Президент бастамасындағы ел ертеңіне қатысты оң қадамдар
17.01.2022 1581

Қазақстан Республикасы өз егемендігін жариялағаннан бері, халықаралық саяси аренада өзін болашағынан зор үміт күттіретін саяси институт ретінде орныққаны белгілі. Жеткен жетістіктер де аз емес. Бұл жетістіктер тек сыртқы саяси ұстанымдар ғана емес, қоғамның ішкі топтасуы, саяси тұрақтылық, білім және ғылым саласымен де тығыз байланысты. 


Дегенмен соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономика саласында жүргізілген реформалар, ұстанымдар өзінің тиімсіздігін көрсетті. Мұның салдары жаппай наразылыққа алып келді. Әрине ежелден сөз қадірін түсініп, ұстамдылық таныта білетін халқымыздың наразылығы сыртқы күштердің араласуы салдарынан өте қайғылы жайттарға ұласты. Әсіресе тәуелсіздігіміздің алтын бесігіне айналған Алматы қаласында бұл ерекше көрініс берді. Күштік құрылымдардың араласуымен жағдай қолға алынып, ең бастысы азаматтарымыздың қауіпсіздігі мәселесі оңтайлы шешімін таба бастады. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қасіретті қаңтар сабағы: қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» атты Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі халқымызды бір мақсатқа жұмылдырып, ортақ құндылықтарға ұйыстыра алуы тиіс. Қалыптасқан ахуалды реттеу, әлеуметтік-экономикалық басымдылықтар, жарқын болашаққа жетелеуі тиіс оң өзгерістер және тағы да басқа күрделі мәселелердің шешімі осы жиын барысында айтылды деп есептейміз. Әсіресе біз үшін жақын бірқатар мәселелерге қатысты өзіндік пікірімізді білдіріп, ортақ ұсыныстар жасауды орынды деп санаймыз. Жиын барысында Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік шекара мәселесі туралы тапсырмасынан кейін «...Көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді» деген пікір білдірді. Рас ел егемендігі жылдарында, әсіресе алғашқы он жылдықта республика азаматтарының өздерінің тарихи Отанына оралуы, әлеуметтік қиындықты еңсеру үшін шетел асу сынды құбылыстар жиі байқалды. Тіпті ел экономикасы тұрақтылып, аймақтардағы ахуал ретке келсе де демографиялық ахуал, демографиялық өсім, халықтың орналасу тығыздық көрсеткіштері біркелкі емес. Бұл өз кезегінде демограф ғалымдармен қатар, тарихшылар үшін жаңа зерттеу бағытына негіз болуы тиіс. Еліміздегі аймақтар бойынша белгілі көрсеткіштерді қайтадан нақтылап қана қоймай, демографиялық ахуалды оңтайландыру, көші-қон үдерісін оңтайландыруға қатысты ғылыми негізделген ұсыныстар беретіндей ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет. Осы мақсатта ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар, ғылыми жоба жұмыстары қолға алынуы керек деп есептейміз.


Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев назар аударған өзекті мәселелердің бірі – сапалы білім мәселесі болып табылады. Сөзсіз сапалы білім – болашағын ойлаған мемлекет үшін маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Қоғамның дамуы да біліммен өлшенетіндігі белгілі. Сондықтан аталған мәселенің көтерілуі заңды. Бүгінде білім беру мәселесі көтерілгенде алдымен мектеп және мектеп мұғалімдері ойға оралатындығы жасырын емес. ХХ ғасыр басындағы ұлт қайраткерлерінің бірі Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі» деген сөзі сапалы білімнің қалыптасуы сөзсіз ұстаз ұғымымен байланысты екендігін айқындайды. Біздің пікірімізше сапалы білім тек ұстаздың материалдық игіліктерін ғана қамтамасыз етуден басталмайды. Ең бастысы ұстаз қызметін барынша еркін етіп, қағазбастылықтан азат ету ісі де маңызды. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік органдардың жұмысындағы мағынасыз хат алмасулар, қағазбастылықты сынады. Міне осы мәселені мектеп және жоғары мектеп ісіне де қатысты етіп қабылдау керек. Ол үшін арнайы зерттеу-талдау жұмыстары жүргізіліп, құжаттардың қажеттілік деңгейлерін анықтау ісі аса маңызды деп санаймыз.

Рас жиын барысында Президент еліміздегі жоғары оқу орындары, оның ішінде техникалық мамандықтарға басымдылық беруге ерекше мән берді. Мойындауымыз керек, ХХІ ғасыр технократия дәуірі болып табылады. Бүгінгі күні әлем елдерінің даму көрсеткіштері ғылыми-техникалық жаңалықтары арқылы өлшенеді. Осы тұрғысынан келгенде Президент бастамасы құптарлық жайт. Алайда бұл бастама еліміздің гуманитарлық саласы мамандарының жауапкершілігін азайтпайды. Қашанда ұлттық идеология мен ұлттық біртұтастылық, мемлекет азаматтарының бір идеяға топтасуы сынды күрделі мәселелер дәл осы гуманитарлық ғылым саласының мамандары арқылы шешімін табады. Сондықтан осы жауапкершілікті сезіне отырып, болашақтағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттарына мемлекеттік қолдауды күшейте беру керек. Мемлекеттік тіл, мемлекет тарихы, тарихи сабақтастық, бабалар аманаты сынды қасиетті ұғымдар гуманитарлық саланың да мемлекет назарынан тыс қалмауын айқындайды деп санаймыз.

Бүгінгі қоғамның ерекшелігі – құндылықтардың өзгеруі болып табылады. Осыдан бірнеше жылдар бұрын өскелең ұрпақ арасында «Отан қорғайтын сарбаз боламын» деген жалынды сөздерді жиі еститінбіз. Тіпті әскери борышын өтеуді қасиетті парыз санайтын азаматтар да көптеп кездесетін. Алайда бүгінгі таңда жастар арасында мұндай құлшынысты байқау өте қиын. Ол турасында Президентіміз «Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деген бастама көтерді. Өте орынды. Тарихқа үңілсек, Ұлы Дала жерін мекен еткен сақ, ғұн, түркі тайпаларымен қатар, Алтын Орда, Ақ орда, Қазақ хандығы сынды мемлекеттердің өрістеуі, дамуы және ұрпақтарына ұлан-ғайыр территорияны аманат етіп қалдыруының басты сыры да жауынгерлік рухпен байланысты. Тәуке ханның тұсындағы батырлар институты да сол жекпе-жек өнері, Отаншылдық, ұлтжандылықтың анық көрсеткіші болып табылады. Сондықтан тәуелсіз еліміздің өскелең ұрпағының бойында бабалар қанымен жалғасқан осы бір қасиетті дарыту маңызды міндет. Осы мақсатта еліміздің орта және кәсіптік білім беретін мекемелері, жоғары оқу орындарында әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Жекелеген жоғары оқу орындарының тарих факультеттерінде көшпелілердің соғыс өнері және тағы да басқа арнаулы курстар оқытылатын. Міне осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, барлық факультеттерге оқытылатын пәндер мен сыныптан тыс жұмыстардың ортақ оқу бағдарламасы даярлануы тиіс. Сонымен қатар әлеуметтік жарнамаларды да қолға алу керек. Мемлекеттік телеарналармен қатар, бүгінде жастар арасында ерекше қолданыстағы түрлі әлеуметтік желілерде сарбаз болу, Отанды қорғау сынды қасиетті ұғымдарды насихаттайтын әлеуметтік жарнамаларды күшейту керек деп санаймыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік» деген болатын. Рас біздің батыр бабаларымыз өткеннен сабақ алу арқылы ғана жаугершілік заманнан аман қалып, түрлі алапат қиындықтарды еңсере алды. Бабалар аманатына сай болып, бүгінгі ұрпақта «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан тиісті қорытындылар жасалып, Президент бастамасы негізіндегі реформалар өз дәрежесінде жүзеге асырылады деген үміттеміз. 

Айнагүл Қаипбаева

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к