Алма Оразбаева – қазақ әйелдерінің теңдігі үшін күрескен тұлға
07.03.2022 3523

ХХ ғасырдағы қазақ тарихының, әдебиетінің, мәдениетінің басты тақырыптарының бірі – әйел құқығы мәселесі еді. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны», Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» – міне, осы секілді шығармалар сол кез бен сол шақтың айнасындай болған құнды еңбектер. Негізінен қоғамда қалыптасқан тарихи жад бойынша қасаң қағидалар бізді сол «оқымаған», «оқымаған қазақ әйелі» деген секілді қаңқу сөздерге көбірек сендірді. Әрине, бұл сандық тұрғыдан айтылса да, сапалық тұрғыдан мүлдем олай емес еді. Қазақ азаматтарының арасынан суырылып шығып, білімге, ғылымға, өнер мен мәдениетке жан-тәнімен құлаш сермеген қыздар да болды. Солардың бірі Бөкейлік Алма Оразбаева еді. Сондықтан «Қазақстан тарихы» порталы 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай қазақ тарихында есім-сойы ерек Алма Оразбаева жөнінде Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының әдістемешісі Гүлжиян Сапарғалиевамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отыр.



- Гүлжиян ханым, сұхбатымыздың басын Алма Оразбаеваның қайраткерлігінен бастасақ... Жалпы Алма Оразбаеваның атқарған саяси қызметтерін жіктеп айта аласыз ба?

- Қазақстан тарихының үлкен бір кезеңін құрайтын Бөкей ордасының белгілі азаматтарының қатарында лапылдап жанған шамшырақтардың бірі – Алма Дінмұхамедқызы Оразбаева тұр. Алма Оразбаева – ана мен бала проблемасын ХХ ғасыр деңгейіне көтерген қайраткер. Әйел-ана, бала тағдыры мемлекеттің назарынан тыс қалмайтын мәселе екенін жасы жиырмаға толар-толмас шағында көрегендікпен пайымдай білген Алманың еңбегі таңғаларлық емес пе?..

Шығыс әйелдері арасынан тұңғыш халықаралық саясат аренасына шыққан Алма Оразбаева – Қазақ ревкомының бөлім бастығы, РК(б)П Орынбор губкомы қазақ секциясының жауапты хатшысы, Бөкей губерниялық партия комитеті әйелдер бөлімінің меңгерушісі, Қазақ Орталық Атқару комитетінің мүшесі, облыстық және Қазақстан өлкелік комитетінің әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімнің меңгерушісі әрі бюро мүшесі, Қазақ Орталық Атқару комитетінің Президиум мүшесі, Қазақ АКСР халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, саяси-ағарту Басқармасының меңгерушісі болды. Бұл оның 1919-1928 жылдар аралығындағы басты-басты қызметтері. Сондай-ақ 1925 жылдың қарашасында А.Оразбаеваның Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасының міндетін атқарғандығы бар. (Бұл мәліметті сол кезде ол қол қойған мәжіліс хаттамалары айқындайды)

Мұның сыртында қоғамдық жұмыстар мен партияның ХІІ, ХІІІ, ХІV съездеріне, бүкілодақтық және Қазақстандық Кеңестер конференциялары мен съездеріне делегаттығы тағы бар. Осы жиындарға жай қол көтеріп қатысып қоймай, мәселелер көтеріп, батыл пікір айтқан. Ұлттық кадр даярлау, оларды жұмысқа қосу, кедейшілікпен күрес жүргізу, әйел тағдыры мәселелерін мемлекеттік деңгейде көтеріп, үкімет назарын аудартқан еңбектерін, өмір жолдарын оның көзкөрген, үзеңгі жолдастары да, жазушы, журналистер де, зерттеушілер де кезінде біршама жазды. Бірақ, бұл жазылғандардың дені Кеңестік дәуірдегі басылымдарда жарияланған болатын. Соның ішінде А.Оразбаева туралы деректерді мұрағаттар мен музей қорларынан тереңірек ізденіп, баспасөз беттеріне, кейіннен толықтыруларымен кітап етіп басып шығарған журналист, жазушы, ақын С.Даумовтың зерттеу-еңбектерінің шоқтығы ерек.

Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының қорындағы А.Оразбаеваның туған жері, оның өмірдеректері мен еңбектерінің кейбіріне жақынырақ тоқталмақпыз.

- Енді Алманың жеке өмірінен аз-кем ақпар бере кетсеңіз?

- Алманың әкесі – Дінмұхамед. Руы – төлеңгіт. Дінмұхамед екі ағайынды. Өзі және ағасы Бимұхамед. Дінмұхамед шаруа істегенімен, ішімдікті жек көрмеген. Оның жұбайы Балдок (кейбір деректе Банток,негізгі аты Сәнзира деп келтіріледі) бай-манаптардың үйінің отын жағып, кір-қоңын жуып жүрсе де, оқуды, оқығанды қалаған. Тұрмыс ауыртпашылығынан қысымшылық көрсе де, өзінің де, өзгенің де балаларының (ауылдың ұл-қызының) білім алуын қоштап, үгіттеген. Олардан Ғатауолла, Ханифа, Алма, Мәдина және Ғарифолла есімді балалар өрбіген. Дінмұхамед балаларының бәрі де Хан Ставкасындағы мектептерде оқыған. Алма да мұндағы орыс-қазақ қыздар мектебінен сауатын ашады. Мектепте оқи жүріп, ауқаттылардың баласын бағып, тиын-тебен табуда еңбекке ерте араласады. Оқуға алғырлығы оны өз құрбыларынан даралап, сабақ берген мұғалімдерінің көмегімен Симбирскіде, кейін Хан Ставкасындағы қыздар училищесі мен 4 кластық қалалық училище жанындағы 3 жылдық мұғалімдер курсында оқуға мүмкіндік берді.

- Оның еңбек жолы, жалпы қоғамдық жұмыстарға араласуы қай кезден басталды?

- Алғашқы ұстаздық жолы Жаңақаладағы біркластық қыздар мектебінде басталғанда, ондағы 10-16 жас аралығындағы 43 оқушының кейбірі Алманың өзімен жасты болады. Мұнда орыс тілі, ана тілі, арифметика, көркем жазу (чистописание), сурет салу, қолөнерінен (кесте төгу) сабақ беріп, ән және гимнастика орнына сыртқа шығарып, қимылды ойындар, би, ән салуды үйреткен. Тәрбиеленушілеріне оқыған кітаптарының мазмұнын айтып, компасты пайдалану, эстетикалық мінез-құлыққа, қоғамда, отбасында өзін мәдени ұстауға тәрбиелейді.


Ордадағы әйелдер мектебі


А.Оразбаеваның арнаулы мектеп болмағандықтан, жергілікті кулактан жалға алған шағын бөлмеде үш-үштен отырған оқушылар жайын, арнайы оқу үйі, оған жатақхана, саз сабағына музыкалық инструменттер: физгормония немесе скрипка, сондай-ақ, қабырға сағаты, термометр, магнит, компас сынды құралдар қажеттігін айтып жазған 1916 жылдың 19 желтоқсанындағы есебі ҚР Мемлекеттік мұрағатында сақтаулы. Осы есепке сәйкес Ішкі Қырғыз Халық училищесінің инспекторы қамқорлаушы Қазан оқу округіне «...жатақханадағы оқушы-тәрбиеленушілердің мемлекеттік қазынадан бөлінетін 10-15 тиын (күніне) тамағымен күнелтетінін. Балалар ашығуда, нан бағасы 15 тиын тұрады» деген хабарламасына, биліктегілер қазыналық қаржы соғысқа (І дүниежүзілік) жұмсалуда деп, жатақхананы да, мектепті де жауып тастайды.

Мұнан кейінгі ұстаздық қызметі Казталовкадағы екікластық қыздар мектебінде жалғасқан Алма талай жастың бойына оқысам, білсем деген ұшқын жағады. Олардың ата-аналарына да педагогикалық насихат ғана емес, тұрмыс мәдениетін меңгертуге тырысады. Оқушыларды жақсы көреді. «Менде қазақ қыздары аз. Оларды мектепке тарту өте қиын», – деп өзімен бірге оқыған әріптес құрбысы Антонина Доценкоға жазған хатында қазақ қыздарына алаңдайтынын байқатады. Алма тәрбиеленушілерінің, әсіресе кедей, жоқшылықты тұрмыстағы отбасының қыздары оқуды тастамасын деп, ауа райының боранды, жауын-шашынды күндері оларды өзі жүріп жинап, өзі таратады. Жағдайы ауырлары қыс бойы өзімен бірге тұрып шығады. Ол кезде Алманың өзі де қаржыдан, тұрмыстан қысымшылықта жүрген еді.

- Ал оның мұғалімдік қызметтен кетіп, саяси аренада бой көрсетуі қалай жүзеге асты?

- Алманы тұрмыстың ауыртпалығы, жетімсіздік пен әлеуметтік теңсіздік жасытпайды. Оның бойындағы қайсарлық пен зеректік тұлға болып қалыптасуының басты қазығы болды. 1917 жылы Ордаға ауысқан Алма, осы жылдың мамырында С.Меңдешевтің бастауымен өткен, бүкіл оқу жүйесін өзгертуді талап еткен мұғалімдер съезін және желтоқсан айында Бөкей облысында Кеңес өкіметінің жариялануын қуана қолдайды. Осы тұста ол ең алдымен өзінің кәсіби мамандығы бойынша көрінеді. «Мұғалімдік тыныш тіршілікпен шектелмеуі керек» деп, халыққа пайдалы іске тереңдей бойлайды. Тапталған жолмен емес, жаңа, танылмаған бағытты таңдайды. Бисен Жәнекешевпен қатарласып, Ордада құрылып жатқан Қазақтың бірінші үлгілі атты әскер полкінің жасақталуына үлес қосты. Оның түсінігі, ынта-жігері жауынгерлердің іскерлігін, саяси сана-сезімін көтеріп, сауатын ашса, өзіндей оқыған мұғалім қыз-келіншектер: М.Бегалиева, Е.Князева, К.Полякова, дәрігер М.Ниязоваларға да қозғау салып, олар да әскери Комиссариаттың саяси-ағарту бөлімінің ресми үгітшілері болады.

А.Оразбаеваның іс-әрекетінің көпқырлылығы сонша, театр немесе басқа да мәдени ошақтар жоқ кездің өзінде табиғи дарынымен пьесаларда ойнап, әдемі сазды даусымен ән салып ауыл жастарын, жеңгелерін, қыздарды көркемөнерпаздар концерттеріне үгіттеп қатыстырады. Орданың «Орманшылар мектебінде» музыкалық-әдеби драматургиялық үйірмелер ұйымдастырып, «Жігер» жастар ұйымы құрылғанда оның мәдени ағартушысы, жалынды насихатшысы болады. Алманы көзімен көрген қариялар оның халық әндерін нақышына келтіріп орындайтынын айтса, белгілі музыка зерттеушісі, ғалым этнограф А.В.Затаевич оның орындауында қазақтың 10 әнін жазып алғаны жөнінде мәлімет қалдырған. А.Оразбаева заманның ауытқымалы шағында да халықтың рухани мұрасының хатталуына қолдай жүріп, Б.Жәнекешевпен бірігіп қазақша әскери патриоттық әндер жазу өнерін өркендеткен. Оның көпшіл, тілтабысқыш, ұйымдастырушылық қабілеті Мәскеу қаласындағы насихатшылар курсына оқуға баруына, онда жүргенде Халықаралық Коммунистік әйелдер қозғалысының қайраткерлерімен (Н.К.Крупская, А.М.Коллонтай, Инесса Арманд, Розалия Самойловна Землячка, т.б.) танысып, пікірлесуіне себеп болды. Батыс Еуропаның озық дамыған оқу орындарынан тәлім алған, талай ой-қырдан өткен К.Цеткин, А.М.Коллонтай, И.Армандтай білім, біліктілігі болмаса да, Алманың түсінігі, қабілет-қарымы олармен тең түсті. Ауыл қызының Халықаралық әйелдер қозғалысы қайраткерлері көшіне ілесіп, олардың ұстанған әйелдер өмірі мәселелері идеясынан қанаттанып, оны қазақ даласында көтеруге, таратуға бастаушы болды. Осылайша қайраткерлік қызметі басталады.

- Алма туралы жазылған материалдарда оған «тұңғыш» деген ат қосыла кетеді. Жалпы Хан Ордасына қатысты «Тұңғыштар мекені» дейтін тіркес қолданылатынын жалпақ жұрт жақсы біледі. Ал Алма Оразбаеваға қатысты ше? Мұның себебі неде?

- 1920 жылы 4-12 қазан аралығында Орынборда өткен Құрылтай съезіне Бөкей губерниясынан делегат болып сайланған А.Оразбаева аса маңызды құжат "Қырғыз (Қазақ) АКСР-сы еңбекшілері праволарының декларациясы» заң жобаларының негізін жасауда үлкен үлес қосқан автордың бірі. Ол – осы съезде сайланған республика үкіметінің құрамына кірген тұңғыш қазақ әйелі.

Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Қазақ АКСР-сы Халық Комиссарлары Кеңесінің қалың малды жоюға, құн төлеу мен құн алуға, қазақ әйелдерінің ар-намысын қаралайтын көп әйел алушылық пен әмеңгерлікке тыйым салуға бағытталған 1920 жылы 28 желтоқсанда қабылданған декретті әзірлеуге және іске асыруға тікелей қатынасады. Соның ішінде, губерниялық соттардың көшпелі мәжілістерінің ауылдарда өтуіне көп мән береді. Осылайша, А.Оразбаева Кеңес үкіметінің алғашқы жылында-ақ, әйелдер бөлімі жұмысын мемлекеттік жүйемен тығыз байланысып үлгіреді. Осы әйелдер бөлімі аштық жылдары (1921-1922 жж.) бөбекжайлар, балалар сүт кухнясын, балалар үйлері мен Коммуналар ашып, материалдық, медициналық көмек көрсетеді.

Алма Орынбордағы Коммунаны қамқорлыққа алады. Бір жылдан соң Коммуна республикаға үлгілі болады. Алма Дінмұхамедқызының 1923 жылы 26 қарашасында балаларын қорғауға мүмкіндігі жоқ Кулькинаның 3 баласын Орынбор балалар үйіне алуға, ал, рабфакта оқитын қыздың күнкөрісі жоқ шешесін жұмысқа орналастыру сынды атқарған істері өз алдына бір төбе.

А.Оразбаева Бөкей Ордасындағы әйелдер қозғалысын басқарған кезде, оның жұмыс тәжірибесін Бүкілөлкелік әйелдер мәслихаты мақұлдайды. Осы кезде Қостанайда, Семейде бір-біріне жеделдес бірер айдың ішінде әйелдер бөлімдері құрылады. Алма 20 күннің ішінде әйелдер арасындағы жұмыстың мәні туралы 14 циркуляр таратып, 4 нұсқау жазып, газет бетінда «Әйелдер бетін» ашып үлгереді. Оның ауылдар мен қыстақтардағы антисанитарлық жағдайлармен күресу жөніндегі ұсынысын денсаулық сақтау халкомы қызу қолдайды.

1922 жылы Қырғыз (қазақ) облыстық партия комитеті жанынан әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан қазақ әйелдерінің сауатсыздығын жою, оларды үкіметтің, кеңестер мен мәдени құрылыс жұмыстарына тартуда Оразбаеваның сіңірген еңбегі орасан.

«Бытыраңқы отырған ел арасында әйелдер үйірмелерін жасау қиынға соғады. Сондықтан тұрақты, жылжымалы «Қызыл отаулар» ұйымдастыру идеясы да Алманікі еді. Өлкелік кеңес-партия мектептерінде әйелдер арасында жұмыс істейтін басқарушы қызметкерлер даярлайтын бөлім ашуға, ол үшін өкімет атына арнайы ұсыныс жасап 12 мың сом қаржы бөлгіздіртеді. Соның негізінде Қазақ өлкелік партия комитетінің әйелдер бөліміне қарасты аймақтық әйелдер курсы ашылды», - деп көрсетіледі мұрағаттық құжаттарда.

Оразбаеваның 1924 жылдың күзінде аймақтық курс пен халық ағарту комиссариатының жанындағы балалар үйіне тәрбиеші даярлау курсын біріктіру жөнінде ұсынысы осы жылдың 17 қыркүйегінде қабылданады.

Оның құлшынысы, сарқылмайтын күш-жігері, адамгершілік қарым-қатынасы еңбекшілерге ерекше әсер етеді. Көптеген қыздарды өзі шақырып алып, немесе іс-сапарларға ала кетіп Орынбордағы сауат ашу, үлгі-тәжірибе мектептеріне, өлкелік кеңес-партия мектептеріне тәрбиешілер даярлайтын курсқа кіргізіп, олардың тәртібін, сабағын сырттай бақылап, оқуын бітіріп шығуын қадағалайды. Өзінің еңбек ақысын әйелдер курсына қатысушыларға бөліп береді. Неге олай еттіңіз дегендерге: - «Біздің тойып ішіп, сәнді киінгенімізден не пайда? Одан да қарапайым өмір сүріп, қажеттіліктерді артық пайдаланбағанымыз дұрыс емес пе? Жас ұрпақтың өз халқының ағарту үшін білім алуына көмектесейік» - дейді екен.

- Оның осы мемлекеттік саясатты жүрген кездегі ең бір көңіл құптарлық бастамасы қандай еді?

- А.Оразбаеваның ерекше бастамасының бірі – әйелдер баспасөзінің негізін қалауы. 1919 жылы Ордада шыққан «Дұрыстық жолы» газетіне «Әуелі түсіну керек» деп мәселе көтерген ол, 1923 жылдың 9 маусымында «Еңбекші қазақ» газетіне: «...Қазақстан халқының жартысы әйел. Сол бір елдің жарты денесі сияқты – әйел халқы сәулесіз, ойсыз, өнерсіз, надан болса, Қазақстан бүтін, толық саналы ел болмақ емес. Мұны қазақтың әйелі де, еркегі де есінен шығармауға тиіс. Әйел болашақ ер азаматтың анасы, асыраушысы да, тәрбиешісі де. Әйел – қазақтың шаруасының тұтқасы. Қазақ әйелі, қадіріңді өзің біліп, адам болып өнерге, білімге ұмтылуың керек», деп «Әйел бостандығы» атты мақала жазады.

1923 жылдың басында жарық көрген «Жас қазақ» журналының алғашқы бас редакторы А.Оразбаева еді. Осы журналға Алманың екі мақаласы («Жастар Одағының қазақ қыздарын ұйымдастырудағы және тәрбиелеудегі міндеттері» және «Гүлсім» атты очеркі) жарияланады. Журналдың шығуына қуанған Алма С.Сейфуллиннен сүйінші сұрап, журналдың келесі санына мақала жазуды өтінген екен. Сонда С.Сейфуллин «Жас қазақ» атты көлемді арнау өлең жазған. А.Оразбаева көтерген әйелдер мәселесін қоштап С.Меңдешев, Н.Нұрмақов, Х.Құлымбетов мақалалар, С.Мұқанов, М.Әуезов, С.Дөнентаев, Б.Майлин, Қ.Айнабекұлы сында ақын-жазушылар өлең, әңгімелер жазып, баспасөзге жариялайды.


Хан Ставкасындағы 2 сыныптық қыздар училищесі


Әйелдерге арналған әдебиет шығару ісіне көңіл бөлген Алма, 1924 жылы қазақ тілінде жарық көрген кітапшаға алғысөз жазады. Орыс, қазақ тілдеріне жетік А.Оразбаеваның «Жизнь трудящихся женщин Киргизии. Вредный уклон» (21.10.1923 ж), «Қазақ әйелі даңғыл жол үстінде» атты Орынбордағы Аймақтық әйелдер мектебінің жұмысын баяндаған (29.10.1923ж. «Еңбекші қазақ»), «Жалпы ресейлік еңбекші әйелдердің Бірінші съезі» (30.10.1923ж. «Еңбекші қазақ») атты мақалалар жариялайды. Осыдан бастап, Ақтөбеде «Әйел бостандығы», Орынборда «Труженица» газеттері, 1925 жылы Сара Есова редакторлық еткен «Теңдік» газеті, кейіннен «Әйел теңдігі» деген атпен журналға айналады. Осы «Әйел теңдігі» (қазіргі «Қазақстан әйелдері» журналы) алғашында Орынбордағы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне қосымша болып шығып жүреді. 1926 жылдан Қазақстан астанасы Қызылордаға көшкенде ол айына бір шығатын «Әйел теңдігі» атты көлемді журналға айналды. Мұнан басқа да «Азат әйел», «Жетісу әйелдері» (кейіннен журналға айналды), «Новая женщина» газеттері шығып, Қазандағы «Степная правда» газетінің ортасына әйелдерге арналған «Страничка» шығару міндетін әуелі Алманың өзі алған.

- Оразбаеваны тарихта қазақ әйелдерінің теңдігі үшін күрескен тұлға ретінде таниды. Осыны тарқатып айтсаңыз?

- Қазақ әйелдерінің теңдігі үшін күресті мақсатына айналдырған Алма Дінмұхамедқызы Қазақстан Орталық Атқару комитетінің Президиумына ұсыныс түсіре жүріп, 1924 жылы 6-шы желтоқсан қазақ әйелдерінің теңдік алған күні мереке деп жариялануына қол жеткізеді. Кейіннен бұл күн 1 қаңтарға көшіріліп, революциялық мейрамдардың бірі ретінде 30 жылдарға дейін бүкіл Қазақстан бойынша жылма-жыл аталып өтіп келген.

А.Оразбаеваның ұлтқа қызмет етуі ерекше. Ол 1926-1927 жылдары саяси-ағарту басқармасының төрайымы болған кезде кітапханалар орыс әйелдері арасында жұмыс істегендіктен олардың санын қысқартып, оның есесіне қазақ әйелдері арасында істейтін 63 қызыл отау ашқызады. Осыншама еңбек, күш-жігер аласа бойлы, жүдеу, өте нәзік, бірақ сабырлы да, тұрақты мінез-құлықты Алманың бойынан табылып жатады. Оның адамгершілікке толы болмысын білетіндер: «Алманың қарапайымдылығы сондай – бала тамақтандыруға бөлінген уақытта ұдайы жаяу баратын. Неге көлікпен бармайсыз – дегендерге; көлік маған балаға бару үшін емес, қызмет үшін берілген» деп қызмет бабын жеке басына пайдаланбайтынын айтады. Қоғамның және мемлекеттің мәселесін бірінші орынға қойған А.Оразбаеваның жеке басының тағдыры ауыр аяқталады.

1929 жылы Алма Дінмұхамедқызы Коминтерннің тапсырмасымен Монғол Халық Республикасына барады. «А.Оразбаева Монғолиядан қажып келді. Бұл құпия іссапар болуы керек. Ол жөнінде Коминтерннің архиві жабық болды», – деп болжайды зерттеушілер. Елге келгенде Алма шайқалған отбасын көреді. Бұл мәселе жөнінде біреу: «Алманың 2 жасар баласын бақтырып кеткен Ханифа апасының қызы Сақыпжамалға жұбайы Д.И.Каширин үйленіп алады. Баласы сол кісіні ана деп жүріпті» десе, енді бірі «Алма емханаларда ұзақ жатып емделетін болғасын Каширин, балама ана керек деп», – үйленіпті дейді. Осы уақыттан бастап Алманың жүйкесі сыр беріп, ол Кремль ауруханасында, кейін Тамбовта емделеді. 1930 жылдан бастап А.Оразбаеваның мемлекеттік және қоғамдық қызметі аяқталып, оған мемлекеттік деңгейдегі дербес зейнетақы тағайындалады. Күтіміне қаржылай қолдау көрсеткен өкімет жеңілдіктерін алған туыстары – ағасы Ғатауолла, сіңілісі Мадина оны Алматыға, елге Ордаға, Жәнібекке, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданы, Жамбыл облысы өңіріне әкеліп сейілдетіп, үй жағдайында күтімге алғанмен жалынды қайраткер қайта сапқа тұра алмайды. Жұбайы болған Иван Дмитриевич Каширин 1937 жылғы зұлматтың құрбаны болып кетеді. Сіңілісі Сақыпжамал да халық жауының әйелі ретінде тұтқынға алынып, он жыл айдауда болады. Анасынан төрт, әкесінен он жасында жетім қалған баласы Альмарев Иванович Каширин балалар үйінде тәрбиеленіп ер жетеді.

- Алманың ғұмыр дерегін зерттеушілер бар ма? Архивтер ол туралы не дейді?

- Алманың өмірін зерттеуші Х.Сейтқазиева 1979 жылы Москваға Альмаревті арнайы іздеп барып, тілдескенін жазады. Онда: «Екі қызы, әйелі екі бөлмелі пәтерде тұрады. Өзі зауытта жұмысшы-слесарь. Анасы жадында қалмапты. Алма Дінмұхамедқызының суреттерін және ол кісі туралы жазылған мақалалар шыққан кітаптарды бергенімде, екі көзінен жас сорғалап отырып, қазақстандықтарға үлкен алғыс айтты. «Анам тіріліп келгендей болып қуанып отырмын. Мына екі немересіне әжелерін мақтан етіп, шамамыз келгенше сол кісіге ұқсатып тәрбиелеп бағамыз», – деген екен.

1987 жылы Бөкей ордасы тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері А.Хамзин Альмаревті Москвадан іздеп тауып тілдескенде, ол шешесін білмейтінін айтып, тілдесуге ықыласты болмапты. Ал сіңілісі Сақыпжамал: «оң-солын танып үлгірмеген жас қызды ер адаммен бірге қалдырып, мені де арандатты, өзі де айықпас дертке шалдықты» деп, Алманың өзін кінәлапты.

А.Оразбаева туралы деректер оған тағайындалған зейнетақы, жәрдемақылар жөніндегі дау-дамай хаттар, оның 1943 жылы қайтыс болды деген деректі жоққа шығарады. Архив деректері Жамбыл облысының Луговая станциясындағы жинақ кассасы мекемесі Мадина Омарованың (Алманың сіңілісі) атына жолдаған хатта Әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің қаулысымен 1948 жылдың 1 сәуірінен бастап Алма Оразбаеваның қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлеу тоқтатылғанын хабарлайды. А.Оразбаеваның демі таусылғанша соңғы тұрағы – Жамбыл облысы Луговая станциясы.

Алма Оразбаева туралы біздің іздестіру жұмысымызда Алманың әкесі Дінмұхамедтің ағасы Бимұхамедтен тараған Қабашқызы Ләмиға Оразбаева (Бөкей Ордасының Сайқын ауылының тұрғыны болған) аудандық «Орда жұлдызы» (01.05. 1991ж.) газетіне А.Оразбаева жөнінде: «...Сырқаттанған Алманы ауылға әкеліп демалтып жүрді. Алма қағаз, қалам сұрайды. Баламды іздеймін дейді. Әкеміз бізге: «–Қағаз-қалам бермеңдер. Үкіметке қарсы бірдеңе жазып жіберер» деп ескертетін..», – деп сұхбат берген екен. Қазіргі таңда Ләмиғаның ұлы Заур Утеев Сайқын ауылында тұрады. Ол кісі де: «Мен ол кезде бала болсам да есімде. Алманың ағасы Ғатауолла мұртты қарт еді. Қолы шебер, тасқұман, т.с. жасайды. 1952-53 жылдарға дейін Сайқында тұрды. Алманы демалтуға осында әкеледі. Алма орысша сөйлейтін. Өте сауатты. Темекі тартатын. Әкеммен «жезде» деп сөйлесіп, темекі сұрайтын еді», – дейді.

- Енді оның есімі ескеріліп, бүгінде игі істер жасалып, құрмет көрсетіліп жатыр ма?

- Шығыстың талай әйелінің өміріне араша түскен, қорған болған замана қызы А.Оразбаева жалынды еңбегімен, қасіретті қайғылы, мұңлы өмірімен өзіне ескерткіш соғып кеткен жан. Оның құрметіне туған жері бүгінгі Хан Ордасы ауылының ең үлкен көшесіне есімі берілген. Алманың ағасы Ғатауолладан тараған Оразбаевтар ұрпағы осы көшеде тұрады. Мұнан басқа Батыс Қазақстан облысының Оразбаеваның еңбек еткен жері Казталов ауданы орталығындағы жалпы білім беретін орта мектептің біріне, Жәнібек ауданында орталау мектепке оның аты берілген. Казталовтықтар орта мектеп алдына А.Оразбаеваның кеуде мүсінін орнатса, жәнібектіктер осынау тарихи тұлғаның есімін ардақтап ескерткіш тақта қойған. Жаңақала мен Жәнібек аудандары орталық көшелеріне А.Оразбаеваның есімін берген.

- Алма Оразбаеваның тарихтан бөлек, осы еліміздің гендерлік саясатындағы ықпалы қандай?

- А.Оразбаева алған білімі мен өнерін халқына қайтарып кеткен жан. Ол жас қазақ республикасының қалыптасып, жетілуіне өз үлесін қоса отырып, «жіңішке жолды» қауымның елдің саяси-экономикалық және мәдени өміріне араласуына негіз болды. Мемлекетті басқару саясатында әйелдер қауымының ролі қандай болатынына болмысымен үлгі қалдырды.

Сол кезеңдегі А.Оразбаеваның атқарған қызметі – қазіргі саясаттағы «Отбасы мен әйелдер істері», «Ана мен баланы қорғау», «Халықаралық әйелдер форумы», «Көп балалы аналарға құрмет», т.с.с. ұйымдардың жүргізіп отырған жұмыстарының түп негізі десек, артық айтқанымыз болмас.

Бүгінгі гендерлік саясаттың Қазақстан Республикасы бойынша алғашқы қарлығашы А.Оразбаева – «Қазақстан әйелдері энциклопедиясының» көшбасшысы. Бір сөзбен айтқанда оны елге қызмет етудің ғажап үлгісі ретінде ұсынуға болады.

- Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рақмет!