Алтынсариннің қолжазбасы
11.01.2022 1787

Аталған қолжазба Ы.Ал­тын­­сарин қайтыс болған соң 1889 жылы Торғай облысы мек­тептерінің инспекторы А.В.Ва­сильевтің қо­лына түсіп, жарты ғасыр осы адам­ның қо­лында сақталған екен. 


Кейін А.В.Ва­сильев қолжазбаның алғаш­қы бетіне «Уникум. Тор­ғ­ай облысы мектептерінің инс­­пек­торы марқұм Ыбырай Алтын­­сариның қазақ тіліндегі қол­жазбасы 1-23 бет. Ғылыми еңбек «Начальное обучение киргиз русскому языку» атты алғашқы шығармасының 2-ші басылымына дайындалған. 1890 жылдан бастап А.В.Васильевтің қолында... Қолжазба Торғай облысы мектептерінің инспекторы Ыбырай Алтынсариннің өз қолымен жазылған. Қайтыс болуына байланысты аяқталмай қалған» деп орыс тілінде (суретте) тарихи жазба таңбалапты.

Бұл қолжазбаға 1998 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ тілі» атты энциклопедиялық ең­бектің 509-бетінде ғылыми тү­сінік беріліп, талдау жасалған екен. Осында айтылған тұжы­рымға сүйен­сек, бұл жәдігер ұлт руха­нияты тарихында тұңғыш рет орыс гра­фикасы негізінде қазақ тілінде жазылған. Екіншіден, қол­жазба орыс грамматикасы ережелеріне сай кириллица әріп­терімен транскри­пцияланып, сұрақ­тардың, сөй­лемдердің, жат­тығулардың орыс және қазақ тілін­де сөздігі берілген.

Оқулық жеті бөлімге жік­телген: 

1) Нәрселердің аттары (зат есім). Имя существительное.

2) Зат-мақұлықтың қасиетінің аттары (сын есім). Имя прилагательное. 

3) Есеп аттары (сан есім). Имя числительное. 

4) Местоимение деген сөздің бөлімі (есімдік). 

5) Ақыры өзгерілмейтін сөздер (үстеу, демеу). Наречие и союз. 

6) Предлог деген сөздің бөлімі (жалғау). 

7) Глагол деген сөздің бөлігі (етістік).

 Оқулықтың алғы сөзінде құралды қалай қолдану жөнінде әдістемелік нұсқау келтіріліп, грамматикалық ережелерді бе­руде арнайы әдістемелік мақ­сат көзделгені байқалады. Оқу­лықтың мақсаты – орыс сөзін қазақ баласына үйренудің жолын негіздеуге ұмтылып, орыс тіліндегі «он» деген есімдіктің қазақшасы «ол» екенін білгеннен кейін барып, «она», «ее», «его», «о нем» болып келетін грамма­тикалық формаларын ұсынады.

 Сондай-ақ бұл еңбекте орыс тілі мен қазақ тілі грамматика­сын салыстыра оқыту жолы қарас­тырылған. Мысалы, орыс тілінде іс-қимылдың бағыты ды­бысталуы жуықтас сөздермен берілсе, қазақ тілінде дыбыста­луы мүлдем бөлек сөздер арқы­лы берілетінін, білдіретінін кел­ті­реді: выходить –шығуға, входить – кіруге, проходить – өтуге т.б.

Бұл оқу құралы сол кезең үшін де тіпті қазіргі талап тұр­ғысынан да құнды лингвис­тикалық-әдістемелік еңбек бо­лып табылады. Сонымен бірге екі тілдің грамматикасы үйлес­тіре оқыту мәселесі де алғаш рет қолға алынып, орыс сөзін дұрыс жазуға үйрету, тіл ұс­тарту мәселелері көтеріледі. Ал­тын­сариннің оқу құралы жайлы мамандар «тіл үйренудің лингвистикалық, парадигмалық, лексикалық, семантикалық не­гіздерін тұңғыш рет жүйелеуге тырысқан туынды» деген баға беріп отыр.

Егемен Қазақстан