Мұстафа Шоқайдың түрікшілдік идеясы
20.01.2022 2480

ХХ ғасырдың басында Түрікшілдік идеясы христиандарға орыстандыру саясатына жалпы панславизмге қарсы жүргізілген бір идеологиялық саясат ретінде көрініп отыр. Бұл идеологияның астарында  «ортақ шығу тегі бір» бүкіл дүниежүзілік Түріктерін сыртқы қауіптерге қарсы одақ құру идеясы жатқан болатын. 


Ландау Түрікшілдікті бір «өнертабыс» деп сипаттай келе, оны білімсіз халықтарға түсіну қиын болғанын да атап өтті. Алайда Зенковскийдің көзқарасынша Ресей тарихында Орта Азия Түріктері алатын орнының үш себебі бар. Олар: Біріншісі – патшалық Ресейден бастап, Түрік халықтары санының аса көп болуы. Түріктер Ресейдің қол астындағы жалпы халықтың 100-ден 10-11 пайызын құрап отырған болатын. Екіншісі – Түріктердің Ресей территориясындағы стратегиялық ең маңызы бар қалалар мен жерлерде орналасуы. Ал үшіншісі, 1500 жыл бойы түріктер мен славтардың бір жерде өмір сүруінің себебі олар бір-бірлеріне мәдени әсер етуінде деп түсіндірген.

Ландау болса, Түрікшілдік терминінің түп мағыналы екенін алға тарта отырып, идеяның кейбір тұстарын Панславизмнің көшірмесі екенін де жоққа шығармаған. Осыған орай, Түрікшілдіктің негізін қалағандар қолдау білдіргенде ғасырлар бойы Ресейдің қол астында болған түріктер оның ішінде Татарларды ерекше күш көрсеткенін атап өткен болатын.

Зенковский болса, 1917 жылға дейін Ресейдің әскери және мемлекеттік басқару ісінде жетекші болған татарлардың экономикада да басқарушы қызметте болғандарын жазған.

Бұл пікірлерден Татарлар бүкіл Түріктердің ортақ бір одақтас болуына және ең кішкентай болса да, ортақ тіл Түрік тілін қолданысқа салуға тырысқанын көре аламыз. Басқа бір сипаттамамен айтар болсақ, білім және тіл реформасы Татардың ұлтшыл зиялы қауым өкілдерін бір арнаға топтастырды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Осман империясына өз туған жерін, Отанын тастап иммиграцияға кеткен Татарлар, Орта Азия және Әзірбайжаннан келген Түрік халықтарының өкілдері бар еді. Ресейдің қол астынан шыққан бұл зиялы қауым өкілдері өте жоғары білімдерімен Түрікшілдіктің ұлттық жағынан жандануына және саяси сахнаға шығуында үлкен бір рөл атқарған болатын. Осындай идеяны ұстанған қазақ зиялыларының ішінен Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы және Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды ағартушыларды айтуға болады.


Осы зиялылардың бірі – 1917 жылғы Құрылтайда Қазақ Автономиясын қолдап сөз сөйлеген, жоғары білімді, Петербург университетін бітірген Мұстафа Шоқай болатын. Шоқайдың түрікшілдік пікірлерінің қалыптасуында студенттік жылдарында бастау алып, сол жылдарда түрік тілдес оқушылар мен зиялылардың пікірталастары елеулі рөл атқарған. Студенттік жиындар Сәлімгерей Жантөрин, Әлиасқар Сыртлановтың жұбайы Әмина Сыртланова, Сірәлі Лапин секілді Ресей мұсылмандарының көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі Вилгельм Радлов іспетті атақты орыс шығыстанушыларының үйлерінде, я болмаса Петербург мұсылмандары Қайырымдылық Қоғамында өткізілетін. Бұл жиындарға Мұстафа Шоқайдан басқа, башқұрт Зәки Уәлиди, әзірбайжандық Әли Әкбер Топчубашы, түрікмен Какажан Бердиев, қазақ Иса Қашқынбай, татар Ильяс Алкин, Сұлтанбек Мәмлиев және Мұстафа Шахқұлы сынды жастар да қатысатын.

Шоқайдың студенттік оқудағы алғашқы жылдары Ресей мұсылмандары арасында түрікшілдік ағымы тарай бастаған кезеңге дөп келді. Әсіресе, 1912 жылы Осман мемлекеті мен Болгария, Греция, Сербия және Карадаг арасында бұрқ ете түскен Балқан соғысы кезінде орыстар арасында славян одағын құру әрекеттері күшейді. Ресей бұл соғысқа іс жүзінде қатыспай, бейтарап саясат ұстанды. Бірақ орыс астанасында Балқан елдеріне қолдау көрсетіліп, ақшалай жәрдем жиналды, шерулер өткізілді. Бұл шерулерде, тіпті Стамбулдағы Ая Софья мешітінің күмбезіне айқыш белгісін қадау талап етілді.

Бұл саяси жағдай Ресейдің түрік тектес зиялылары арасында түрікшілдіктің белең алуына түрткі болды. 1912 жылдың күзінде Петербургтағы татар, қазақ, өзбек секілді түркі тектес студенттер Түркияға қолдау білдірген науқандар ұйымдастырды. Мұндай науқандар кезінде славян тектес студенттер мен аяғы ұрыс-жанжалға тірелген талас-тартыстар да болып жатты. Шоқай осы жылдарға қатысты естеліктерінде Түркия туралы жүйелі түрде жиналыс өткізіп тұру үшін Шірәлі Лапиннен рұқсат алып, оның үйінде бас қосып тұрғандарын айтады. Осындай жиналыстардың бірінде олар Түркияға деген қолдауларының шынайылығын көрсету үшін Османдықтардың шебінде Ресейге қарсы соғысу мақсатында майданға аттануға да шешім қабылдаған.

Шоқайдың Балқан елдеріне қарсы Османдықтарды қолдау іс-шаралары Петербургпен ғана шектелмеді. Ол Түркістанға, Ақмешітке барып, сол жердегі халықтан Түркияны қолдау науқандарына демеуші болуларын сұрады. Ақмешіттен Петербургқа оралғаннан біраз уақыт өткеннен кейін науқан үшін елеулі жәрдем келді. Ақмешіттік досы Садық Өтегенов халықтан жиналған алтындарды салған қоржынын арқалап, Петербургқа келіп, бұл жәрдемді Петербургтағы Осман мемлекетінің елшісі Турхан Пашаға тапсыруға көмектесуін өтінген болатын.

Бұдан бөлек Мұстафаның саяси қабілеті мен саяси көзқарастары 1916 жылы болған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы кезінде ерекше шыңдалды. Сондықтан 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін елге келіп, Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күрескен Шоқай, елдегі ұлттық қозғалыстың басты тұлғаларының біріне айналды. Түркістан ұлттық орталығының төрағасы болған ол Шура-и Ислам қоғамының да саяси жетекшілерінің бірі болды. Сонымен қатар Мұстафа Шоқай «Ұлы Түркістан» және «Бірлік туы» газеттерінің жұмысына белсене араласқан болатын.

1917 жылы қараша айында Мұстафа Шоқайдың басшылығымен Түркістан ұлттық орталығы Қоқан қаласында құрылтай өткізді. Сол кезеңде Кеңес үкіметі жариялаған ұлттардың өзін-өзі билеу туралы декларациясына сүйене отырып, Түркістан халықтарының ІV құрылтайы «Ресей Федеративті Республикасымен ынтымағы бір Түркістан автономиясын» жариялаған болатын. Ерекше айта кетерлік жайт, бұл тарихи мәні зор құрылтайға төрағалық ету Орталықтың төрағасы Мұстафа Шоқайға жүктелген болатын. Бұл – Түркістан автономиясын құрудағы мақсаты. Орта Азия халықтарының жеке-жеке республика болғаны үлкен жетістік, бірақ өктемді Ресей үкіметінің оларды бетіне жібермей, әрқайсысының дара-дара болып, қолы жеткен бостандығын жоятынын дәл әрі терең түсінген оның мақсаты қазақ, өзбек, қырғыз, түрікпен, татар және басқалардың басын біріктіріп, үлкен Түркістан Республикасын орнату болатын.

Жаңа құрылған Түркістан автономиясының Уақытша Кеңесінің және Уақытша үкіметінің мүшесі, Сыртқы істер министрі болған Мұстафа Шоқай, 1918 жылдың бас кезінде Бас министр Мұхаметжан Тынышбаевтың отставкаға кетуімен бірге Үкімет басшысы болып сайланды. Сонымен қатар 1917 жылдан бастап «Алаш» партиясына өткен Мұстафа Шоқай Алашорда өкіметін құруға да белсене ат салысты. Сондықтан 1917 жылы 5-13 желтоқсанда 2-ші жалпықазақ құрылтайы Ұлт Кеңесі – Алашорда өкімет құрғанда, Мұстафа Шоқай Сыртқы істер министрі болып сайланды. Бұл жерде, Мұстафа Шоқайдың қос үкіметте де сыртқы істер министрі болып сайлануы – оның Түркістанның тұтастығы мен түрікшілдіктің Орта Азиядағы үшін күрескенін айқындап беріп отыр.

Алайда Түркістан автономиясы ұзақ ғұмырлы болмады. Ол 1918 жылдың Ақпан айында большевиктік билік пен армян дашнактарының бірлескен күші тарапынан күштеп таратылды. Мыңдаған жазықсыз жандар құрбан боп, Қоқан қаласы қызыл қанға бөкті. Түркістан автономиясы құлағаннан кейін Ташкентте бой тасалап жүріп большевиктік билікпен астыртын күрескен Мұстафа Шоқай ұлттық майданның ауқымын кеңейту мақсатымен Ақтөбе, Уфа, Самара, Екатеринбург және Орынборда түрлі ұйымдастыру шараларын жүргізді. Әуелгіде жаңа үкіметке наразы, большевиктік билікке қарсы топтармен ымыраға келіп одақтасуды көздеген еді. Алайда отаршылдармен жаңаша күресу керектігін жіті түсінген М. Шоқай сипат-тұрпаты мен мүдде-мұраты ұлттық тұрғыда болмай толық тәуелсіздіктің келмейтінін, келсе де нық орнықпайтынын түйді. Осылайша оның эмиграциядағы өмірі осы жерден басталды.

Ұлттық мүдде үшін саналы түрде шетелге кеткен Мұстафа Шоқай Маңғыстау арқылы әуелі Түркімен жеріне, содан кейін теңіз арқылы Бакуге барады. Алайда Әзірбайжан мемлекетіндегі сол кездегі саяси ахуал тұрақсыз болғандықтан, мұнда көп тұрақтамай, Грузия мемлекетіне өтеді. Тбилисиде М.Шоқайды Грузияның саяси басшылары ыстық ілтипатпен қарсы алды. Бұл уақытта өз тәуелсіздігінен айырылған Украинаның мемлекет басшылары да Грузияда дипломатиялық жұмыстар жүргізуде еді. Мұстафа Шоқай мұнда түркі халықтары, славяндар және грузиндер арасында Кеңестер Одағына қарсы бірлескен Одақтың негізін қалыптастыратын алғашқы қадам жасайды. Мұстафа Шоқайдың айтуынша, украиндықтармен бірге жасалған бұл бағдарлама демократиялық сипатта болған. «Еркін Одақ» деп аталған осы бағдарлама арқылы кейіннен Еуропада үлкен қозғалысқа айналған «Прометейдің» негізі қаланған.

Эмиграцияда жүріп Мұстафа Шоқай халықтың шынайы еркіндігін халықаралық саяси сахнада әлемдік қауымдастыққа білдіру үшін күш салды. Ол әуелі Солтүстік кавказдықтар шығаратын “Вольные Горцы” атты апталық газетте және грузиялықтардың “Борьба” газетінде жұмыс істейді. 1919 жылдың 1 қарашасынан бастап Түркістан және Украина Ұлттық Орталығының көмегімен орыс тілінде “На Рубеже” атты тәуелсіз айлық журнал шығара бастайды. 1920 жылы Мұстафа Шоқай, Ахмет Салиховпен бірге “Иені дүния” атты апталық газет шығара бастады. Мұстафа Шоқай сол жылы алдымен аптасына бір, кейіннен екі рет шығарылған, негізгі идеясы Түрік ұлт азаттық күресін қолдайтын “Шафақ” газетін шығарады.

Ұлттық күресті шетелде жүргізу мақсатымен елінен кеткен Мұстафа Шоқай бірнеше айдан кейін «пролетариат диктаторлығынан азат етілген, тәуелсіз Түркістанға қайтып ораламын» деп ойлайтын еді. Алайда қызыл әскерлер Тбилисиді басып алған 1921 жылдың 25 ақпанында Мұстафа Шоқай шетелдегі саяси күресін Еуропада жалғастыру үшін Стамбулға кетті. Мұстафа Шоқай Стамбулда болған аз ғана мерзім ішінде большевиктердің Тбилисиді басып алуы және Тбилисидегі соңғы жағдай туралы “Таймс” газетіне бес мақала жариялайды. Басқыншы күштердің жасаған іс-әрекеттерін көзімен көрген ол Стамбулда көп бөгелуге болмайтынын, Түркістан мәселесіне қатысты ойларын бұл жерде жүзеге асыра алмайтынын жақсы түсінді. Стамбулда көргендерін және Түркия туралы түркістандықтардың көзқарасы мен тілектерін жазып, мұны одақтас күштер басқармасына берді.

Осы кезеңде Мұстафа Шоқайдың қыр соңынан қалмаған большевиктер оны қолға түсіру немесе өздеріне қосып алу үшін түрлі айлалар жасады. Оны еліне қайтып, қызмет атқаруға шақырды. Бұдан нәтиже шықпаған соң, 1920-1921 жылдары оған Түркиядағы Кеңес елшілігінде кеңесші болып қызмет атқаруды ұсынды. Бірақ большевиктердің айласымен жақсы таныс және өз елін большевизм бұғауынан құтқару үшін соңына дейін күресуге бел буған Мұстафа Шоқай алған бетінен қайтпады.

Мұстафа Шоқай Парижде өте ауыр жағдайда жұмысын жалғастырды. Мұстафа Шоқай мұғажырлықтың алғашқы жылдарында орыстың эмигрант баспасөзінде, сонымен қатар француз және поляк баспасөзінде Түркістандағы большевиктер саясаты туралы мақалалар жариялады. Мұстафа Шоқайдың 1923 жылы мамырда “Orіent et Occіdent” журналында “Ресей саясаты және Түркістан ұлттық қозғалысы” атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақаланың Еуропа баспасөзінде Түркістан Ұлттық тәуелсіздігі туралы жазылған алғашқы мақала болатын.

Осы орайда тоқталып өтерлік бір жайт, Мұстафа Шоқай түрік халықтары арасында бірлік құрылар болса, оның саяси сахнада ұранға айналдырылмай, мәдени және экономикалық бірлестік болуын қалады және «түрік федерацияларының терезесі тең конфедерация түрінде қалыптасуы мүмкін» деді. Бұл азаттық алғаннан кейін көтерілетін мәселе болғандықтан, оның дәл қандай формада болатынын келешектің еншісіне қалдырған.

Саналы ғұмырын Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін арнаған Мұстафа Шоқай 1924 жылы Түркістан ұлттық комитетіне мүше болды. 1924 жылы 23 қарашада Түркістан ұлттық комитеті атынан Берлинде өткізілген конгресске Мұстафа Шоқай, Зәки Уәлиди Тоған, Абдулкадир Инан, Абдулуахап Мұрат және Әлімжан Тоған қатысты. 1925 жылы 9 мамырда аталмыш комитеттің Еуропадағы соңғы жиналысы өткізілді. Тбилисиде 1919 жылы Мұстафа Шоқайдың тікелей араласуымен құрылған славян, грузин және түрік халықтарының одағы 1921 жылы Грузияның тарауы нәтижесінде Еуропаға қарай жайыла түскен еді. Стамбулда және басқа да Еуропа қалаларында жасалған әрекеттердің нәтижесінде эмиграциядағы орыс емес халықтардың көсемдері Польшаның көмегіне сүйенген. Ресейдің отар елдерімен тағдырлас Польша Үкіметі езілген ұлттар өкілдеріне достық құшағын ашқан болатын. Өз мүдделері тұрғысынан әрекет жасайтын алпауыт империялар сияқты емес, терезесі тең дәрежеде қатынасатын одақтас іздейтін эмигрант көсемдері үшін Польша ең қолайлы мемлекет еді.

Сонымен қатар осы кезеңде Кеңестік Ресейдің Польшаға қарсы айрықша дұшпандығы бар еді. Польшаның жасаған көмегі арқылы эмигранттарға “Прометей” қозғалысын құрудың сәті түсті. Бірнеше тілде басылымдар шығаратын бұл қозғалыстың ортақ үні, Парижде 1926 мен 1938 жылдар арасында француз тілінде үздіксіз жарияланған “Прометей” журналы болды. Осылайша, “Прометей” қозғалысы алғаш рет журналда көрініс тапты. Уақыт өте келе “Прометейдің” өрісі кеңи түсті, ол Ресей қол астындағы отар елдердің барлығын қамтиды. Мұстафа Шоқай және басқа да “Прометей” мүшелерінің ортақ іс-шаралары нәтижесінде Парижде 1934 жылы 11 мамырда “Кавказия, Түркістан және Украина халықтары достық комитеті” құрылды. Украиндық А. Шульгин төраға болып сайланған комитеттің алғашқы бас қосуында Мұстафа Шоқай төраға орынбасары болып сайланды .

Мұстафа Шоқай Парижде жүрген кезінде Түркиядағы пікірлес достарымен байланыс жасап, Зәки Уәлиди Тоған, Осман Қожаұлы және Междеттин Ахмет мырзалардың басшылығымен 1927-ші жылдың маусымынан бастап Стамбулда шыға бастаған “Иені Түркістан” атты журналдың жарық көруіне негіз қалады. Ресейдің қол астындағы түрік халықтарының және Түркістан мәселесін барша халыққа жеткізу және Еуропадағы саяси орталардан қолдау табу үшін “Иені Түркістан” атқаратын миссияның жеткіліксіз екенін байқаған Мұстафа Шоқай 1929 жылы ақпаннан бастап, Берлинде “Яш Түркістан” журналын шығара бастады.

Мұстафа Шоқайдың редакторлығымен шыққан “Яш Түркістанның” жазу жұмыстарын Тахир Шағатай мен Абдулуақап Оқтай қадағалады. Стамбулдағы “Иені Түркістанның” керісінше, “Яш Түркістан” журналы шағатай тілінде шығады және Түркиядан тыс елдерге ауып кеткен мұғажыр түркістандықтарға арналады. “Яш Түркістанда” тек қана түркістандықтардың емес, сол сияқты тәуелсіздік жолында күресіп жатқан Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Орал, Қырым, Грузия, Украина халықтары туралы да қоғамдық саяси тақырыптарда мақалалар жарияланады. Міне, сондықтан, кең тараған “Яш Түркістанға” жазылуға өтініштер Тянь-Шаньнан, Шанхайдан, Мукденден, Үндістаннан, Жапониядан, Хельсинкиден тағы басқалай өзге елдерден келетін. Әсіресе, Үндістанда үлкен қызығушылық тудырған “Яш Түркістанның” 20 және 21 сандары урду тіліне аударылып басылды. Осы орайда айрықша тоқталарлық жайт, Мұстафа Шоқайдың өз еңбектеріндегі тұжырым-пікірлерді нақты дәлелдерге сүйеніп, ресми құжаттар арқылы беруінде еді. Пьер Ренсдель дәл көрсеткендей, Мұстафа Шоқай тәсілді оңтайлы, ұрымтал әрі өте нақты қолданады.

Ол кеңестік режимнің кесірінен жүз мыңдаған Түркістандықтың құрбан болып, қырылғаны туралы дәлелдерді большевиктік кітаптардың мәтіндерінен алып, тайға таңба басқандай нақты айғақтарға жүгініп отырды. 1931 жылы Шығыс Түркістандағы Құмыл аймағында халық көтерілісінің басталуымен бірге Мұстафа Шоқай мен “Яш Түркістан” ұйымына тағы бір міндет жүктелді. Ол Шығыс Түркістан ұлттық майданын жүргізу міндеті еді. Мұстафа Шоқай Шығыс Түркістан ұлттық майданын таныту үшін Еуропаның ең үлкен мәдени және саяси орталықтарында, атап айтқанда, Париж бен Берлинде, Варшавада және Лондонда бірер конференция өткізеді. “Яш Түркістанда” Шығыс Түркістан мәселесіне қатысты маңызды құжаттар да жарияланатын еді.

Міне, Мұстафа Шоқайдың осыған ұқсас әрекеттері нәтижесінде шетелдегі түрік халықтары мен озбырлық көрген оқшау ұлттар өз араларындағы мәдени және саяси байланыстарын нығайтып, коммунизм және фашизмге қарсы басқа да саяси топтармен ынтымақтастығын арттырды. Грузин, украин және казактар белсенді түрде ат салысқан осы ұйым арқасында “Прометей” тобы жаңа сипат алды. Осы уақыт аралығында Мұстафа Шоқай асқан қажыр қайрат пен үлкен саяси біліктілік нәтижесінде Түркістан және түрік халықтары ұғымын әлемдік саясат сахнасында іргелі мемлекет деңгейіне көтере білді.