«Тұңғыш қыздар училищесі біздің Ордада ашылған»
27.04.2022 2102

Бөкей Ордасы – Бөкей хан негізін қалаған киелі өлке. Оның тарихи-танымдық маңызына бойласақ, талай мағлұматқа қаныға аламыз. Соның бір қыры – оқу-ағартушылық бағыт. Әсіресе қыздарға арналған тұңғыш училищенің осы өңірде болғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Біз бүгін сол туралы Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешенінің бөлім меңгерушісі Гүлзада Әбілқайыровамен тілдестік.


- Әңгіменің басын Бөкей ордасындағы оқу-ағартушылық бағыттан бастасақ...

- Бөкей ордасы – кең байтақ қазақ даласының батыс бөлігінде орналасқан, шежіресі бай, табиғаты сұлу өлке. ХІХ ғасырда мәдениет, өнер, білім орталығы болған ғажайып өңірдің тарихы тереңнен бастау алады. Бөкей хандығы Қазақстандағы мәдени-ағарту орталығының бірі болды. Мұндағы ағарту ісі әр түрлі білім беру жүйелерімен дамыды. Ең алғашқы білім ошағының негізі де осы Бөкей ордасында қаланса, 1883 жылы қыз балаларға арналған тұңғыш 1 кластық училище ашылды. Осыдан 130 жыл бұрын ашылған бұл училищенің негізгі мақсаты – жергілікті қыз балаларға арнаулы орта білім беру еді. Айта кетелік, бұл мектеп ғимаратын салуға арнайы 2150 сом қаржы бөлініп, оқу орнының қажетіне жарату үшін жыл сайын қазынадан 2555 сом ақша жұмсалған. Алайда 1890 жылы 12 шілдеде осы оқу орны өртеніп кетіп, 1891 жылы 2854 сом 48 тиынға жаңа ғимарат салынады. Бұл туралы мұражай қорындағы архивтік құжаттардан оқуға болады.

- Архивтік құжаттарда не айтылған?

- 1. Қыздар училищесіне жаңа ғимарат салуға қаражат қажеттігі туралы Астрахан губернаторы Н. Н. Тевяшовтың Уақытша Кеңестің Председателіне 1891 жылдың 30 қаңтарында жазған қатынас қағазында: « Во время пожара, бывшего 12 ибля 1890 года в Ханской Ставке, сгорело здание ставочного женского училища, которое помещается теперь в наемной квартире. Инспектор народных училищ Киргизской орды возбуждает вопрос о постройке нового здания для женского училища, то я имею честь просить Вас, Милостивый государь, оказать содействие к скорейшему устройству нового ставочного женского училища. Независимо сего прошу Вас ускорить доставлением мне сведений, согласно предложения от 22 декабря суммы потребной на постройку школьных зданий в 1 и 2 Приморских Округах Киргизской Орды» деп жазылған.

2. Халық училищелерінің инспекторы А. Е. Алекторовтың 1891 жылдың наурызында жазған хаты: « В виду возникших недоразумений по поводу некоторых смет моего годового счета о состоянии школ Внутренней Орды в 1890 г, имею честь сообщить Вашему Выскородию отношение Г. Астраханского Губернатора от 28 февраля 1891 года за № 69, на которое я ответил, что вашем с ходатайством об ассигновании на постройку здания для Ставочного женского училища суммы в размере до 2500 рублей, через Г. Попечителя Оренбургского учебного округа, Министерство Народного Просвещения, что вопрос этот по настоящее время остается неразрешенным, и что, по моему мнению, к будущему году Ставочное женское училище останется без здания».

3. 19 сәуір 1891 жылы Астрахан губернаторы, Ішкі Орда басқармасының Уақытша Кеңес басқармасына жазған хаты: « Попечитель Оренбургского Учебного Округа, на мой запрос о положении дела о постройке нового здания для ставочного женского училища, вместе сгоревшего, уведомить меня, что на основании представления Инспектора Народных училищ Букеевской Орды, об отпуске из казны 2854 руб 48 коп. потребных согласно технической сметы, составленный окружным архитектором, на расходы по постройке означенного здания, для помещения ставочной женской школы» делінген. Осы құжаттар ақша бөлініп, жаңа мектеп салынғанын дәлелдейді.


- Қыздар училищесінде оқитындарға қандай да бір көмек болды?

- 1885-1891 жылдар аралығында жұмыс істеп тұрған мектептерге жаңа ғимараттар салынды. Жаңа ғимараттар арнайы жоспармен ағаштан салынып, онда дәріс оқылатын бөлмелердің желдеткіштері, жарық түсуі және тазалығы сақталды. Бөлмелердің биіктігі 10 фут шамасында болды( 1 фут – 30, 48 см ). Қыздар училищесі ашылған кезде 22 оқушы қыз, солардың 7-еуі қазақ, қалғаны орыс қыздары болған. Алғашқы алты жылда 86 қыз бітіреді. Мектеп жанында 20 орындық жатақхана жұмыс істеген. Жатақханада тұратын тәрбиеленушілердің киім-кешегін де үкімет қамтамасыз етіп отырыпты. Кешен қорындағы архивтік құжатта Ставкадағы қыздар училищесінің 1896 жылға арналғңан шығындар сметасында 20 қыз балаға қысқы пальто, жылы орамал, калошымен 20 етік, әр тәрбиеленушіге бір жылға 3-еуден көйлек, 3 пар іш киім, әр қызға 2 мектеп формасы, 2 пар шұлқадан,2 қол орамалдан және 2 данадан жайма, жастық тыстарымен алынатыны көрсетілген.

- Училищеде қандай сабақтар оқытылатын?

- Училищенің төменгі бөлімінде өздігінен оқу, грамматика, орыс оқушылары үшін діни дәріс, ал қазақ қыздары үшін диктант, таза жазу сабақтары жүргізілсе, орта бөлімде сөйлемнің мағынасын түсініп, тұтас мәтіннің мазмұнын ұғынып, толық айтып беру талабы қойылған. Ал жоғарғы бөлімде негізгі мақсат шәкірттерді тез оқуға, өз ойын толық айтып беруге, жазуда грамматикалық заңдылықтарды дұрыс сақтауға, тұтас сандар мен бөлшек сандарды тез есептеп үйрену талаптары қойылып отырған. Ал мұғалімдердің көмекшілері қыздарды сабақтан кейін 2 сағат бойы қолөнерге үйреткен. Қыздар училищесінде сабақ көбіне орыс тілінде болғандықтан, қазақ қыздарына оны үйрену оңайға түсе қойған жоқ. Бұл білім ұясында халқымыздың мақтанышына айналған белгілі қоғам қайраткері Алма Оразбаева мен қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш инженер-металлург Мәдина Бегалиева, Екатерина Князева және т.б. танымал тұлғалар білім алған. Бұған мұражай қорындағы суреттер дәлел.

- Сонда оқу орнында қанша адам оқыды?

- Айта кетелік, бұл Ордадағы бірден-бір көрікті мектеп болумен қатар, білім беру саласы да жоғары болды. Қыздар училищесінде 1883-92 жылдардағы оқушылар саны мынадай: 1883 жылы – 22, 1884 жылы – 20, 1885 жылы – 22, 1886 жылы – 21, 1887 жылы – 18, 1888 жылы – 18, 1889 жылы – 16, 1890 жылы – 14, 1891 жылы – 16, 1892 жылы – 20 оқушы оқыған. «Бөкей ордасындағы халыққа білім беру» музейіндегі осы қыздар училищесіне арналған экспозицияда 1891 жылғы 25 сәуірдегі «Қыздар мектебінің мұғалімі Надежда Алекторованың Хан Ставкасының саудагері Федор Серебрянниковтан мектепке керек-жарақтарды 54 сомға сатып алған тауарларының есебі», қыздар училищесінің мұғалімдері, оқушылары, халық училищелері инспекторының суреттері, халық училищелері инспекторының Н. Я. Яковлеевке А. Оразбаеваны Симбирск мұғалімдері мектебіне қабылдауын өтініп жолдаған хаты, т.б. құжаттар қойылған.

- Жалпы оқыту үдерісі қалай өтті? Оқытудың басты ерекшелігі неде?

- 1893-1894 оқу жылында Хан ставкасындағы мектептерде 12 оқытушы жұмыс істеген. Олардың 4-еуі орта білімді, 5-еуі мұғалімдер семинариясындағы курсты тәмамдаған, ал 3-еуі педагогикалық емес оқу орындарында білім алған. 1894 жылы Хан ставкасында жеке қыздар мектебін ашып, қазақ, орыс қыздарына білімберуді Хұснижамал Нұралыханов қолға алған. Мектеп жанында қыздар жатақханасы ұйымдастырылып, шаруасы төмен отбасы қыздары интернатта тәрбиеленген. Мектепте негізгі пәндермен қоса әдеп, ән айту, үй шаруасын жүргізу, еуропаша би билеу сабақтары жүргізіліпті. Сонымен қатар іс тігу, тоқу сынды еңбекке дағдыландыру пәндері де болған. Оқытудың басты ерекшелігі – барлық пәннен бір мұғалім беріпті. Мұның өзі көптеген қиындықтар туғызып, педагогикалық кардрлардың жетіспеушілігі басты мәселеге айналған. Осындай қиындықтарға қарамастан Бөкей хандығындағы халыққа білім беру ісі көптеген табыстарға жеткені тарихтан белгілі. Жасыратыны жоқ, Бөкей ордасында білімге деген құштарлық басқа аймақтарға қарағанда ерте оянған. Сондықтан қазан төңкерісіне дейін Ресейдің жоғары оқу орындарында жүзден аса қазақ интеллигенттері білім алған.

- Қазір сол тарихи орынды сақтап қалуымыз керек пе?

- Бүгінгі күні әлем білім-ғылым ғасырына қадам басты. Өмір талабына сәйкес көшке ілесу – үлкен парыз. Ал парыз жүгін көтерер күш пен қуат көзі – мектеп. Ендеше осыдан 130 жыл бұрын қыз балаларға арнайы ашылған бұл мектептің қысқаша болса да тарихын көпшілікке, кейінгі ұрпаққа жеткізуді өзімізге борыш санадық. Сонау кеңестік кезеңде қыздар училищесі ғимараты М. Горький атындағы Орда орта мектебінің шеберханасы болды. 1997 жылы мұнда Бөкей ордасы тарихи музейінің «Халыққа білім беру» бөлімі орналастырылып, 2002 жылдан бастап Бөкей Ордасы тарихи-мұражай кешені құрамына енді. 2007 жылы қарағайлы үлкен ғимарат мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қайта қалпына келтіріліп, мұнда кешен құрамындағы «Бөкей ордасында халыққа білім беру музейі» ашылды. Ендігі жерде бұл тарихи орындыв көздің қарашығындай сақтау кейінгі ұрпақтың парызы болмақ.

- Әңгімелесіп, сауалдарыма жауап бергеніңізге көп рақмет!