Түркістан АССР-ындағы ағарту тарихының жаңа беттері
13.04.2022 3150

Ташкент қаласында орналасқан архивтер мен кітапханалардың тарихшылар үшін маңызы зор екендігі белгілі. Түркістан Автономиялық Советтік Социалистік Республикасынының құрамына енген Сырдария мен Жетісу облысының өткені Отандық тарихта әлі де толық зерттелмеген мәселелердің қатарында. Сондықтан да Өзбекстан Республикасының архивтері мен кітапханаларында, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы еңбектер қазақтандық тарихшылар үшін құнды тарихи дерек болып саналады.


Ағымдағы жылдың наурыз айында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор О.Х. Мұхатова және жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к., доцент А.Т. Қаипбаева Ташкент қаласына «ХХ ғасырдың 20-30-жж. дәстүрлі қазақ қоғамын жаңғырту саясатындағы зайырлы білім беру мен ағарту жүйесі» жобасы аясында ғылыми іс сапар жұмысын жүзеге асырды.

Ғылыми іс-сапардың мақсаты – Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласының кітапхана қорларындағы зерттеу тақырыбына қатысты материалдарды зерделеу, сараптау және құндылығына қарай толыққанды жинақтау болып табылды.


Ғылыми іс-сапар барысында А. Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасы, М. Ұлықбек ат. Өзбекстан ұлттық университеті кітапханасы, ӨзР Ғылым Академиясының іргелі кітапханасында жұмыстар жасалды. Нәтижесінде, кеңестік дәуірдегі еліміздің білім беру саласына қатысты мәселелер қамтылған диссертациялар, архив құжаттарының жинақтары, монографиялар және баспасөз құралдары негізінде материалдар анықталып, құнды еңбектердің көшірмелері алынды. Атап айтқанда 1920 жылдардағы Түркістан Республикасының Ағарту халық комиссариатының «Вестник просвещения и коммунистической культуры» атты мерзімді басылымының түпнұсқалары қаралды. Қазақстанда зайырлы білім беру жүйесінің қалыптасуы мен оқу үдерісіндегі басымдылықтар туралы мәліметтер сақтаған БК(б)П ОК Орта Азиялық бюросының «За партию» деп аталатын айына бір рет шығатын газетінің тарихи дерек ретіндегі маңыздылығы алдымен Қазақстан мен Орта Азия жеріндегі зайырлы білім беру, ауылды жерлердегі оқу үдерісін дұрыс ұйымдастырудың әдістері мен жолдары ғана емес, сонымен қатар жалпы Қазақстандағы саяси ахуал, ұлт қайраткерлерінің қызметтерін ұлттық контрреволюциялық күштер деп айыптауы туралы және тағы да Отан тарихының өзекті мәселелеріне қатысты мәліметтер сақталған. Аталған мерзімді басылым арқылы кейіннен Қазақстан аумағына кірген Жетісу мен Сырдария облыстарындағы зайырлы білім беру жүйесінің енгізілуі тәжірибесін анықтауға болады. Осы облыстардағы жаңа үлгіде ашылған мектептер мен ондағы мұғалімдер туралы мәліметтер береді. Сондай-ақ, 1918-1923 жылдар аралығында жарияланған Жетісу облыстық партия комитетінің органы болған «Правда», «Голос Семиречья», Гаврилов уездік кеңес депутаттарының органы «Зов Семиречья», Түркістан республикасы Ағарту халкомының «Наука и просвещение» журналдарының беттерінде жарияланған мақалалар Қазақстандағы 1920-1930-жылдардағы білім беру тарихын зерделеуде құнды деректер екендігі дау тудырмайды. Мысалы «Народное просвещение» атты журналдың 1925 жылғы жинағында мемлекет және қоғам қайраткері Н. Төреқұлов және өзге де Қазақстандағы зайырлы білім беру жүйесіне жауапты тұлғалардың баяндамалары сақталған. Рас аталған баяндамалар барысында орыс тілі мен мәдениетін насихаттауға арналған білім беру мекемелерінің жұмысына оң баға беріліп, дәстүрлі қазақ қоғамындағы мектеп-медресе жұмыстарын теріске шығаруға бағытталған үрдіс байқалады. Дегенмен авторлардың баяндамалары барысында ақпан және қазан революциясынан кейінгі Қазақстандағы саяси өмірдің өзгерісі және ең бастысы зайырлы білім беру жүйесіндегі кеңестік реформалардың қалай жүзеге асырылғанын анықтайтын үдеріс сипатталады. Мұндағы Н. Төреқұловтың «Национальный вопрос и школа» атты мақаласы жаңа академиялық жетітомдық Қазақстан тарихының аясында дайындалатын «Кеңестік Қазақстан тарихын» тың деректер негізінде жазуға септеседі.

Зерттеушілер үшін құнды дереккөздері ретінде «История образования в архивных источниках» атты екітомдық архив құжаттарын атауға болады. 


Жинақ Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіндегі құжаттар негізінде дайындалған. Жинақтың екінші томы аталған жобаны терең зерттеуге мүмкіндік береді. Кеңес өкіметі орнатылған кейінгі кезеңде еңбек мектептерін құру, халықтық университеттерді ашу, мұғалімдерді даярлауда көптеген кемшіліктер мен қиындықтардың орын алғандығы мәлім. Архив құжаттарын деректанулық талдаудан өткізу Қазақстандағы ағарту ісі мен кеңестік білім беру жүйесін қалыптастырудың шынайы тарихын жазуға мұрындық болады. Бұдан өзге «Культурное строительство в Туркестанской АССР (1917-1924 гг.)» атты құжаттар жинағы атап өтуге тұрарлық. Кеңестік кезеңде жарияланғанына қарамастан жинақта 1920-жылдардағы ағарту ісіне қатысты көптеген құнды деректер бар. Мұның өзі ғылыми жобаның дереккөздерін арттырып, салмақты әрі салиқалы тұжырымдар жасауға жол ашады. Сондай-ақ зайырлы мектеп жүйесін енгізудің қиындықтары мен оң нәтижелерін сипаттап, қазан революциясынан кейінгі халыққа білім беру саласының түбегейлі өзгерістері туралы зерттеу жұмысын жүргізген К.Е. Бендриковтың «Очерки по истории народного образования в Туркестане (1865-1924 годы)» еңбегін де атай аламыз. Ендігі мақсат сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы материалдар мен жинақтар бойынша қол жеткізген деректерді ғылыми айналымға енгізу болып табылады.

Сонымен қатар, ғылыми іс-сапар барысында А. Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасы, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тарих институты, Бируни ат. Шығыстану институты басшылығымен кездесіп, мамандар даярлау мен атқарылып жатқан жұмыстардың туралы ортақ мәселелер талқыланды және қос тараптың жауапкершілігі сол меморандумға қол қою туралы келісілді. Сондай-ақ, ғасырлық тарихы бар М. Ұлықбек ат. Өзбекстан ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізілді. Іс шара барысында өзбекстандық әріптестер ерекше жылы қабылдап, ғылыми кадрларды даярлау, бірлескен зерттеу жұмыстары аясында ғылыми жобаларды іске асыру мен ғылыми шараларды өткізу жөнінде және басқа да ұйымдастыру мәселелері бойынша ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Қорытындысында аталған мекемелердің ғылыми ізденістерінің нәтижелері болып табылатын ғылыми еңбектермен алмасып, ғылыми бағытта бірлесіп жұмыс жасауға, ынтымақтастық туралы келісімге уағдаласты. Осы орайда, аталған университеттің профессоры, т.ғ.д., Р.Х. Муртазаеваға, «Өзбекстан тарихы» кафедрасы ұжымына ерекше алғысымызды білдіреміз.


Сөз соңында айтарымыз, Отан тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге айтулы үлес қоса алатын дереккөздері Өзбекстан Республикасының архив қорларында сақтаулы. Алайда бүгінгі күннің ерекшеліктеріне сай немесе бізге белгісіз өзге де себептерге байланысты Өзбекстан архивтері зерттеушілер үшін қолжетімсіз. Архив құжаттарымен танысып, қорлармен жұмыс жасау үшін Сыртқы істер министрлігінің араласуы арқылы ғана мүмкін болады. Алайда мұндай рұқсат беру анықтамалары ұзақ уақытқа созылары тағы бар. Осы орайда, алдағы уақытта бұл мәселені оңтайлы шешудің қажеттілігі өз шешімін тапқаны абзал.

 

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 

бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д. профессор Оразгүл Хасенқызы Мұхатова

Жетекші ғылыми қызметкер, т.ғ.к., доцент

Айнагүл Толғанбайқызы Қаипбаева