Тарихшы Камал Бұрханов
07.04.2023 2599

Биыл қоғам қайраткері Камал Бұрхановтың дүниеден өткеніне 3 жыл болды. Белгілі тарихшы, саясаттанушы, IV және V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған ол – 1954 жылы Өзбекстанның Ташкент облысы, Шұрайлысай ауылында дүниеге келген еді. Кезеңінде іргелі білім ордаларының алды болған Ташкент университетін, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінде оқып, білім алған. Сонымен қатар ҚР Президент Әкімшілігінің бас сарапшысы, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институттарының директоры қызметін атқарды.

Оның ғылымға сіңірген еңбегі, қоғамға қосқан үлесі туралы айтылатын сөз көп. Бірақ қадіріне жеткен адам аз. Шығыс халқында мынадай  бір тәмсіл бар: 

“Адам қай кезде өледі?” 

– Жүрегі тоқтаған кезде ме? 

– Жоқ. 

– Айықпас дертке шалдыққанда ма? 

– Жоқ. 

– Бәлкім тамақтан уланып қалғанда шығар? 

– Жоқ!!!  Адам ешкім есіне алмай, ұмытылған кезде өледі,-деген. Ендеше өзі өмірден өтсе де, соңынан ерген жылы сөздер өлмеген Камал Бұрханов жайлы естеліктер сөйлесін... 


Ақиқаттың ақиығы

Белгілі араб ойшылы, философ Джебран Халиль «Ақиқатты анық таныдым деп айтпа, ол – Алланың ісі. Алайда ақиқат анық сізді тапса, ол да – Алланың ісі» деген екен. Елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткері Камал Бұрхановты мен мына пәни өмірінде өзінің ақиқатын анық тапқан азамат деп білемін. Себебі ол – кешегі 37-нің қанды қасабында ислам дінінің жолында құрбан болған текті атаның ұрпағы. Осы тек оны елге қызмет жасауға жетеледі... Мемлекетшіл болуға шақырды... Атадан алған тәлімді тәрбие оны ұстаздық жолға салды... Ғылым танытып, шәкірт баулытты... Тарихпен табыстырып, саясаттың сардарына айналдырды...  Ұлтын сүйдіріп, ұрпағын ұлықтатты... Келмеске кетсе де, оның көпшіліктің көңілінен кетпеуі де осы Ақиқаттың барлығынан ...  Бар болған соң, одан арылмауынан…

Кешегі кеңестік саяси жүйенің құлауына септігін тигізген 1985 жылғы горбачевтік қайта құру реформаларының білім саласына әкелген жаңашылдықтарының бірі – жоғары оқу орындарына түсудегі кейбір «жариялылық» саясатының жүргізілуі болатын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік  университетінің тарих факультетіне оқуға түскен біздерге аузын айға білеген белгілі профессорлар мен доценттер дәріс оқыды. Болашағынан мол үміт күттіретін мықты жас мамандар  практикалық сабақтар өткізді. Солардың ішінде КПСС тарихы пәні бойынша семинар өткізетін  оқытушы Камал Низамұлының сабақтары әрдайым тартымды өтіп, қызу пікірталастардың өзегіне айналып жататын. Студенттер қарапайымдылығы мен ақылдылығы астасқан Камал ағайдың пайдалы мағлұматты мол берер қызықты сабақтарынан қалмауға тырысушы еді. Менің ағамен алғашқы таныстығым да осы кезде басталды.

Камал Низамұлы 1988 жылы тарих ғылымы бойынша кандидаттық диссертациясын табысты қорғады. Одан кейін тарих  факультетінде деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары болған кезінде  жоғары курстағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласушы студенттер ретінде, ол кісімен таныстығымыз арта түсті. Камал ағаны бұрын  ұстаз ретінде білсек, енді оны оқу ісінің шебер ұйымдастырушысы есебінде тани бастадық. 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған түбі бір туысқан Түркия Республикасы жас мемлекетімізге көмек қолын созып бірден саяси, сауда-экономикалық қатынастарды жандандырып жіберді. Бір жылдан кейін  еліміздің білім саласын  қолдау  әрі ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында Қазақстаннан мыңдаған студенттермен қоса, жүзге жуық ғылыми атақ-дәрежесі мен лауазымы бар жоғары санатты мамандарды өз есебінен тегін оқуға және тағылымдамадан  өтуге шақырды.

Дәл сол тұста мен ҚазМУ-дің тарих факультетін ойдағыдай аяқтап, Талдықорған педагогикалық институтының философия және саяси экономия кафедрасының ассисенті атандым. Бәлкім, болашағымнан үміт күткен болар, көп ұзамай институт басшылығы маған Стамбул Университетінің магистратурасына жолдама берді. Түркия мемлекетіне ҚазМУ-ден іс сапарға жіберілген ұстазым Камал Низамұлымен Стамбул қаласында тағдырымыз қайта тоғысып, бір жол бойы Авжылар, Абди Ипекчи студенттер жатақханасының тар бөлмесінде бірге тұрдық. Жатақханамыз ілгеріде НАТО әскерлерінен босаған бұрынғы әскери казармалар болатын. Едені таза бетон, кереуеттері мен шкафтары сықырлаған темір, жылы суы мүлде жоқ мұндай студенттік жатақханада тұру – кешегі Алматының тарихи орталығында барлық қолайлы жағдайы бар даңғарадай төрт бөлмелі пәтерде тұрған ҚазМУ-дің беделді доценті Бұрхановқа оңайға соқпады.

Бірақ Түркияға ілім іздеп келген ғалымды бұл жағдай  мойыта алған жоқ. Сондықтан болар, кейін Стамбулдағы жатақханада өткізген кездерін Камекең «түрік тұтқынында» болған жылдарым деп әзілдеп, жиі еске алып  отыратын. Түрікше тіл үйрету (TOMER)  орталығында Камал Низамұлымен бір топта оқыдық, осы уақытта ол өзінің мықты ғалым, үлкен интеллект иесі екенін түрік оқытушылары мен профессорларына сан мәрте мойындатты. Түркияға жалынды коммунист, социалистік құрылыстың зерттеушісі болып келген Камекеңнің көзқарастары мен дүниетанымы бір жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. Ол бір жылдан соң өз еліне нарықтық қатынастар мен  демократиялық құндылықтардың жақтаушысы болып қайта оралды.  

Камал Бурханов 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне декан болып тағайындалды. Екі жыл өткен соң «Эволюция социально-политической системы Казахстана в XX веке» тақырыбында саяси ғылымдарының докторы атағын алу үшін диссертациясын сәтті қорғап шықты. Кейін университеттің философия және саясаттану факультетінің деканы, саяси ғылымдар бойынша докторлық Диссертациялық Кеңестің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Профессор Бурханов басқарған осы Кеңесте көптеген елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаттанушы ғалымдар мен ізденушілер кандидаттық және докторлық диссертацияларын табысты қорғап, бүгінгі күні қазақстандық ғылым көшін алға тартуда.

Камал Низамұлы еліміздегі алғашқы саяси ғылым мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде  қаншама ғылым кандидаттары мен докторларын даярлады, оларға  жетекшілік етіп ғылым әлеміне қанаттарын қақтырды. Оның сыртында, 1998 жылы  Алматы қаласында Москва мемлекеттік әлеуметтік университетінің сырттай оқытатын филиалын ашып, аталмыш жоғары оқу орнында мықты профессор-оқытушы құрамын жасақтай алды. Мемлекетіміздің экономикасы мен әлеуметтік саласындағы зәру мамандықтар бойынша көптеген түлектерді  дайындап шығарды. Оның ішінде, әсіресе, сол кезде еліміздің университеттерде әлі оқытылмайтын «әлеуметтік жұмыс» мамандығының орны мен маңызы ерекше болатын. Осы мекемеде директор Камал Низамұлының орынбасары болып төрт жыл бойы бірге қоян-қолтық қызмет жасадым, ол үйреткен тәлімді тәрбие мен тағылымды тәжірибе мен үшін  үлкен өмір мектебіне айналды.

Ғылыммен түбегейлі айналыса жүріп Камал Низамұлы Америка, Қытай, Үндістан, Ресейде өткен ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдарда баяндамалар жасады. Тәуелсіз мемлекетіміздің сындарлы саясатын, ғылымы мен білімін, мәдениеті мен әлеуетін  әлемге паш етті. Саясаттанудың сардары болған профессор Камал Бурхановтың қаламынан «Социализм в Казахстане: факты, проблемы, перспективы», «История теории и практики социализма», «Современная политическая история Казахстана», «Религия и светское образование в Республике Казахстан», «Через призму времени», «Политическая философия евразийской концепции Н.А. Назарбаева», «Страна в сердце Евразии», «Экстремизм в Центральной Азии», «Северный Кавказ: история и современность», «Китай между прошлым и будущим» атты негізгі ғылыми еңбектері, тартымды публицистикасы, оқу құралдары мен көптеген зерттеу мақалалары жарық көрді. Осы керемет рухани байлықтың барлығы ғалымның артында мол тарихи мұра болып қалды.

Камал Низамұлы 2007 жылы  партиялық тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, онда қызмет атқарған жылдары өзінің ұлтжанды, мемлекетшіл азамат екендігін қоғамға таныта және шетелдегі әріптестеріне мойындата білді. Қазақстанның жоғарғы заң шығарушы органы Парламенттің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік  Комитетінің құрамындағы депутат есебінде, еліміздің тағдыр-талайы анықталатын және шешілетін заңдарды талқылау әрі қабылдау барысында өзінің табандылығымен, білімпаздығымен, шешендігімен  ерекшеленді. Ел үмітін ақтай білген депутат 2012 жылғы Парламент Мәжілісінің V-ші шақырылымына қайта сайланып, әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің  заңгершілік жұмысын жандандырып халқының қалаулысына, ақиқаттың ақиығына айналды. Теледидардан түрлі қоғамдық-саяси хабарларға жиі қатысып, саяси пікірталастардың бел ортасында жүрді, эксклюзивті сұхбаттарында қоғамдағы шиеленісті де өткір мәселелерді көтеріп, тың ұсыныстар берді.  Ол саясаткер ретінде халық пен мемлекеттің, өзін туған ұлттың мүддесін қашанда  жоғарғы қоя білді. Камал Низамұлының өн бойында пендеге тән қарапайымдылық, ғалымға тән парасаттылық, ұстазға тән ұлағаттылық жетіліп артылатын. Қарапайым  өмірде Камекең көпшіл, әңгімешіл, сыршыл, отырған жерін думанға айналдыратын, қазақы қалжыңның көркін қыздыра да, дуылдатып әдемі қыдыра да алатын сері жігіт еді.

Осы аз ғана естелікте Камал Низамұлын артық мадақтап, ұлықтаудан аулақпын. Әрине, әр пендеге тән адами қасиеттер онда да кездесетін. Бірақ,  «жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» демекші, Камал ағаның кімге де болсын көмектесіп, қол ұшын беруге дайын тұратын абзал азамат екендігі әмбеге аян. Өмір мен ғылым жолында Камал Низамұлының жақсылығы мен тәрбиесін көп көрген шәкірті - менің жадымда, ол  ұстанымына берік ұстаз, жақынына жанашыр Аға ретінде мәңгі қалатыны шындық.

Камекеңнің көзі тірісінде сенімді серігі болған, аяулы жары Мағрипа Ғафурқызы ауыр науқасқа шалдыққан азаматына адалдығынан айнымай, оны соңғы минуттарына дейін мәпелеп, бағып қақты. Барлық күш-жігері мен дәрігерлік қабілетін салғанымен, адал жарының айықпас дерті мен ажалына араша түсе алмады. Өкінішке қарай қаңтар 2020 жылдың 21 қаңтар күні ұлағатты жан Камал Бурхановтың үлкен жүрегі соғуын тоқтатып, Кеңсайдың биігінен мәңгілік тұрақ тапты. Бәрі бір Алланың қолында, баршасы бір Аллаға тән. Жаныңыз жәннаттан жай тапсын, жақсы Аға... 

 

ІҢКӘРБАЕВ ЕСЕНАЙ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

саясаттану және саяси технологиялар  кафедрасының доценті,

саяси ғылымдарының кандидаты

 

Жақсы адам 

(Ұстазым Камал аға туралы естелік)

Сайын даламызда өмір сүрген даналарымыздың бірінен «Ер дегеніміз – адамгершілікті ту ете алған адам» деген аталы сөз қалыпты. Бүгінгі өмірімізде өткен замандарда қолына қару алып, жер мен елді қорғаған Ер ұғымының орнын заманауи түсініктегі Азамат ұғымы алмастырып жатады. Алайда бұдан Ер ұғымының мән-мағынасы төмендеп қалмасы анық, өйткені жері мен елін шын сүйетін Ердің азамат деген арқалы сөзге лайық екені сөзсіз. Бұған халқымыздың эпостық жырларында ерлік пен өрлікті бойына жинаған адамдарға қатысты айтылатын «Азамат ердің баласы» деген сипаттама дәлел бола алады.     

Жалпы адамның азаматтық болмысы, қай кезде де, өз бойына қарапайымдылықты, үлкендерді құрметтеуді, жанында жүрген адамдарға деген ізеттілікті, жасы мен жолы кіші інілеріне деген қамқорлықты және адамдарды алаламайтын кең пейіл қасиеттерді еге алған адамгершілігімен өлшенері шүбәсіз.        

Бүгін арамызда жүрер болса 69 жасын толтыратын ұстазым Камал ағаны – Бұрханов Камал Низамұлын, қазақтың маңдайына біткен сондай Азаматы еді деп білемін. Камал ағамен 1999 жылы «Саясаттану» мамандығы бойынша аспирантурада жүргенде ғылыми жетекшіні табу қамымен алғаш рет танысқанда ол кісінің бойынан көрген  адамгершілік қасиеттерінің одан кейінгі ұстаз-шәкірт болудан аға-інілік қарым-қатынасқа дейінгі аралықта өзгермегеніне сан рет куә болдым.

Аспирантурада, одан кейін жоғары оқу орнында жұмыс істеп жүргенде шәкірттері болып анда-санда ағаны қымбаттау жерлерге шайға шақыратынбыз) Сонда Камал ағамыздың «Жігіттер, ниеттеріңе рақмет. Бәріміз жалақымен жүрген білім, ғылым саласындамыз. Сондықтан қымбат орын іздеп тыраштанбаңдар, бізге жұрт жүретін қарапайым дәмхана болса да жетеді. Ең бастысы, отырыстың мәні көңілде және жақсы әңгіме құруда ғой» дейтін қарапайым да дархан көңіліне риза болатынбыз.

Камал аға 2007 жылдан бастап қатарынан екі рет Парламент мәжілісінің депутаты болды. Кейіннен сол кездері дін саласындағы уәкілетті органда мемлекеттік қызметте жүргенімде Камал аға Дін істері комитеті ұйымдастыратын ресми іс-шараларда және жұмыстан тыс кезде болатын кездесулерде дін саласындағы өзекті тақырыптар бойынша өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтып отыратын.

Камал ағаның жанында жүрген азаматтарға деген ағалық мейірімі бөлек еді. 2006-2008 жылдары аралығында Маңғыстауда облыстық әкімдікте жұмыс істеп жүргенімде жасы да, жолы да үлкен бола тұра «хабарласпай кеттің ғой» деп іздеп тұратын да, кейіннен Астанаға қоныс аударуыма кеңес берген де және арнайы шақырып, ерулік берген де Камал аға еді.   

2014 жылы Астанада Камал ағаның 60 жасқа толған мерейтойы да дүркіреп өтіп еді-ау... 

Өзінің аға туралы бүгінгі естелігінде қазіргі күнде қара шаңырақтағы Философия және саясаттану факультетінде ұстаздық етіп жүрген Есенай Іңкәрбаев Камал ағаны тар заманның маңдайына сыймай кеткен Текті атаның ұрпағы екенін атап өтіпті. Шынында да, Камал аға асылдың сынығы болатын. Ол Сыр топырағында өмір сүрген атасының өткен ғасырдың                  30 жылдары орын алған советтік қуғын-сүргіннің құрбаны болып кеткенін, ал отбасының сол нәубеттің тепкінімен өзбек жеріне қарай көшуге мәжбүр болғанын үнемі айтып отыратын. Ұмытпасам, 2015 жылдың ақпан-наурыз айының бірінде Камал ағам жұмыстан соң үйіне келуімді сұрады. Камал ағаның сол кезде ұзақ жылдарға созылған іздеулерден соң атасының Алматы қаласына жақын орналасқан лагерьлердің бірінде қамауда болып, жерленген жерін растайтын құжаттарды тапқанын айтып, көзіне жас алып, риза болған бейнесі әлі көз алдымда. 

Камал аға сол жолы аталған аумақ әлі күнге дейін күштік құрылымдардың біріне қарасты жер ретінде қалып отырғандықтан қуғын-сүргін құрбандары көптеп жерленген қорымды қоршау және іргеден ағып жатқан өзен суының марқұмдардың сүйектерін шайып жатқан арнасын бұру бойынша тиісті құрылымды басқаратын министрден көмек сұрағанын айтып еді. Министр де азаматтық танытып, қысқа уақыт ішінде Камал ағаның өтінішін тап-тұйнақтай етіп орындап беріпті.

Атасы жерленген қуғын-сүргін құрбандары жатқан орынды абаттандыру ісі қарқынды қолға алынған соң сәуір айының аяғына таман Камал аға алдағы мамыр мерекесіндегі демалыс күндерін пайдаланып, ағайын-тума мен жора-жолдастарды шақырып Атасы жатқан жерге барып әруақтарға құран бағыштап, одан кейін қалада ас беретін ойымен бөлісті. Сонда менің «Аға, мамырға тым жақын күндер қалды, ойға алған істеріңіз тым асығыс болып кететін тәрізді. Меніңше, ол іс-шараны мамыр айының соңғы күні өтетін «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» орайластырып өткізген дұрыс болатын секілді. Ол күнді лайықты деңгейде өткізуге барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мүдделі болғандықтан министрлікке және әкімдікке шығып, сол күні марқұмдар жатқан жерде есте қалатындай іс-шара өткізуге ұсыныспен шыққаныңыз жөн болады» деп қосқан ойыма риза болып, оны көпке дейін айтып жүрді.

Өкінішке қарай Камал аға шақырған сол іс-шараға дәл сол мерзімде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін ұйымдастыруға жауапты Дін істері комитетіндегі жұмысыма байланысты бара алмай қалдым. Аға Алматыда өткен іс-шараны өткізіп келген соң үйіне барғанымда «Жұмыс қой, алаңдама. Ең бастысы, айтқан ақылың үшін рахмет, бәрі ойлағаннан да жақсы өтті. Атам да, әкем де бір аунап түсті-ау, өзімнің де мойнымнан үлкен жүк түскендей жеңілдеп қалдым» деп қуанып еді.                           

Қазіргі күнде бір кездері Камал ағамен кездесулердегі ол кісінің тарих, этнографиядан бастап, еліміздегі бүгінгі саясаттың мән-маңызы туралы және қоғамдағы үлкенді-кішілі өзекті мәселелерге дейін қозғайтын салиқалы ойлары мен терең тебіреністерін сағынамыз.

Камал ағаның жұмыс барысындағы талапшылдығы ортада отырған кездегі жұртты баурап алатын көңілді мінезімен үйлесімді астасып жататын. Ағамыз тарихшы ретінде археологиялық сапарлардағы көрген-түйгендерін, жоғары оқу орындарындағы декандық қызметі кезіндегі әсерлерін және депутат ретінде елімізде және алыс-жақын шетелдерде болған іссапарларда куә болған жағдайлар туралы майын тамызып айтып отыратын. Ағамыздың «Үш факультетте декан болғанда  аңғарғаным – тарих факультетінің оқытушылық-профессорлық құрамы адамзат тарихындағы соғыстарды көп оқығаннан ба, жанжалға біртабан жақын болады екен), заң факультетінің құрамының мәселе шешетін «қабілеттері» бір төбе). Ал өзіме Философия және саясаттану факультетінің аурасы, ондағы оқытушылық-профессорлық құрамның ешкіммен қақ-соғы жоқ жайдары ортасы және басқалардан ерекшелеп тұратын зиялылығы жақын» деп күлдіріп отыратын.

Бұл да болса Камал ағаның өз жүрген ортасындағы адамдар арасындағы қарым-қатынастарға сергек қарайтын аңғарымпаз қасиетін көрсететіні анық. Камал ағаның елге, жерге, жалпы Қазаққа деген сүйіспеншілігі әр сөзінен бірден аңғарылатын. Екі шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты болған жылдары қазақ тарихымен қатар әлем халықтарының тарихын жақсы білетін көрнекті ғалым, білікті саясаттанушы, тегеурінді саясаткер  ретіндегі қасиетін елімізде, алыс және таяу шет елдерде өткен ауқымды отырыстар мен дүбірлі іс-шараларда көрсете алды. 

Осы орайда Камал ағаның Парламент делегациясы құрамында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында ТМД елдерінің Парламент депутаттарының басы қосылған үлкен іс-шараға барған кезі туралы айтып берген әңгімесі есімде.  «Ресей депутаттарының ішінде бізді дербес және өздерімен тату ел ретінде көретіндері де бар, біздің тәуелсіз мемлекет ретіндегі қадамдарымызды көре алмай, күйінетіндері де көп. Сол отырыстардың бірінде Ресейдің бір депутаты «...кезінде бір ел болғанда қандай жақсы еді, бір-бірімізге еркін барып-келе беретін едік. Болашақта Одақ болып, бір-бірімізбен қайта қосылсақ» деген сарындағы әңгімесін төгілтті. Мен оның баяндамасынан соң, микрофонды алып «Болған нәрсе болды – ол тарих, ал тарих доңғалағын ешкім артқа айналдыра алмайды. Сондықтан қайтадан бір ел боламыз деген арман-қиялды қою керек. Мұны Ресей қоғамының көзі ашық азаматтары, оның ішінде саясаткерлері бірінші кезекте қоюы керек. Сіз өзіңіз жақсы білесіз, қазіргі заманда дұрыс елдердің азаматтарының бір-біріне еркін барып-келулеріне еш кедергі жоқ. Сіз тіпті бұлай Совет заманында еркін жүре алмайтын едіңіз. Сондықтан қысыр әңгімені қойып, бір-біріміздің тәуелсіз дамуымызды сыйлайтын дұрыс пікірде болайық. Қазақстан – тәуелсіз ел және ол солай болып қалады. Ешқандай Одақтың керегі жоқ» деп айтып тастағанын және жаңағы депутаттың ағат айтқан пікірі үшін кешірім сұрағанын айтып еді.

Жалпы Камал ағаның екі тілде бірдей сөйлейтін шешендігі және өз ойын аудиторияға мірдің оғындай дәл тигізетін сөздері мен пікірлері бір төбе. Камал ағаның «Біз өз еліміздің тарихы және онда өтіп жатқан кешенді үдерістер мен өзгерістер туралы әртүрлі пікірде болуымыз да, айтысуымыз да мүмкін және ол дұрыс та.. Бірақ үлкенді-кішілі іс-шараларда басқа елдің саясаткерлері мен сарапшыларының біздің елімізде өтіп жатқан өзгерістерге қатысты біржақты сыни пікірлерін қай жерде болса да бірден қайтарып тастаймын. Мұндай жағдайда ешқандай компромисс болмайды» дейтін ұстанымы да өзектілігін ешқашан жоғалтпақ емес. Керісінше, солтүстіктегі көршіміздің империялық дерті асқынып отырған қазіргі жағдайда бәріміздің басшылыққа алатын ұстанымымыз осындай болуы керек дер едім.

Амал нешік, Камал ағаның зейнетке шыққаннан кейінгі өмірі ұзаққа созылмады...Одан беріде елімізде өтіп жатқан үлкен өзгерістер туралы ой жүгірткенде «Осы мәселелерге қатысты Камал аға не айтар еді» дейтін шақтар болады. Және мұндай сұрақтарға қатысты жауаптың та қандай болатыны анық - Камал аға көзі тірі болғанда азамат ретінде де, ғалым ретінде де, осы өзгерістерді ілгерілетудің бел ортасында жүрер еді.     

Замана көші жылжып, жылдар ауысса да өмірдің бәз-баяғы өз ағысымен жалғасын таба беретіні де, әрқайсымыздың уақыт сағаты соққанда жағаға түсіп қала беретініміз де хақ. 

Осындайда көзі тірісінде азаматтық қадір-қасиетімен өз ортасы мен Еліне абыройлы болған Камал аға туралы оны білетін жандардың әлі күнге дейін «Жақсы адам еді» деп айтып жүргенінен артық баға жоқ екенін түсінеміз. 

Жатқан жеріңіз жарық болсын, Жақсы адам!

Жарқын істеріңіз артыңызда қалған ұрпағыңызбен жалғасын таба берсін! 

 

Иманбаев Мейрам Өткілбайұлы,

                                             саясаттанушы, саяси ғылымдар кандидаты