Қазақ полициясының тарихы Алаш милициясынан басталады
23.06.2022 2667

Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға байланысты ұйымдастырылған мерекелік шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, полицейлерді марапаттады. Ал қазақ полициясынан бұрын Алаш әскері немесе Алаш милициясы болғанын көпшілік біле ме? Ал шын мәнісінде Қазақ елі тәуелсіздік алмастан бұрын Алаш милициясы құрылып, ел қауіпсіздігін сақтаған болатын.


Жалпы қазақ полициясының тарихы 1992 жылдан бұрын яғни 1917 жылдан басталады. Нақтырақ айтсақ осыдан 105 жыл бұрын Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары Алаш милициясын жасақтаған болатын. Патша үкіметі құлап, елде дүрбелең басталғанда Алаш милициясы мен Алаш әскерінің еңбегі ұшаң-теңіз болды. Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай өз ойын ортаға салды. Тарихшы Алаш әскерінің тарихи іздерін мұрағаттық құжаттар мен басылымдарда қалай көрініс тапқанына назар аудартады.

«Алашорданың Ресейдегі азаматтық қарсы тұру жылдарындағы қызмет өрісі кең жөне ауқымды болды. Соның ішінде әскери саладағы қызметі ерекше болды. «Қазақ» газетінің 250 санында (14 қараша 1917 ж.) елде қалыптасқан аласапыран жағдайға байланысты 5-ші желтоқсанға Орынбор қаласына Екінші Жалпықазақ сиезін шақыру жөнінде үндеу жарияланды. Үндеу жеделхат түрінде беріліп, барша қазақ облыстары мен уездері тұрғындарына, елдің қадірлі де беделді азаматтарына арналды. Онда Ресейде орын алып отырған саяси түрақсыздық жағдайында қазақтың елдігі мен жерін қорғау үшін "қазақ милициясын құру" және "қазақ халқының жұрттығын жоғалтпау үшін не қылу керек" деген қос бірдей басты мәселелерді шешу жайы қаралатыны айтылды. Және «Қазақ» газетінің 252 санында (26 қараша 1917 ж.) Алаш қайраткерлері атынан жазылған "Ел қорғау" деген мақала жарық көрді. Онда Қазақстандағы саяси билікті ұлттық мақсат пен мүддеге сәйкес қамтамасыз ететін мемлекеттік құрылымды, оның үкіметі «Ұлттық кеңесті» құру жайында батыл да қажет пікірлер жария етіледі.

Сонымен, Екінші Жалпықазақ сиезі өткізілер қарсанда екі басты мәселе: қазақ милициясын (әскерін) құру және ұлттық мемлекет – Қазақ автономиясы мен оның үкіметі – Ұлт Кеңесін құру қойылды. Ең негізгі деп саналған осы екі мәселе 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпықазақ съезінде талқыланды. Сиезде «Халықтық милиция» құру мәселесі бойынша тиісті қаулы қабылданды. Онда халықтық милицияны құруды тоқтаусыз іске асыру, жасақтау, қаржылық, ұйымдастыру шараларын жүргізу, әр облысқа шаққандағы санын белгілеу сияқты мәселелер өз шешімін тапты.

ІІ–ші Жалпықазақ сиезінде Қазақ милициясы мәселесіне ерекше мәртебе беріліп қарастырылды. Өйткені Автономияның өмірін қамтамасыз ететін шешуші фактор – әскер екені түсінікті. Сиездің арнайы баппен берілген қаулысында бүкіл қазақ жерін қамтитын болашақ қазақ әскери құрылымды құрудың шешімі көрсетілді», – дейді тарихшы.

Ерлан Ерназарұлы Алашорда құрған әскери құрылымдар тарихта «Азамат соғысы жылдары» және «Азаматтық қарсыласу жылдары» деген атаумен енгенін айтады. «Алаш әскери құрылымының тарихы қай уақыттан бастау алады және қай кезден бастап Ресейде бірінен соң бірі тарих сахнасына шыққан түрлі атаудағы антибольшевиктік үкіметтік-әскери құрылымдарға «Қазақ әскері немесе полктері» деген жалпы атаумен қашан кіріктірілді. Оның адами ресурстары мен әскери тұрғыда жабдықталуы және ең маңызы қандай әскери жүйемен құрылды деген сияқты шешімін толық таппаған сұраулар туындатқаны тарихи факт.



1918 жылдың маусым айында Орталық Алашорда комитеті атынан бірнеше қаулылар қабылданды. Қаулылар Алаш автономиясынының негізінде Кеңестік билік күші жойылғандығы туралы, Алаш автономиясы жерінде земстваны қайта енгізу, Алашорданың әскери кеңесін құру және оның соғыс жағдайындағы негізгі қызметі әскери жасақтарды құру туралы, Алашорданың облыстық және уездік комиттетерін құру және осы комиттердің қызмет аясы туралы, демократиялық бостандықтар туралы, жерге иелік ету туралы, мемлекеттік салық туралы, қазақ соты мен тергеу коммисиялары туралы болып келді. Бір сөзбен айтқанда кең ауқымда мемлекеттік іс-әрекеттер жүйесі түзілді және оған қатысты, тиісті нұсқаулар берілді. Осы құжаттарға Алашорда төрағасы ретінде, мүшелер ретінде Ә.Бөкейхан, М.Тынышбаев және Х.Ғаббасовтар қол қойған. Сөйтіп, Алашорда Алаш автономиясының іс-жүзіндегі саяси өмірінің бастапқы көріністерін құжаттар негіздеп берді.

Қазақстандағы қоғамдық-әлеуметтік өмірдің ресейлік саяси күштердің билік жолындағы саяси күресінің біртіндеп соғыс жағдайына бет алуына қарай Алашорда әскерін жасақтау ісі қазақ өлкесінің әр аймағында әр түрлі уақытта іске асырылды және ұзағырақ мерзімге созылды. Оны Семейдегі Алашорда әскерінің құрылу тарихынан анық байқаймыз. Семей облысындағы Алашорда әскері алғашқы отрядтары 1918 жылдың қаңтар мен мамыр айлары аралығында жасақтала бастайды.

Алашорданың Орталық және Батыс бөлімінің Кеңес өкіметімен жақындасу және жүргізілген келіссөздерінің нәтиже
бермеуі, олардың біртіндеп Кеңестерге қарсы күштермен жақындасуына итермеледі. Бұл қатынастар Кеңестер билігі кезінде жасырын түрде жүргізілген. Алашорда өкілдері Х.Ғаббасов пен И.Әлімбековтер Кеңес өкіметі мекемелерінде жауапты қызметте жүріп-ақ, Кеңестерден жасырын жүрген кадеттер мен эсерлерге қаражаттық көмек көрсеткен. Оның үстіне қажетті мәліметтермен де жабдықтап тұрған. Көрнекті Алаш қайраткері Б.Сәрсенев поручик Давыдов-Зубаревтің басшылығымен Семей қаласында құрылған эсерлердің әскери ұйымына мүше болып енген. Поручик Давыдов-Зубарев Семей қаласына Барнаулдағы облыстық штабтан келгендегі мақсаты, ол жергілікті Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастыру болды. Алашорда басшылары ортақ жауға қарсы күрес үшін деп поручик Давыдов-Зубаревке Б.Сәрсенев арқылы 29000 сом ақша бергізген. Тікелей көтеріліске Алашорда атынан 100 адамдық атты әскер қатысқан», – дейді Ерлан Сайлаубай.

Тарихшы Семейдегі Алашорданың әскери санаттағы халықтық милиция жасағын құруда бірнеше тұлғаның айрықша еңбегі болғанын айтады. Нақтырақ айтсақ олардың ішінде Алашорда төрағасы Ә.Бөкейхан, үкімет мүшелері М.Тынышпаев, Х.Ғаббасов, А.Тұрлыбаев, Б.Сәрсенев, Семей уездік земстволық басқарма төрағасы А.Қозбағаров сынды қайраткерлер бар.



«Ә. Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ұғымында халық милициясының ең басты қызметі, ол ел қорғаушылық деп саналды. Кеңейте талдап айтсақ, милиция жасағын сыртқы күштерден қорғану үшін, сырттан келетін босқындар легін тыю үшін, жерді, жұртты және әрбір отбасын қорғау үшін аса қажет деп санаған. Автономияны алатын шақта әскери жасақ – милиция құрылуы керек делінді. Халық жасағы – милицияның қызмет аясы Ресейлік азаматтық қарсы тұру жылдарында әскери-соғыс арнасында көбірек сипат берді.

Сібір өңіріне орналасқан антибольшевиктік ресейлік саяси күштер Қазақстан аймағында Алашорда үкіметінің ықпалы мен беделіне сүйену тактикасын ұстана отырып, оның әскер құрлымының жасақталуына тиісті көмек көрсете бастайды (мамыр 1918 ж.). Қажет қару-жарақпен қамтамасыз ету және бастапқы әскери дайындық өткізу сияқты міндеттер атқарылды.

Семейдегі Алашорда әскерінің алғашқы шағын жасағынан I Алаш атты әскер полкін құру деңгейіне жеткізу сол уақытта орын алған қиын-қыстау заманға қарамастан іске асырылды. І Алаш далалық атты әскер полкі командирі капитан Х. Тохтамышевтың қазақтан шыққан әскери маман ретінде ұлттық әскерді қалыптастыруға қосқан үлесі зор болғаны даусыз. Бірлескен комисия шешімі бойынша Алашорда әскері Сібір Армиясының құрамдас бөлімі ретінде қаралды. Бұл шешім 1918 жылдың маусым айынан басталған Алашорда әскері мен Сібір армиясының өзара тығыз байланыстарын заңдастырып берді. Сібір армиясының Семейдегі әскери штабында Алашорда өкілдігі болған. Алғашқы Алашорда өкілі болып Ахмет Байтұрсынұлы қызмет жасаса, кейін оның Торғайға кетуіне байланысты Әбікей Сәтбаев әскери штабта өкілдік қызмет атқарды. Әскери мәселесіне қатысты істерде арнайы өкіл үйлестіруші қызметін атқарды.

«Свободная речь» газетінің 1918 жылғы №162,164,165 сандарындағы хабарламаларда Алашорда атты әскерін ұйымдастыру мен жабдықтауда Ә.Бөкейхан мен Х.Тохтамышевтің басшылық қызметтерін жақсы қырынан көрсеткен. Алашорда атты әскерінің жасақталуына, оған қаржы-жабдықпен көмектесуге Шыңғыстау мен Қарқаралы өңірлерінің және Семей уезі мен Алаш қаласының ұлтжанды азаматтары ерекше үлес қосқаны қоса баяндалған», – дейді тарихшы.

Ерлан Ерназарұлының айтуынша, 1918 жылдың маусым айынан бастап Алашорда үкіметі мен Уақытша Сібір үкіметі арасында қарым-қатынастар өзара түсіністік негізінде жолға қойыла бастаған.

«Мұны әскери саладағы қарым-қатынастардан толық байқаймыз. Мәселен, Семей қаласында шығып тұрған «Свободная речь» газеті: «Алаш 1918 жылдың 18 маусым күні келіп, Алашорданың атты әскері келесі күні кешкі сағат 6-да Никольский шіркеуі маңындағы алаңға сапқа тұрғызылды. Олармен әскери штаб бастығының көмекшісі полковник Папин, штаб адъютанты капитан Виноградов және Уақытша Сібір үкіметінің өкілі Давыдов тарапынан сәлемдесу рәсімі өткізілді. Кездесу кезінде ұлт қайраткері Ә.Бөкейхан келіп, оның құрметіне подполковник (негізі – капитан шенінде болды) Тохтамышевтың бұйрығымен атты әскер "Алла" деп ұран тастады. Алаш атты әскерінің желбіреген ақ түсті туында арап ғарпімен қазақ тілінде "Жасасын Бүкілресейлік және Сібірлік құрылтай жиналысы", "Жасасын Отанның адал ұлдары" - деп жазылған. Кездесу өте жылы, патриоттың рухта өтті» - деп хабарлайды.

Алашордаға және оның атты әскер жасағына арнап осындай құрмет шаралардың өткізілуі ресейлік-сібірлік саяси күштердің Қазақстан аймағында Алашорданың саяси және әскери ресурстар мүмкіндіктерін пайдалану стратегиясынан туындаған деуге болады. 1918 жылғы ескі күн санаудағы 11 маусым, жаңа күн санаудағы 24 маусымда Алашорда өз қызметін ресми түрде бастайды. Алашорда төрағасы А.Бөкейхан қол қойған жеделхатта екінші жалпықазақ сиезінің қаулысына сәйкес Алашорданың қызметке кіріскені, сыртқы істерде Башқұрт автономиясымен одақтас екенін, земстволық өзін-өзі басқару органдарымен бөгетсіз қарым-қатынаста болатындығы, милиция жасағын (әскери жасақ) құруды бастайтындықтарын және оны жергілікті Сібір үкіметі ұйымдары арқылы реттейдіндіктерін, қаржылық мәселелерді шешу қадамдарын бастайтындықтарын баса атап көрсетеді. Алаш әскерінің Сібір уақытша үкіметі әскері және Сібір казактары әскерімен бірлесе майдандас тұрғысында күрес жүргізіп жатқанын атап көрсеткен. Бұл жеделхат жан-жаққа жіберілді (Қазақстан бойынша). Дәл сол күнгі (24 маусым 1918 жылы) жіберілген келесі жеделхатта (Орал облысына жіберілген) Облыстық және уездік Алашорда комитеттерін құруға жарлық берілді. Комитет құрамы 3-5 адамнан тұратыны баса айтылды. Атаман Дутовпен әскери мәселені шешу жолдары, башқұрттарымен бірлесе Түркістан жорығына қатысу, қаржылық мәселеде 1917, 1918 жылдардын салықтарын жинау сияқты нұсқаулар берілді», – дейді ол.

Тарихшы Ә.Бөкейханның қол қойған тікелей жарлықтарында Алаш әскерін жасақтауға айырықша мән берілгенін айтады. Мысалы Алаш әскери жасағын әрбір болыстықтан 30 атты азаматты милицияға алуды және оның материалдық жабдықталуы сол болыстықтарға тікелей тиесілі екендігі көрсетіледі.

«Алашорданың құрамдас бөлігі ретіндегі Ойыл уалаятының негізінде құрылған Алашорданың батыс бөлімінің дербестік сипаты, оның аймақтық орналасу ерекшелігіне, Орал өңірі қазақтарының жетекшілері X. және Ж. Досмұхамедовтардың Кеңес         өкіметі және антибольшевиктік күштермен өзіндік саясат жүргізу қадамдарындағы ерекшеліктері, Қазақстан территориясының ресейлік азаматтық қарсы тұрудан туындалған соғыс аймағына толықтай айналуы, Алашорданың орталығынан жер қашықтығына байланысты түзілді. Сөйтіп, 1918 жылғы 11 қыркүйекте өткен Алашорда мәжілісінде X. және Ж.Досмұхамедовтар басқарған Ойыл уалаятының қызметі тоқтатылды. Бұл мәжілісте негізінен Орал өңірі мен Бөкей ордасы қазақтарының саяси ұйымы ретінде Батыс Алашорда дүниеге келді. Мәжіліс қаулысы 11 баптан түзілді және бұдан басқа Батыс Алашорданың қызмет өрістері нақты көрсетілді. Бұл мәжіліске Уфа Директориясының құрылуына барған Орталық Алашорда өкілдері Ә. Бөкейхан, М.Тынышбаев және Ә.Ермековтар қатысып, Алашорданың билігін баянды етіп қайтты.

Батыс Алашорда   төрағалығына Ж. Досмұхамедов тағайындалды және саяси орталығы ретінде Жымпиты елді мекені үйғарылды. Саяси қиын-қыстау жағдайда Алашорда 1918 күзінде Қазақстанның батыс бөлігінде өзінің ресми билігін орнатты. Осы орайда Алашорданың Торғай, Костанай, Ақмола, Жетісу бөлімдері де 1918 жылдың маусым айынан бастап қалыптаса бастады. Бұл бөлімдер Семейдегі Орталық Алашорданың бұйрық-жарлықтарына сәйкес өз қызметтерін түзді. Олар Орталық Алашорданың құзырымен халық арасында қызмет етті. Әсіресе аталған өңірлерде Алашорда қаулысына сәйкес халық милициясы – әскер жасағын құруған белсене кіріскен. Бұның нақтылы жүзеге асқаны көптеген құжаттардан анық байқаймыз», – дейді ол.

Ерлан Сайлаубай 1918 жылдың қыркүйек айында Шығыс (Жетісу-Семиречье) майданындағы Қызыл армияның жеңістеріне қарамастан антибольшевиктік күштердің Уфадағы мемлекеттік мәжілісі өткенін айтады. Оған Сібір Уақытша үкіметі, Самара Комучі, Ұлттық автономиялар (ресми мойындалмаған) сияқты саяси күштердің делегациялары қатысқан.

«Уфа Директориясның негізгі мақсаты бүкілроссиялық өкіметті құру болды. Осы негізде Уфа Директориясы ресми мойындалмаған Алашорда сияқты Ұлттық сипаттағы автономияларды тартау жөнінде шешімдер қабылдады. Уфа Директориясының Алашорданы тарату жөніндегі шешімі (4 қазан 1918 жыл) Алашорданы жаңа саяси жағдайға душар етті. Алашорда өз тарапынан бұл шешімді жақтамайтындықтарын айқын сездірді: «....біз бұрынғыша бүкілроссиялық федеративтік республиканы жақтаймыз, өз автономиямыздың жеке біртұтас республикамыздың көлемінде болғанын қалаймыз» деп көрсетті. Директория Алашорда қызметін мүлдем тоқтатып тастаған жоқ. Алашорда өкілдері жергілікті саяси ұйымдар арқылы өз қызметін жалғастыра берді. Директорияның декларациялық сипаттағы шешімі іс жүзінде Алашорда қызметіне бөгет қоя алмады. Алашорданы тарату жөніндегі жарлыққа сол кездегі Алашорда органы "Сарыарқа" газеті (№60) аса көңіл бөлді. Онда Алашорданың арнайы жарлық шыққанға дейін өзінің статусы сақтала тұратындығы көрсетілді. Алашорданы тарату жөнінде Уфа директориясы және Колчак үкіметі жарлықтарына қазақ қауымы наразылық білдірді. Оны "Сарыарқа" газетіндегі бас мақаладан анық байқаймыз. Онда былай делінген: «... Алашордаға шығарған жарлығында кіндік хүкмет Алаш мекемелері тоқталады деп отыр. ...Аз уақыт Алашорда ісін тоқтатқанға қынжылып, кейімейік. Қазақ-қырғыздың ел екені рас болса, тілеуіне жетпей қоймас». Алашорда қызметінің тоқтатылуы уақытша құбылыс болды. Колчак үкіметі азамат соғысының майданы қазақ жерінде де өтіп жатқанын және соған байланысты тұрақты армияның қамтамасыз етілуі жағдайын ойластыра келіп, Алашорданың аймақтағы ықпалымен санасуды жөн көрді. Ол жөнінде "Сарыарқа" газетінің (№66) бетінде "Ойлан, Алаш!" атты мақалада кеңінен түсіндірілді. Онда Ә.Бөкейханның атына Колчак үкіметі мүшесі Гаттенбергер атынан жеделхат келгені айтылады.

Ә.Бөкейханға Колчак үкіметінің Алаш жеріндегі бас өкілі сипатындағы қызмет ұсынылатыны сөз болды. Ә.Бөкейхан жауабында Колчак үкіметімен байланысу үшін Алашорда өкілдері А.Тұрлыбаев пен У.Танашевтің Омбыға жіберілетіні айтылды. Алашорда өкілдері Колчак үкіметінің сұрауымен Алашорда шығарған барлық заң актілерін де қоса ала барады. Уақытша Бүкілресейлік үкіметпен және Колчак үкіметімен арадағы байланыстар нәтижесіз келіссөзге ұласты. Алашорда мен Колчак үкіметі арақатынасын қазақ халқының ұлттық-мемлекеттік құрылысындағы көптеген істердің тоқтатылуынан көреміз», – дейді ол.

Тарихшы Колчак үкіметінің Алаш қаласы атауы жойылсын деп арнайы үкім шығарғанын айтады. Бұған дейін алашордашылар Семей қаласының құрамдас бөлігі Заречная Слободка атауын Алаш қаласы деп өзгерткен болатын. Алашорда үкіметінің бұл шешімін Колчак үкіметі жақтырмай, оған тыйым салады.

«Колчак үкіметі комиссиясы (төрағасы П. Коропачанский) мен Алашорда (төрағасы Ә.Бөкейхан) арасындағы келіссөздер барысы (ақпан, 1919 жыл) қазақ халқы күткен нәтиже бермеді. Ә.Бөкейханның кең көлемді баяндамасына комиссия ешқандай нақтылы жауап қатқан жоқ. Тек саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша түрлі ведомстволарға бару нұсқалды.

Алашорданың Колчак үкіметі билігі түсында саяси қысымға ұшырағанын кезінде М. Дулатұлы да жазды. М. Дулатұлы қазақ қоғамының Колчак билігі тұсындағы саяси қал-жағдайын былай деп баға береді: «Руссияны қара бұлт қаптады. Автономия деген сөзді ауызға алудан қалдық ...қит етсе абақтыға жапты. ...Колчак үкіметі автономия түгіл, земствоның өзін шұнтитты; ...Сөздің қысқасы, бірнеше айдың ішінде Колчак өкіметі қазақ даласын жын ойнағандай қылды».

Колчак үкіметі Алашорданы автономия ретінде мүлдем қабылдамады. 1919 жылы Алашорданың облыстық және уездік комитеттері жергілікті ресми органдар тарапынан болған қарсылықтарға қарамастан өз жұмыстарын табандылықпен жүргізді. Оны Семей облыстық Алашорда комитетіне қатысты құжаттардан байқаймыз. Колчак үкіметімен болған байланыстардың нәтиже бермеуі Алашорданың Кеңес өкіметімен қайта ымыраласуға итермеледі. Алашорда жетекшілері 1919 жылдың көктем айларынан бастап Кеңес өкіметімен саяси ымыраға келу жолдарын іздестіре бастады. Саяси ымыраласу үдерісі ендігі сәтте екіжақты тиімді шешімдерді туындатуға қарай ойысты. Алаш автономиясының саяси талаптары Кеңестік өкіметтің тарапынан қабылданбауы және түптің түбінде алаш қозғалысына қатысушыларға амнистия жарияланумен шектелді», – дейді тарихшы.

Бүгінде полиция қызметіне қатысты қоғамда сын көп. Бұлай болуы заңды да. Себебі қазақ полициясы Совет үкіметінің жазалаушы органы болған НКВД мұрагері болып саналады. Ал Тәуелсіз Қазақ елінің полициясы Алаш милициясы үлгісінде қайта құрылуы керек. Өйткені әу баста Алаш әскері халықты қауіп-қатерден аман сақтап қалу үшін құрылған болатын.