«XIX ғасырда Алтай өңірінде шамамен елуге жуық мешіт-медресе болған...»
08.02.2022 1706

Алтай қазақтарының тарихы исі алаштың да ортақ тарихы ғой. Осы өңірге келіп алғаш ислам дінін жайып, артына Ақыт Үлімжіұлындай шәкірт қалдырған Мұхаммед Мүһмин Хазіреттің қазақ тарихындағы алар орыны зор. Жақсы атаның тікелей ұрпағы, Мархамет Жанасұлымен әйгілі дін қайраткер хақындағы көлемді сұхбатымыздың екінші жалғасын өздеріңізге арнайы ұсынып отырмыз.


- Мархамет аға, бұл сұхбатымыздың алғашқы сауалын атаңыздың муй-мубаракты (пайғамбарымыздың сақалын) Алтайға қалай әкелгені жайында қойсам деймін?

- Бұл бір қызық әңгіме өзі. Айдаһардай манж-қытайдың иегінің астында   бір қатты жел, заманның дауылы ышқынып соқса ұшып кеткелі тұрған ислам дінінің әлі де болса әлсіздігін жақсы байқалатын.

Сондықтан 1890 жылдары қажыға жетінші рет барған жолында Стамбұлда болып, ондағы діни ғұламалармен сөйлесіп, өзінің ислам дінінің кемелденуі үшін істеп жатқан ісіне көмек сұрайды ғой.

Осман империясының (Түркия) Сұлтаны және Дінбасы хазіретімен болған мәжілісте Мұхаммед Мүһмин өзінің терең білімді, үлкен күрескер екенін дәлелдеп, ҚХР Шыңжан Алтай бетіндегі қазақтар қытаймен іргелес өмір сүретін ислам әлемінің ең солтүстік шығыс шебінде, шекара шетіне қорған болатын жұрт екенін, яғни бүгінгі тілмен айтқанда геосаяси маңызды ахуалын дұрыс түсіндіре алғандықтан өзін де, халқын да таңғажайып сыйлыққа кенелте алғаны байқалады. Бұл туралы Ақыт қажы өлеңдерінде де нақты деректер бар.

Осылайша ғажайып бір оқиға болып, Стамбұл ғұламалары хазіретке «муй-мүбарак» ашуына көмектесуге уағда беріп, оны келесі жылы қажыға келген адамдардан қалдырмай беретін болып келіседі. «Муй-мүбарак» дегеніміз пайғамбар Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйнек құмыраға салған мұрты еді. Ислам дінінің мейрам күндері (ораза айт, құрбан айт күндері), пайғамбардың дүниеге келген, о дүниеге кеткен күнін еске түсіретін кезде пайғамбардың мұрты салынған құтыны жұрт көзіне басып, ислам дінінің қадірлі пайғамбарын еске алып, оған салауат айтты.

Мұхаммед Мүһмин осы сапарынан Алтайға қайтып келгеннен кейін, келер жылы алып келетін «муй-мүбаракке» арнап 1898 жылы Қыран бойынан «Ақмешітті» салдырып, оған арнайы «муй-мүбарак» күмбезін орнаттырады. Мешіт қызметі қарбалас жүріп жатқан осы жылы Мұхаммед Мүһмин өзінің жеті ұлының ішіндегі ең алғыр, зерек, мұрагер болар зейінді деп таныған кіші ұлы Мұхаметқали (Мағсұм қажы) мен адал да құнытты үлкен ұлы Қалиолла имам (Нұрмұхаммед) екеуін қажыға жіберіп, қайтар жолында Стамбұлдан «мүй-мүбаракты» алдырады.

«Мүй-мүбарак» қысты күні Ақмешіттегі «мүй-мүбарак» күмбезінде сақталып, жазда арнаулы жасатылған киіз үйге қойылып, күзетіліп, көшкен елдің жағдайына қарай он екі айда Алтайдың жонына шығып, ойына түсіп тұрады.

Мүй-мүбарак» әр жылы ораза айт пен құрбан айт және пайғамбардың туған күні Хазірет атаң ауылында ашылып, мәуліт оқылып, ат жетер жердегі қазақтар таңнан келіп «мүй-мүбарактың» ашылуын күтетін. Ақыт қажы бұл оқиғаны былайша жырлайды.

 

Күзетті мүй-мүбаракты күмбез салып,

Шатланды ең ғашлықтың кеңін алып.

Сұлтаннан мұндай қайыр көрген бар ма,

Талай жан Ыстамбұлға жүрген барып...

 

Жаранлар, ұғып тыңла мына сөзді,

Керемет ұясынан шайтан безді.

Қай патшалар мұндай шен берген екен,

Талай жан шейхпін деп жиһан кезді?

 

Ақмешіт бітіп, «Мүй-мүбарак» тұңғыш ашылған күні жұрт көп жиналады. Алтайдың Жеңісхан гүңі мен төрт бидің орнынан арнайы келген әр елдің, әр рудың білікті-білікті жерлерінен қадау-қадау шақырылған қонақтардан сырт Қыран, Ертіс бойындағы қалың ел жапырыла келеді.

 

- «Мүй-мүбарактың» ашылғанын Алтай жұрты қалай қабылдады екен?

- «Атаң ауылында «мүй-мүбарак» ашылады екен» деген дақпырт жаз бойы Өр Алтайдан тартып төменгі Алтайға дейінгі төрт би төреге қарасты елдің аузында, оттың басында, малдың қасында, отардағы қоста, ойдағы ауылда жұртты өзіне тартқан таңғажайып сөз болып, ел таңырқасып, таңдай қағып тыңдайды. «Мүй-мүбарак» ашылған күні Алла-Тағаланың ырыздығы шашылады. «Мүй-мүбарак» аталған – пайғамбардың мұрты салынған құмыраны көзіне сүрткен адамдар тіріде жиғанды, ақыретте иманды болады екен, – деген діни сенімнен шыққан сөздер желдей есіп, батыстан шығысқа, шығыстан батысқа, Алтайдың күн бетінен теріскейіне, бірінен бірі асқан дәріптемелер қайшалысып, қалың қауымға бөгетсіз тарап кетеді. Әсіресе, молдалар, дінқұмар сопылар арқылы ауыл үлкендеріне жетіп, тілек үстіне тілек етіседі.

Күн бұрын дақпыртын естіген қауымға сол «мүй-мүбарак» арқылы әлемдегі бақыт құсы Алтай еліне жапырыла ұшып келіп қонатындай сезілетін. Міне, сол бақыт есігі бүгін ашылмақшы. Қазірет ауылындағы түнімен жиналған қалың қара нөпір топ таң атып, күн көтерілген сайын әр жерден, әр тұстан топ-тобымен, жік-жігімен келіп жатқан қауыммен молая береді. Таң намазының шақырылуымен Ақмешітке сеңдей ағытылған жұрттың көбі сол мешіт маңынан қайтпайды. Күн көтеріліп, жұрт жиналып болды-ау деген мезгілде «мүй-мүбарак» ашылғаны жарияланып, салауат айтылып, Хазіреттің үлкен ұлы Қалиолла (Нұрмұхаммед) имам жағынан «Мүй-мүбарактың» қадір-қасиетін таныстырады. Бұл арабша сөйлесе де жиналған жұрттың көбі сөзін ұқпағанымен жұмысы болмай, әйтеуір тіріде жиған, өлгенде иман беретін қасиетті мұртты көруге асығады.

Хазірет адамдары бір кезде мешіт алдында халықты қатар тұрғызып, мешіт есігі алдындағы жаңа жасалған сөре тақтайдың ар жағында тұрған хазіреттің алдынан өтуге тәртіптестірді. Басына ақ сәлде салған, үстіне батсайы шапан киген көгілдір көзді, орақ тұмсықты, ұзын бойлы, сәл еңкіштеу біткен Хазірет жеңі ұзын шапанынан жіңішке арық аппақ саусақтарын шығарып, кіші ұлы Мұхаматқали қос алақанына қойып көтеріп келген сандықтың бетін ашып, маңдайын сандыққа басып, тәуап етіп, сандық ішіндегі құтыны қолына алғанда, алдыңғы қатарда тұрған Хазірет тұқымы шуласа күбірлеп, көздеріне жас алып, дұға қылысады. Екі тарабы бітеу, жіңішке, пияла құты жұртшылыққа бір көрсетіліп, қайта Хазіреттің жеңіне жасырылғанда жақын тұрған бір неше адам ғана оның ішінде төрт-бес тал қоңыр сары түсті адам мұрты тектес қылды байқады. Осыдан кейін басқа тізілген жұрт бір-бірлеп тәртіппен хазіреттің қос қолына қос қолдарын тигізіп, екі басын мықтап ұстап тұрған хазіреттің қос жұдырығы арасындағы пиала құтыны көздеріне сүртіп өтіп жатады.

Барлық жұрт Алладан көңілінде сақталған өмірдегі кем-кетігін толтыруға тілек тілейді. Біреулер мал-бас тілесе, біреулер атақ-абырой тілейді. Адам баласында төрт тарабы сай келіп, төр аяғынан тең басқан адам болған емес, өйткені адамда арман-тілек таусылып, көңіл құсы қайта айналып, тұғырына қонып көрген емес, бірақ, әр кімнің арман тілегі өзі шыққан тұрғысы, өзі қонған тұғырына қарай әр түрлі ғой. Мынау төре мен төрт бидің өз тілегі, өзінің жетсем деген арманы өз алдына, көкжал бөрі секілденіп, жүнін қампитып, сыртқа сыр бермеймін дегенімен олардың да өз көңілдерінде жетпей жатқан кем-кетігі, шыға алмай жатқан биігі, толмай жатқан ортасы бар-ды. Біреулер дәулет тілесе, біреулер ұрпақ тілейді, біреулер мансап, абырой-атақ тілесе, жоқшылық, тапшылықтың зардабы өткен адамдар дән-ырыздық тілейді.

Алтай, Сауырдан бас қосқан қалың тілектің ошарылып, ақ мешіттің алдында Хазірет қолындағы көгілдір құтының ішіндегі қасиетті мұртынан жақсылық, пәрмен тілеп жатуы Хазіреттің абройы мен атағын тіптен тік көтеріп әкетеді. Күллі мұсылман баласы күніне бес рет Қағбаға бас қойса, бүкіл Алтай халқы осы бір қасиетті құтының құдыретімен Хазіретке ден қойды. Алтайдың төресі мен төрт биін өз алдына иілдірді. Хазірет Мұхаммед Мүһмин өзінің шығамын деген биігіне осылай шықты. Мұхаммед пайғамбардың жүз-дидары секілді «муй-мүбаракті» осынша қауымның көзі өзінің екі алақанының арасынан көре алуы Хазіреттің орынын Қаратаудай биіктетті. Ол халықты намазға шақыратын мешіт имамы ғана емес, қайта пайғамбардың өз дидарын қолына ұстаған ислам дінінің Алтайдағы піріне айналды. Жоқ-жітік, кәріп-кәсір, жетім-жесірден тартып, бай-манап, би-төре құрметтейтін пірге айналды.

Міне, Мұхаммед Мүһмин ел алдында осы беделге келген кезде Алтайдың төрт би төресі өздері басып отырған құзіреттерінің бір шетін Хазіретке де еріксіз бастырды. Алтай өңірінде ислам діні үкім шығаратын қазылық орынға көтеріліп, ел ішінің дау-шарында дін сотын ашып, жесір дауы, жер дауы да ислам діні шариғатымен басқарыла бастайды. Осыдан кейін Алтайдағы дін ордасы болған Хазірет ауылы – «Хазірет атаң ауылы» атанып, беделі асып, ендігі жерде ислам дініне қазақтың білікті орындарының барлығы да ден қоя бастайды.

 

- Алтай өңірінде содан кейін сандаған мешіттердің бой көтеруіне де осы оқиға көп әсер еткен секілді ғой?

- Оныңыз рас. Осылайша дін орныққан соң біреулер құдайшылдығымен мешіт салдырса, енді біреулер атақ-абыройға бола қара таласып мешіт салдыра бастайды. Сөйтіп ХХ ғасырдың басталуымен тең Алтай елінде мешіт салу бәсекесі басталды. Әр тайпа, әр ру, әр атадан шыққан дәулетті ел иесі адамдар өз алдына мешіт салып, жамағатты бес уақыт намазға шақырса, ішінара саналы, көзі ашық адамдар мешітке қоса медіресе салдырып, бала оқытып, мұсылманша сауат ашуға кіріседі. Сол кезде Алтай-Сауыр көлемінде ілгерінді-кейінді елу неше мешіт салынып, әр мешітке имамдық еткен имамдар өз хал-жағдайларына қарай бала оқытып, молда жетістірді. Бұл мешіттің ішіндегі беделі зор мешіттер Көктоғайдағы Ақыт қажы мешіті, Бітеуіргедегі Мәми бейсі мешіті, Сауырдағы Жәке би мешіті, Ертістегі Жақып амбы мешіті, Тасбикенің Ақарал мешіті, Буыршын бойындағы Өміртай мешіті, Ертіс бойындағы Тоқбай мешіті, Қабадағы Дабы мешіті, Балбағай мен Күртідегі Қуанбай қажы мешіті қатарлы мешіттер болды. Осы мешіттердегі үлкен медіреселер: Бітеуіргедегі Абақия медіресесі, Сауырдағы Жәке би ашқан медіресе, Көктоғайдағы Ақыт қажы медіресесі, Ақмешіттегі Атаң аулы медіресесі болды.

 

- Атаңыздың әулиелігі жайында да ел ішінде аңыздар көп?

- Хазірет ата Мұхаммед Мүһминнің пір, ишан, қазы болумен бірге елінің бақыты үшін Аллаға жалынып, дұға қылып, алдына медет сұрап келген мұсылманның қырсығын арылтып, жолын ашатын батагөй әулие болғаны ел арасында күні бүгінге дейін аңыз-әпсана болып айтылып келеді. Бұл туралы әсіресе шәкірті Ақыт қажы ақын тамаша жырлар қалдырған. Әуелі Ақыт ақынның дін жолына келуіне де түсінде Хазірет ата аян беріп, пендешілік тірліктен тыйылуға шақырғанымен байланысты болады.

 

Бір күні түске кірді Хазірет атаң:

«Күнаһар асып кетті қылған қатаң.

Тәуба қыл, жамандықтан, әй, бишара,

Берейін қабыл көрсең енші батам!

 

Жүзіқара ойланып бақ, ісің қиын,

Ұял, алда – ораза, махшар ұлы жиын!»

Ұйқыдан оянып ап бұл қалай деп,

Көңілге құп көріп түсті түйін...

 

Ықыласпен пірге кірдім іздеп барып,

Қайғырып қалған шығар шайтан налып.

Кінәсі көп жазған деп күнәламай,

Пірім де қабыл көрді қолымды алып.

 

Жазғы ыстықта Хазір ата бір топ нөкерлерімен Қашқарияға сапарға шығады. Олар келе жатып шөлде, бір қағыр жерде қоналқаға келгенде су таба алмай, адамдары мен малдары қаталап қиын жағдайда душар болады. Олар қатты абыржып, шулап, не істері білмей дал болып, шарасыз халге тап болады. Сол кезде Хазірет ата Аллаға жалынып, дуа жасап, нөкерлері қазған жерден су шығып, олар суға қанады.

 

Құдайдан көп тіленіп қылды дұға,

Жаранлар, әр қажетті хақтан сұра.

Ғазиздің мінажаты қабыл болып,

Шұқыған қағыр жерден шықты тұма.

 

Хазірет ата Меккеге қажы сапарына алтыншы барған жолда Арафаға шығарда әуе айналған шіліңгір ыстық аптап болады. Қиындыққа тап болған мұсылмандар дұға қылып, жалбарынып, күйзеліп кетеді. Бір топ мүмин кәрі ишаннан бата алуды жөн көріп, оның алдына келеді. Тағы да Ақыт қажы былай дейді.

 

Алладан көп тіленіп дұға қылды,

Әумин деп келген жұрттар тілеп тұрды.

Сол кезде көк жүзінде бұлт шығып,

Салқын боп жер жүзіне жаңбыр құйды.

 

Бұлт шығып Ғарафаға болды салқын,

Халайық шат болдылар көңілі жарқын.

Дұғасы керей ишан қабыл болдып,

Сақтады Тәңірім солай хажы халқын.

 

Бала кезімізде әжемізден «Жанас атамыздың бабасын елдер неге «Хазірет ата» деп айтады? Ол кісінің қандай қасиеті болған?» деуші едік. Сонда әжеміз «Бұл Жанас баламның қасиеті зор, оның әкесі Амбы үлкен молда боп, ақыры ұсталып атылып кеткен, ал бабасы әулие болған. Бірде Хазірет ата қарағай дөңбектерді қидырып даярлап, мешіт салдырыпты. Мешіттің төбесін жабарда шеберлер мәтшаға арнаған дөңбекті бір қарыс кем кесіп, содан төбені жаба алмай, әуре-сарсаңға түседі. Ақыры мұны Хазірет атаға айтады. Сонда Хазірет атаң жігіттерді демалдырып, өзі бір ұзақ дұға оқып, бетін сыйпайды. Содан «Кәне, балалар келіп, енді бір көтеріп көріңдер» дейді. Құрылысшылар келіп көтерсе, дөңбек межелі жерге артығымен жетіп, төбе толық жабылған екен» деп әңгіме айтқанда біз көзімізді ашып-жұмып, таң-тамаша болушы едік.

Әйгілі ақын, сөз зергері, шежіреші Шынай Рахметұлы да өз әулетінің, шаңырағының бақытқа кенелуін Хазірет атамен байланыстырады екен. Қаламгер ағамыз былай деп жазады.

«Хазірет атаң медресе ашып, ұстаздық етеді, дау-шарға діни шариғат жолымен үкім айтатын әділ қазыға айналады. Ол кісінің және мұрагер ұрпақтарының бет-бедел, қадір-қасиеті дәрежесі ең асқақ төрелерден – Көгадай ұрпағынан кем түспейді, екінші жағынан оған сүйенген төрелердің орны бекемдене түседі. Тіпті төрт би мен төренің алдында бітім таппаған даулы мәселені Мұхаммед Мүһмин Хазірет шешетін болған. Сондай жоғары ардаққа ие болған Мүһминді халық «Хазірет ата» деп қадірлеп, ол кісінің әулетінің атын атаудан да қаймығып «Хазірет атаң ауылы» деп атайды. Біздің керей елі Хазіретті әулие тұтып, Абақ апа, Ер Жәнібек, Байтайлақ батырдан дәрежесін түсірмей құрметтеген. Оның атын да атамай: «Хазірет атаң», «Атаң ауылы» дейтін. Аллаға шүкір, мен өз жанұямдағы бармақтай бақытты да осы ауылдың қасиетінен бөлек санамаймын. Өйткені алғаш отау болғанымда сол Хазірет атаң немересі жоқ қарап жүрген Қабылтай ақсақал әкеме жолыға кетіпті де, әкем оның асығыс екеніне қарамай, қоярда қоймай «Сіз Хазіреттің, әрі айтсақ, Алланың арыстаны Қалидың ұрпағысыз, жалғыз ауыз ықылас айтып беріңіз»– деп ақсарбас қойға бата істеткен еді. Бас иемін, ей, Алла-Тағала, оларға да иман бер, бәрімізді жарылқай гөр», – деп жазады.

Хазірет ата тоқсан үш жасында қайтыс болғанда Ақыт қажы жоқтау шығарып, өткен жылы жүзін көріп дидарласқанын, биыл сәлемдескелі келе жатып қазаны жолда естігеніне, қолдан сусын бере алмағанына қапаланып өкінеді:

Он екі керей абақты,

Түзу жолға көндіріп.

Үйреткен үлгі сабақты.

Керейдің ішін түзетіп,

Жыртығын құрап жамапты.

Меккеге бастап хақ жолға,

Аямай жанын ақ жолға,

Мағлұм қылған дін жолға,

Құрып дүкен санатты...

 

Ақыт қажы өзіне ұстаз болған ишанның ислам діні жолында халқына адал еткен қызметтеріне тоқталып, оның ұлағаты жалғаса беретініне сенім білдіреді. Болжамсыз қайғы қабырғасын қайыстырғандықтан «Тиянақ пірі кеткен соң, керейдің күні тар шығар» деп те налыйды. Алайда ғұлама ақын ұлы ұстазының таңғажайып қызметтерді жемісті атқарып, елдің жүрегінде өшпес орын алғанын, мұратының мұнарасы асқақ екенін көңіліне медеу етіп, халыққа басу айтып, Хазірет атаның сайрап жатқан іздері ұрпақтарға әрдайым сауап пен имандылық шұғыласын шаша беретінін мадақтап, мақтан етіп, көңілін жұбатып, қайраттанады:

 

Мой-мубарак шығартып,

Сұлтанның тиген қайраны.

Мешіт салып, дін ашып,

Тигізген жұртқа пайданы.

Керей түгіл қол берген,

Бала болып үш жүздің,

Арғын, үйсін, найманы.

Шариғат жолын күзетіп,

Тарихат жолын түзетіп,

Халқын бастап хақ жолға,

Қойдай күтіп жайғаны.

 

- Бұл кісінің ең әйгілі шәкірті Ақыт Үлімжіұлы ғой. Атаңыздың дін қызметіндегі жанкештілігі де осы кісінің өлең-жырлары арқылы исі қазаққа мәлім. Ақыттың өзі де қажылыққа бірнеше рет адам бастап апарды емес пе?

- Ақыт ақын 1906-жылы мұсылмандық парызын өтеу үшін Меккеге сапар шегеді. Бір топ қажы қазіргі Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының Делүүн деген жерінен ақ сапарын бастайды. Ақыт ақын Жайсаң, Семей, Омбы, Пенза, Одесса, Измир, Бейрут, Шам, Мекке, Мәдине, Иерусалим қалаларында болып, Ресей, Түркия, Сирия, Сауда Арабиясы елдерінің хал-ахуалын көзімен көріп, 1908-жылы ауылына қайта оралады. Ақыт қажы бұл сапары жайын «Қажыбаян» дастанында толық баяндайды.

 

Ол күні Сақсай қондық содан барып,

Қажылар мені жүр деп ауызға алып.

Сол жерде «жүремін» айтып салдым,

Не мерей табамын деп жолдан қалып...

Қош деп барып айтуға уақыт тар,

Ғарафаға жете алмас қаупіміз бар.

Алыста атам қалды, өлім жақын,

Мен пақырға бір Алла бола гөр жар.

 

Бұл арада Ақыт ақын құдай жолында сапарға аттанушыларға ілесіп Сағсайға барып, сол жерде қажыға барушылар қолқа салған соң, қажылыққа төтеден қосылғаны анық болып отыр. Сонымен бірге тұтқиылдан шешім шығуына байланысты туыс-туған, отбасы, бала-шағаларымен қоштаса алмағаны тағы да мәлім. «Бала-шағам тапсырдым, патша құдай, кетіп ем бір сипамай маңдайынан» деп қиналған ақынның айтып отырған атасы, ұлық ұстаз, пірі – Мұхаммед Мүһмин хазірет атаның әзиз аруағы.

 

Барамыз ұзақ сапар, алыс жерге,

Құдайым кез қылмасын қайғы-шерге,

Атамыздан біз үшін рұқсат сұрап,

Күдері аға бара гөр біздің елге.

Молла Сыдық, Күдері оған барсын,

Балаңа дұға қыл деп хабар салсын...

 

Осылайша ел-жұртымен қоштаса алмай сапарға аттанған Ақыт ақын ерген бір топ мұсылмандар Өскеменге жетпей жолда Тесіктас, Көкқой деген жерде Ертістен өтетін кеме күтіп, оншақты күн орыстың пәтерінде қамалады. Сонда пір атасының рухынан бата алмай аттанғанына налыған ақын былай деп Хазірет атаны еске алып, жалбарынған екен.

 

Сол жерде түске кірді қалған шалым,

Ұйықтасам көз алдымда елдің бәрі.

Япырмай, ризалықты берсе екен деп,

Неше күн болып жүрді көңілім жарым.

 

Атамнан кеттім ауыз рұқсат алмай,

Мұны ойласам кетеді сабырым қалмай.

Байтолла, Расул- алла, екі Харам,

Пақырың шыдамады соған бармай.

 

Жаранлар, он екі абақ, керей елі,

Алтай, Сауыр, Боғдада тұрған жері.

Сол елдің баршасына тағылым жайған,

Мұхаммед Мүһмин ишан – діннің кені.

 

Керейде Хазірет атам, ұлық пірім,

Мұхаммед Мүһмин ишан жарықтығым.

Керейге дұғаң тиген қорған едің,

Қабіріңе бара алмастан –кеткен мінім.

 

Ақыт ақын – өз ұстазы әрі пірі Мұхаммед Мүһмин хазіреттің өнеге өсиетін өміріне ұстаным етіп, мешіт салып, медресе ашып, хақ жолынан таймаған ғұлама ақын. Ол Хазірет атаның дарынды шәкірті, әрі жолын қуған нағыз күрескер діни қайраткер бола білді. Ақынның қиын сапарда ұстазының есімін аузына жиі алып, аруағына сыйынуы Ақыттың парасатты қызметі ишанның мұратымен біте қайнасып, Хазірет атамен рухтас болып кеткендігінің анық белгісі деуге әбден болады.

                                                        

- Мархамет аға, тұщымды әңгімеңізге көп-көп рахмет!

 

                                                                          (жалғасы бар)