1900 жылы «Ақмола облыстық ведомостары» не туралы жазды
04.11.2021 2018

«Ақмола облыстық ведомостері» газеті Дала генерал-губернаторлығының ресми баспа органы болды. Ол Омбыда 1871 жылдан 1879 жылға дейін айына екі рет, ал 1880-1914 жылдар аралығында апта сайын шығып тұрды. «Ақмола облыстық ведомостары» газеті өңірдің алғашқы қоғамдық-саяси газеттерінің бірі саналды. Осы газеттің беттерінде жарияланған мақалалар мазмұны бойынша екі бөлімге бөлінді. Осылайша, апталықтың бірінші беттері ресми бөлімге, яғни Дала генерал-губернаторлығы бойынша бұйрықтарына, Ақмола облысы әскери губернаторының бұйрықтарына, «Мемлекеттік банктен» белгісі бар жаңалықтарына, сауда-саттық туралы хабарландыруларға және т. б. арналды. Ресми бөлім өңірдегі байырғы көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігінен гөрі, отырықшы халықтың тұрмысына көбірек көңіл бөлді. Сондықтан біз үшін бейресми бөлім, яғни өткен аптадағы оқиғалар туралы қысқаша жазбалар ерекше қызығушылық тудырды, онда көбіне қылмыстар үшін айыпталған қазақтарды іздестірумен байланысты жаңалықтар, сондай-ақ төтенше оқиғалар (өрттер, зардап шеккендер және т.б.) басылды. Qazaqstan Tarihy порталы «Ақмола облыстық ведомостары» мұрағатымен танысып, 1900 жылы қоғамдық-саяси газет редакциясы не туралы жазғанын баяндайды


Мәселен, 1900 жылдың 26 қаңтарында газет беттерінде кісі өлтірді деген күдікпен Ақмола облысы Петропавл уезінің Становое болысының қазағы Бақыт Қалибековтың іздестірілгені туралы жазба пайда болды (қылмыстық және түзеу жазалары туралы кодекстің 1451-бабы). Оны тұтқындауға санкция 1899 жылы 18 желтоқсанда берілген, бірақ ол жасырынып үлгерді деп болжанады. Жазбада күдіктінің белгілері де көрсетілген: «49 жаста, бойы ұзын, бүкір, шашы мен сақалы жирен түсті, сақалы сұйық, ашаң жүзді, мұрны үлкен, көзі сұр, құлағы үлкен, қалқанқұлақ, басқа белгісі жоқ».

1 наурызда Ақмола уездік бастығының ұсынысы бойынша Ақмола уезінің Ортау болысының 28 жастағы тумасы Елшібай Қойгелдин іздестірілді. Жазбада тағы да 1896 жылғы 6 наурыздағы №1297 Жарлықпен оның «Сібірдің шалғай жерлеріне» жер аударылғаны жазылған. Бұл қысқаша жазбада Қойгелдиннің не жеке белгілері, не оған тағылған айыптар жазылмаған.

Екі аптадан кейін Омбы Округтік соты Петропавл көпесі Нұртаз Макинді дәрменсіз көпес деп таныған. Мұнда борышкердің жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салу және оқырмандарға, олар дәрменсіз борышкерге қарыз талаптары туралы хабарлауы үшін, Макиннің несие берушілерін табуға көмектесу туралы үндеу айтылған. Газеттің осы нөмірінде Қара Ертіс болысының қазақтары 23 жастағы Рыспай Темірбеков, 51 жастағы Өмірбай Тоқсанов және 47 жастағы Бегімбет Әжікеневтерге іздестіру жарияланған. Үшеуін де Қылмыстық және түзеу жазалары туралы кодекстің 1641 және 1642-баптарында көзделген қылмыс, атап айтқанда тонау және қарақшылық жасады деп айыптаған. Осы кезде, Петропавл уезінің Танашы болысында өзін Жақып Жүсіпов деп атаған, орман жарғысын бұзды деп айыпталған белгісіз адамды іздестірілген. Петропавлдың өзінде жалпы сомасы 1 рубль 50 тиын болатын заттарды ұрлады деп айыпталған Әлім Сайырбаев Алинбаевты (Алинбеков) іздеген. Болар-болмас белгілері де берілген екен: «2 аршын 5 тұтам, шашы жирен». Айтпақшы, сол кездегі 1 рубльге 25 бөлке қара бидай нанын (әрқайсысы 400 грамм) немесе 14 ақ нан (әрқайсысы 300 грамм), 6,5 килограмм жас картоп немесе 20 келі былтырғы картопты сатып алуға болатын.

1900 жылдың наурыз айының соңында Петропавл уезінің Полуденный болысының тұрғыны Рабиға Айтқожина Масақбаева қайтыс болған. Хабарламада оның «шала-қазақтың» әйелі болғаны және Ақмола облысының Петропавл қаласында тұрғын үй қалдырғаны айтылған, ал бұл көшпенді қазақ қоғамы үшін қалыпты құбылыс деп айтуға келмес. Осы нөмірде Петропавл уезінің Полуденный болысы екі рет айтылады. Екінші жағдай, шоқынудан кейін Григорий Никифоров есімін алған, шоқынған қазақ Шоқат Майгелдинмен байланысты, оны Алексеевский дегеннің 300 рубльге жуық сомадағы заттарын жымқырды деп айыптаған.

Сәуірдің екінші жартысында Көкшетау уезінің 1-ші учаскесінің Бітістіруші соты Ақмола уезінің Есіл болысының шаруасы Симбиряковтан жылқы ұрлады деп айыпталған Биғожа Байгелдинді іздестірген. Есілмен көршілес Шығыс болыстығында Михель Витенсонның көпес ұлының дүкенінен шұға ұрлады деп Көшеғалы Өтепов іздестірілген. Мұнда оның белгілері де берілген: «Орта бойлы, шашы қара арасына ақ кірген, 40 жаста».

26 сәуірде «Ақмола облыстық ведомостары» петропавлдық 2-ші гильдиялы көпес Мұхамеджан Маматовтың банкроттығы туралы хабарлаған. Осы нөмірде Омбы уезі Омбы болысының №5 ауылының қайтыс болған тұрғыны Тұмамбай Мәтеновтың мүлкін бөлуді ұйымдастыру үшін оның туыстары іздестірілген. Сондай-ақ газетте Ақмола уезінің Спасск болысының қазағын, 1641 бап бойынша тонады деп айыпталған 36 жастағы Хасан Жұмабековті іздестіру туралы хабарландыру берілген.

Бір қызығы, қылмыс жасады деп айыпталған адамдардан басқа, газетте жоғалған дүние мен заттарды да іздеген. Газет пен оның оқырмандарының көмегімен петропавлдық мещанин Негмаджан Ахметжанов Ярмаков 17 наурызда 200 рубль сомасына берілген вексельді табуға үміттенген. Мынадай да жағдай болған: 


Алайда, газет көбінесе болжалды қылмыскерлерді іздеу үшін қолданылған. Мысалы, сәуірдің соңынан қазанның ортасына дейін «Ақмола облыстық ведомостарында» Шу болысындағы Жүсіп Жаназаровтың ауылына жасалған қарақшылық шабуыл кезінде тартып алынған винтовканың иелері, сонымен қатар Әубәкір Тенешов (Қарқаралы уезінің Қу болысының №3 ауылы), Қасен Туғанбаев (Петропавл уезінің Тайынша болысының № 8 ауылы), Беке Өтеулин (Көкшетау болысының №3 ауылы), Қуан Молдин (Петропавл уезі) және Байғон Ідербеков (Көкшетау уезі) іздестірілген. Бұлардың бәрі әр түрлі уақытта, бірақ бәрі де жылқы мен ер-тоқым ұрлады деп айыпталып, іздестірілген.

Сонымен қатар, өткен аптадағы оқиғалар туралы мәліметтерде «Ақмола облыстық ведомостарында» өрттер, мал өлімі туралы жазбалар жиі жарияланған. Бұл төтенше оқиғалардың көпшілігі жас балаларға қатысты болған және өліммен аяқталған.

Өрт қазақ қоғамындағы ең кең тараған проблемалардың бірі болған. Соның кесірінен мал қырылды, мүлік жойылды, адамдар қайтыс болды. Мысалы, 22 қаңтарға қараған түні Шерубай-Нұра болысының тұрғыны Омар Көпебаевтың қыстағында самауырды қайнатқан кезде аулада өрт шығып, 300 көпене шөп, 9 сиыр және 1 түйесін құртқан. Осыдан екі күн бұрын, кешкі сағат 8-де, Жабағы Құнанғариннің қыстауында (Еремен болысы) мұржадан шыққан ұшқын шөпке түсіп өрт шыққан, барлық қора-қопсы, үй, 500 көпене шөп, 30 бас ірі қара мал, 7 жылқы, 3 ешкі, 200 пұт астық және тағы басқа түрлі шаруашылық және 157 рубльге үй мүлкі жанып кеткен. Жалпы шығын 900 рубльге бағаланған.

27 ақпанға ауған түні Құсмұрын болысының Құламыс мекенінде тұрып жатқан Апперген Қөшеғұловтың ас үйі, 40 пұт бидайы, 3 киізі, қоралары, 80 қойы, екі ірі қара малы, жүз көпене шөбі және түрлі мүлкі өрт салдарынан жойылып кеткен.

Ақмола даласында өрт үнемі болып тұрған: 

9 сәуірде Омбы болысының №6 ауылының тұрғыны Бектұрған Өтеповтің қыстағындағы едендік өрттен бір ағаш және екі шым үйі аулалық құрылыстарымен өртеніп кеткен.

22 сәуірге қараған түні Петропавл қаласының 1 бөлігінде тұратын Зеренді болысының қырғызы Танабай Қарабалиннің үйінің бұрышынан неден тұтанғаны белгісіз өрт шығады, бірақ үйде тұратындар өртті бірден байқап, дереу сөндіреді, сондықтан да өрттен шығын келмеген. Өрт болған жерге жүргізілген анықтау кезінде өрттің әдейі қойылғаны белгілі болды, белгісіз біреу үйдің бұрышына тұтанған сабанның бір байламын қойып кеткен. Өрт қойған іздестірілуде.

7 сәуірде Ақмола уезінің Ақмола болысында Байтемір Темірбаевтың қыстағында түтін мұржасының дұрыс орналастырылмауынан өрт шығып, тұрғын үй-жай, ас үй және мал қорасы жанып кеткен. 85 рубль залал келтірілген.

18 наурызда Атбасар уезінің Қызылкөл болысының қырғызы Ниязбек Баймендинмен оның әйелі Бебек үйлерінде жоқ кезде ас үйде өрт шығып, ас үй, мал қорасы, түрлі дүниелеріне, барлығы 120 рубль 50 тиынға залал келтірілген.

20 сәуірде Атбасар болысының қырғызы Көпей Байғұтиннің Колутон өзенінің жағасындағы қыстағы жанып кеткен, себебі – белгісіз.

«Ақмола облыстық ведомостері»

№24, 1900 ж. 

«Ақмола облыстық ведомостері» газетінде 1900 жылы облыстың әртүрлі бөліктерінде тағы 23 өрт оқиғасы болғаны сипатталған және олардың тек біреуін ғана жиналған халық жедел сөндіріп алған. Кей жағдайларда өрттің шығуына кінәлілер анықталған. Мысалы, 10 қазанда Есіл болысының тұрғыны Закария Сәтпаевтың қыстауында мың көпене шөбі мен 150 қарағай сырғауылы өртенген. Жәбірленуші өртті әдейі қойған деп ауылдастары Қасен мен Мұсайын Төлеуовтардан күдіктенген. 4 сәуірде Ақтау болысындағы Иса Тілеубаевтың үйінде өрт шығып киіз үйі, ондағы мүлкі жанып, сонымен қоса кішкентай қызы Бәтима қайтыс болған. Тілеубаев пен әйелінің болжауынша трагедия олардың киіз үйдегі ошақ жанында отырған үш жасар ұлы Рақымжанның кесірінен болған.

Айта кетерлігі, өрт кезінде адам өлімі де жиі кездескен. Бұл жерде Шерубай-Нұра болысында 3 маусымға ауған түнде Исенбай Жусандықовтың үйінде орын алған апатты келтіруге болады, осы апатта оның екі кішкентай қызы қайтыс болған. Сонымен қатар қызылкөл болысының №4 ауылында да өрт шығып, Ұлбала Алтайбаева күйіктен қайтыс болған. Өрт тағы да 6 киіз үйге тарап, барлық мүлік жанып, сонымен қатар Бірімжан Бижановтың киіз үйлердің бірінде ұйықтап жатқан үш жасар баласы Төлеген де өрт салдарынан қайтыс болған.

Отты абайсыз қолдану құрбандарына келетін болсақ, тек 1900 жылдың қаңтарында ғана осы себептен бес жасқа дейінгі төрт бала қайтыс болған. 8 қаңтарда Еремен болысында Уайыс Итібаевтың үш жасар қызы Бағиланың көйлегі жанып, қатты күйіктен қыз бала келесі күні қайтыс болған. 12 қаңтарда ошақтағы оттан Жүсін Бисембаевтың үш жасар ұлы Ғалымжанның (Қызыл топырақ болысы) және Иса Сүйіндіковтың бес жасар ұлы Кәрімбердінің жейделері жанып, қатты күйіктен екі бала да қайтыс болған. Осындай жағдайдан 27 қаңтарда Шахмет Шоқыбасовтың төрт жасар ұлы Сыздық та қайтыс болған.

14 ақпанда Моншақты болысында қайнап тұрған самауырға күйіп Мақсұт Сапақовтың үш жасар ұлы Жайма қайтыс болды (үш күннен кейін қайтыс болды). 24 ақпанда шамнан көйлегі жанып, Сүлеймен Жүндібаевтың қызы Әди үш сағаттан кейін қайтыс болған. 27 ақпанда Терісаққан болысында үш жасар Тұрсын әке-шешесі жоқ кезде пешке жақындап, алған күйіктен келесі күні қайтыс болған. 1 наурызда Шалабай Мыңсызбаевтың үш жасар ұлы Өмірзақ қайтыс болған.

Жыл бойы отты абайсыз қолдану құрбандары тек қана өсе түскен.  

Күн райы жылынғаннан бастап суға бату жағдайлары жиі кездеседі. 1900 жылдың мамыр-тамыз айларында газет қазақтардың суда қаза болуының он жағдайы туралы жазған. 8 мамырда Баймырза-Қарасу өзенінде Сағындық Чамыкин, 7 мамырда тоғанға шомылып жүргенде Жүсіп Ақшолақовтың әйелі Даржан, 15 мамырда Ақ Тасты өзенінде Жұмабек Төлеубаев және т. б. суға батып кеткен.  


Қайғылы оқиғалар да көптеген ақмолалықтардың өмірін қиған. Мысалы, 2 наурызда Атбасар уезінің Жиделі болысынан Жақсыбай Қаржаубаев жиені Күтембай Дүйсенбинмен бірге қар астынан малға арнап күрекпен шөп қазып алмақшы болған, осы кезде Күтембай Дүйсенбаев қойларды айдап жібермекші болып, оларға қарай күрегін лақтырып қалады, алайда күрек Жақсыбайдың басына тиіп, ол үш күннен кейін қайтыс болады. 28 наурызда Қоржынкөл болысында аттан құлап 16 жасар Жолдығұл Мұстаев қайтыс болады.

10 маусымда Петропавл болысында бес жасар Нұрахмет Қасымовты басына ат теуіп, екі күннен кейін бала қайтыс болған. 1 шілдеде Ақмола уезінің Ортан болысында көшіп-қону кезінде қолындағы мылтығы атылып кетіп Байсақ Төлеубаев қайтыс болған.