Мұстафа Шоқайға қатысты екі дерек
03.09.2021 2248

Ел тарихындағы ең маңызды құрылым – архив болса керек. Жақында елордадағы Қазақстан Ұлттық архив қорында сақталған, төте жазуда жазылған Мұстафа Шоқайдың бір неше хаты табылды. Осы хаттардың аудармасын толық ұсына отырып, оның мазмұны төңірегінде хатты крилшеге түсірген Ұлттық архивтің ғылыми қызметкері Ахат Әшуұлымен аз-кем әңгіме өрбіттік.


Ахат Әшуұлының айтуына қарағанда, Қазақстан Ұлттық архивінің қоймасында сақталған 83 қордағы құжаттардың ішінде Мұстафа Шоқайға қатысты француз, араб, орыс, ағылшын, түрік тілінде және көне шағатай жазуы үлгісіндегі хаттар мен құжаттары бар. Біз «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында биылдан бастап сол хаттар мен құқжаттарды зерттеп зерделей бастадық, соның ішінде М. Шоқайдың өз қолымен шағатай жазуында жазған бір хаты мен өзіне жазылған бір хатты тауып аудардық, сонымен қатар жаппай қудалау мен ашаршылық жылдарында қазақ зиялылары мен сорпа бетіне шығар азаматтарды қаралау мақсатындағы бір қаулыны аудардық. Бұл жазбалар Франция мемлекетінен әкелінген, еш жерде жарияланбаған және аударылмаған. Төменде осы үш хаттың мазмұны мен мағынасына жеке-жеке тоқталамыз.

Бірінші хат

Бүкіл Түркі дүниесіне мәшһүр көсем ретінде танылған М. Шоқайды білмейтін жұрт жоқ бұл күнде. Тәуелсіздік таңы атқаннан бері рухани көсемнің мұралары зерттеліп, еңбектері жиналып, жарияланып жатыр. Оның өмірбаяны, күрескерлігі, Түркі әлеміне, Алаш жұртына сіңірген еңбегі мен мақсат-мұраты жайлы мәліметтер жетерлік, дегенмен сол құндылықтарға қосар үлесіміз болып табылатын М. Шоқайдың 1939 жылы 6 қаңтарда А. Оқтайға жазған шағатай тіліндегі қысқаша хаты, онда былай деп жазылған:

 

«6. І. 1939

А. Оқтайжан:

Сізге кеше «Ататүрік реформалары» хақында жазылған мақаланы жіберген едім. Соңыра Таһирға «Байитын амал тұрмыстан ба» (деген) толық жазуды жіберем. Бүгін Украйна социял-демократтарының «Өрнекті һәм бір қарары» деп франсузшадан тәржіма етілген қысқаша және бір жазуды жіберіп тұрмын. Украина социял-демократтарының қарары – бүгінге дейін біздің төтен жазып келгеніміздің тура екендігін көрсетеді.

Хош. Баршаларыңызды сәлемдеп, жүздеріңізден сүйдім. (Қолтаңбасы)»

 

Міне, бұл хаттың толық нұсқасы, біз бұдан нені аңғарамыз? «Бүгінге дейін төтен жазып келгеніміз тура екендігін көрсетеді» деген сөздің астары Украина социал-демократтарының Мұстафа өзі «Өрнекті һәм бір қарары» деп атаған французшадан аударылған жазбасы немесе мақаласына қатысты ашылатынын байқаймыз. Хат туралы Ахат Әшуұлы:

–1929-1939 жылдар аралығында М. Шоқай Париж бен Берлинде тұрып «Яш Түркістан» журналын шығарып, оған өзі тікелей бас редакторлық етті, түркі халқының бірлігі, тұрмысы мен тірлігі, саяси, экономикалық, мәдени және әдеби шығармалармен қоса отарлыққа қарсы күрестегі ұйымшаңдығы хақында бас мақалаларды тікелей өзі жазып тұрды, осылайша Түркістан халқының ұлт-азаттық жолындағы рухын көтеріп отырды, ал бұның бәрі шағатай тілінде жарияланды, не үшін?

Әлі күнге дейін зерттеуші, тарихшыларымыздың арасында дәл сол жылдары түркі халықтарының түгелдей латын жазуына, КСРО-ның кирилицаға көшіп, араф графикасын күшінен қалдырғанын алға тартып «неге «Яш Түркістан» журналын өркениетті әлемнің көбі қолданып отырған латын жазуында шығармаған, шығарса тіпті күшті болар еді» деген пікір бар, бірақ бұл жаңсақ пікір, себебі бүкіл түркі халықтарының арасында кең таралған жазу дәл осы шағатай жазуы үлгісі, бірнеше ғасырдан бері жалғасып келе жатқан жазу үлгісін «өркениетке ереміз» деп бір жолда өзгертсе оның құны болмас еді, өйткені бастайтын зиялылар санаулы да, оны қолдайтын сансыз халық, ал оларға күрескерлік, бостандыққа ұмтылу насихатын жаңа жазумен жариялап таратса оны ешкім түсінбейді де, оқи да алмайды, сонымен оның жұртқа әсері тимейтіні белгілі.

Ал он жыл бойы 117 саны жарық көрген «Яш Түркістан» журналының шағатай тілінде шығып тұруы түркі халықтарының арасында өте маңызды әрі қажетті еді, жер емшегін емген егінші мен тау сағалап, өзен жағалаған көшпенді малшы болсын, отырықшы халық болсын бәр-бәріне түсінікті шағатай жазуының күрескерлік бірлікте өз кезегінде атқарған жұмысы аса зор. Журналдың бір санының өзі қолдан-қолға өтіп, киізге айналғанша ел кезіп оқылғаны шындық, хат танымайтыны солардан естігенімен рухтанды, сол арқылы бүкіл түркі жұртының түкпір-түкпірі мен ең қарапайым адамдарына дейін оянуына аса маңызды ықпал жасады, сондықтан өркениеттің жазуын білетін аз санды зиялы қауымның емес, толқыса теңізді қотарып, тауды қопаратын күшке ие миллиондаған халықтың мүддесін ойлаған М. Шоқай «Яш Түркістан» газетін тек бәріне ортақ түсінілетін шағатай жазуымен шығарды, оның дәлелі жоғарыдағы «бүгінге дейін төтен (шағатай) жазып келгеніміз тура» деген жалғыз ауыз сөзінің астарында жатыр және өз кезінде жемісін бергені де белгілі. Бір ұлтқа ғана емес күллі түркі әлеміне үндеу жасап, оларды оятып, соңынан ерте алған рухани көсем М. Шоқайдың әлі де ашылмаған қыры мен сырлары жетерлік, «Яш Түркістан» журналы арқылы халықтың рухы мен жігерін жанып, өміршеңдік пен күрескерлікке баулуы, аумалы-төкпелі заманда көшбасшы болу деген қазақтың маңдайына біткен асыл перзенті М. Шоқайға ғана тән кемеңгерлік пен асқақ рух деп білеміз.

Екінші хат

Бұл хат Стамбулда тұратын Ғабдылқадыр деген жақын інісінің М. Шоқайға жазған хаты. Біз үшін хатта жазылған әр сөздің маңызы өте зор, сондай қысылтаяң, жоқшылық пен үрейге толы, аттап басқан әр қадам сайын ажал қақпаны аузын арандай ашқан қоғамда жанкештілікпен соңғы деміне дейін жұмыс істеу деген асқақ рухты Мұстафа мен оның маңындағы еңіреген ерлерге ғана тән қасиет.

 

12/3/29                                                                                                   Стамбұл 2 март

Құрметі биік ағамыз Мұстафа Бек!

14/ІІ жазған хатыңызды 25 күні алдым. Боран, қар болған себепті болса керек, өте кешігіп келді. Есіңізге алып жазғаныңызға көп қуандым, басым көкке тигендей болды.

Сауалдарыңызға жауап жазып жатырмын. Әрине бұлар сізге жалғыз-ақ материял болар, мақала халіне келтіруге уақытым тар қалды. Башқұрт өкіметі хақында Салах Атнағлов (Шарладтаның бірі «Башкурия» деген кітап шығарған еді.) Оның бірталай беті мендегі кітапта артық түптелген еді, оны сізге жібердім. Егер бұл кітапты көрмеген болсаңыз материялдармен бірге сізге жіберемін.

Қолымызда «Башқұрт аймағы», «Білім» деген Башқұрт нешрияты бар, олардан да материял боларлық нәрселер шықса керек. Ең мүһмиі (негізгісі) бірінші Башқұрт сиезінің декларациясы.

Қолымыздағы материялда Башқұрт – большевик бітімі жоқ. Оны бұл күнгі большевик әдебиеті көңіліне алмайды, бұл «Известияның» (хабар, жаңалық) 1919 жылғы март ақырындағы нөмерлерінде бар, таба білсеңіз қарап көріңіз.

Башқұрт тарихы хақында Зектің сөйлеген сөздері «Ел» газетінде көп жазылған. Өзге тек бағзы нөмерлері бізде де бар. Материял жосынын білдім, оны да сізге көндірермін.

Құрметті жеңгеміз Мария Якулиовнаға көп-көп сәлем ...

Сауалдарыңызға жауап 12-14 мартқа дейін барса керек.

Құрметпен қарындастық:

Ініңіз Ғабдылқадыр


Мен үйлендім. Стамбұлда тұрған бір татар қызын алдым, бір сыры қиятынан шығып адам болып отырмын, бірақ етек-жеңнің тарлығы, тамақ жанға батып тұр.

Үйімнің адресі:

Стамбұл Қожа Мұстафа Пашада, Ғали Фаһие махалласында. Бенли Исмайл сөкетінде (2) нөмерлі әуде (аулада)

Ғабдылқадыр


 

Бұл хат зерттеушіні 1919 жылғы март айының соңындағы «Известия» басылымына, Бірінші Башқұрт сьезінің декларациясына сілтейді. Хатты аударған Ахат Әшуұлы осы хат жайлі былай дейді:

– Осы хаттың мазмұнынан нені аңғарамыз деген мәселеге келсек, аумалы-төкпелі, аласапыран заманда сонау Парижде тұрып Берлиннен кеңсе құрып күллі Түркі әлеміне таралатын «Яш Түркістан» журналын шығарған Мұстафа Шоқайға сол кезеңдегі болып жатқан оқиғалар мен қоғамның өзекті мәселесін, мысалы «бірінші Башқұрт сиезінің декларациясы» туралы материял жіберіп, сол арқылы Түркі халқының күрескерлік рухын оятуға ой түйіп, жаңаша мазмұндағы жарияланымдар шығаруға өте үлкен үлес қосқан.

Хаттың аяғы жағындағы Ғабдылқадырдың «бір сыры қиятынан шығып адам болып отырмын, бірақ етек-жеңнің тарлығы, тамақ жанға батып тұр» деген сөзін алайықшы, қандай руқты, қандай жанашыр жан деп мойындамауға амал жоқ, өзі аш-жалаңаш, киерге киім, ішерге ас таппай отырып қалтасындағы соңғы бақырымен канверт алып, қағаз-қалам алып хат жөнелту деген екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Біз бұдан нені аңғарамыз, осы екі парақ хаттың бізге берері өте мол, әуелі жанкешті жандардың, өте ауыр күндерде де елді ойлайтын азаматтардың өр тұлғасы мен асқақ рухын аңғарамыз және сол арқылы қазіргі Тәуелсіз заманда осындай ұлы тұлғаларымыздың сан салалы қырларын ашып, болашақ ұрпақтың санасына сіңіру арқылы келелі келешек, ұлтжанды, отансүйгіш өрендер легін қалыптастыруға жол ашамыз. Қандай жағдай болмасын, қиыншылық пен жоқшылыққа мойымай ел үшін еңбек етудің үлгісі дегеніміз міне осыдан-ақ көрініп тұр, жалпы жұртшылыққа жеткізіп, халықтың содан рухани азық алуын қалаймыз.

Қаралау қаулысы

Үшінші жазбаға келетін болсақ оның жөні бөлек, жазықсыз жала мен қудаланып, атылып, айдалып кеткен арыстарымыз қаншама?! Мына бір 29-32 жылдардағы шыққан қаралау қаулысын аудару барысында сол зобалаң жылдардың ақиқатына куә болдық, әуелі қаулының мазмұнына үңілейік:

Ұлтшыл-фашистер өздерінің қастық харакеттерін еш уақытта тоқтатқан жоқ. Өлкенің жаңа басшылығы мен бірге ескі перегипті (әдетті) сөккен болып, сұрқия сөзді бетке ұстап, Құлымбетов, Жүргенов, Жандосовтар толық құйрықты шошқалар – өдерінің фашист қожайындарының тапсырмаларын орындау үшін үнемі астыртын жұмыс жүргізіп келгендігі айқындалып отыр.

Бұрынғы Қарқаралы окурыгының аудандарындағы кейбіреулерінде ұлтшыл жауыздардың соңғы уақытқа дейін қастық харакет етіп келгендігі айқындалып отыр. Халық жаулары:

Асылбеков, Нұрсейітов, Ғабдуллин бастаған контродияшыл, ұлтшыл топ Орталық Қазақстанның мал шаруашылығын өсіртпеуге, кері кетіруге аз қастандық еткен жоқ.

15-VIII-№186 Ұлтшыл фашистердің әуелде істеген зиянкестігінің зардабы тез жойылсын.  

1929-32 жылдарда бай-құлақтардың көтерілісін ұйымдестыруға бар халық біткен көшпенділікті ұйымдастырған Құлымбетов, Жүргенов, Жандосов сияқты ұлтшыл фашист бандиттері VI-VII облстың, Шұбартау ауданына да аз зиянкестік істеген жоқ болатын.

Ұлтшыл-фашист жауыздардың қыңсылаған күшіктері Шұбартаудан табылды. Контродияшыл ұлтшыл Арғынов, аудандық пландар комиссиясында Мұқатаев, мал фельдшері Тайсарин сияқтылар Шұбартауда зиянкестік істер істеп келгендігі ашылды.

Алдымен басшылықты қамтамасыз ете алмағандығы үшін халық жауларына шірік либеральдық жамағаны үшін аудандық партия көмитетінің бірінші секратары - Оразбаевті, екінші секратары – Дилиябаевті, аудандық атқару комитетінің прстаделі Күзембаевті қызметтен алды.

17- VIII-№188


Міне бұл қаулыда аталған Құлымбетов, Жүргенов, Жандосовтар туралы баршамыз білеміз, бұлардың басына қалай бұлт үйіріле бастағанын осы қаулыдан-ақ түсіне аламыз. Бұларды мал шаруашылығының өсуіне кедергі келтірді, көшпенді салтты дәріптеді деп қаралап, ұлтшыл-фашист атандырып қаралап, қаулы шығарды, бұл аты аталған танымалы үш тұлға туралы қысқаша атап өтер болсақ:

Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов Кеңес одағының саяси қызметкері, Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасы, Қазақ КСР Орталық Атқару Комитеті төрағасы болып қызмет жасаған лауазымды тұлға, бұл жолда өте зор еңбек сіңірген адам, басқа да атқарған қызметтері тіптен көп, сондай жоғары лауазымда жүрсе де "Карлаг", "Алжир" сияқты өлім лагерьлерінің Қазақстан жеріне қоныс тепкендігіне ашық түрде қарсы болады. Бірақ НКВД ның күш алып тұрған кезінде «ұлтшыл-фашист» атанып 1937 жылы қамауға алынып, 1938 жылы 22 наурызда атылды.

Сүйегінің қайда қалғаны белгісіз. Кейіннен жазықсыз жаланың құрбаны болғаннан кейін «АЛЖИР»-де жұбайы Әйіш Құлымбетова 8 жыл отырды. Ұзақбай Құлымбетов 1958 жылы ақталды.

Темірбек Жүргенов болса Қазақ өнері мен әдебиетінің ірі өкілі, Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, Қазақ АКСР-і мен Түркістан Республикасының ОАК-терінің мүшесі, Орталық Азияда құрылған республикалар аумағының ұлттық-территориялық межеленуіне ат салысқан ірі тұлға. Ташкенттегі Қазақ пед.ин-тының директоры, Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары, Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары, Қазақстанның Халық ағарту комиссары т.б лауазымды қызмет атқарған. Осы қаралау қаулысынан кейін Жүргеновтың да сары ізіне шөп салды, соның нәтижесінде 1937 жылы «Халық жауы» атанып атылып кетті, кейін КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының 1957 ж. 18 сәуірдегі шешімімен кінәсіз жазаланғаны анықталып, ақталған.

Ораз Жандосов болса Қазақ АКСР ағарту халкомы, Қазақ ауыл-шаруашылық институтының директоры, Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан өлкетану қоғамы басқармасының төрағасы тағы басқа да лауазымды қызметтер атқарып еңбегі сіңген қайраткер тұлға. Қаралау, жала жабудың салдарына 1937 жылы партиядан шығарылады да, жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы наурызда атылды.

Міне, біз бұл жазбадан Құлымбетов, Жүргенов, Жандосовтардың қалай қудалауға ұшырағанын білдік, ал ендігі мәселе бұлардан басқа осы қаулыда аты аталған Шамасы Шұбартау өңіріне қатысы бар, Асылбеков, Нұрсейітов, Ғабдуллин, Арғынов, Мұқатаев, Тайсарин қатарлы адамдардың кім екендігін, олардың өмірбаяны мен кейінгі тағдыры туралы зерттеуші-ғалымдарымыз тереңдей зерттеп, тарихын ашып шықса ұлт пен ұрпақ үшін үлкен жаңалық әрі ақтаңдақтарды толтыруда қосылған үлес болар еді деген үмітіміз бар, сондықтан да хаттар сырын көпшіліке ашып отырмыз.

Оған қоса М. Шоқайға қатысты қаттардағы А. Оқтай (Әбдүлуақап Оқтай) өзбек азаматы, «Яш Түркістан» журналын шығарысқан, көп ма­қала жазған кісі. «Түр­кістанның ұлт-азаттық қозға­лысы және Мұстафа Шоқай» атты кітабы бар, оның өмірі мен шығармашылығы бізге мәлім. Ал М.Шоқайға хат жазып отырған екінші адам Ғабдылқадырдың кім екендігін ашып, оның жалпы Түркі әлеміне, Алаш жұртына қандай еңбектер сіңіргендігі зерттелсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Ахат Әшуұлы.