Адал қызмет – мемлекет өркендеуінің кепілі
09.03.2022 2757

Жаңа Қазақстанды құру бойынша мемлекетте әр бағытта өзгерістер жасалып жатыр. Бастысы – қоғам дамуындағы ауқымды істердің қолға алынып, оларға көңіл бөлініп, кемшін тұстарын түзетуге бет бұрудың басталуы. Енді мемлекет басшысынан бастап, қарапайым жұмысшыға шейін республикамыздың өркендеп дамуы мақсатында түйткілді мәселелерді шешуге ынтымақтаса отырып, ел болып бар қабілет-қарымымызбен атсалысуымыз қажет. Бұл пікірді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Нұргүл Құрманалина айтып берді. 


Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын еңсере берген шақта «қаңтар қасіретіне» тап болып, салдарынан қаншама адам қаза тапты. Бұл өз кезегінде қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, қорғаныс т.с.с. салалардағы проблемалардың ауқымдылығын ашып көрсетті. Ел дамуындағы жіберілген қателіктерді, бүркемелеушілік әрекеттерді, жалғандық фактілерінің орын алғандығын байқатты. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші қандай заман болса да лақап нәрсенің шынайы бағасы ерте ме, кеш пе берілетіні анық. Орын алған бұл оқиғаға байланысты нақты себебін, барысын, салдарын таразылап, тарихи жағынан баға беріп, объективті зерттеу болашақтың еншісінде. Ал қазіргі таңда осындай күрделі мәселенің бар екендігін, ауқымды өзгерістердің қажеттілігін мойындаудың өзі – бір ерлік.

Президентімізі Қ.К. Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде қоғамдағы жағдайға әділ бағасын бергендей. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе жастар маңдай терін төгіп, жұмыс істегісі келмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді жөн көреді. Өйткені, олар бізде адал еңбек лайықты бағаланбайды деп ойлайды.  Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқтардың, жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті, соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы  деген қате түсінік орнығуда. Оған қоса, тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін көрген соң  еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына жақындарына да, мемлекетке де масыл болуда.  Өзіне жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан арланбайды. Тіпті, жергілікті билікке қоқан-лоқы көрсетуден де тайынбайды. Ұлтты жегідей жейтін осы кеселдер елімізді кері тартуда.

Кейбір осындай қалыптасып қалған кері түсініктерді түзету үшін ондаған жылдар қажет, ұрпақ алмасуы тиіс. Осындай ахуалдың тындауының да өз себебі бар. Егемендік алғаннан бері Қазақстанды құру жолында нарықтың экономикаға көшу үрдісі жүзеге асырылды. Осы бағытқа көп көңіл бөлінді. Әрине күн көрістің өзі қиын болған кезеңде білім, ғылым, мәдениет, рухани даму екінші орынға ысырылады. Дегенмен нәтижесін салыстырмалы түрде аздаған уақытта көретін салалармен қатар жемісін ондаған жылдардан кейін ғана бере алатын гуманитарлық бағытқа, яғни патриотизмді қалыптастыратын, рухани тәрбие берудегі маңызды орын алатын институттардың (отбасы, білім беру ошақтары, ғылыми мекемелер, ұйымдар) лайықты деңгейде дамуына тиісінше көңіл бөлу маңызды еді. Мысалы, отбасындағы тәрбие рөлі ерекше, бұл – тұлғаны қалыптастырудағы алғашқы саты, осындай отбасы құндылықтарын насихаттауды жандандыру қажет. Тәрбие мен білім берудегі үрдістер ары қарай балабақша, мектеп, ЖОО-да сабақтасқан түрде жалғасса игі. Бұл бағытта біраз шаралар атқарылды да, қазіргі уақытта оларды жетілдіре түсуге толыққанды әлеует бар. Жаһандану кезеңінде жалпы ұлттық құндылықтарымызды жоғары қою заман талабы екендігін ұмытпаған абзал.

Қазақта айтылатын «адалынан берсін, адалынан болсын» - деген өте жақсы сөздер. Оның мағынасында игі адами қасиеттердің барлығы жатыр. Адал болу, яғни сөзің адал, ісің адал болсын деген мағынада келтіріледі. Бұнда өтірікке, жалғандыққа, алдап-арбауға, көзбояшлыққа, ең бастысы - жемқорлыққа жол жоқ. Ол жайлы ХХ ғ. зиялы қауым өкілдері де айтып кетті:  «…Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек». Ж. Аймауытовтың бұл сөздері қазір де өте өзекті болып отыр. Әр азамат өз қызметін ерінбей еңбектеніп, адал атқарса, мемлекетіміз дамыған елдер қатарына жылдам-ақ қосылар еді.

Жасаған еңбегіне қарай адал қызмет иелері әділ құрметке де лайық болуға тиісті. Мәселен, педагог статусы қаралып, мектептегі мұғалімдердің қаржылық жағынан да жағдайлары соңғы жылдары жақсартылды. Сол сияқты елдегі дәрігер мамандардың да ахуалына көңіл бөлінуде. Ендігі кезде ЖОО, ғылым саласының дамуына, оқытушы-ғалымдардың дәрежесін көтеру үшін жұмыстар атқарылуы тиіс. Бұл мәселеде жас та болса білім беру саласындағы кәсіпкер, Кембридж университетінің түлегі Н. Досыбаевтың пікірі орынды айтылған: «Педагогтардың айлығы ЖОО-дағы профессорлардан төмен болуы керек», яғни енді педагогтардың жалақысын көтеруді ойластыру қажет. Сол сияқты ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері де атына, затына сай лайықты жалақы алуы оңды. Өйткені ғалымдардың жолы үлкен, еңбегі педагогтардан кем емес.

Жаңа Қазақстанды құру бойынша мемлекетте әр бағытта өзгерістер жасалып жатыр. Бастысы – қоғам дамуындағы ауқымды істердің қолға алынып, оларға көңіл бөлініп, кемшін тұстарын түзетуге бет бұрудың басталуы. Енді мемлекет басшысынан бастап, қарапайым жұмысшыға шейін республикамыздың өркендеп дамуы мақсатында түйткілді мәселелерді шешуге ынтымақтаса отырып, ел болып бар қабілет-қарымымызбен атсалысуымыз қажет. «Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет» қағидасын әрқайсымыз мықтап ұстанатын болсақ, мемлекетіміздің өркендеген елдер қатарына қосылуына даңғыл жол ашылмақ.