1901 жылы Павлодар қандай болды. 2-бөлім
01.02.2022 1837

Халықтың жалпы санағына сәйкес, Павлодар қаласында, қала маңындағы Коряковская ауылының тұрғындарын қоса алғанда, 7730 адам, оның ішінде 4160 ер адам және 3570 әйел адам болған. Қалада негізінен казактар, қазақтар, татарлар және 19 ғасырдың басына қарай Павлодар халқының аз бөлігін құраған сырттан келген элемент тұрған. Халықтың көп бөлігін казактар құраған. «г. Павлодар Семипалатинской области» («Дорожник по Сибири и Азиатской России», 4-кітап) очеркінде айтылғандай Павлодардың казактары «өте ынтымақшыл және өздеріне туыстас болып келетін дон казактары аса ұқсаңқырамайды; қабылетті болғанымен, өте жалқау, сылбыр және бір бейқам халық». Казактардың барлығы дерлік диқаншы және бақуатты өмір сүреді, бірақ соған қарамастан, «жалқаулық пен бейқамдық» әрбір казактың әдеттегі қасиеті».


Павлодар казактары жылқыны қатты қадірлеген. Әр казактың үйінде кем дегенде он бас жылқы болған, ал желісті жылқыларды олар тіптен ерекше жақсы көрген. Жақсы жылқыны иемдену үшін казак ақшасын аямаған. Сонымен қоса казактар ішімдік ішу мен көңіл көтеруді де жақсы көрген, сол себепті де қандай да бір өнегеліктерімен ерекшеленбеді. Олар өздерін көрсеткенді, қайсарлықтарымен және жігітшіліктерімен көзге түсіп, әсіресе қазақтардың алдында «мақтанып қалуға» кет әрі емес еді. Соңғыларымен олар атқа салт міну жағынан үнемі бақталастықта болды, сол себептен де олар өзара жарыстар ұйымдастырып тұратын, бұл жарыстарда кейде қазақтар, кейде казактар жеңімпаз атанып жататын. дар кезектесіп қазақтар немесе казактар болды. Жүйткіген сәйгүліктің құлағында ойнап «түрлі қулық-сұмдық пен айла-шарғы» жасау жағынан казактарды тіпті цирк шабандоздарынан кем түспейтін қазақтың нағыз шабандоз жігіттерімен салыстыратын. Казактар ​​жастайынан қазақша сөйлей алған, тіпті кейде бір-бірімен де осы тілде сөйлескен. Жалпы казактар мен қазақтар бір-бірімен сыйласып, тату тұрды.

Қалада қазақтар мен татарлар орыстар сияқты үйлерде тұрды, бірақ кейбіреулері, әсіресе қазақтар қаланың шетіндегі жертөлелерде тұрды. Олардың үйлері біріне бірі ұқсас болды.

Татар үйлері жақсы әсер қалдыратын. Олардың үйлері бай және әдемірек, әрі оларда тәртіп пен тазалық көбірек болды. Қалада қазақтар сияқты татарлар да аз болған жоқ. Татарлар өте бақуатты өмір сүрді, оларда әрқашан бірнеше бас жылқысы мен ірі қара малы болды, олардың араларында бай көпестер мен мал сатумен айналысатын байлар да болды. Соңғылары қазақтардың арасында да кездесетін, бірақ қалада мал саудасымен айналысатын қазақ саудагерлері аз болды. Өйткені олардың көбі қырда тұрды, сол жақта үйір-үйір жылқы мен табын-табын мал ұстады. Қалада өз діні мен тілін сақтап қалған, бірақ орыс тілін жетік меңгерген орыстанған қазақтар өмір сүрді. Қалалық қазақтардың арасында орыс бастауыш мектептерінде, мұғалімдер семинарияларында, сондай-ақ фельдшерлік және ветеринарлық мектептерде оқыған, тіпті билей алатын, қоғамдық жиналыста болғанды және карта ойындарын ұнататын және кейде, дәлірек айтқанда, өте сирек жағдайларда орыс киімін киетін зиялы қауым да болды.

Айта кету керек, қазақтар өздерінің ұлттық киімдері мен әдет-ғұрыптарын жоғары бағалаған және олардың ішінде татарлар сияқты өздерінің ұлттық әдеттерінен бас тартуы сирек кездесетін. Қазақ неғұрлым бай болса, оның киімдері мен бас киімдері соғұрлым сәнді болды. Олардың сүйікті киімдері жібек немесе жүн матадан тігілген оюлы немесе гүлді түрлі-түсті шапан, сондай-ақ қымбат бұлғын немесе ақкіс терісінен жасалып, қымбат атласпен көмкерілген малақай болды.

Татарлар қазақ байларына қарағанда қымбат киім киюді ұнатпайтын. Ауқатты татарлардың киім-кешектері жағдайы төмен татарлардан аса ерекшеленбейтін. Жалпы қазақтар мен татарлар үнемі өз шаруаларымен ғана айналысып жүретін өте сабырлы, байсалды халық болған, әсіресе, көпшілігі саудамен айналысқан татарлар.

Өзіндік тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпы бар қазақтардың қалада тұруы Павлодарға нағыз далалық қаланың сипатын беретін. Далада кездестіруіңіз мүмкін дәл сол көріністі қалада да кездестіресіз: өздерінің бірегей киімдерін киген сол қазақтар, сол түйелер, сол сықырлаған арбалар. Тек далада бұл көріністі өте сирек, араға біршама уақыт салып барып кездестіріп отырсаңыз, қалада – әр қадам сайын кездестіресіз.

Мұнда тұрақты тұратын қазақтардан басқа, күндіз қалаға қырдан және жақын ауылдардан көптеген қазақтар келеді. Қалада жалғыз жүрген қыр қазағын сирек кездестіресің, олар көбіне топ болып жүреді. Біреулері арбаның қасында қазақша жүресінен отырса, енді біреулері ат үстінде, енді біреулері өгіз, сиыр немесе түйенің үстінде отыратын.

Очеркте айтылғандай қазақ әрқашан қызыққұмар, әуес болатын. Алған әсерлерін түрлендіру, жаңа бірдеңені білу немесе жай ғана қарап көру үшін ол күн бойы атпен қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін және даланы қыдырыстап жүретін. Қазақ әрқашан емін-еркін далада жүретін: «табиғаттың нағыз ұлы ретінде, әсіресе жазда, ол не үйде, не киіз үйде отырғанды ұнатпайтын». Құлағы мен мойнына түсетін тері тымақ, мақтадан тігілген, ақ (байларда – күміс) айылбаспен белін қынаған жылы шапан, жылы, ортасына киіз салған, былғары етік – бұл қазақтың қысы-жазы киетін күнделікті киімі.  

Сонымен қатар кедей қазақтардың жағдайы сүреңсіз еді: «әрқашан суық қанды және сабырлы, жүздерінде біртүрлі немқұрайлылық бар, лас және көбінесе алба-жұлба». Жалпы, қалада қазақ өзін жайсыз, тура тордағы аң сияқты сезінеді. Қалаға ол уақытша келетін: «Далада әрі-бері шапқылаудан жалыққанда, ол қалаға келеді, қалада бір танысын немесе «тамырын» кездестіреді, онымен әңгіме-дүкен құрады, қойын немесе атын сатады да одан түскен ақшаға өзіне немесе үйдегі бәйбішесіне бірдеңе алып қайтады».

Ләпкеден бірдеңе алу үшін қазақ күні бойы саудаласады, ақылдасады, ойланады, әрі-бері қарайды және алданып қалмауын ойлайды... Бірақ қиянатшыл павлодарлық приказчиктер мен көпестер қазақтарды бәрібір алдап кететін. Қазақта ақша сирек болатын, ол көбіне «заттай» есеп айырысатын, көбінесе болашақ шөпке немесе малдан алынатын төл есебінен дүкендерден тауарды қарызға алатын. Кедей қазақтың көбі павлодарлық көпестердің біріне, кейде өзінің бай туысына қарыз болатын. Сондықтан қазақпен сауда жасаған әр адам аз уақыттың ішінде қомақты капитал жасаа алатын. Дегенмен, очеркте былай дейді:

«Қырғыз мұны біледі; ол өзін барлық жерде және бәрінде алдап жатқанын біледі, сондықтан оның өзі де алдауға қарсы емес және бұл жағдайда, егер ол қаласа, сирек қате жібереді. Бірақ, соған қарамастан қырғыздар орыстармен, әсіресе көпестермен, бір-біріне қажет екенін түсініп, татулықта өмір сүреді. Орыс көпесі қырғыздың бірінші қонағы; ол оны сыйлау үшін бәрін беруге дайын: ең семіз қойын сояды, ең жақсы жылқы етін алдына тосып, қымызын құяды...»  

1900 жылдардың басында Павлодардағы күндік жұмысшылар, тіпті кірешілердің барлығы дерлік тек қазақтар болды. Олардың көпшілігі орысша бірер сөз ғана білсе, қалғандары, әсіресе, қыр қазағы орысша бір ауыз сөз де білмейтін.

Кедей қазақ жұмысшысы қаланың әр жерінен кездестіруге болатын: ол көшір де, шабарман да болды, ол пароходта жүк тасушы да, отын тиеуші де, паромшы да болды, барлық жерде кез-келген жұмысқа жарамды болды. Бұл ең алдымен, қазақтың жұмысы арзан болғандықтан және оның күтімі де арзан болғандықтан болды. Ақыры ол ештеңе талғамайтын, күшті әрі дені сау, және қаласа, тыным таппай жұмыс істей беретін.

Пароходтар мен баржалардағы күндік жұмысшылардың бәрі де қазақтар болды. Жазда Ертістің жағасы толған қазақ болады. Жолаушыларды бір жағалаудан екіншісіне тасымалдайтын паромшылардың бәрі де қазақтар.

Павлодарда казактар, қазақтар мен татарлардан басқа, негізінен қолөнерші болып келетін, жер аударылған еврейлердің ұрпақтары да өмір сүрді. Қала шетіне, әсіресе Павлодар уезінде әртүрлі шахталар, көмір кеніштері игеріле бастаған кезден бастап, Ресей империясының еуропалық бөлігінен қоныс аударған шаруалар да қоныстанды. Бұл шаруалардың бір бөлігі осы шахталар мен кеніштерге барып жұмыс істесе, енді бір бөлігі қалада күндік жұмысшы және кіреші болып істеді.

Ал зиялы қауымға келер болсақ, қалада олар аз болды: әкімшіліктен бірнеше адам, екі дәрігер, бірнеше офицер, мұғалімдер, жергілікті орыс көпестері мен шенеуніктері. Бұл қоғам әрқайсысы өзінше ішкі жан-дүниесімен өмір сүрген, ошақ қасы мүддесінен аспаған бірнеше жеке-дара үйірмелерге бөлінді. Бұл үйірмелер көбінесе әртүрлі интригаларға, дау-дамайлар мен өсектерге толы өзара дұшпандықта болды.

Жалпы, соңғы 3-4 жылда Павлодар жандана бастады. Біріншіден, Батыс Сібір пароходствосы және сауда серіктестігінің құрылуымен Ертіс бойымен жолаушылар және тауар қозғалысы айтарлықтай өсті, бұл Павлодар саудасына да бірден әсер етті. Екіншіден, соңғы екі-үш жылда Павлодар қаласының төңірегінде жаңадан құрылған «Воскресенск кен-өнеркәсіп қоғамы» басқаратын көмір шахталары кең көлемде кен игере бастады. Осы мақсатта Воскресенская пристанынан Екібастұз көмір кеніштеріне дейін 110 верст темір жол желісі де жүргізілді. Кәсіпорын көмірден басқа, мыс, платина және т.б. әртүрлі рудаларды да игерді. Бұл қоғамның ашылуымен қалаға әр жақтан жұмысшылар мен қызметкерлер ағылып келе бастады. Сауда өсті, азық-түлік бағасы көтерілді, пәтерлерге сұраныс артты, бұл олардың бірден қымбаттауына әкелді.

Павлодардың көптеген тұрғындары мал және тері саудасымен, астықпен айналысумен қатар, тұз өндірумен де айналысты.

Павлодар уезінде табылған тас көмір кені байлығы, мыс және басқа да кен орындары, Ертіс жағасында орналасқан ыңғайлы айлақ, Омбы, Семей және Семей облысының жақын қалаларымен сауда қатынастарының болуы, осы өлкедегі тау-кен өнеркәсібінің ірі орталығы ретінде Павлодарға жарқын болашақ болжады. Көшпелі өмір салтынан бірте-бірте бас тартып, біртіндеп отырықшы өмір салтына көше бастаған кейбір қазақтардың арасында ақырындап егіншілік жайыла бастады. Осылайша, 1901 жылға қарай Павлодар астық нарығының орталығы болмаса да, уақыт өте келе бұл жағынан да ойып тұрып орын алуы болжанды.