Тұрсын Жұртбай туралы замандастары не айтады?
30.10.2021 1857

Бұған дейін «Қазақстан тарихы» порталында белгілі жазушы, Абай және алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың 70 жасқа толғаны туралы жазған болатынбыз. Ғалымның мерейтойына байланысты еліміздің және шет елдің ғалымдары өз ойларын ортаға салып, ізгі тілектерін жеткізді. Ал енді конференциядан бөлек ғалымның замандастары мен шәкірттері не дейді. Тұрсын Жұртбай туралы әдебиеттанушы Айгүл Ісмақова мен Әлихантанушы Сұлтан хан Аққұлы және алаштанушы ғалым Қайырбек Кемеңгердің пікірі төмендегідей.


Оқи отырыңызТұрсын Жұртбай: «Сервантестің ісін істедім»

Айгүл Ісмақова: Тұрсын Жұртбай соцреализм ақсақал ғалымдарын мойындатты.

Мен негізі Тұрсын Жұртбайдың 60, 70 жылдығына арналған библиографиялық кітаптың алғы сөзін жазған адаммын. 
Ол Семей полигонынан зардап шеккен Абралы деген қасиетті жерден шыққан. Аталған жерден Тұрсекеңнің ұстазы Рымғали Нұрғалиұлы шыққан. Сондай-ақ ол өзінің ұстазы Қайым Мұхамедхановпен кішкентай кезінен байланыста болған. Мәселен қазақ тарихы қай кезден басталады? Біздің елде ғұндардан бастап, сақ және Қазақ хандығына дейін не болды, соның бәрін тайға таңба басқандай етіп жазып берген кім? Ол Тұрсын Жұртбай.  
Тарихтан бөлек қазақтың гуманитарлық ғылымында абайтану, әуезовтану деген сала бар. Аталған ғылым саласында Кеңес үкіметі кезеңінде айтылмаған тіпті, Мұхтар Әуезовтың өзі тұспалдап, меңзеп айтуға мәжбүр болған ақтаңдақтарды Алаш мұрасы ашылған 1988-1989 жылдан бастап жариялап келе жатқан бірегей әдебиетші кім десе, Тұрсын Жұртбай деп айтар едім. 
Көзі тірісінде Мұхтар Әуезов көп нәрсені ашық айта алмай кетті. Себебі заңғар жазушымыз «Абай жолы» романын жазып жатқанда «Құнанбай мен би-шешендерді жексұрын етіп көрсет» деп талап еткен. Осының бәрінің ара-жігін ашып, халыққа көрсетіп берген бірден-бір ғалым Тұрсын Жұртбай. Семей өңірінің тумасы әрі Қайым Мұхамедханов секілді алыптың шәкірті болғандықтан, одан естіген деректерін ғылыми айналымға енгізген тағы да сол  бірегей абай және әуезовтанушы Тұрсын деп білемін. 
Мектепте оқып жүргенде «Абай» жолы романындағы кейіпкердің кім екенін анықтауға ұмытылып, «Мұхтар Әуезовтың мына кейіпкері неге түсініксіз? Қайым Мұхамедханов басқаша айтып еді, Әуезов неге былай жазды?» деп логикалық сұрақтардың жауабын іздейді. Бір сөзбен айтқанда «Абай жолы» романында «Жазушы неге басқаша жазды?» деп бала кезінен іздене бастаған.
Шын мәнінде романдағы көркем шындық пен тарихи шындық мүлде басқаша болатын. Сол өңірдің азаматтары Абай мен оның ұрпақтарының айналасында қандай әңгіме болғанын жақсы біледі. Ал оны Мұхтар Әуезов не үшін басқаша жазуға мәжбүр болғанының ішкі сырын Тұрсын Жұртбай да жақсы білетін. Ал «Абай жолы» романына қатысты даулы сұрақтардың ара-жігін ашуға ғалымдарымыз бара алмады. Себебі оны зерттеуге Кеңес үкіметі тыйым салған болатын. 
Мәселен «Абай жолы» романында жазылған оқиға мен тарихи шындық басқаша болған. Абай мен Әуезовке қатысты тарихи және көркемдік шындықты ара-жігін ашқан бірден-бір ғалым Тұрсын Жұртбай дейтінім содан. «Абай жолы» романындағы шындықты ашу біреуге ұнаса, біреуге ұнамауы мүмкін. Бірақ ол басын кесіп алса да, өзі білген шындығын құжат негізде дәлелдеп, «Әуезов пен Мұхамедханов былай айтқан» деп көпшілікке жариялады. Бұл-біреуді қаралау емес. Себебі бүкіл Семей өңірі білетін тарихи шындық пен қатар көркем шындық бар. Осы екеуінің аражігін ажыратып, теориялық тұрғыдан дәлелдеп берген көзі тірі ғалымдардың ішінде Тұрсын Жұртбайдың еңбегі ерекше.
Ғалым «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елде білім алған жоқ. Бірақ ол әдебиеттану тарихындағы ақтаңдақтарды ашудағы қара жұмысты істеп шықты. Әузеовтануда ашылуы тиіс әлі де болса деректер бар. Себебі тарихи шындық пен әуезовтанудағы шындықекі түрлі. Осының ара-жігін ашу үшін ол Әуезовты кінәламай, оның мәжбүр болғанын баяндайды. Оның технологиясын хат және стенограмма негізінде дәлелдеп берді. Тұрсын Жұртбай бір сөзді жазу үшін қаншама мағлұматтарды тексеріп барып, жариялайды. Бізде мұндай қасиет сирек кездеседі. Біреу естігенін жаза салады. Ал ол бірдеңе жазса басын кесіп алатындай дерекпен әр сөзін шегелеп отырады. 
Тұрсын Жұртбай бізге дін ислам келгеннен бастап айта алады. Абай мен Құнанбайдың мұсылмандығы қандай болды? Абай өз заманында мұсылмандықты қалай қорғаған? Қазақтарды шоқындыратын Семейде арнайы түрме болған. Патша Достевский секілді адамдарды Семейге жер аударғанда олар шіркеулерімен келген. Сол кезде Абайдың ислам дінін қалай қорғағанын Тұрсын Жұртбайдан басқа ешкім жазған жоқ.
Біздің ғалымдардың ішінде кандидаттық, докторлық диссертациясын біз сияқты жазып емес, өзінің еңбектері негізінде қорғаған жалғыз ғалым бар. Ол - Тұрсын Жұртбай. Тұрсекең кандидаттық және докторлық атағын жазған кітаптарының негізінде қорғаған. Күні кеше қайтыс болған Серік Қирабаев секілді ғалымдардың өздері «Тұрсын Жұртбай біздің көзімізді ашып жатыр» деп мойындаған. Шыны керек, біздің кеңестік кезеңде өмір сүрген соцреализм ақсақал ғалымдарын мойындату қиынның қиыны. Ал олардың мойындаған бірегей тұлға – Тұрсын Жұртбай. Екі диссертациясын да біз сияқты жазбай, кітаптарының негізінде қорғаған жалғыз ғалым. Міне ғалымның осы қасиетін айтуға міндеттіміз.
Негізі Тұрсын Жұртбай өз шығармасын өлең және проза жазудан бастаған. Жасөспірім кезінде Семей полигонының зардабын басынан кешкендіктен өзі жазған қорқынышты әңгімелері болды. Кейін зерттеушілікке кетіп өлең мен проза жазуды тастап кетті. Бірақ мен келешекте әдебиетшілер өз басынан кешкендерін жазады деп ойлаймын. Өйткені абай және әуезовтану туралы жалпы қазақтың арғы-бергі тарихын жазған адамның көркем шығарма жазбай тұруы мүмкін емес.
Тұрсын Жұртбайдың логикасы мықты дамыған. «Осы жерде тұрып жатырмыз. Бізге дейін осы жерде қандай мәдениет пен тарих болған және шайқас болған?» сұрақтарды өзіне қойып, оны жазып берді. Ғұн мен сақ дәуірінен бастап Қазақ хандығына дейін қандай ғұламалар болғанын және олардың аттарына дейін атап, қазақтың ұстанымына сай етіп берген де осы Тұрсын Жұртбай. Бір сөзбен айтқанда, ғалым абай және әуезовтанумен шектелмей қазақтың арғы бергі тарихының бәрін қамтыды деп ойлаймын.  Нақтырақ айтсам қазақ жерінде бізге дейін кімдер мекендеді және адамзаттың тарихына кірген тарихи тұлғалар кімдер болды? Осының бәрін зерттеп, жазып шыққан ғалым.
Кеңес үкіметі кезінде тарихшыларымыз бұл тақырыпқа барған жоқ. Өйткені біздің тарихшыларымыз билік пен заманның тәртібіне бас шұлғып отыра береді. Бір сөзбен айтқанда билік рұқсат етпесе жазбайды. Ал тарихи шындықты қопарып, ізденіп келе жатқан ол кезде жалғыз Тұрсын Жұртбай болды. Қазір бұл тақырыптар мектеп бағдарламасында жоқ болса да, балалар сақ, ғұн дәуірінде не болғанын жақсы біледі. «Атилланың бізге не қатысы бар?» деген сұрақтар мазаласа оны Тұрсын Жұртбайдың кітаптарынан таба аласыз. 
Біз Әл Фарабиден бергіні білеміз де арғы тарихты білмейміз. Осыны балаларға түсінікті етіп жазып жүрген ғалымның бірі һәм бірегейі Тұрсын Жұртбай деп білемін.  Менің балаларым Тұрсын Жұртбайдың кітабы арқылы «Ғұн мен сақ кім және Аттиланың бізге қандай қатысы бар?» деген сұрақтарға жауап алды. Тарихшылар бұл туралы жазба алмай жүргенде ол ХХІ ғасырдың баласына соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіріп берді. 
Міне бүгінде Абайдан бастап Алашқа дейінгі көпшілік біле бермейтін мәселелерді зерттеп, халыққа жеткізген ғалымның өзі 70 жасқа толып отыр. Менің ойымша Тұрсын Жұртбай мерейтойына абыройлы жетіп отыр. 

Сұлтан хан Аққұлы, Әлихантанушы: Тұрсын Жұртбай ХХІ ғасырдағы қазақ ұлтшылдығының атасы.

Тұрсын Жұртбай Алаш идеясы мен Алаш ұлт азаматтық қозғалысына қайта жан бітірді. Оны мен қазақ ұлтшылдығының ХХІ ғасырдағы атасы дер едім. Егер 80 жылдардың соңы мен 90 жылдардың басында Алаш қайраткерлерін Қарағандылық журналист, зерттеуші Жайық Бектұров көп жазса, ал Тұрсын ағамыз Алаш тақырыбына мектеп жасынан қызығып, Кеңес үкіметінен сол кездің өзінде-ақ таяқ жей бастаған. Содан басқап қандайда бір тосқауылға тап болмасын алған бетінен қайтпай, 1988 жылдары Алаш қайраткерлерін ақтау жұмыстарына араласты. 
Қауіпсіздік қызмет комитетінің мұрағатында Алашқа қатысты құнды мәліметтерді жинап, оларды жасырын түрде дәптеріне көшіріп алған. Осының негізінде «Ұраным – Алаш» атты 3 томдық керемет кітап шығарды.  Аталған еңбек бірыңғай мұрағат деректеріне негізделген керемет зерттеу, тіпті оны монография  деп айтуға болады. Осының өзі Тұрсын Жұртбайдың Алаштану ғылымына қосқан шексіз үлесі дер едім. 
Мысалы кейбір тарихшы ғалымдар «Сезімге салынған кітап. Оны ғылыми еңбек деп айтуға болмайды» деп айтып жатады. Бізге Кеңес заманынан мұра болып қалған тарихшыларымыздың ішінде көреалмаушылық деген дерт бар. Өздері істей алмайды, істегенді көре алмайтын іштарлық мінез бұл. Сол секілді Тұрсын ағамыздың еңбегін көре алмай, сынап жүргендер де жоқ емес. Дегенмен де мен Тұрсын ағаның алаштану саласына қосқан үлесі уақыт береді деп ойлаймын. Дәл қазір ғалымға лайықты бағасы берілмейтін шығар. Бірақ таяу арада Тұрсын ағамыз өзінің еңбегі үшін саяси және ғылыми лайықты бағасын алатын болады. 
Кей адамдарға ұнамауы мүмкін, бірақ кеңес кезеңіндегі ғалымдарға тән іштарлық, көреалмаушылық деген жаман қасиет бар. Әйтсе де Тұрсын ағамыздың бойында ондай жаман әдет жоқ. Керісінше өзінің қолына түскен мұрағат материалдарды ешкімнен жасырмайды. Сондай-ақ өзінің ізін басып келе жатқан жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, демеу болады. Бұл шынайы ғалым, шығармашылық адамына тән қасиет деп білемін. 
Екіншіден ол осындай керемет мінезі мен ашық жарқын көңілімен Алаш қайраткерлеріне тән қаиетті көрсетіп жүр. Тұрсын ағамыз Алаш қайраткерлерінің жақсы мінездерін бойына сіңіріп алған секілді. Себебі Тұрсекеңнің мінезі Алаш қайраткерлеріне, дәлірек айтқанда Әлихан Бөкейханға көп ұқсайды. Мәселен Әлекеңнің «Халқына, ұлтына қызмет ету білімнен емес – мінезден» деп айтқан сөзі ең бірінші Тұрсын Жұртбайдың өзіне айтылған секілді. Өйткені Тұрсын ағамыз мінезі мен іс-әрекеті және шығармашылықтағы табандылығымен Алаш қайраткерлеріне өте қатты ұқсайды. 
Менің ойымша Алаш идеясы өлген жоқ. Бірақ сол Алаш идеясы 70 жылдай ұйықтап жатқан болса, оған ең бірінші болып жан бітіріп, Алаш ұлтшылдығын қайта оятқан Тұрсын Жұртбай деп білемін. Әу баста айтқанымдай ол ХХІ ғасырдағы қазақ ұлтшылдығының атасыү

Қайырбек Кемеңгер: Біз үшін Тұрсын Жұртбай Әлкей Марғұлан секілді алып тұлға.

Ең алғаш 1994 жылы Абай атындағы педагогикалық университетке оқуға түсуге барғанда Тұрсын ағамыздың «Дулыға» атты кітабы қолыма тиді. Сол себепті мен ең бірінші Тұрсын ағамыздың өзімен емес, кітабымен таныстым деп айтып жүремін. 
Сақ, ғұн заманынан бастап баһадүр бабаларымыздың өмірбаянын қытай деректерінен қазақ тілінде аударып, тамаша еңбек жазды. 1997 жылы студент кезімізде Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығына орай бізге әуезовтанудан дәріс оқыды. Сол кезде ағамыздың қасында болып, әңгімесін тыңдап жүрдік. Мұхтар Әуезов мұражайының директоры ретінде заңғар жазушының 100 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуіне атсалысты. 
«Әузеов әлемі», «Бесігіңді түзе», «Талқы» секілді жаңадан шыққан кітаптарын шәкірттеріне қолтаңбасын жазып, сыйлайтын. Ол кітаптар әлі күнге дейін төрімізде тұр. Егер біз алаштануға келіп жатсақ, оған сол кезде Тұрсын ағамыздың өзі сыйлаған кітаптары әсер етті деп ойлаймын. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына арналған 50 томдық кітаптарды шығаруды ұйымдастырды. 
Ағамыз Әлкей Марғұлан мен Ләйлә Мұхтарқызы секілді алыптарды жиі тілге тиек етіп, құрмет тұтады. Қазіргі таңда бізге Тұрсын ағамыздың өзі Әлкей Марғұлан секілді алып тұлға болып көрінеді. Абайтанудан бастап, алаш және әуезовтануға дейінгі сан салалы еңбегі біздің қалыптасыуымызға әсер етті. Бір сөзбен айтқанда Тұрсын ағамыз қазақ руханитындағы әмбебат тұлғаға айналды. 
Тұрсын ағаның тағы бір ерекшелігі аз сөзбен көп мағана берретіні болса керек. Мысалы ағамыздың оқырманына беретін қолтаңбаларының өзі ерекше. Нақтырақ айтсам маған бір кітабын сыйлағанда «Алаштың үзілмеген үріміне» деп қолтаңба жазып берген болатын. Одан басқа да Тұрсын ағаның айтқан әсерлі сөздері көп. 
Тұрсын ағаның Семей топырағында туылғаны ол кісінің қазіргі деңгейге жетуіне ықпал етті ме деп ойлаймын. Өйткені осы топырақ Алаш арыстарын ақтаудан бастап, «Ұраным Алаш» атты керемет кітап жазуына әсер етті. Алаштану саласында екі адамның атын айтса, сол екінің бірі деп Тұрсын Жұртбай деп білеміз.
Қай шығармасы болмасын онда «Қазақ елі осыдан не ұтады?» деп барлық жазу-сызуы ұлттық мүдде үшін жазылған. Сонысымен Тұрсын ағаның еңбектері құнды деп білемін. 
1988 жылдан бастап Алаш арыстары ақталып, мүйізі қарағайдан ғалымдар Тұрсекеңе сенім артып, архивке салды. Мұрағат материалдарын бойына сіңіріп, «Ұраным Алаш» атты түрме әфсаналарын жазып шықты. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлынан бастап, Алаш ісі бойынша істі болған жүздеген азаматтың тергеуде айтқан сөздері мен бір біріне жазған хаттары ешкімді бей-жай қалдырмайды. 
Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным Алаш» кітабы сол Алаш арыстарына қойылған ескерткіші деп білемін. Оның ішінде тархи шындыққа негізделген құнды деректер бар. 
Шыны керек Алаш тақырыбы әлі күнге дейін бағы жанбай жүрген тақырып қой. Әу баста «Алаш деген халық жауы болған» деп айыпталды. Кейін келе халықтың Алашқа деген көзақары өзгеріп, оларды құрметтей бастады. Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Тұрсын Жұртбай секілді көзі тірі ғалымдардың және өмірден өтіп кеткен Кеңес Нүрпейісов секілді ағаларымыздың арқасында жұрт Алашпен қауышты. Қазақ пен қазақ мемлекеті мәңгі жасауы үшін біз Алаш арыстарын ардақтауымыз керек. Осы негізде келетін болсақ, Тұрсын Жұртбайдың еңбегі тәуелсіздікті баянды етіп, тұғырлы етуге қызмет еткен еңбек деп білемін.