Әли Алпысбаевтың «Елге арнауы»
10.04.2023 1407

Жуырда Жетісу облыстық филармониясының ұйымдастыруымен Астана қаласы, Еркеғали Рахмадиев мемлекеттік академиялық филармония концерт залында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, дирижер, композитор Әли Демегенұлы Алпысбаевтың «Елге арнау» атты шығармашылық концерті өтті.


Концерттік бағдарлама еліміздегі ең ірі екі оркестрдің сүйемелдеуімен болды. Соның бірі - ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Айтқали Жайымов жетекшілік және бас дирижерлік ететін қазақ оркестрі болса, екіншісі - дирижеры ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов және ҚР Мәдениет саласының үздігі Әділ Бестембековтің басқаруындағы  симфониялық оркестр. Бас дирижеры - «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қалқаман Дюсебаев.

Композитордың туындыларын ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш, Светлана Айтбаева, Арайлым Рахымқызы, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ботагөз Ташимова, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары Асем Сембина, Шынар Каримова, Айгерім Аманжолова, Жамиля Далишева, Алтынбек Әбілда  сынды өнер майталмандары орындады.

Концерттік бағдарлама әуелі симфониялық оркестрдің «Алаш елі» шығармасын орындауымен басталды.

Ә. Алпысбаевтың көптеген шығармасы симфониялық оркестрге лайықталып, үлкен сахналарда орындалып, тыңдармандарының ықласына бөленген. Қазіргі таңда еліміздегі симфониялық оркестрлердің репертуарлық қорын толықтыруға да өз үлесін қосып келеді десек артық болмас.

Жер жәннаты Жетісудың топырағынан нәр алып, өнерімен өз өңірінің майталманы болып, қазіргі таңда республика көлеміне есімі белгілі Алпысбаев Әли Демегенұлы 1956 жылы 28 сәуірде Талдықорған облысы, Ескелді ауданы, Елтай ауылында дүниеге келген.

Алматы қаласындағы  Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының түлегі. Еңбек жолын 1979 жылы Сарқант қаласындағы Мәдени ағарту училищесінен бастай отырып,  Талдықорған қаласындағы Қаныбек Бәйсейітов атындағы музыка колледжінде және І.Жансүгіров атындағы университетінде ұстаз ретінде жастарды өнерге баулып, ансамбль, оркестр ұйымдастырып жетекшілік етеді.

1997 Мұқан Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері қызметіне тағайындалады.

Қазіргі таңда Алматы облыстық  І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры және Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері қызметін атқарады. 

Көп жылғы еңбектің арқасында Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі», Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры» атағы берілді. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, және тағы да басқа көптеген мерекелік медальдармен марапатталды. Алматы облысының Құрметті азаматы, Талдықорған қаласының, Көксу ауданының Құрметті азаматы.

Қазақ өнерін дамытуда еліміздің үлкен концерт залдарында, сонымен қатар көптеген шет елді атап айтсақ: Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Болгария Республикасының София қаласында, Польша Республикасы Зелена-Гура қаласында «Таланты мира» қорының шақыруымен Мәскеу қаласындағы «Светланов» атындағы Халықаралық  музыка залында, әлемге әйгілі пианист Хадиша Оңалбаеваның шақыртуымен АҚШ мемлекетінің Алабама штаты, Олбани қаласында симфониялық оркестрімен өнер көрсетіп, өзінің талантты дирижер, композитор екенін кәсіби деңгейде дәлелдей білді. Алматы облысының мәдениет күндері аясында Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласы және Қырғызстан Республикасы Ош, Бішкек қалаларында еліміздің ән-күйлерін дәріптеп еңбек етіп жүр. 

Композитор ретінде «Елге арнау» күй-поэмасы бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің Мемлекеттік Грант иегері, Республикалық «Елім менің» конкурсының бірнеше дүркін лауреаты.  Ал 2015 жылы VI Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған конкурста «Орбұлақ таңы» атты симфониялық күй- поэмасымен Республикалық конкурстың Гран-при жеңімпазы. Сонымен қатар Әли Демегенұлы симфониялық оркестрлерге, халық аспаптар оркестрлеріне, квартетке, жеке аспаптарға және вокалистерге арнап жазған шығармалар мен ән-күйлердің авторы. Халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлар байқауы және «Кестелі орамал» вокалистер байқауы жобасының авторы; Республикалық «Елге арнау» композиторлар байқауы жобасының авторы; Республикалық «ЖЕТІСУ ШЕБЕРЛЕРІ» «ВИРТУОЗЫ ЖЕТІСУ» балалар мен жасөспірімдер арасындағы аспапта шебер ойнау өнер фестивалінің жоба авторы; Облыстық «Өткен жылдың-жаңа әндері» атты Жетісу ақын-композиторларының фестивалі жобасының авторы. 

Төбесінде бұлт аунар,

Жер бетінде тұр таулар.

Бірақ мына мен үшін,

Бәрінен биік бір тау бар.

Кім десе, егер, сенерің,

Әкем менің дер едім.

Сол биікке күн сайын

Қарап өсіп келемін, -

деп ақындар жырлағандай, Әли ағамыздың әкесіне арнап жазған күйі бар. Шығармашылық кеште сол Ә. Алпысбаевтың  «Әке арманы» күйі орындалды. Оны Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің дирижеры, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов орындады.

Одан бөлек «Кең дала» поэмасы оркестрдің сүйемелдеуімен виолончель аспабында орындалды. Орындаған: халықаралық байқаулардың лауреаты Шынар Каримова және дирижер бүгінгі кештің иесі Әли Алпысбаев.

Аталған шығармлардан бөлек «Ой толқындары», «Өмір-өзен», «Вокализ» ,«Біз екеуміз»  шығармалары да орындалды.  

Міне, бүгінгі күні Әли Демегенұлы Қазақстанның әр өңірлерінде өзінің өнерін көрсетіп, жүрек жарды ән-күйлерін халыққа ұсынып жүр. Оның ел арасына аса кең тараған «Досым» атты әні, сонымен қатар халық әні секілді болып кеткен: 

«Тойың тойға ұлассын, 

Салған әнің қыр ассын,

Сәнін берсін Сәкеннің,

Әнін берсін Күләштың...деген «Ауылдағы той» әнінің авторы екенін де айтуға болады.

Сонымен қатар кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері -  Серік Еркімбеков, Светлана Айтбаева, Арайлым Рахымқызы , Мейір Байнеш. «Құрмет» орденінің иегері – Жанар Жүсіпова,  Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері – Алтынбек Әбілда,  Халықаралық байқаулардың лауреаттары – Феруза Рахметова, Алмат Измамбетов, Әйгерім Аманжолова, Жомарт Төкебаев, Қайрат Жұмағалиев, Шынар Каримова, Зарина  Ахмедина және бүгінгі кештің иесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, композитор, дирижер - ӘЛИ АЛПЫСБАЕВ өнер көрсетті.

Жер таппан жерге жетер Жетісуым:

Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым.

Асқардың аспан сүйген сілекейін,

Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын.

Бөлінген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,

Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.

Асқардан ақтарыла арқыраған,

Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын..... деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай,  Жер жәннаты Жетісудың сұлулығын ән мен күйге бөлеген Әли Алпысбаевтың «Елге арнау» концерті тыңдармандарына дәл осы өлеңдей мөлдір әрі дәл сол  табиғаттай ғажайып көңіл-күй сыйлаған секілді.