Жәңгір хан – қарама-қайшылыққа толы тұлға
13.08.2021 6705

Жәңгір хан – қазақ тарихында орны ерекше, Бөкей Ордасының соңғы ханы. Оның саяси істерге белсене аралсуынан бөлек, оқу-ағарту ісінде де атқарған еңбегі ересен. Бірақ хан Жәңгірдің отаршыл империяның саясатын жүргізгенін де жасырып қала алмаймыз. Мәселенің мәніне терең бойлап, тақырыпты түсіну үшін ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гиззатов Саялбек Махамбетұлына Жәңгір ханға қатысты көңілге күдік ұялататын кейбір сауалдарды қойып, сұхбаттасып көрген едік. Ендеше оқырман қауым сол сұхбатымыздың әділ төрелігін айтып, сыни пікір қалдыруын қалаймыз...


 

 

- Ең алдымен Жәңгір хан жайлы сөз болғанда оның қайраткерлігі айтылады. Сіздіңше, оның қайраткерлігі мектеп ашып, елге ғылым-білімді насихаттаумен шектелді ме?

 

- Жәңгір хан қазақ тарихындағы қарама-қайшылыққа толы тұлға болды. Кеңес идеологиясында үстемдік еткен «таптар күресі» принципіне байланысты біз оның қоғамдық-саяси қызметіне бір жақты қарауға мәжбүр болдық. Кейін еліміз Тәуелсіздік алған соң «Жұрттың хандары жақсы, ал неге біздің хандар жаман болған?» деп ойлана бастадық.

Жәңгір ханның қайраткерлігін мектеп ашып, елге ғылым-білімді насихаттауымен шектеп қоюға болмайды.

 

Біріншіден, Жәңгір хан билікке келісімен бірқатар саяси реформаларды жүзеге асыруға тырысты. Ресей империясы қазақ даласындағы дәстүрлі хандық билікті жою бойынша кешенді іс-шаралар қабылдап жатқан тұста Жәңгір Бөкейұлы керісінше хандық басқару жүйесін күшейтуге тырысты. Елді бір орталықтан басқару мақсатында Жасқұс елді-мекенінде Хан Ордасының негізін қалады. Біртіндеп Хан Ордасы маңызды саяси, экономикалық, мәдени орталыққа айналған болатын.

 

Хан Жәңгір Бөкейұлы елдегі билер, сұлтандар институтының маңызын арттырды. 1828 жылы 1 сәуірден бастап он екі биден тұратын Хан кеңесі өз жұмысын бастады. Мысалы, 1837 жылы Кеңес құрамында Құдайберген Кенжебаев (тана), Алтай Досмұхамедов (алаша), Құнажан Сапақов (байбақты), Бос Боздақов (кете), Шомбал Ниязов (ноғай), Күшатар Мойнақов (жаппас), Мүсіреп Айдаболов (шеркеш), Шора Қидаев (масқар), Жаутұр Ақтанов (қызылқұрт), Балқы Құдайбергенов (беріш) және тағы басқалары болды. Сонымен қатар сыртқы жер дауларын шешуде «депутат сұлтандарды», жәрмеңке істерін реттеуде «уәзір сұлтандарды» дайындады.

Жәңгір ханның тәуелсіз саясат жүргізуге деген ұмтылысы патша үкіметіне ұнай қоймады. Тіпті Орынбор облысының губернаторы, граф В.А. Перовский 1841 жылы 21 қазанда Ресей Мемлекеттік мүлік министрлігіне Бөкей Ордасын басқару жөніндегі арнайы жобаны ұсынды. Жаңа жобаға сәйкес Жәңгір ханның өкілеттігін шектеп, Орда Кеңесін құру жоспарланды. Алайда бір жыл бұрын Жәңгір ханға генерал шенін сыйлаған Ресей патшасының қаһарынан сескенген шенеуніктер бұл жобаны аяқсыз қалдырды.

 

Екіншіден, Жәңгір хан жер қатынастары, мал шаруашылығы, сауда, қаржы жүйесін дамытуға бағытталған экономикалық реформаларды қолға алды. Соның ішінде жер реформалары қарама-қайшылыққа толы болды. Көпшілік ойлап жүргендей ол тек шұрайлы жерлерді өз туыстары арасында бөліске салумен ғана айналыспады. Оның жер реформаларын біз зерттей келе екі кезеңге бөлдік. Бірінші кезең, яғни 1825-1830 жылдарда Жәңгір хан Орда территориясын нақтылап, шекараны шегендеуге ұмтылды. Бұл кезеңде қазақ-татар, қазақ-қалмақ, қазақ-орыс арасындағы жер даулары қарастырылды. Еділ-Жайық аралығын мекендеген халықтарды өзара қырқыстыру саясатын ұстанған Ресей империясы жер мәселесін шешуге еш асықпаған болатын.

Жер реформаларының екінші кезеңі, яғни 1831-1845 жылдары сыртқы жаулармен күрес жалғасқанымен ішкі жер реформаларын жүргізуге басымдық берілді. Дегенмен ел ішінде жүргізілген жер реформалары тек азшылықтың көсегесін көгертті, ал көпшіліктің экономикалық сұраныстары ескерілмеді. Өз туыстары мен айналасындағыларға шұрайлы жайылыстарды тарату арқылы қатардағы халықты оларға тәуелді етіп қойды. Осылайша, ішкі жер саясатының басты кемшіліктері көпшілік тұрғындардың жерсіз қалуынан, әлеуметтік жіктелістің күшеюінен, парақорлықтың жаппай етек алуынан, мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауынан, елдегі ұрлық-қарлықтың артуынан анық көрінді. Нәтижесінде Бөкей Ордасында 1836-1838 жылдары И.Тайманов пен М.Өтемісов жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалыс және 1842-1843 жылдары А.Қошаев пен Л.Манатаев бастаған күрес болып өтті.

 

Жәңгір хан сауда-саттық реформаларын табысты жүзеге асырды. Жәңгір ханның басқа қазақ хандарынан ерекшелігі оның еуропалық өмірмен жақсы таныс болуында еді. Жастайынан Астрахань губерниясында білім алып, көршілес елдің тұрмыс-салтын көзімен көріп, кейін елге оралған соң ауыл шаруашылығына қатысты газет-журналдарды үзбей оқыған ол экономика саласын жетік меңгерді. Нәтижесінде 1832 жылы Бөкей Ордасында алғаш рет жәрмеңке ұйымдастырып, сауданың көрігін қыздырды. Мысалы, 1833 жылы ұйымдастырылған жәрмеңкеге 562 971 мың бас мал әкелініп, 339 174 сомның тауары сатылды. Жылына 2 рет өтетін бұл жәрмеңкеде хан кеңсесінің мәліметі бойынша 1839 жылдың өзінде даланың әр түкпірінен сатуға 4 122 бас ірі мал (түйе, жылқы, мүйізді ірі қара), 68 498 қой, 6 419 пұт жүн, 30 009 дана тері-терсек жеткізілген. Ал өзге елдерден келген саудагерлер жібек, қағаз, нан, шай, қант, кірпіш, ыдыс-аяқ және тағы басқа тауарларды әкелген. Сонымен қатар жәрмеңкеде ұрлық, жанжал секілді келеңсіздіктердің болмауы үшін уәзір сұлтандар тағайындалған.

 

Үшіншіден, Жәңгір хан білім, ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау саласында да игі бастамаларды жүзеге асырды. 1835 жылы мешіт салдырып, 1838 жылы дәріхана, архив ашып, 1841 жылы пошта-телеграф байланысын орнатты. Сонымен қатар 1841 жылы жаңа мектептің іргесін қалап, хандардың арасынан алғаш болып Қазан университеті ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі болып сайланды. Хан Жәңгірдің алғашқы қазынашылық қызметті іске қосу, тұрғындарға медициналық екпе салдыру, құм басудың алдын алу мақсатында қарағай отырғызу сияқты игі істері ұрпақтар жадында мәңгілікке сақталады.



 

- Қарап тұрсаңыз, Орал қаласында қазіргі таңда екі іргелі ЖОО бар. Соның бірі Махамбет атындағы педагогикалық университет болса, екіншісі Жәңгір хан атындағы техникалық университет. Ал тарихи тұрғыдан Махамбет пен Жәңгір хан екеуі қарама-қарсы тұлға. Бұл құбылысты қалай түсіндіруге болады?

 

- Хан Жәңгір Бөкейұлы мен атақты ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының заманында бір-біріне қарсы тұрғандығы тарихи ақиқат. Орал қаласындағы екі іргелі жоғары оқу орнына қос тұлғаның есімдерін берудің өзіндік себебі бар. Батыс Қазақстан мемлекетік университеті негізінен педагогикалық бағыттағы мамандықтарды дайындайтындықтан оған ақын, шешен М.Өтемісұлының есімі берілді. Мысалы, қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде оқытылатын «Филология», «Қазақ тілі және әдебиеті», «Тарих», «Музыкалық білім» секілді мамандықтар даңқты тұлғаның қарым-қабілетіне, қалдырған мұрасына толықтай сәйкес келеді.

 

Ал Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне Жәңгір хан есімінің берілуін оның экономика саласына зор көңіл бөлуімен, атап айтқанда қазынашылық кәсіпорын ашуымен, сауда-саттық ісін жолға қоюымен, мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлуімен және тағы да басқа реформаларымен байланыстыруға болады. Бүгінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Экономика», «Қаржы», «Орман шаруашылығы», «Аграрлық техника және технология», «Ветеринария» және өзге де мамандықтар бойынша Жәңгір Бөкейұлының ізбасарларын дайындап келеді.

 

Сондықтан екі іргелі жоғары оқу орнына хан Жәңгір Бөкейұлы мен ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының есімдерін беруде қос тұлғаның атқарған қоғамдық-саяси қызметтері, халық алдында сіңірген еңбектері және қазіргі университеттердің маман даярлаудағы бағыттары ескерілді.



   

- Бөкей Ордасына барған кезімде Жәңгір хан сарайындағы өте бағалы, қымбат бұйымдарды көрген едім. Сонда мұндай сый-сыяпатты патша үкіметі Жәңгір ханға не үшін беруі мүмкін?

 

- Ресей империясы қазақ даласын отарлауда жергілікті билік өкілдеріне түрлі сый-тартулар беру әдісін тиімді пайдаланды. 1824 жылы 26 маусымда сұлтан Жәңгір Бөкейұлы хан болып салтанатты түрде бекітілгенде де оған бұлғын тон, түлкі тымақ және қылыш сыйлаған болатын. Өзара сый-тартулар кейінгі кезеңде де жалғасын тапты. 1826 жылы Ресей патшасы І Николайды таққа отырғызу рәсіміне Жәңгір хан бастаған Бөкей Ордасы делегациясы қатысып, көптеген қазақ сұлтандары мен старшындары түрлі марапаттарға, бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

Осы орайда Жәңгір ханның жеке жоспарларын жүзеге асыруда Ресей империясын тиімді пайдаланғандығын атап өткен жөн. Мысалы, ол 1828 жылы Хан Ордасын салу үшін патша үкіметінен 36 мың сом қаражат алды. Одан кейінгі кезеңде де дәріхана, мектеп ашу, дәрігер мамандарды алдырту, артезиан құдықтарын соқтыру және тағы да басқа маңызды іс-шараларды жүзеге асыру үшін қомақты қаражат алып отырды.

Бөкей Ордасының соңғы билеушісі Жәңгір Бөкейұлы қайтыс болғаннан кейін ханның артында 221 381 сомды құрайтын дүние-мүлік қалды. Оның ішінде төрт түлік малмен қатар тұрмыстық бұйымдар (ыдыс-аяқ, төсем, киім-кешек), қару-жарақтар, ауыл шаруашылығы құралдары және тағы басқалары болды. Бұл дүниенің барлығын Жәңгір ханға Ресей үкіметі сыйлады деп айта алмаймыз. Өйткені бала кезінен Ресейде тәрбиеленген, еуропалық үлгіде білім алған Жәңгір хан көптеген заттарды арнайы тапсырыспен сатып алып отырды. Мысалы, ханның жеке мүліктерінің арасында катер, электр машинасы, одометр сияқты сол кезеңдегі заманауи құрал-жабдықтар кездеседі.

 

Сонымен қатар Жәңгір ханды қазақтан шыққан алғашқы коллекционер деп атауымызға да болады. Себебі ол қару-жарақтың сан түрін жинақтап, Хан Ордасында арнайы бөлме жасақтаған болатын. Мылтық, қылыш, қанжар, ат әбзелдерінің мол коллекциясы Орда қонақтарының таңдайын қақтырды. Жәңгір ханның қару-жарақ коллекциясын өз көзімен көрген патша үкіметінің шенеунігі А. Евреинов: «Қару-жарақ бөлмесінде еденнен төбеге дейін әр түрлі тарихи кезең мен халықтарға тиесілі қарулар, ат әбзелдері және әскери жабдықтар қойылған. Олардың басым бөлігі жасалған уақыты, сапасы мен түрлі-түсті тастармен көмкерілуіне байланысты өте құнды еді. Осы тұрғыдан алғанда Жәңгір сирек заттардың білгірі болды және оларды ешқандай ақшаны аямастан жинап отырды», - деп жазды. Осы орайда Жәңгір ханның және өзге ауқатты адамдардың бағалы бұйымдарды сатып алуына Хан Ордасында ұйымдастырылған жәрмеңкелердің керемет мүмкіндік бергендігін атап өткен жөн.     

- Хан Жәңгірдің саяси көзқарасы жайлы оның отарлаушылыққа қарсы күрескені қоса айтылады. Бірақ бұған қатысты тарихи дәлел жоқ. Бұған не себеп болуы мүмкін?

 

- Жәңгір Бөкейұлы хан болып тағайындалған сәттен бастап түрлі шешім қабылдауда Ресей империясымен санасуға мәжбүр болды. Өйткені Ішкі Орда алғашында Сыртқы істер министрлігіне, кейін Мемлекеттік мүлік министрлігіне бағынды. Аймақтық орналасуы бойынша Орынбор, Астрахань әскери губернаторының жіті бақылауында еді. Шын мәнінде оның билігі шектеулі болды. Дегенмен Жәңгір ханның жер тұтастығы үшін күрескендігін жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе сыртқы жер қатынастарын реттеуде Жәңгір хан көрші халықтармен табанды күрес жүргізді. Ол билік еткен кезеңде жер мәселелері мейлінше ушықты және Ресей империясының орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыру саясаты тез қарқынмен жүргізіле бастады. Нәтижесінде хандықтың барлық бөлігі даулы аймаққа айналды.

 

Жәңгірдің сыртқы жер саясаты Орданың шекараларын нақтылау, көрші халықтардың басқыншылық әрекеттерін тоқтату және ел территориясын мүмкіндігінше кеңейту бағытында жүргізілді. Алғашқы бағыт бойынша 1831-1845 жылдары 9 межелеу жұмысы өткізілді және қазақтар олардың барлығына қатысты. Ал 1825-1830 жылдары хандық территориясына қатысты 6 жер өлшеу жұмыстары оздырылып, бөкейліктер тек үшеуіне ғана қатысқан еді. Жалпы осы шаралар нәтижесінде көршілес қондырау татарлары, хошоут қалмақтары, Астрахань губерниясы қоныстанушыларымен арадағы шекара түпкілікті бекісе, Орал казактары, Каспий теңізі жағалауындағы помещиктер, Саратов губерниясы тұрғындарымен жанжал жалғасын тапты. Екінші бағыт бойынша хандық территориясы 5 377 793 десятинадан 7 072 000 десятинаға ұлғайтылды. Бұған негізінен қазыналық жерлерді уақытша пайдалануға алу арқылы қол жеткізілді.


 


   Жәңгір ханның отарлаушы Ресей империясына қарсы жүгізген саясатының бірі – қазақ даласында ислам дінін кеңінен насихаттау. Ол Хан Ордасында 1835 жылы мешіт салдырып, халықтың діни сауаттылығын арттыруға тырысты. Ахун (қажы) діни лауазымын енгізіп, 139 имам, молдаларды дайындады. Бөкей хандығында іссапармен болған патша үкіметінің шенеунігі А.Евреинов: «Ішкі Ордадағы молдалардың көбеюі халықтың діни дүниетанымына әсер етіп қана қоймай қазақтардың жазу-сызу сауаттылығының артуына ықпал етті», - деп жазды.

 

Жәңгір Бөкейұлының ислам дінін таратуға ұмтылуы Ресей империясының мүддесіне қайшы келетін еді. Өйткені отарлаушы үкіметтің негізгі мақсаты көшпелі халықтарды жаппай христиан дініне өткізу болатын. Бір тіл, бір дінді қабылдаған отар халықтарды билеп-төстеу оңайға соғатын еді. Осы тұрғыдан алғанда Жәңгір ханның руханият саласында жүргізген саясаты патша үкіметінің көңілінен шықпады. Тіпті Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей Ордасындағы жағдайды егжей-тегжей зерттеген Орынбор шекара комиссиясының төрағасы В.В.Григорьев: «Жәңгір хан өзіне сеніп тапсырылған Орданы басқаруда орыс патшасының сенімді өкілі ретінде емес, керісінше тәуелсіз және шексіз билік иесі ретінде әрекет еткен», - деп баға берген.

 

- Тарихта Жәңгір хан алғаш екпені халыққа салдырып, обамен күрес станциясын орнатқан екен. Мұның бәрін ол қалай білген?

 

- Жәңгір Бөкейұлы хан болып сайланған сәттен бастап халық денсаулығына қатысты кешенді іс-шараларды жүзеге асыра бастады. Ол 1825 жылы 10 сәуірде Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссенге: «Маған қарасты халықтың денсаулығын нығайту мақсатында аурухана, дәріхана ашуды және шешек індеті мен өзге де аурулардың алдын алу мақсатында арнайы фельдшерлерді дайындауды жоспарлап отырмын», - деп хат жазды. Осы жылы Сарлыбай Жәнібеков деген қазақты шешекке қарсы екпе салуды үйрену үшін Орынбор қаласына оқуға жіберді.

Кейін 1832 жылы оның шақыртуымен Хан Ордасына арнайы хирургиялық құрал-саймандармен жабдықталған кәсіби дәрігер А.А. Сергачев келді. Ресей империясының қазынасынан дәрігерді алдырту үшін 428 сом қаражат бөлінгенімен оны тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті Жәңгір ханның өзіне жүктелді. Хан дәрігер А.А. Сергачевты Астрахань, Камышин қалаларына іссапарға жіберіп, Бөкей Ордасы тұрғындарына қажетті дәрі-дәрмектерді алдыртып, халық арасында ғылыми медицинаны насихаттауға ұмтылды.

Қазіргі таңда коронавирус пандемиясына қарсы жаппай вакцина салу қолға алынып жатқан тұста Жәңгір ханның ХІХ ғасырдың екінші ширегінде осы екпе мәселесіне ерекше көңіл бөлгендігі бізді таң қалдырмай қоймайды. Тағы бір мысал ретінде 1833 жылы Астрахань губерниялық шешек ауруына қарсы күрес комитетінің Бөкей Ордасына Әбдір Қадық есімді дәрігерді жіберуін айтуға болады. Жәңгір ханның қолдауымен аталмыш дәрігер 1834 жылдың желтоқсан айына дейін 2 123 ұл-қызға, соның ішінде ханның балаларына шешек ауруына қарсы екпе салды.

Тұңғыштар мекені саналатын Бөкей Ордасында 1838 жылы алғашқы дәріхана ашылды. Осы кезеңде Ордада В.Ф.Евланов, А.Г. Пупорев сияқты дәрігерлер табысты қызмет атқарды. Жәңгір хан тұсындағы медицина саласының жетістіктері жөнінде 1850 жылғы Орынбор шекара комиссиясының есебінде: «Ішкі Орда қазақтарының денсаулығы өте жақсы және 1825 жылдан бастап үлкен көлемдегі өлім-жітім туралы естілмеді. Тіпті 1830, 1847 және 1848 жылдары пайда болған эпидемиялық тырысқақ ауруы Бөкей Ордасында өте әлсіз жүрді», - деп жазылған.

 

Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлы 1845 жылы дүниеден өтті. Оның жұмбақ өлімімен бірге дәстүрлі хандық билік те біржолата құрдымға кетті. Сөз жоқ, Жәңгір хан бір жағынан жаңашылдыққа ұмтылған, екінші жағынан отаршыл Ресей империясының саясатын жүргізген қарама-қайшылыққа толы тұлға болып қалады.

 

- Мазмұнды әңгімеңізге көп рақмет!