуге шешім шығарылады. Сөйтіп ол Тобылға жер аударылып келіп, 1833 жылға дейін абақтыда отыру мерзімін өтейді. 1835 жылы Есілге келіп тұрып жатады. Янушкевичтің үйі жер аударылғандардың кітапханасына айналады. 

Туыстары оған мерзімді басылымдарды жіберіп тұратын еді. Есілде ол тағы бір белгілі поляк күрескері, танымал ақын Густав Зелинскиймен және Александр Одоевскиймен қарым-қатынас орнатады. Густав Зелинский кейіннен Янушкевичтің хаттары арқылы өзінің әйгілі «Қазақ» поэмасын жазды. А.Одоевский оған өзінің екі өлеңін арнады. Янушкевич 1839-1840 жылдары поляк және еуропа әдеби өмірі туралы шұғылданып, Огюстен Тьерридің «Англияны нормандардың жаулап алу тарихы» туындысын аударды. 

1841 жылы тамызда Омбыға келіп қоныстанды. Патшазаданың некеке отыру құрметіне байланысты жасалған рақымшылық бойынша оған «колледж тіркеушісі» деген лауазыммен мемлекеттік қызметке орналасуға рұқсат берілді. 1942 жылдың қаңтарынан бастап Сібір қазақтары шекара басқармасында жұмыс істеді. Қазақ даласында көп жылдар сапарлаған ол қазақ тілін үйреніп, қазақ ауыз әдебиетін жинауға кіріседі. 

1846 жылы экспедициялар есебі ретіндегі «Сібір сапарының күнделігі» атты маңызды ақпараттарға толы еңбегін жазып шықты. 1853 жылы Пермь губерниясының Төменгі Тагил қаласына келді. Мұнда атақты тарихшы Н.Карамзиннің баласы, шенеунік А.Н.Карамзиннің өкімі бойынша ашылған алғашқы кітапхананың бірінші кітапханашысы болды. Орал зауыттарының қожайыны, граф Анатолий Демидовтің бақшашысы болады. Урал зауыттары қожайындарының бірі, прогресшіл тұлға Андрей Карамзин Адольф Янушкевичті мәңгілік жер аударылу жазасынан босатуға атсалысады. Бірақ ол мақсатын жүзеге асырып үлгермей қайтыс болады. Оның әйелі Аврораның күш салуымен А.Янушкевичке 1856 жылы рақымшылық жасалып, туған жеріне баруға рұқсат етіледі. Осы жылы үйіне келгенімен, 1857 жылы 19 шілдеде Минск облысы Дзержинск ауданы Дягильно қожалығында асқынған өкпе ауруынан қайтыс болды.

Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына саяхат бойынша күнделіктер мен хаттар» («Дневники и письма из путешествий по киргизским степям») атты кітабы тағдырдың тәлкегімен жер аударылып келіп, ұзақ жылдар қазақ даласының дәмін татқан кезеңі туралы деректі туынды.

Адольф Янушкевичтің күнделіктері мен хаттарында ол өзі көзімен көрген өлкелер мен олардың табиғаты, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, белгіл тарихи адамдар туралы көптеген деректер бар. 1979 жылы журналист, аудармашы Мұқаш Сәрсекеевтің тәржімасымен Адольф Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар немесе қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар» атты кітабы «Жалын» баспасынан жарық көрген екен.

Аталған кітап бойынша біз А.Янушкевичтің таным-білігін, қазақ халқына, отаршыл жүйеге деген көзқарасын тани аламыз. Жолсапар күнделігі үнемі атпен, атарбамен жүрістің шаршаулы қалпында жазылғанын ескерсек, ондағы кейбір адамдар мен жер-су, рулар атауларында аздаған жаңсақтықтар болуы заңдылық деп білеміз. 

Адольф Янушкевичтің сапары Омбыдан Жетісуға дейінгі өңірді қамтиды. Осы өңірлер ішінде біз қазіргі Қарағанды облысының аумағындағы сапарын бөліп алып қарастырамыз. Санақ экспедициясының құрамында болып, әрбір ауылдың адамын жасымен тіркеп, қара малы мен ұсақ малдарын санаққа алып отырған. Бұл – оңай жұмыс болмағанға ұқсайды. Осы сапары барысында Аягөз, Шыңғыстау өңірлеріндегі болыстықтарды аралап санақ жүргізіп, Құнанбай Өскенбайұлы сияқты әйгілі тұлғамен кездеседі. Құнанбайдың тұлғасына, оның сөйлеу шеберлігіне, сөз мәнеріне мән бере таңданыспен жазып қалдырады. Осылай өздеріне жүктелген жауапты жұмысты атқарған бойында экспедиция қыркүйек айының соңына таман Қу, Едірей өңіріне беттеп келе жатады. Кейбір жол бойында ұшырасқан ұсақ-түйек оқиғаларды да жазып отырады: «12 қыркүйек. ...Жолшыбай біз балапан бүркіт өлтірдік, оның өліміне қазақтар қатты қайғырды. Жарлы өзенінің бойынан егістік үшін өңделген жер көрдік. Қарқаралы тауының көрінісі ғажап. Қарқаралының өзі де, айналасы тау, іргесінде өзен ағып жатқан бір әдемі жерге орналасқан.» Қарқаралының көркем көрінісін сөзбен бейнелей жазған А.Янушкевич әрбір болыстықтағы белгілі адамдар, олардың тұрмысы, жер жағдайы, адамдар, болардың мал-дәулеті, елдің жалпы ахуалы туралы сезімталдықпен жазып қалдырып отырған. «13,14 және 15 қыркүйек. Бірінші, екінші күнді біз Қарқаралыда өткіздік. Тамақ жеп, үнемі кофе, шай, жеміс шараптарын іштік. Үшінші күні, яғни 15 қыркүйекте таңертең тамаша бір кезде шығып, түнге қарай Жусанбай-шекшектерге келіп жеттік...». Санақ барысында, атпен үздіксіз жүріс, шаршап-шалдығып жүріп белгілеуге қол созудың өзі оңай болмасы анық. Дегенмен ол жазбаға әрдайым уақыт тауып отырған: «16 қыркүйек. Мен, әсілі, аздап-аздап қазақ болып бара жатқан сияқтымын. Киіз үй менің үйреншікті баспанама айналды. Қарқаралыда көз іле алмап едім, мындағы таза ауада керемет ұйықтадым. Айнала елсіз, белуардан келетін шөп, таяу жерде жақында өртелген бекеттің үйінділері қоңырайып көрінеді. Бұл болыстың жартысы қазақтардыкі, жартысы сұлтандардыкі, сондықтан қырық пышақ болады де жатады, ешбір жарасым-үйлесім жоқ». Бұдан біз қыр өмірінің таза табиғатын танығандаймыз.

Автор жергілікті жер адамдарының тіршілік көзі, түрлі қарекеттермен шұғылданатын байлардың іс-әрекеттері туралы да мол деректер келтіреді. Осы сияқты, кен өндірушілер туралы былай деп күнделік жазады: «24 қыркүйек. Түстен кейін жұмысты бітіріп, айқымбеттермен қоштастық. Жол сортаңды қойнаулар арқылы өттi. Қазақтардың есептеуінше, ең жақсы жайылымдар осы жерлерде көрінеді, бұнда бетеге бітік өседі екен. Үстімізде жазғы халаттар болса да, ағыл-тегіл терледік. Біз Қу тауларына жақындадық. Баянауыл округінің көмірін тасып, Попов бұл жерде өзінің қалайысын балқытады. Таудың көрінісі өте сұлу, шыңдар алыстан рыцарьлар қорғандарының үйінділері сияқты болып көрінді. 40 шақырым жүріп, жатақтарға келіп қондық». 

Біз бұл күнгі күнделіктегі жазба сол дәуірде Сарыарқада басталған кен қазу ісінен хабар береді. Тарихтан белгілі, осы өңірдің белгілі тұлғасы, әйгілі күйші, ел басқарған болыс, ірі дәулетті қазақ Тәттімбет Қазанғапұлы жоғарыда аталған Степан Поповпен бірлесіп Баянауыл-Қарқаралы өңірінен металл өндіру үшін кен қазып, шағын зауыт орнатады. Автордың мұндағы «жатақтар» деп отырғаны – Түндікті өзені бойындағы зауыт жұмысшыларының тұрағы болса керек.

Сапар келесі күні әрмен қарай жалғасады. Мұнда да тарихтың айқын сорабы барын көруге болады. Шаншар руын 1824-1843 жылдары Абылай ханның немересі Шама сұлтан басқарып тұрған екен. Шама сұлтан тұсында бір болыс ел болған шаншарларды билейді. Қарқаралы округтік приказдың аға сұлтаны ретінде Бөкей ханның немересі Тұрсын Шыңғысов басқарады. ХІХ ғасырдың орта кезеңінде төрелер әулетінен аға сұлтан сайлайтын дәстүрді бұзу үрдісі туындай бастайды. Осы тұста Алшынбай, Қазанғап, Тәттімбет қатарлы қарадан шыққан ықпалды қазақтар тартысқа түскенімен төрелер әулеті басым түседі. Кейін, 1843 жылы Шаншар болысын екіге бөленде, Айбике болысын Алшынбай, Нұрбике болсыны Тәттімбет басқарады. А.Янушкевичтің келгені – осы бөліністі кезең болса керек. Автор былай дейді: «25 қыркүйек. Таңертең тұрып, әрман қарай жүрдік. 1лгерілеп жазықтықпен, содан төбешіктер арқылы Қудан Шекаралық линияға апаратын жолмен, аздап қырлықпен жүріп өттік. Тағы 40 шақырым жүріп, Түндік өзенінің жағасынан шықтық. Нұрбике-шаншарлардың болысы Тәттімбет алдымыздан шықты. Ауа райының өзгеретінін алдын ала сездіргендей күні бойы ыстық болды. Әбден мазамыз кетті. Сылдырап ағып жатқан өзен жағасына тігілген киіз үйдің көлеңкесі ғaнa бiзre сая болды.

...Кешкісін біздің үйде 6ip қазақ болды. Ол әр түрлі аңдар мен құстардың, әсіресе түйенің, құланның, бүркіттің дауысын, қимылын аудармай салады. Бұны одан артық айнытпай салу еншмнің қолынан келмейді».

Күз айындағы Қарқаралы өңірінің ауа райын ол былай деп сурететйді: «26 қыркүйек. Ауа райы өзгерді, салқын, жауын-шашынды. Ішіміз пысты. Баратын жер жоқ, ештене жоқ. Киіз іші толған қазақтар, айналымға жер тар. Күнделік үшін жаңа материал жоқ: сол күнделікті күйбең тірлік».

Сондай-ақ А.Янушкевич өзінің жазбасында жергілікті қазақтардың қысқа мал азығын дайындаудағы қырсыздық жағдайын да аңғарып, орынды сынап өтеді. «30 қыркүйек. Таң атқанна кейін ғана жауын аздап толастады. Әлі де суық. От жақпасқа болмады. Түстен кейін күннің көзі көрінді. Біз аздап серуендегуге шықтық. Шөп шабуға 30 адам жібергенін мақтана айтып, Құсбек бізді күлдірді. Сентябрьдің аяғында шөп шапқанды кім көрген. Бұған бізде кім сенер еді? Шөптің көкпеңбек болып тұрған кезінде және басқалар жапатармағай шауып жатқанда бұлардың неге шаппағанын сұрап едік, Құсбек жиырма төрт сылтау айтты. Ең бастысы, шөп шабуға о кезде қол тимеген. Шөпті қазір шабу жақсы, себебі, құрғақ, пәлендей күтім қажет етпейді. 

Біздің қасымызда қазақтар толып отыр. Аңдар мен құстардың дауыстарын айнытпай келтіретін ерекше қазақтың өнеріне қарап, олар ауыздарын ашып, көздерін жұмып мәз болуда. Бұл болыста кедейлер өте көп. 

Құрамында А.Янушкевич бар санақ тобы өрлей отырып, Алшынбай бидің аулына келіп түседі. Мұндағы жағдай – басқашалау. Оны жазбадан байқауға болады. «31 қыркүйек. Кешке қарай біз айбике-шаншарларға жол тарттық. Олар осыдан 15 шақырым жерде сол Түндік өзенінің бойында көшіп-қонып жүреді. Жұлдыз туа бiз ауылға жеттік. Алшынбай деген кісі болыс екен. Киіз үйдің ішінде тап-таза, әп-әдемi екі төсек салынған. Тезек жағып, сағат онға дейін әңгімемен отырдық. Жол жүрген соң асқа тәбетіміз шауып, бір аяқ қуырдақ жеп, қымыз iшіп, ұйқыға кеттік.»

«ХІХ ғасырдағы қазақтармен салыстырғанда, ХҮІІІ ғасырдың қазағы малды болған», - деп Шоқан Уәлиханов атап өтеді. Қазақ хандығы құлап, халқымыз Ресей империясының бодандығына еніп, ауыр алым-салықтарға ұшырады. Бұл – халықтың кедейленуіне, мал басының кемуіне әкелгені анық. Дегенмен ХІХ ғасырда да қазақ даласында, соның ішінде Қарқаралы өңірінде мал басы баршылық болған. Мұны А.Янушкевич те анық байқап жазады. «29 қыркүйек.

...Біз тұрғанша от жағыпты. Мұның өзі жақсы болды, себебі күн кешегіден де суық, шөп басы ағараң тартыпты, сағат тоғызға дейін қырау кеткен жоқ. Киіз үйден шығып, төңіректің көрінісіне таң қалдық. Біздің киіз үй биік дөңгеленген төбе үстінде тұр екен. Оның етегінде Түндік өзені сарқырап ағып жатыр. Өзен бойы табын-табын мал өргізген жағалай ауыл. Айнала таулар қоршап тұр. Бұл жер Арқалық деп аталады, ол Баянауылдан – 90 шақырым, линиядан – 150 шақырым, Қарқаралыдан да соншалықты жерде.

Құсбек адам жіберіп, қант пен нан сұратыпты. «Қырда жүріп, қоқиланып біз өзімізді жоғары санаймыз. Шетімізден болыспыз, заседательміз, аға сұлтанбыз! Сондағымыз – патшаның бақташылары ғана екенбіз. Оның малын бағамыз, малы қырылса, жазалауға басымызды тосамыз», - деді ол, кейін біздікіне келгенде». Құсбек төренің бұл әрекеті – жүргінші санақшылардың ас мәзіріндегі өздері үшін жеңсік асқа қызығушылық болар.

Сонымен қатар, ел ішіндегі түрлі жағдайларды, адамдардың мінез-құлқын, бүліктер мен тонаулар туралы мәліметтерді де саяхатшы ерінбей жазып отырғанын көреміз. «1 қазан. Біздікіне Жауқұтты келіп кетті. Айран, содан соң қымыз сұрады. Мұнысы шай сұрағандағысы еді Бұл болыста, әcipece, қаракемпірлер арасында басқаларға итініп күн көруге үйренгендер көп. Кеше қарақшылар күйеуге кетіп бара жатқан бip сұлтанның әйелін тонапты, тағы бip сұлтанның аттары мен түйелерін ұрлап әкетіпті. Оларға Құсбек бірнеше қазақты жіберген екен, қарақшылар оларды да ұрып кетіптi.

Біздің үйге сексендер шамасындары бip қарт келіп кетті. Бip кезде ол бүкіл Қу өңіріне иемденген екен. «Мен бұл дүниеде бірсыпыра өмір сүрдім. Ресейден келген сен сықылды адамды бірінші рет көруім», - деді ол Викторға әңгіме үстінде. «Тілмаштар мен казак-орыстарды жын шалған, ал чиновниктер – дәл сол жынның өздері», -деді. Қазақтар таң атысымен тырнақ ала береді. Ал сақал мен шашты күн ұясына қонғансоң ғана алуға болады. Тырнақтарын жерге көмеді». Бір замандары бүкіл Қу болысын билеген бұл адам нақты кім екендігін білмесек те, Абылай ұрпақтары сұлтандардың немесе қаз дауысты Қазыбек би ұрпақтарының бірі деп шамалауға болады. 

Қарқаралыдан солтүстікке қарай беттеп келе жатқан санақ экспедициясы барысында жазған А.Янушкевичтің күнделігі 10 қазанмен аяқталған. «Бүрсігүні жолға шығамыз. Тек Қарғалыға дейін 170 шақырым ғана. Онда жылы үйге тоқтап, аздап демаламыз. Ал оның ар жағында әлі 900 шақырымнан артық жер болғанмен, шанамен жүріп, жиырма күннің о жақ, бұ жағында Омбыға жетеміз», - дейді, ол алдағы өмір кезеңіне деген әлдебір саңылау үмітпен. А.Янушкевичтің күнделік жазбаларындағы Қарқаралы өңірінің табиғат көрінісі, адамдардың тұрмыс-тіршілігі, сұлтандар мен байлар, кедейлердің өзара қарым-қатынасы т.б. шынайы түрде хатқа түсірілген. Бұл – өзге өңірлерге де қатысты. А.Янушкевич жазбасы – бүгінгі күні өткен тарихтың сұлбасын тану үшін құнды деп білеміз.