Отандық тарихнамадағы Орта Азия мәселесі
24.03.2023 1516

IX-X ғасырларда Араб халифатының құрамына кірген әртүрлі елдер арасында ғылыми, мәдени және сауда қатынастарының қарқынды дамуы жүзеге асып жатты.  Дәл осы кезде, ислам әлемінде сипаттамалық география саласында жазылған көптеген еңбектер пайда болды. Бұл еңбектерді жазудағы басты мақсат – керуен қозғалысына ыңғайлы болу, жаулап алған елдердің қарқынды дамуы және әкімшілік басқару үшін ислам әлемінің әртүрлі бөліктерінің карталарын құрастыру және оларды егжей-тегжейлі сипаттау еді. 


Сипаттамалары бар географиялық карталар топтамаларын қамтитын мұндай еңбектер әдетте «Китаб әл-масалик уә-л-мамалик» («Жолдар мен елдер кітабы») деп аталды және сол кездегі Араб халифатының саяси және әкімшілік бөлінуін айқын көрсетті.  Бұл бағытта жазылған еңбектер батыстан шығысқа қарай келесі ретпен орналастырылған 21 немесе 22 картаны қамтыды: дүние жүзінің дөңгелек картасы, арабтар елі, Фарс теңізі, әл-Мағриб, әл-Андалус (Испания), Сицилия, Египет, Аш-Шам (Сирия), ар-Рум теңізі (Жерорта теңізі), әл-Жазира (Месопотамия), әл-Ирак, Хузистан, әл-Фарс, Кирман, әл-Синд, Арминия (Әзербайжан және Арранмен бірге), әл-Жибал, ад-Дайлам (Табаристанмен бірге), әл-Хазар теңізі (Каспий теңізі), Хорасан және Фарс шөлі, Сиджистан, Хорасан және Мауереннахр. 

Еуропада араб карталарының мұндай жинақтары Ислам атласы деген атпен белгілі болды.

Қазақ шығыстанушыларының соңғы онжылдықтардағы күш-жігері ғылыми айналымға енгізілген жазбаша  деректердің ауқымын айтарлықтай кеңейтті.  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Шығыстану институты «Қазақстанның, Орталық Азияның басқа елдерінің тарихы мен мәдениеті және олардың XIII-XIX ғасырлардағы қарым-қатынастары туралы араб-парсы-түркі, қытай деректері» атты үлкен тақырыпты әзірлеуде. Болашақта осы материалдардан Қазақстан мен Орталық Азия тарихы мен мәдениеті бойынша Шығыс ескерткіштерінің тізімін қалыптастыруда көп жақсылығын тигізеді деген ойдамыз.

2004-2009 жылдар аралығында «Қазақстан тарихы парсы, түркі, араб, қытай, моңғол, армян деректеріндегі», «Қазақстан тарихы шығыс миниатюраларында», «Қолжазбалар» атты кітаптар сериясы (30 томдық) және «Анри Мозер қорынан Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты артефактілер», «Шақпақ ата», Цин дәуіріндегі қытай-қазақ қатынастары туралы мұрағат құжаттарының жинағы (2 факсимил, 4 том) жарық көрген.

Әсіресе, М. Х. Әбусейітованың шығыс авторларының араб және парсы тілінде жазылған шығармаларын ғылыми ортаға қосуы ерекше маңызға ие.  Алғаш рет Джувайнидің «Тарих-и джахангушай», Хасан-бек Румлудың «Ахсан ат-таварих», Ескендір Муншидің «Тарих-и аламара-йи Аббаси», Мухаммадярдың «Мусаххир әл-биләд», Сейди Али Раистың «Мират әл-мамалик» және тағы басқа да осы сияқты дереккөздері жинаққа еңгізілген. Сөзсіз, М.Х. Әбусейітова мен Ю.Г. Баранова «XIII-XVIII ғасырлардағы Қазақстан мен Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті туралы жазба деректерінің» тарих ғылымында алар орны ерекше. Кітапқа Қазақстан мен Орталық Азияның мәдени және тарихи оқиғалары туралы мәліметтерді қамтитын 34 парсы және түркі жазбаларына био-библиографиялық шолулар енгізілген.  Басылым «XY-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандықтарының тарихы жөніндегі материалдарда (парсы және түркі жазбаларынан үзінділер)» қамтылған дереккөздерді қамтып қана қоймай, оларды осылардың зерттелу барысы туралы мәліметтермен айтарлықтай толықтырады.

Сондай-ақ «XI-XVI ғасырлардағы Қазақстанның тарихи географиясы», «Қазақстандағы этникалық процестердің дамуы туралы» жоспарлы кешенді ғылыми бағдарлама аясында орта ғасырлардағы (VI-XVII ғасырлар) Қазақстандағы, Орталық Азиядағы этникалық процестердің дамуы туралы тақырыптар әзірленді. Қазақстан территориясы, қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы және қазіргі кезеңдегі этникалық процестердің одан әрі дамуы сынды мәселелер қарастырылған.

1983 жылы «Қазақстан және Орталық Азия XYI-XVIII ғасырлардағы» жинағы жарық көрді. Шығыс деректері мен ресейлік мұрағат құжаттарының материалдарына сүйене отырып, жинақта Қазақстан және Орталық Азия халықтары арасындағы қарым-қатынастар тарихының жекелеген аспектілері қарастырылған.  XYI-XVIII  ғасырлардағы Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихына қатысты жаңа дереккөздер айналымға енгізілді.

Отандық тарихнамада араб және парсы дерек көздерін зерттеуге маңызды үлес қосқан түрколог, отандық қыпшақтанудың негізін салушы 

Б. Е. Көмеков «YIII-XIV ғасырлардағы қыпшақтардың тарихы бойынша араб және парсы деректері» атты монографиясында қыпшақ этносының тарихына тікелей қатысы бар дереккөздерге аналитикалық шолу дайындаған. Оған Орталық Азиядан, Таяу Шығыстан басталып, Испанияға дейінгі IX-XVIIғасырларда жазылған араб, парсы және ішінара түркі тілдеріндегі дереккөзлер кіреді.  Шығармалардың қамтылуы олардың жазылу хронологиясына сәйкес беріледі.  Ол алғаш рет қыпшақтардың тарихына қатысты мұсылмандық жазба деректердің осыншама кең ауқымын бір реттік қамтуда аналитикалық шолу жасайды.  Автор ұсынған ғылыми-сараптамалық шолуда ортағасырлық қыпшақтардың тарихын, еліміздегі көптеген түркітілдес халықтардың, әсіресе, қазақ халқының қалыптасуын қамтыған дереккөздердің ақпараттық мазмұны мен зерттелу дәрежесі осымен тығыз байланысты. Қыпшақ этносының елеулі топтары қырғыздар, қарақалпақтар, өзбектер, татарлар, башқұрттар, Закавказье, Оңтүстік Сібір және Алтайдың түркі тілдес халықтарына қосылды;  Қыпшақ тайпалары Ресей, Грузия, Армения, Византия, Румыния, Венгрия, Египет, Сирия халықтарының тарихында өзіндік із қалдырды.

Әртүрлі этномәдени топтар, діндер мен өркениеттер арасындағы диалог идеясы қазіргі таңда зерттеушілер арасында кеңінен талқыланылуда.  Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның тарихы ешбір өркениет өзгелерден оқшау дами алмайтынын, олардың бірін-бірі толықтырып тұратынын көрсетеді.

Тарихшылардың осы мәселедегі рөлі – Орталық Азия халықтарының тарихына негізделген әлеуметтік-мәдени ерекшеліктер, геосаяси мүдделер мен қазіргі заманғы тарихи құнды-нормативтік басымдықтар арасындағы ортақ негізді табу.

Тарих ғылымында да, деректану ғылымы бойынша да орта ғасырдағы белгілі авторлар жазған араб тарихи-әдеби шығармалардың сол хронологиялық кезеңді зерттеуде  ерекше алар орны бар. Бұл тарихи жазба деректерде Орталық Азияның ортағасырлық тарихы бойынша маңызды құнды мәлімметтер қамтылған.

 Араб халифатының гүлдену кезеңінде шығыстағы белсенді жаулап алу саясатын жүргізген арабтар  өз зерттеушілері мен саяхатшыларының жаңа елдер туралы білімдерін зерттеп, жинақтауына ықпал етті.  Бұл саясат мұсылман дінінің, мәдениетінің ықпал ету аясын кеңейтуге және ислам ықпал ету аймағында болған немесе ислам әлі ене қоймаған елдермен сауда байланысын дамытуға негізделді. Осылайша, араб саяхатшылары мен зерттеушілері Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері мен халықтары туралы мәліметтер жинақтай бастады. Бұндай қызығушылық  Орталық Азиядағы жаулап алынған жерлерді біріктірумен және мықты көшпелі тайпалар мекендеген іргелес аумақтармен қарым-қатынасты нығайтумен де байланысты болды.

Араб деректерінде Мәуереннахр термині Орталық Азияға қатысты қолданылған. Орыстың ұлы шығыстанушы ғалымы В.В. Бартольд, арабтар Мәуереннахр терминін Әмудария мен Сырдария аралығында орналасқан отырықшы жерлерді сипаттауда қолдануы мүмкін деп көрсетеді. Сол кезеңдегі араб тілді деректерде Мәуереннахр мынадай тарихи аймақтарға бөлінеді: Соғды, Самарқанд, Бұхара, Шаш, Хорезм, Ферғана, Уструшана, Кубазиан (Кабодиен), Хутталь және тағы басқалары.  Кейбір аумақтар бөлек айтылғанымен, олар кей үлкен тарихи аумақтың бөлігі ретінде сипатталады.  Мысалы, Ходжент Ферғанаға тиесілі аумақ ретінде көрсетіледі.

IX-XII   ғасырлардағы Орталық Азиядағы қала халқының этникалық құрамын зерттеу бүгінгі күнгі тарих ғылымының өзекті міндеттерінің бірі болып саналады.  Бұл дәуірде Мәуереннахрдың Бұхара, Самарқанд, Мерв, Насаф, Кеш және тағы басқа да ірі қалаларында әртүрлі түркі топтарының өкілдері, соғдылар, арабтар және хорасандықтар өмір сүрді.  Орталық Азияның орталық және оңтүстік бөлігіндегі қалаларда иран тілдес халықтардың өкілдері, ал Ферғана, Шаш, Хорезм қалаларында түркі элементтері басым болды.

Арабтар Орталық Азияны жаулап алғаннан кейін аймақты Араб халифатының бір бөлігіне айналдыруға тырысып, Орталық Азияның этникалық құрамына елеулі өзгерістер алып келді, мәселен, аймақта араб қоныстары пайда бола бастаған еді.

Аталмыш аймақтың этникалық тарихын сипаттау үшін араб деректеріне талдау жасап өтсек. 

Мәселен, араб деректерінде Бұхараны сипаттау барысында ол жерде соғды тілі тараған деп көрсетіледі. «Оның тұрғындары білімді, өте жомарт, әрі ақкөңіл келген.  Бұл жағынан олар Хорасанның басқа тұрғындарынан ерекшеленеді», - деп әрі қарай Ибн Хаукаль аймақ тұрғындарының ерекшелігін атап өтеді. 

Араб деректері Бұхара халқы соғды емес, Бұхара тілі соғды тілі болған дегеніне қарағанда, бұдан келесідей қорытынды шығаруға болады: Бұхара тұрғындарының бұл кезеңде этникалық құрамы алуан болып келуі мүмкін, ал соғды тілі олардың арасындағы қарым-қатынас тілі есебінде алға шыққан. Сондай-ақ, Орталық Азияның қала халқы түркі тілін білген, өйткені қалалар мен олардың төңірегінде түркі халықтарының көптеген өкілдері өмір сүрген, ал отырықшы халық көшпелі түріктермен қарқынды сауда-саттық жүргізген.  Бұл кезеңде соғды тілі шалғай ауылдар мен таулы аймақтарда ғана сақталған.

Араб авторлары Соғды терминін таза географиялық мағынада қолданды, соғды тілі деп Саманилер дәуірінде түпкілікті қалыптасқан жаңа парсы тілін сипаттаған.  Бұхардағы таралған тіл туралы соғды тілінің кейбір әріптері бұрмаланғаны және дари тілі де жиі кездесетіні туралы да жазылған.  Бұл жоғарыда жасалған тұжырымымызға қосымша дәлел бола алады. 

Араб деректерінің ішіндегі Ибн Хаукальдың аталмыш мәселе бойынша этникалық тарихи сипаттамаларына тоқталып кетсек. 

Әл-Истахридің еңбегін X ғасыр аяғында саяхатшы Ибн Хаукаль редакциялап, толықтырды және оны «Жолдар мен мемлекеттер кітабы» («Китаб әл-масалик уә-л-мамалик») деп атады. Ибн Хаукальдің түрік тайпалары туралы тарихи-географиялық мәліметтері әл-Истахридің хабарларымен көп жағдайда сәйкес келеді. 

Ибн Хаукаль еңбегінде Орталық Азия аймағына кіретін жекеленген қалаларға тоқталып өтіп, олардың табиғатын, географиялық ерекшеліктерін, этникалық тарихы бойынша мынадай мәліметтерін ұсынады.

 

Сабран

оғыздар (гуз) соғыспаған уақытта бейбітшілік немесе бітімгерлікке келуге және сауда келісімдерін жасау үшін жиналатын қала.  Ол өзінің гүлденген күйіменен ерекшеленеді.   

Фараб

өлшемдері ұзындығы мен ені бойынша 1 күндік жолға жетпейтін аудан атауы.  Онда бекіністер мен тұрақтар бар.  Бұл елдің топырағы сортаң, Фараб өзенінің батысында батпақтар мен егін алқаптары бар.  Соңғысы Шаш өзенінен бастау алады.  Соңғысының батысында собор мешіті және ислам дінін қабылдаған түріктер оғыздар мен хазлажиттер  жиналатын Бескент қаласы бар. Түркілер жерінде арнайы нығайтылған аймақтар қамтылған.  Кенджида мен Шаштың арасында құнарлы жайылымдар кездеседі және ол маңда шатырды еске салатындай 1000-ға жуық мұсылман түрік отбасылары көшіп жүреді. 

Тараз

елде бекіністері бар мұсылман түріктерінің сауда орны. Ислам елдерінің ешбір саяхатшысы хазлажиттердің шатырларына шақырылмай бұл аймақтан өтпейді. 

Яныкент

Мұсылмандар Яныкентте тұрады, дегенмен гуз (оғыз) көсемінің резиденциясы да осы жерде орналасқан (ол қыста қаланы мекен еткен).  Яныкентке жақын жерде мұсылмандар тұратын Дженд пен Хувара орналасқан, бірақ олардағы билік гуздерге тиесілі.  Аталған үш жердің ішіндегі ең маңыздысы Хорезмнен 10 күн, Фарабтан 20 күндік жерде орналасқан Яныкент.

Үзкент

түркі елінің табалдырығында орналасқан сауда орны.  Оның жанында бақтар және арналар ағып жатыр.  Мәуераннахрда Ферғанадан үлкен аймақ жоқ шығар сірә. Кейде қалыңдығы бойынша да, малдың, жайылымның көптігінен де ауылдың шеті бір күндік жүріп тұруға кететін жолмен тең келіп жатады.

1-кесте. Орталық Азияның қалалы аймақтарында мекендеген тұрғындар сипаттамасы (Ибн Хаукальдың мәліметіне сәйкес)

 

Орталық Азиядағы сол дәуірдегі тағы бір үлкен қала – Самарқанд болды.  Араб деректерінде «Қала халқы өте әдемі және сұлулығы үшін ақша жұмсауда өте жомарт. Бұл жағынан олар Хорасанның басқа тұрғындарынан ерекшеленеді.  Самарқанд – Мәуереннахрдың ең сымбатты тұрғындарының қаласы.  Ең білімділер де Самарқандта оқығандар» - деп сипатталады.

Сондай-ақ араб деректерінде Бұхара халқы өте иманды, Самарқанд халқы өте қонақжай, Джуржания халқы мықты мергендер, Мерв халқының талғамы нәзік, Герат тұрғындары аздап жалқау келеді деп те жазылған (Ибн әл-Факих әл-Хамадани еңбегінде.

Ибн әл-Факих әл-Хамадани «Ахбар әл-Булдан» («Елдер туралы мәліметтер») еңбегінде жазғандай: «ғалымдардың пікірінше, қарлұқ түріктері негізінен Самарқанд төңірегінде тұрады, олар ежелгі түріктерден тараған. Оғыз, тоғыз оғыз, кимектер билеушілер болып келеді. Олар түріктердің ең мықтысы. Баджанақтар, Шағарлар, Тоғыз оғыздар көшпелі түркілер.  Олардың мақсаты қоныстанып, қоныстанған жерлерінен көшу болса, түргештердің үйлері болған» дейді.

Бұл мәліметтер түркі топтары ішінде отырықшы түркі қауымдарының да болғанын және кейбір түрік тайпалары еуропоидты кейіпте болғанын көрсетеді.

 Араб деректерінде Жизақ былайша сипатталады: «Джизақ  (Жизақ)– жазық жерде орналасқан қала.  Оның жанында Фагинан орналасқан.  Самарқанд халқы Джизақта  әскери гарнизондарды ұстайды, онда көптеген жұмыстар жүргізілген». 

Бұл мәліметтен түріктер Жизахта өмір сүрген деген қорытынды жасауға болады, өйткені түріктер Саманилер әскерінің басым бөлігі болды. 

Сондай-ақ, Ферғанада орналасқан Үзгент (Үзкент)  қаласының түркі топонимикасы бар.  Дереккөздер оның Ош қаласының шамамен үштен екі бөлігін құрайтынын, түріктермен шекарада орналасқанын және ірі сауда орталығы болғандығын айтады.  Қалада цитадель, шахристан және рабат болған. Үзкент түріктерге бастар қақпа ретінде де саналған.  Бұл жерде бұрын түріктер тұрған, соңғы кездері ол мұсылмандар меншігіне еніп, халық ислам дінін қабылдаған деп көрсетіледі. Демек, мұнда мұсылман түріктері өмір сүрген.

Әл-Макдисидің айтуынша, Хорезм халқы түріктерге ұқсас болған және бұл өте көне дәуірлермен байланысты болып келеді. Аталмыш мәліметтің барлығы түркі тектес тайпалардың негізгі этникалық топты құрағандығын айқын дәлелдейді.

Әл-Балазури, ат-Табари сияқты әйгілі авторлар өз еңбектерінде Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы түркі халықтары туралы сан алуан мәліметтер береді.  Бұл жағдай түркі тайпаларының араб жаулап алушыларына қарсы күресте Орталық Азия халқына айтарлықтай көмегін көрсетуімен байланысты болды.  Бұл кезеңдегі елеулі де құнды еңбектердің бірі – әл-Балазуридің «Елдерді жаулап алу кітабы» («Китаб футух әл-булдан») еңбегі.  Шығарма авторы Орталық Азия территориясы мен көршілес Оңтүстік Қазақстан жерінің араб ықпалының орбитасына ену процесін жеткілікті дәл және егжей-тегжейлі сипаттайды. 

Қарастырып отырған аймақтың этникалық тарихына тоқталу барысында Ат-Табаридің «Пайғамбарлар мен елдер тарихы» («Тарих ар-русул уа-л-мулук») атты еңбегін атап өткеніміз жөн.  Автор бұл еңбегінде халифаттың құрылуына дейінгі және оның гүлдену кезіндегі тарихымен байланысты болған халықтар туралы өз көзқарастарын баяндайды.  Әт-Табари Араб халифатында саяхаттаған кезіндегі өз бақылаулары мен өзіне белгілі еңбектерге сүйене отырып, аталмыш еңбегін жазып қалдырған еді.

Деректану мен тарих ғылымында IX ғасырда жазылған әл-Жахиздің «Түріктердің қасиеті» (Манакиб әл-атрак) еңбегі ерекше орын алады.  Араб зерттеушісі өз еңбегінде Аббасидтер әулетінен шыққан халифтердің гвардиясында қызмет еткен түркі жауынгерлерінің әскери қасиеттеріне елеулі назар аударады.  Сонымен қатар, ол өз еңбегінде түркі ғұламаларын халифалар ортасынан күрт ажыратып тұратын, қалалық арабтар үшін әдеттен тыс келген түріктердің әдет-ғұрыптары мен түсініктерін де сипаттап өтеді. 

Араб тарихи-географиялық әдебиетінде атақты саяхатшы Ибн Хордадбектің еңбегі елеулі орын алады.  «Жолдар мен елдер кітабы» («Китаб әл-масалик ва-л-мамалик») атты еңбегін ол  IX ғасырда жазып қалдырған.  Түркі мемлекеттері мен халықтары туралы хабардар болу пошта және ақпарат қызметін басқарған шығарма авторының тікелей кәсіби құзырында болды. Сондықтан да,  Ибн Хордадбек өз еңбегінде Орталық Азия мен Қазақстанның мемлекеттері, қалалары, халықтары туралы елеулі мәліметтерді қамтып өтеді.  Автор араб жаулаушыларының Орталық Азия территориясында алғаш пайда болған кезеңіне қатысты мәліметтерді де аталмыш еңбегіне негіз еткен.

Әл-Якубидің  IX шығармасы да қарастырып отырған мәселемізге септігін тигізеді.  Автор «Елдер кітабы» (Кітаб әл-булдан) атты еңбегінде Қазақстан мен Орталық Азияны мекендеген түркі тайпалары туралы құнды мәліметтер береді.  Оның еңбегінде ауқымды тарихи-этнографиялық мәліметтер бар. Айта кететіні, автор оғыздар, қарлұқтар, қимақтар, қырғыздар және басқа да сол сияқты түркі халықтарының мемлекеттілігі туралы өте маңызды мәліметтер береді.

X ғасырда өмір сүрген Кудама ибн Жафар лауазымы мен ғылым жағынан Ибн Хордадбехтің ізбасары болды.  Оның «Харадж кітабы және хатшының өнері» («Китаб әл-харадж уа санат әл-кітаба») атты еңбегі алдыңғылардың еңбектері мен автордың қолында болған ресми құжаттар негізінде жазылған.  Бұл еңбекте халифаттың әкімшілік бөлінісі, қалалар, жер асты құрылысы және алым-салықтар туралы орасан зор мәліметтер мен түркі тайпалары мен жерлері туралы құнды деректер бар.  Еңбекте оғыздар, қарлұқтар, қимақтар сияқты түркі халықтары, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың сауда жолдары, қоныстары туралы айтылады