Алтайға дін таратқан Мұхаммед Мүһмин
11.06.2021 2421

Қазақ даласына дін ерте келгенімен, ел ішіне парсы мен араб ұстанғандай қатаң қағидалармен орныға қоймағаны тарихтан мәлім. Қазақ ішіндегі дау-дамай, алым-берім секілді күнделікті тұрмыстық заңдар да, хан сайлау, би сайлау секілді ірі істер де діннен бөлек, ұлттық ерекшелікпен дала заңдары арқылы жүзеге асып отырды. Ал араб елдерінде көптеген билік, дау-шар шешу дін ұстаған қазының қолында болатын. Түрік халықтарының да біршамасында дін осындай деңгейде үстемдік етті. Қазақ ішіне діни қағидалардың дендеп ене бастағаны XIX ғасырдың арыжақ-беріжағы болса керек.


Тұтас қазақ даласына ол кезде татар, ноғай молдалары ағылып келіп бала оқытып, молдалық жасай бастады. Оның бір бөлігі патша арнайы тағайындаған указной молдалар болатын. Жалпы қазақтан алыс жатқан Алтайдағы қазақ ішіне осындай молдалар қалай барып, сіңгені туралы этнограф, тарихшы, арғы беттің белгілі ақсақалдарының бірі болған Асқар Татанайұлының «Керей Ишаны – Мұхаммед Мүһмин» атты мақаласын негіз ете отырып әңгіме қозғаймыз.

Кейіпкерімізге бармас бұрын Асқар Татанайұлының қазақ даласына ислам дінінің келуі, оның мәдениетке ықпалы туралы ойларын да тұздықтай кеткен жөн. Асқар Татанайұлы Шыңғыс ұрпақтары елге билік жүргізіп, түмендеп әскер ұстағанымен жергілікті халықтың мәдениетінен жеңіліп түркіленіп кетті дейді. Ал ислам діні араб, парсыға тарағандай қайқы қылышпен емес, мүлде басқа жолмен енгенін айтады. «Осы кезде Азиядағы қазақ халықына тағы да бір жойқын жорық басталды. Ол ат арытып, тон тоздырып, көйлек жыртып, қан шашып, жанды тәнінен айырған шабуыл емес, қайта дүниеге келуіне әлі мың жыл тола қоймаған дәуірлеп өсіп, кемелденіп, кәмелетке келген ислам дінінің шабуылы болатын. Ислам дінінің қазақ даласына тасқын судай басып келуі Африка мен Оңтүстік Азияға арабтың қайқы қылышын үйіріп, араб тұлпарын ойнатып, басып кіруіне мүлде ұқсамайды. Ол сол кездегі қазақ халқының ханды тағында отырғандардың рухани жақта жеңіліп, тәсілім болуынан басталды.»

Әрине халықты байырғы сенімінен айыру оңай бола қоймаған. Сүрен салған араб армясы кірмегенімен ислам дінін уағыздаушылардың диктатурасы халқына қатты батты. Халық бұрынғы сенімі болған шаман дінін жоғалтумен қоса өзінің Шыңғыс озбырлығына бермей келген талай-талай мәдениетін жоғалтты. Көркемөнершілері, музыка шеберлері, балгер-бақсылары, абыздары мен бітікшілері тірідей жерге көміліп, шалма кесектің астына алынды. Олардың халқы таң қаларлық әсем бұйымдары мен аспаптары, нақышты өрнектері жойылды. Сол кездегі ислам діннің диктатурасы өте күшті болумен бірге оның үгіт-насихатының иландырарлық қуаты да күшті еді. Қазақтар бірте-бірте ислам дінін қабылдап діндік бөлінуі болмай бір тұтас ислам дініне сенді. Сөйтіп қазақтар ислам дініне сенбейтін ата-бабаларын біржола ұмытуға мәжбүр болды.

Осы пікірге қоса, Асқар Татанайұлы араб әкелген ислам дінінің қазақтың рулық шежіресіне де аса үлкен ықпал жасағанын дәлел етеді. Қазақтардың қай руы болсын рулық шежірелерінде ата-бабаларын таратқанда жиырма шақты атадан ары апара алмады. Әр ұрпақтың арасын жиырма бес жылдан есептегенде бұл аталар ислам діні кіре бастаған Өзбек хан мен Әз Жәнібек ханның дәуірімен аяқтайды. Сонымен қазақтардың ата-бабаларына жалған тарих жабылып, осы Орта Азияда жасаған неше мың жылдық тарихы бар халық сабақтай келе бір атадан туғызылып, таратылды. Ол атасы: «Мүхаммет пайғамбардың Әннас деген сахабасы еді», – деседі де, қазақтар осы Әннас атты арабтың ұрпағы, былайша айтқанда әлмисақтан мұсылман делініп шежіре қалдырылды.

Әрине бергі кездегі шежіре жазып, ата-бабасын таратушылар негізінен молдалар әрі бұлар ислам дінінің адал мүриттері болғандықтан қазақтың Орта Азия даласында өсіп-өніп халық болып бас құраған түрік тектес халық екенін ауызға алғысы келмеді. Қайта туада мұсылман – Мұхаммет пайғамбардың сенімді жауынгерлері ислам діні үшін қан төгіп, тер ағызған Алла тағаланың адал құлының ұрпағымыз деуі олардың ой-дүниесінде үлкен мақтаныш еді. Сондықтан қазақ молдалары өз ата-бабаларына опасыздық етіп, тегіне қиянат жасап, халқымыздың ұзақ жылдық тарихын ислам дінінің мұддесіне құрбандыққа шалуға ұрынды. Молдалардың осындай ойдырма тарих жасаған ниетін Шәкерім Құдайбердіұлы:

Қазақтың түп атасы – батыр түрік,

Арабсың деген сөздің түбі шірік.

Пәленше сахабаның затысың деп

Алдаған дін жамылған өңкей хулик, – деп әшкерелеуі де осыдан еді.

Қазақ халқы арыдан тартып мал шаруашылығымен шұғылданғандықтан мал шаруашлығының ыңғайына қарай көшіп-қонып өмір сүре береді. Екінші жақтан қазақтардың ислам дініне сенуі моңғұлдармен арадағы жаугершілікті онан әрі асқындырып, аумалы-төкпелі жағдайдан халық арыла алмады. Қайта қазақ билеушілері діннен пайдаланып, дінді халықты басқаруға қолшы етіп істетті. Мешіт-медреселердің салынуы жоқтың қасы еді. Сүйтіп, ислам діні қазақтардың сенімінен ажырамағанымен басқа түрік халықтарының отырақтасқан тайпаларының үстінен жүргізген үстемдігіндей әкімшілік құра алмады.

Осындай жағдайда қазақ халқы ислам діні қағидалары қағажу қылатын эстетикалық өнерін дамытып, көркемөнер бұйымдары, музыка аспаптары бір қолдан бір қолға, көңілден көңілге өткен сайын жаңғырып, жаңаланып, ұлттық бейнесі ерекше тұлғаланып, ән-күйі өзі жасаған кең сахараның алуан үнді, алуан түрлі, алуан бітімді тұлғасындай көрік алып, уақыт өткен сайын марқалана берді. Сонымен бірге ислам дінін көпір етіп, жақындық тапқан араб, парсы елдерінің құрылыс өнері мен ою-өрнек формалары кірді. Қазақтар осы формаларға жақын бейіт қорғаны, күмбездер салып, өздерінің ата-бабаларының басына тас үйіп, ата мекендеріне ескерткіш орнатты. Ән мен жыр, өлең, қисаларға араб-парсы елдерінің бай мұралары келіп кірді. Араб халқының дүниеге әйгілі ертегілері халық арасына кеңінен тарап қазақ ақын-жыраулары жағынан өлең-өрнектеріне түсіп, қазақи нұр, бояу беріліп, қисаға айналдырылды.

Осының арқасында қазақ халқы өзге түрік халықтарына қарағанда түркілік болмысын ұзақ сақтап келді. Осы жерде Ахмет Байтұрсынұлының «20-шы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс Қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас», – деген сөзі еске түседі. Ахаң айтып отырған тілді аздырмай, тоздырмай жеткізе алуының өзі қазақтың не қатты арабтанбай, өз салтын тастамай көшіп-қонып жүрген тіршілігінің арқасы болса керек. Қазақ ішіндегі салттарды, ұстаным мен сенімді саралай келе Шоқан Уәлиханов та қазақта таза ислам әлі жоқ деген шешімге келгені анық.

Алтай елі, ондағы абақ-керей руы – жалпы қазақтан алыс қонып, шет жайлап отырғанымен ол да тұтас қазақтың тұтамдай бір бөлігі ретінде ұлттың шағын моделін береді. Осы елдегі дін таратудың қалай жүргеніне қарап отырып та, өзге қазаққа солай жеткенін аңғаруға болады. Алтай елінде «Жаяу молда» делінетін ауыл арасындағы молда-қожалар атам заманнан тартып, жаназа шығарып, құрбан айт, ораза айттарда намаз оқып, өз үйлерінде бірер бала оқытып жүргенімен жұрттың дау-шарын шешіп, қазылық істемейтін. Шариғат жолымен үкім шығармайтын, мешіт салып, күрделі ел жиып, әр күні бес уақтты намаз бен жұма намазын өткізбейтін. Олардың медресе ашып, бала оқытып, ғұлама молда жетістіретін мешіттері тек XIX ғасырдың екінші жартысынан бері қарай бой көтерді. Өйткені бұл кезде абақтың біршама бейбіт тұрмыс кешіре бастаған кезі болды. Осы кезде Өр Алтайды мекендеген керей баласынан мешіт салып, дінді уағыздап, бала оқытқан Сәбит дамолда еді. Сәбит дамолда абақ керейдің Ителі руынан. 1823 жылы Қалба тауында туған әкесі Нұрмұхамет абыз атанған сауатты, білімді адам болғандықтан баласы Сәбитті тоғыз жасында Қазан қаласына апарып, Татаруылдан қазіретке оқуға беріп, сол бетінде алғашта Қазаннан, кейін Бұқарадан он бес жыл оқып, еліне оралғанда өз елі Қалбадан жылжып, Алтай-Сауырды мекен еткен еді. Байырғы ата қонысына келіп, тұрақтаған еліне келген Сәбит әкесі Нұрмұхаммет абыз мекен тұтқан Сарбұлақ Сайқанда 1847 жылы қарағайдан тұңғыш рет мешіт салдырып, өзі имамдық етті және Алтайда, Жайырда, Сауырда көп жерлерге барып Жеңісхан гүң, Жұртбай мырза, Жанымқан төре елдерінде молдалық істеп бала оқытып, 1881 жылы қайтыс болды. Сүйегі Сайқандағы акесі Нұрмұхамет абыздың қорғанына қойылды.

Сәбит ашқан медреселерден оқығандар арасында Мәми бейсі, Жақып амбы, Татанай молда, Мәмежан молда, Әкеми Сарыұлы, Мұхаммет Шәкер, Мұрсалима қатарлы адамдар болған. Өзі өлгеннен кейін баласы Зуқа қажы оқуы мол болғанымен батырлық, сайыскерлікке құмартып, ел басқарумен шұғылданып, өзін зорекерлікке қарсы күреске баулыған, өз дәуірінің арыстан жұрек батыры, шебер ұйымдастырушы болғандықтан атасына мұрагерлік етіп, мешіт салып, бала оқытып, тәсбі тартып отырмаған. Сол себептен Сәбит дамолданың дін таратудағы көп істері кейінге жалғаспай қалды.

Асқар Татанайұлының дерегінше, Сабит дамолдадан басқа Алтай елінде беделді молдалар арасында дін таратуда ықпалы күшті адам Мүхаммет Мүһмин және оның ұрпақтары болды. Осы әулет ислам дінін уағыздауда көрнекті орынға көтеріліп, Алтайдағы елдің піріне айналды. Мұхаммет Мүһмин Орта Азияның Қоқан, Бұхара қалаларында ұрық жалғаған арғы атасы Шаһсахұр, ұлы атасы Шаһмахмұт, әкесі Шаһмансұр ауқатты адамдар еді. Мұхаммет Мұһминның әкесі Шаһмансұр 1807 жылы Қоқан қаласынан Бұқара қаласына қоныс аударды. Әне сол жылы Мұхаммет Мүһмин туды да Шаһмансұр бұл баласын ержете келе Бұхарадағы атақты медреседе оқытып, жас Мұхаммет Мүһмин медреседен жақсы білім алады. Мұхаммет Мүһминнің жиырма жасында, яки 1827 жылы Шаһмансұр сауда-саттықпен баласы Мұхаммет Мүһминді ертіп, абақ керей елі арасына келеді. Әуелі сауданы абақ төресі Ажының немерелес туысы Сәмен төренің он бір ұлының үлкені, Алтай еліне беделі де, үкімі де жүрген, төбеге шығып жау алған, төрде отырып дау алған Ажы гүңнен кейінгі төре тұқымының біліктсі, туысы мол, сүйеніші күшті, Алтай елін қолы білетін Қожамжар (Ожеке төре) төреге сүйеніп жүргізеді. Ел арасында бір жыл сауда жасап жүрген кезінде малын жинап ала алмай, ел біліктісінің алдына барады. Ел биі өз еліне жан басып, сөзін инабатқа алмаған соң несие малын Қожамжар төреге тапысырып, баласы Мұхаммет Мүһминді несие жинауға қалдырып, өзі Бұхара қаласына қайтады.

Сауда сапары тым сәтті болмағанымен Шаһмансұр бұл жолы тым көңілсіз қайтпады. Ол өзінің көрегендігімен Алтай еліндегі ахуалды дұрыс межеледі. Өздерін мұсылманбыз дейтін осы қауымның арасына сауда жасаудан гөрі ислам дінін үгіттеу анағұрлым өтімді екенін байқады. Өзі тұрған екі-үш жылдың арасында-ақ молдалықта өз беделінің арта бастағанын білді. Алды-артын дұрыс межелей алатын молда керей қауымының дінге деген талабын өзінің аз ғана оқуымен қанағаттандыруы да қиынға соғатынын ойлап, осы сапарда бірер жыл Қоқан, Бұхара молдаларынан үйреніп, білімін толықтырып, жұрт алдында өзінің ғұлама молла екенін мойындатарлықтай діни сауатын асырып, ислам дінін тарату жолына өзін атап Алтай халыына дін үгіттеуге бекіп қайтты.

Ол кезде Бұхара, Қоқан қалалары ислам дінінің Орта Азияға іргесін кеңейтетін орталығы еді. Шаһмансұр Бұхараға барғаннан кейін қаладағы діни сауатты қайраткерлермен кезігіп, өзінің керей ортасында тұрып, дін уағызшысы болатынын айта келіп, ақыл-кеңес сұрап, ислам дінінің қағидаларын оның тарихы мен дін тарату жолдарын үйреніп, үш жылдан кейін көптеген діни кітаптарды алып Алтай еліне екінші рет келгенде бір қолына дін, бір қолына сауда ұстап оралды.

Қоқанда жүрген екі-үш жылда Ожеке төренің қолында қалған өткір пысық баласы Мүхаммет Мүһмин төрелердің көмегімен несиесін жинап алып, саудасын дамытып, енді бір жағынан төре ауылында бала оқытып, төре төңірегіндегі бір қожаның қызымен тұрмыстанып, үйлі-баранды болып, әкесі келгенде баласы ел ортасында қадірлі адамдардың бірі болғанын көрді. Шаһмансұр осы келгеннен кейін баласы Мүхаммет Мүһминге өз білгендерін үйретіп, дінді халыққа кеңінен үгттеп, ел алдында беделді адамдарға айналды. Сонымен бірге баласын үш рет Қоқан, Бұхараға дін жолын үйренуге, құран кітаптар әкелуге жіберді. Шаһмансұр халыққа ықпалы өте бастаған кезде-ақ дәулеті де шалқып, байи бастады. Жәнтекейдің Секел руынан Ғайша деген қызбен некеленіп, әйелін ертіп, құдай жолына қажыға барып, ел алдындағы ықпалын одан ары жоғарылата түсті.

Қожамжар төреге арқасын мықтап сүйеп, ел сеніміне ие болған Мүхаммет Мүһмин әкесі Шаһмансұрдан аса түсіп іс істеуді ойлап, Қыран өзенінің батыс жағасындағы Төре бейіті деген жерден жер үй салып, бірінші рет медресе ашып бала оқытты. Осы медресені ашып, көп өтпей мынадай бір оқиға медресенің жалғасуына кесірін тигізді. Бұл күтпеген жерден сап ете түскен «Қызыл аяқ шапқыншылығы» болды.

Бурылтоғайдың Қылы деген жеріне түсіп алған «Қызыл аяқтар» Сауырдағы Ажы төреге елші жіберіп: «Қобдаға өтіп кетуімізге ат-азы беріп көмектессе тиіспейміз. Әйтпесе Алтай елін шабамыз», – деп құқай көрсетті. Осы қысымға шыдамаған Ажы гүң Ертіс бойына түсіп, төрт бидің бірі – Бапының ауылына қанаттас отырған ел бастыларынан Жұртбай би, Жылқышы, Қожамжар төрелер қатарлы адамдармен ақылдасып, осы бір аш-арық әскерлерді азық-түлік беріп аттандырып жіберуді ортаға қойды. Ажының айтқанына басқалар қосылғанымен Қожамжар төре мен шеруші елінің қара биі - Жылқышы Ақтайұлы қосылмай: «Қызыл айақтарға ат-азық берсек бұлар сол ат-азықтан пайдаланып өзімізге шабады. Егер ат-азық бермесек өздігінен Алтайдан Қобдаға кетуге мажбүр болады», – деп көмек беруге қосылмайды.

Ажы гүң өз ойы бойынша оларға азық-түлік беруге бекіп қызыл айаққа бермекші он мың қой, мың атты ел-елге бөліс еткенде Қожамжар төре мен Жылқышы бұл бөлістен бас тартып, Ажының билігін атқармай жиыннан тарайды. Ажы төре зорлап мал алуға айналғанда өздеріне қарасты Сәмен төре мен шеруші елін бастап қобда жеріне көшті. Осы кезде өз арқасын Қожамжарға сүйеп іс істеп жатқан Мұхаммет Мүһмин де сол ауған елге ілесіп Қобда жеріне барып бірталай жыл мекен теуіп тұрып қалды. Осы кезде Қобданың Күйтүн деген жерінде «күйтүн» мешітін (1881 жыл) салып, сол мештте өзі имам болып басқарды. Кейін Сәмен ауылдарымен Алтайдың күн бетіне қайта өткенде бұл мешітті шеруші Тілеуберді моллаға беріп, өз орнына оны имамдыққа сайлап кетті.

Алтайға қайта келген Мұхаммет Мүһмин Балбағайда қоныстанып, бұрынғы өзі салған медресе орынына 1889 жылы қызыл қарағайдан мешіт салдырды. Оны көрінісіне қарай халық «Сарымешіт» деп атап кетті.

Бүл мешіт ел қыстауға орналасқанда кәдеге асып, намаз оқылатын, әдетте дінге сенімі аз, жапырыла құлап жығылып тұрмайтын қазақтар қысты күні қоныс шалғай, жері алыс, күн суыта мал-жанның қамынан асып мешітке көп жиыла қоймайтын. Малшылардың мұндай дінге селқос бос белбеулігі Мұхаммет Мүһминді ойландырды да, ол амал тауып халықты шырғаға шақырды. Ол кезде халық егін салуға аса беріліп кетпегендіктен егіншілікпен шұғылданатын өңірлер өте шалғай, астық саудасын істейтін кірекеш саудагерлер жоқтың қасы еді. Осы себепті халықтың сусыны мен асы малдың сүті мен еті болып, ал астық деген – күріш, бидай, арпа, тары ілуде бір орындарда ғана болатын. Жұрт бидай көже, бөртпе тары, бауырсақ, шелпек, жент, жаншыма секілді тағамдарды таңсық көретін.

Халықтың осы жағдайын білетін имам жыл бұрын саудагерлер арқылы әр орындардан бидай, арпа алдырып, қыстың алты айындағы әр келген жұма күні көже істеп, намазға жиналған халыққа тегін таратып отырды. Халық бір жағынан жұма намазын өтеп, құдайға құлшылық етуге барса, енді бір жағынан таңсық тамақтан ауыз тиюге барды. Кейін келе бұл көжені «Әлімкөже» деп атасты. Халықты мешітке осындай түрлі шараларды қолдану арқылы жинаған Мұхаммет Мүһмин намаз кезінде уағыз сөйлеп шариғат айтып, құраннан үзініділер оқып, мазмұнын аударып, Алланың бірлігін пайғамбардың хақтығын, құранның шындығын, т.б. ислам дінінің шариғаттарын үгіттеп келді. Осы арқылы Алтайдың күн бетінде жоғары беделге ие болды.

Мұхаммет Мүһминның жарым ғасырға жуық молдалық істеп, ел алдында абыройы артса, енді бір тараптан ұзақ жылдық ұстаздық өміріндегі өрбіп-өскен шәкірттері он екі абақтың әр руларына тарап, әр елде Мұхаммет Мүһминды «пір» тұтқан білікті-білікті молдалар жетісіп, өз тәрбиешіснің туын тік көтеріп, Алтай-Сауырдың еліне беделі онан әрі арта түсті. Мешіт салып, бала оқытқан кезінде хабыз (дінді қорғаушы) атанып келсе, кейін келе Мұхаммет Мүһмин «қазірет» яғни «пір» атанды. Халық оған сиынатын бола бастады. Абыройы өскен қазіреттің дәулеті де асты. Осы дәулетті бабымен басқара білетін ыспар салауатты қазірет керей ішінен тек дінмен ғана емес, құда, тамыр, туыс, жегжат болып тамыр жаюды да қалт жібермеді. Ислам дінінің көп әйел алу шариғатынан пайдаланып, абақтың ұрпақтарынан төрт әйел алып, керейлерге күйеу бала болып сіңіп, балталпса кесілмес, сүймендесе айрылмас туыс болды. Мұхаммет Мүһминнің алғашқы айелі – қожа қызы өлгеннен кейін екінші әйелі Әбуқанипадан Мұхаммед Уәли, Әбеу Уәли, Мұхаммет Салих, Қалиолла деген төрт ұл, үшінші әйелі Тыныштықтан Әбіш, Ахмет деген екі ұл, төртінші әйелі Бибимүсілимадан Мұхамметқали деген бір ұл туып, осылардан тараған үрім-бұтағын халық «Қазірет ата ауылы» деп атады.

Қазірет ата мұнымен де тынбады дейді Асқар Татанайұлы, бір жел соқса ұшып кеткелі тұрған шөп басындағы қылау секілді керей ішіндегі ислам дінінің әлі де болса әлсіздігін жақсы байқады. Сондықтан қажыға 1890 жылдары жетінші рет барған жолында Стамбулда болып, ондағы діни ғұламалармен сөйлесіп, өзінің ислам дінінің кемелденуі үшін істеп жатқан ісіне көмек сұрады. Сол көмек негізінде Стамбул ғұламалары Қазіретке «мимүбарак» ашуына көмектесуге уағда беріп, оны келесі жылы қажыға келген адамдардан қалдырмай беретін болып келісті. «Мимұбарак» дегеніміз пайғамбар Мұхаммет ғалайһисаламның құмыраға салынған мұрты еді. Ислам дінінің мейрам күндері (ораза айт, құрбан айт күндері), Пайғамбардың дүниеге келген, о дүниеге кеткен күнін еске түсіретін кезде Пайғамбардың мұрты салынған құмыраны жұрт көзіне басып, ислам діннің қадірлі Пайғамбарын еске алып, оған сиынады.

Мұхаммет Мүһмин осы сапарынан Алтайға қайтып келгеннен кейін келер жылы алып келетін «мимұбаракке» арнап 1898 жылы Қыран бойынан «Ақ мешітті» салдырып, оған арнайы мимұбарак күмбезін орнаттырды. Мешіт қызметі қарбалас жұріп жатқан осы жылы Мұхаммет Мүһмин өзінің жеті ұлының ішіндегі ең алғыр зерек, мұрагер болар зейіндісі деп таныған кіші ұлы Мұхамметқали (Махсұм қажы) мен адал да құнытты үлкен ұлы Қалиолла имам (Нұрмұхаммет) екеуін қажыға жіберіп, қайтар жолында Стамбулдан «мимұбаракты» алдырды.

«Мимұбарак» қыс күні ақ мешіттегі «мимұбарак күмбезінде» сақталып, жазда арнаулы жасатылған киіз ұйге қойылып күзетілді. Көшкен елдің жағдайына қарай он екі айда Алтайдың жонына шығып, ойына тұсіп тұрды. «Мимұбарак» әр жылы ораза айт пен құрбан айт және пайғамбардың туған күні қазірет атаң ауылында ашлып, мәуліт оқылып, ат жетер жердегі қазақтар таңнан келіп, «мимұбарактың» ашылуын күтетін.

«Мимұбарактың» ашылған күнін Асқар Татанайұлы толық суреттеп жазады. Ақ мешіт бітіп, «мимұбарак» тұңғыш ашылған күні жүрт көп жиналды. Алтайдың Жеңісхан гүңі мен төрт бидің орнынан арнайы келген әр елдің, әр рудың білікті-білікті жерлерінен қадау-қадау шақырылған қонақтардан сырт, Қыран, Ертіс бойындағы қалың ел жапырыла келді. «Атаң ауылында «мимұбарак» ашылады екен» деген дақпырт жаз бойы Өр Алтайдан тартып Төменгі Алтайға дейінгі төрт би, төреге қарасты елдің аузында, оттың басында, малдың қасында, отардағы қоста, ойдағы ауылда жұртты өзіне тартқан таңғажайып сөз болып, ел таңырқасып, таңдай қағып тыңдады. «Мимұбарак» ашылған күні алла тағаланың риздығы шашылады. «Мимұбарак» аталған – Пайғамбардың мұрты салынған құмыраны көзіне сүрткен адамдар тіріде жиғанды, ақиретте иманды болады екен, – деген діни сенімнен шыққан сөздер желдей есіп, батыстан шығысқа, шығыстан батысқа, Алтайдың күн бетінен теріскейіне бірінен бірі асқан дәріптемелер қайшалысып, қалың қауымға бөгетсіз тарап жатты. Әсіресе молдалар, дін құмар сопылар арқылы ауыл үлкендеріне жетіп, тілек үстіне тілек етісті. Күн бұрын дақпыртын естіген қауымға сол «мимұбарак» арқылы әлемдегі бақыт құсы Алтай еліне жапырыла ұшып келіп қонатындай сезілетін. Міне сол бақыт есігі бүгін ашылмақшы. Қазірет ауылындағы түнімен жиналған қалың қара нөпір топ таң атып, күн көтерілген сайын әр жерден, әр тұстан топ-тобымен, жік-жігімен келіп жатқан қауыммен молая берді. Таң намазының азаны шақырылуымен Ақ мешітке сеңдей ағытылған жұрттың көбі сол мешіт маңынан қайтпады. Күн көтеріліп, жүрт жиналып болды-ау деген мезгілде «мимұбарак» ашылғаны жарияланып, салауат айтылып, Қазіреттің үлкен ұлы Қалиолла (Нұрмұхаммет) имам жағынан «мимұбарактың» қадыр-қасиеті таныстырылды. Бұл арабша сөйленсе де жиналған жұрттың көбі сөзін ұқпағанымен жұмысы болмай әйтеуір тіріде жинаған, олгенде иман беретін қасиетті мұртты көруге асықты.

Қазірет адамдары бір кезде мешіт алдында халықты қатар тұрғызып, мешіт есігі алдындағы жаңа жасалған сөре тақтайдың аржағында тұрған Қазіреттің алдынан өтуге тәртіптестірді. Басына ақ сәлде салған, үстіне батсайы шапан киген көгілдір көзді, орақ тұмсықты ұзын бойлы сәл еңкіштеу біткен Қазірет жеңін ұзын шапаннан жіңішке, арық, аппақ саусақтарын шығарып, кіші ұлы Мұхамметқали қос алақанына қойып көтеріп келген сандықшаның бетін ашты. Маңдайын сандыққаа басып тауап етіп, сандық ішіндегі қасиетті құтыны қолына алғанда алдыңғы қатарда тұрған Қазірет тұқымы тұтас шуалса күбірлеп, көздеріне жас алып, дұға қылысты. Екі тарабы бітеу жіңішке пяла құтыны жұртшылыққа бір көрсетіп, қайта Қазіреттің жеңіне жасырылғанда жақын тұрған бірнеше адам ғана оның ішінде төрт бес тал қоңыр сары түсті адам мұрты тектес қылды байқады. Осыдан кейін сапқа тізілген жұрт бір-бірлеп тәртіппен Қазіреттің қос қолына қос қолдарын тигізіп, екі басын мықтап ұстап тұрған Қазіреттің қос жұдырығы арасындағы пяла құтыны көздеріне сүртіп өтіп жатты. Барлық жұрт Алладан көңілінде сақталған өміріндегі кем-кетігін толтыруға тілек тілесті. Біреулер мал-бас тілесе, біреулер атақ-абырой тілейді. Адам баласында төрт тарабы сай келіп, төрт аяғынан тең басқан адам болған емес, өйткені адамда арман-тілек таусылып, көңіл құсы қайта айналып тұғырына қонып көрген емес. Бірақ әркімнің арман-тілегі өзі шыққан тұрғысы, өзі қонған тұғырына қарай әр түрлі. Мынау төре мен төрт бидің өз тілегі, өзінің жетсем деген арманы өз алдына, көкжал бөрі секілденіп жүнін қампайтып, сыртына сыр бермейтін дегенмен олардың да өз көңілдерінде жетпей жатқан кем-кетігі, шыға алмай жатқан биігі толмай жатқан ортасы бар-ды. Біреулер дәулет тілесе, біреулер ұрпақ тілейді, біреулер мансап, абырой-атақ тілесе, жоқшылық, тапшылықтың зардабы өткен адамдар дән риздық тілейді.

Алтай, Сауырдан бас қосқан қалың тілектің ошарылып, ақ мешіттің алдында Қазірет қолындағы көгілдір құтының ішіндегі қасиетті мұртынан жақсылық пәрмен тілеп жатуы Қазіреттің абыройы мен атағын тік көтерді. Күллі мұсылман баласы күніне бес рет Кағбаға бас қойса, бүкіл Алтай халқы осы бір қасиетті құтының құдіретімен Қазіретке ден қойды. Алтайдың төресі мен төрт биін өз алдына иілдірді. Қазірет Мұхаммет Мүһмин өзінің шығамын деген биігіне бүгін шықты. Мұхаммет пайғамбардың жүз-дидәрі секілді «мимүбаракты» осынша қауымның көзі өзінің екі алақанының арасынан көре алуы Қазіреттің орнын Қаратаудай биіктетті. Ол халықты намазға шақыратын мешіт имамы ғана емес, қайта Пайғамбардың нұр-дидәрін қолына ұстаған ислам дінінің Алтайдағы піріне айналды. Жоқ-жітік, кәрі-кәсір, жетім-жесірден тартып, бай-манап, би-төре сиынатын пірге айналды.

Міне Мұхаммет Мүһмин ел алдында осы беделге келген кезде Алтайдың төрт би, төресі өздері басып отырған биліктің бір шетін Қазіретке де еріксіз бастырды. Алтай өңірінде ислам діні өкім шығаратын қазылы орынға көтеріліп, ел ішінің дау-шарында дін сотын ашып, жесір дауы, жер дауы да сслам діні шариғатымен басқарыла бастады. Осыдан кейін Алтайдағы дін ордасы болған Қазірет ауылы «Қазірет атаң ауылы» атанып, беделі асып, ендігі жерде ислам дініне қазақтың білікті орындарының барлығы да ден қоятын болды. Біреулер құдайшылдығымен мешіт салдырса, енді біреулер атақ-абыройға бола қара таласып мешіт салдырды. Сөйтіп, XX ғасырдың басталуымен тең Алтай елінде мешіт салу бәсекесі басталды. Әр тайпа, әр ру, әр атадан шыққан дәулетті ел иесі адамдар өз алдарына мешіт салып, жамағатты бес уақыт намазға шақырса, ішнара саналы, көзі ашық адамдар мешітке қоса медресе салдырып, бала оқытып, мұсылманша сауат ашуға кірісті. Сол кезде Алтай-Сауыр көлемінде ілгерінді-кейін елу неше мешіт салынып, әр мешітке имамдық еткен имамдар өз хал-жағдайалрына қарай бала оқытып, молда жетістірді. Бұл мешіттің ішндегі беделі зор мешіттер: Көктоғайдағы Ақыт қажы мешіті, Бітеуіргедегі Мәми бейсі мешіті, Сауырдағы Жәке би мешіті, Ертістегі Жақып амбы мешіті, Тасбикенің Ақ Марал мешіті, Буыршын бойындағы Өміртай мешіті, Ертіс бойындағы Тоқбай мешіті, Қабадағы Дабы мешіті, Балбағай мен Күртідегі Құнанбай қажы мешіті қатарлы мешіттер болды. Осы мешттердегі үлкен медіреселер: Бітеуіргедегі Абақия медресесі, Сауырдағы Жәке би ашқан медресе, Көктоғайдағы Ақыт қажы медресесі, Ақ мешіттегі Атаң ауылы медресесі болды. Мұхаммет Мүһмин қайтыс болғаннан кейін баласы Мұхамметқали Махсұм қажы атанып, орнына иелік етті де, Ақ мешітте тұрды. Ал Сары мешітке Нұрмұхаммет (Қалиолла) имамдық қылып тұрды. Махсұм қажы 1934 жылы 59 жасында қайтыс болып, оның орнына баласы Жамылиқа дін істерін басқарып, 1945 жылы мүфти атанды.

Алтай көлеміндегі жоғарыдағы аталған медреселер 1934 жылы Шаріпқан Көгедайевтың басышлығындағы жаппай сауаттану қозғалысында жаңаланып, «Абақия» медресесі «Үлгі мектебіне», Жәке би медресесі «Ласты» мектебіне, т.б. айналып пәндік сабақ өтілгенде Қазірет ауылындағы медреселер де қоғамдық аласапырандықтардың салдарынан тоқтады да, қайтып бұрынғыдай көлеммен ашылмады.

Мұхаммет Мүһминнің арғы тегі Қоқан қожаларынан шыққан деседі. Нақышбандия тарихатының негізін қалаған Бұқара қаласындағы әйгілі Бахауаддин Нақышбанди әулиенің шәкірттерінен дәріс алғаны туралы да айтылады. Тұтас өмірін дін жолына арнаған қайраткердің ұрпақтары бүгін де бар. Қалай деген күнде де халықты ағартудың бір саласы болған діни ағарту ісін Алтай мен Қобда бетіндегі қазақтар арасында алғаш жүргізген, алғаш мешіт, медресе салдырған, ел ішінде аса үлкен қадірге ие тұлға болғанын аңғарамыз.

Пайдаланған әдебиет: 

Асқар Татанайұлы. Тарихи дерек, келелі кеңес. Шыңжаң Халық баспасы. Үрімжі, 1996 ж.