«Сыздықовтың еңбегін майдан даласында ұшақпен шашқан...»
05.04.2021 2363

Аян ҚАЖЫБАЙ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы,  Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты.


-Алдағы әңгімемізді әрмен қарай жалғастырсақ. Тарихи тақырыптар дегеннен шығады ғой. Осы тақырыпты тіптен үстей түссек?

-Осы орайда, әкемнің тарихи тақырыптағы тағы бір сүбелі туындыларына – «Қанкешу», «Аран» повестеріне, «Ұмытпа мені, Гәккуім» драмасына және жазушы қаламынан шыққан соңғы кесек шығармалары «Қансоқта» мен «Қанды қасап» роман-дилогиясына тоқтала кетсем деймін.

Өткен өктем ғасырдың аумалы-төкпелі бет-бедерінде, қысылтаяң, қытымыр мінезі, замана тауқыметі әңгір-таяқ ойнатып, қилы кезеңде азаттыққа, рухани дербестікке бет алған талай алаш арысын солдырып тастады. Кеше ғана аяқ-табағы араласып, айрандай ұйып отырған қазақ елінің кеңес өкіметі орнағалы бір-біріне қарадай жауығып, ағайын арасынан дұшпан іздеп, қатыны шөміш алып қоқандаған, еркек-сымағы бақан алып бауырлаған, елі азған, жері тозған заманның бір көрінісі отызыншы жылдардың сталиндік репрессия дауылы болды. Репрессияның екі иінін жұлып жеп тұрған озбырлы тұсында талай шаңырақ шайқалып барып, ортасына түсіп, талай ошақтың ойраны шықты, ұядай от басы азып, бала-шаға шілдің қиындай тозып, қияпатты дәуірдің дауылды толқынына ілесіп әр қиырға бас сауғалап кетті, әкеден бала, баладан ана безді. Аштық пен жалаңаштықтың ұрығын сеуіп большевизмнің қолдан жасаған қызыл қырғынды террорынан, қынадай қырып жатқан қарақуырдақ қасабынан қайран ұлтымыздың еш өкілі қағыс қалмады.

Төлегеннің арқау еткен басты тақырыбы да осы жайында.

Шығарма қай тақырыпта, қайсыбір мәселені қозғаса да, әңгіме оның көркем жазылып нанымды шығуында ғой. Көркемдіктің ар жағында оқырманды иландырарлықтай пәрменді ой, өзекті мақсат, дәрменді сөз жатуы керек-ақ. Онсыз шығарма көркем туынды бола алмайды ғой.

Сол қатарда алсақ, жоғарыда атап отырған повестер – жаңа нышан. Әңгіме не жайында, кім хақында? Біріншіден, бұрын болмаған, айтылмаған, көрінбеген кейіпкерлерге жолықтық, екіншіден, бұрын мүлде атаусыз келген қараспан заман, қатал кезең – ХХ ғасырдың ауыр нәубетті 20–30-жылдар трагедиясын көресіз. «Кәмпескелеу», колхозға ұйымдастыру, қанадан тыс алым-салық, асыра сілтеу, шолақ белсенділік, ақырында халық басына келген тауқымет – жаппай ашаршылық. Т.Қажыбайдың «Қанкешу», «Аран» повестері осынау 1932–33 жылдарындағы еліміздегі аштық, 1937–38 жылдардағы сталиндік репрессия кезеңдеріндегі тақбезесіне арналған. Бұл қасіретті жылдарды поэзия тілімен беру – ауырлау болуы да мүмкін, тарата әңгімелеу, басына қайғы түскен халықтың, жекелеген адамдар тағдырын жырмен беруден гөрі қара сөзбен сипаттау қолайырақ болған деп ұқтық.

С.Сейфуллин, Б.Майлиндер айтар ойларын беруге әртүрлі жарнрды пайдаланып отырғанынан еш ұтылмағаны сияқты, автор да бұдан ұтпаса ұтылмаса керек. Қаламгердің бұл күрмеуі күрделі тарихи тақырыпқа баруында зор мән бар. Ол бұл тақырыпқа ата-ана, өзі қасиет тұтқан үлкендері алдындағы борышты өтеу үшін келген.

Олар осы сабыт тақсыретті басынан кешкен шерлі ұрпақ еді. Есесіне, атамыз – Қажыбайдың туған ағасы, қазақтың көрнекті ақыны Жақан Сыздықов империяның аузынан жалыны шашып, ызғар төгіп тұрған заманында ашаршылық, геноцид тақырыбына бәрінен бұрын, ең алғаш түрен салған тағдыры тәлкекті туынды «Әлі қарттың әңгімесі» дастанын жазып, басы үлкен дауға қалды. Дауға қалғаны былай тұрсын, кеңес өкіметі оның соңына шырақ алып түсіп, күн көрсетпеген. Ол өмірден ақындық еңбегіне лайық сый-құрмет көрмей, тағдырына налып өтіпті. Кейде белгілі тақырыпқа келу үшін осындай жайлардың басын ашып алу керек болады, сонда айтар ой айқындала, нақтылана түсетіні анық. Ел тарихын жетік білетін қаламгер, журналист, аудармашы Сарбас Ақтаев әкеміздің бұл тақырыпқа табан тіреп келу мақсаты орайында Жақан Сыздықов туралы көпшілік білмей келген жайлардың басын ашып, кеңірек тоқталыпты: «Қазақ халқының үштен бірін баудай түсіріп, жалмап-жұтып, обып жіберген отызыншы жылдардың басындағы алапат аштық күні бүгінге дейін көркем әдебиетімізде де өз көрінісін таппай келе жатқан тақырып.

Кезінде қызыл саясаттың аузынан ақ жалын атып, қан шашырап тұрғанына қарамастан бұл тақырыпқа қалам тартып, «Әлі қарттың әңгімесін» жазған жалғыз Жақан Сыздықов қана еді. Айтулы ақынның бұл батылдығын ол тұста біреулер ерлікке баласа, енді біреулер ессіздік, көзсіздік санап, іштей тынып қоя салған. Бірақ ол дастан елімізде еленбегенімен, батыста үлкен шу шығарды. Қазақ ақынының батылдығы мен батырлығын дәріптеп, шығармасын шетел тілдеріне аударып, «кеңестік өмір шындығы осы» деп, оны социалистік құрылысқа қарсы насихатқа кеңінен пайдаланды. Тіпті Ұлы Отан соғысы жылдары поэманы орыс, неміс және басқа тілдерге аударып, көп данамен басып шығарып, майдан даласына ұшақпен шашты.

Сол сол-ақ екен, астаналық Алматы облыстық газетін басқарып жүрген Ж.Сыздықовтың соңына мемлекеттік қауіпсіздік комитеті шырақ алып түсті. Партиялық қатаң жаза қолданып, жауапты қызметтен босатты. Ұзақ уақыт жазу-сызуына тыйым салып, жазса да жариялатпай қойды. Әр адымын аңдып, қия бастырмай, қара басы қатаң бақылауда болды...» (С.Ақтаев. Жалғас жыр, алмас қыр. «Тұлғалар тағылымы» жинағынан алғысөз, 2006 ж.).

Әрі қарай зерттеуші жазушы оның қазақтың үштен бірі ажал құшқан трагедиясын жазам деп ақынның өмір бойы көрген азабын жазады. Ол уақытта партиялық сөгіс – жазаның ең қатаң түрі. Осы сөгіс қырқыншы жылдардан жетпісінші жылдардың ортасына дейін жүріпті. Аупартком басшылығы «сөгісіңізді алайық, өтініш жазыңыз» дегенде: «Енді мен қанша жасар дейсің? О дүниеге барғанда қабырғасын өзім қаласқан бұл қоғамнан не алдым деп барамын? Тым құрыса сөгіс алып едім дейін де», деп жарықтық өтініш беруден бас тартыпты. Басы қара жерге жеткенше «қайсарлығынан танбаған, қайран сабаз-ай!» (Сонда, 4-бет).

Міне, С.Ақтаев өрбіткен тұлғаның басынан кешкен жай осы. Ол кезде қазақтың ортасы империяға қарсы шыққан оның әрекетін ессіздік көрген. Қазір толғанып отырсақ, елінің қырылғанын тұңғыш айтқан ақындікі үлкен батылдық, тіпті жүрекжұтқандық екен де, керісінше, оны шындықты ашық айтқаны үшін қудалаған қоғамның әрекеті ессіздік болып танылады. Тіпті, лақ екеш лақ та жаны шығарда бақырып, қарсылығын білдіреді ғой. «Аузыңды ашпаған қалпы қырылып өле бер» деген сұмдық саясатты да халқымыз бастан өткеріпті.

Осылайша даңғайыр дарынға атақ-даңқ әкелудің орнына, қасірет болып жабысқан осынау тақырыпқа алпыс жыл салып Жақанның туған інісі, тікелей ұрпағы Төлеген Қажыбайдың қалам тартуы заңдылық.

Әкем Сыздық атасының (біздің ұлы атамыз – А.Қ.) қолында өскен. Мұны айтып отырғаным – Төлегеннің шыққан ортасының тектілігін, өнер, әдебиетке жақындығын айғақтау. Сол кеңестік жүйенің төбесінен жай түскендей қылған атақты ақын мен Төлеген бір атаның өнегесін көрген. Жазушының Жақан қиянат көрген тақырыбын қолға алуы аманатқа адалдығы деп білемін.

«Қанкешу» повесінің эпиграфына жазушы Жақан Сыздықовтың «Мешін жылы – ауыр жыр, мешін жылы – ауыр жыл» деген сөздерін алыпты. Былай қарағанда, күрделілігі жоқтай көрінетін екі-ақ ауыз сөзге ақын астарлай отырып, үлкен мағына, тіпті бір халықтың тағдырын сыйдырып жібергендей. Басқаның емес, Жақан көкесінің сол қиын заманда дүлей империялық саясаттан қаймықпастан ашаршылық шындығын бадырайтып тұрып жайып салған қазақтың өр ақыны Жақан Сыздықовтың сөздерін алуы да кездейсоқ емес. Маған бұл шығарма сол қайран арыстың әруағына, оның және аштық азабын, заман құқайын көрген замандастарының әруағына қойылған ескерткіштей көрінеді. Және әкем өзі көзімен көрген, өзі тәрбие алған сол Жақан көкесімен екеуінің ортасын, әке-шеше, аталарының көрген азапты шақтарын еске салғандай эпизодтарды да повесіне сыналап отырып кіргізген сияқты. Тіпті кейіпкер есімдері де Төлегеннің өзі өскен ортаны еске салады. Әжібай Төлемісов есімі – Төлегеннің өз әкесі Қажыбай Төлемісовті еске түсіреді.

Кейіпкер әрекеті мен өмірдегі әкесінің тағдыры басқаша болғанымен, автор сүйікті кейіпкеріне әке есімін сәл өзгертіп беруі арқылы, өзі көзі көрмеген әкесіне де ескерткіш-монумент қойып отыр. Және ол ғана емес, атасы Сыздықтың да есімі кездеседі, тағы өзге есімдер де, ауыл аттарында жазушы өскен өнегелі ортаны еске салушылық аз емес. Ақан сері, Біржан сал есімдерінің де басты кейіпкерлерге қатысты еске алынуы өзі өскен ортаның өнегесін құрметтеуі деп ұқтық. Сондай-ақ сол тұстарда атын атаудың өзіне тыйым салынған алаштың арыс ақыны Мағжан жырларының бәрібір халықпен бірге өмір сүргендігін таныту – повестің ұтымды жақтарының бірі.

- Байқап отырсам осы кейіпкерлердің дені XX ғасырдың қанқасап кезеңінің куәгерлері секілді ғой?

- Солай. Бұл туындылар қазақ халқының тағдырындағы ең ауыр зұлматты онжылдық – 1932 жылғы ашаршылықтан кейін іле-шала қолға алынған 1937–38 жылдардағы сұмдық сталиндік репрессия кезеңдеріне арналып отырғанымен де повестің тақырыптық аясы өте кең.

«Қанкешудегі» – Жастілек Бекенов бейнесі – сол кездегі мыңдаған жастілектердің жинақталған образы. Повесте Жастілек өмірінің басынан аяғына дейінгі кезеңі суреттеледі. Тағдыр тауқыметін бір кісідей көрген Жастілектің ауыр өмірі кімді болсын күйзелтпей қоймайды. Сібірдің қақаған суығында туған әкеден бір айырылса, елге оралғанда анасы мен бауырларының орнын сипап қалған ол көп ұзамай нақақтан нақақ жаланың құрбаны боп айдалып кете барады. Сондағы жұдырықтай жас жігітті тағдыр тәлкегіне салып, өмірін өксіткен сәттер аса бір күйінішті сезім тудырады. Кімге болсын туған анасының қымбат екені айдан анық. Ал асыл анасынан айырылып, оның көзіндей болған алтын сырғаларды бөгде біреудің құлағында көрген Жастілектің жан толқынысы еріксіз көзге жас әкеліп, ішкі жан сарайыңды әлемтапырық қылады.

Құдай-ай, адамнан сұмдық артылған ба?! Сол сырғадан басталған ырду-дырдудың аяғы он бес жыл Сібірдегі айдауға апарып тірелерін Жастілек сезді ме?! Бейкүнә балаң жігіттің бұдан былайғы өмірі де өксікпен жалғыздықпен өтеді. Туған елге, өскен жерге деген сүйіспеншілігі, әке алдындағы анты Жастілекті елден жырақ өмір кешуіне әкеледі. Повесте әке мен бала арасындағы түсінушілік пен сыйластық, жаныңды елжіретерлік сүйіспеншілік өте жарасымды суреттелген. Әкеге деген өшпес махаббат, таусылмас сағыныш күйі жазушының жеке басының өмірінен де елес беріп тұрғандығы сөзсіз.

Автор сол қиын дәуірде елдігін, кісілігін сақтай білген қайсар, төзімді халықтың үздік қырларын таныта отырады. Рухы күшті халықтың жауыздық саясатқа қарсы тұра білуі, өз ішінен шыққан шұбар жыландармен күресі нанымды әрі әсерлі. Қазақ қандай қиын қыстау күнде де рухын төмендетпеген, ата-бабаның өнегелі салтын сақтай білген халық. Кейде трагедиялық шығарманың оқиғаларын тым қоюлатып, үнемі қайғы-зар, жантүршігерлік оқиғаларды көлденеңдете беру оқырман еңсесін езіп жібереді. Қазаққа дүниедегі бар сұмдықтың бәрін үйіп-төге беру де жас ұрпақ рухын түсіруі мүмкін. Соғысып жүріп те халық өз тіршілігін жалғастырған, жастарын үйлендірген. Ашаршылықта да солай. Осыны ескерген болуы керек, автор зұлматты, кеселді шақты бейнелей отырып, адамдық пендешілік, қуанышты сәттерді де сипаттап отырады. Повесте ашаршылық суреттері – репрессия кезеңіндегі орын алған «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген кереғар сұрқия саясат, асыра сілтеу болмасын деп алып, асыра сілтеушіліктің сорақысын көрсету шынайы сипаттала отырып, ара-тұра бас қосып, сал-серілердің әндерін айтып көңіл көтерген сәттері де аз емес...

Қысқасы, «Қанкешу» повесі бір әулеттен жападан-жалғыз қалып, күйікті ғұмыр кешкен Жастілек ақсақалдың өзіндік толғаныс-монологынан басталып, повестің финалы, азапты қанкешуден өтіп, тірі өліктің күйін кешіп, тағдыры тозаққа айналған Жастілектің соңғы сәттерімен аяқталады.

«Қанкешу» бәлкім көлемі жағынан повесть деген атауға сәйкес келуі мүмкін, ал идеялық-тақырыптық ауқымы жағынан байыптасақ, роман жүгін көтеріп тұр. Өйткені, ол қазақ халқының тағдырында ерекше орны бар, қанкешу, қайғылы аралықты он жылға жуық кезеңді қамтып тұр. Ел басындағы ең ауыр зобалаң кезең шындығын өткір бейнеленген, ауқым-аясы кең, заман талабына толық жауап бере алатын ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мол шығарма екендігі анық.

-Айеке, «Аран» да» осал туынды емес қой?

-Төлеген Қажыбайдың тағы бір повесі «Аран» деп аталса, атауының өзі кісіні селт еткізердей. Бірден аранын ашқан ажал есіңе түседі. Ал осы аранын ашқан аждаһа ажал қазақ даласындағы әйгілі 1932 жылғы аштық жылдарында үдей түсіп, жалмап жұтатып кеткендігі белгілі. Төрт-ақ әріптен тұратын бір-ақ ауыз сөзбен шығарма тақырыбын ашу, дөп тауып мағыналы атау беру сүйсіндірерліктей.

«Аран» десе дегендей, повесть алғашқы сөйлемінен-ақ денеңді тітіркендіріп, сонау шерлі шежіреміздің қойнауында қалған, жан-дүниеңнен енді қайталанбауын тілейтін нәубетті шақ жұтатқан ашаршылық кезеңіне санаңды тартып, еркіңді билеп, үйіре жөнеледі.


«Қанкешуге» қарағанда «Аранда» тілсіз тажал аштықтың нақты шегіне жеткен көріністері суреттеледі. Жауғашты шалдың отбасы арқылы сол кездегі қаймана қазақтың жан түршігерлік тағдыры сөз болады.

Аштықтан әбден есі ауысып, бірінің етін бірі жеген сұм заман, көмусіз қалған мүрделердің ит-құзғынға жем болған, босып кеткен аш адамдардың жан дүниесі, іс-әрекеті аса бір шынайлықпен суреттелген. Шағын ауыл Шақалақпен арасы он екі шақырым Аралағаштағы тұрмыс айырмашылығы Жауғашты шал мен оның тамыры Петроның сөзінен анық байқалады. Жазушы елдегі қиын жағдайдың орын алу себебін кейіпкерлерінің өздеріне айтқызады. Қазақ халқын басқарған «көсемдер» өресінің таяздығы, қазақтың малынан айырылса қолында қу таяғы ғана қалатыны, одан басқа кәсіппен айналаспауы сөз болады. Ақырында Жауғашты шалдың баласының және немересі Нұрбикенің аштықтан өлгені сөз болады. Әсіресе, соңғы кішкене сары қыздың өлімі қабырғаны қайыстырып-ақ жібереді.

Анасы мен бауыры үшеуін қасқыр қамалаған сәтінде қасқырға құрбандыққа жем болған Нұрбикенің халін жазушы былай деп суреттейді: «Сол қолына жабысып алған Нұрбике бірде айрылып қалып, бірде қайта жармасып шыр-шыр еткен күйі еңіреп келе жатқан. Ендігі бір сәтте сүрініп кетті ме, әлде өкпесі ұшып жүгіруге шамасы келмей қалды ма, әйтеуір анасының жармасқан қолынан айырылып қалған. «Кеш ботам, кеше гөр сорлы анаңды» деп тістене күбірлеген Кенжештің омырауын ащы жас жуып кетті...» Сөйтіп жас қыз қамалаған қасқырға жем болды.

Ананы перзентінен айыру дүниені билеген Темірдің де қолынан келмегені тарихқа аян. Ал аждаһа аштық, дәрменсіз шарасыздық есіл ананың ұрпақ жалғасы ұлын сақтап қалу үшін қызынан айырылуына мәжбүр етті. Неткен қатал тағдыр десеңізші!

«Аран» повесі ашаршылық тақырыбын терең ашқан, қысқа да болса нұсқа көркемдік қуаты мол туынды. Қара сөзбен жазылса да, жырдай оқылып, оқырманын әлбеттен-ақ еліктіріп, ерте жөнеледі. Бір демнен оқып шығып, кітаптың бетін жапқанда, өз-өзіңнен еріксіз ауыр ойға шомасың, көз алдыңнан қилы суреттер, түрлі бейнелер өтеді. Қандастарымызды қынадай қырған қолдан жасалған алапат ашаршылықтың аждаһа аранын көріп, тұла бойың түршіккендей боласың. Шимандай бір Шақалақ ауылының әудемде шағырағы ортасына түсіп, опырылған үйлердің жұртына, ақсүйек болып судырап шашылып қалған өліктердің қорымына айналғанын елестетіп қарадай көңілің құлазиды. Хикаяттағы қилы тағдырлар, қым-қиғаш көріністер тебірентпей-толғантпай қоймайды, ондағыдай ауыр да, аянышты халді, мехнатты жолды сонау бір сұрқай сұрапыл жылдары жалғыз Жауғашты қарттың отбасы ғана емес, күллі қазақ елі бастан кешті ғой. Тек ендігі ұрпақ мұндай алапатты көрмесін деңіз. «Наркескен нарық қылпып тұр, қынадай тағы қыра ма?!» деп қауіп ойлаған автордың да айтпағы осы...

Қаламгердің барша қазақтың тамашалауына лайықты озық дүниелерінің бірі халқымыздың әйгілі өнерпазы Үкілі Ыбырай бейнесіне арналған «Ұмытпа мені, Гәккуім» атты драма-реквиемі болатын. Бұл әрі сал-серілеріміздің дулы өмірін шалқыта көрсеткен, әрі Үкілінің қуғын-сүргінге іліккен ғұмырын таныта алған трагедия ретінде жерлестерін үлкен әсерге бөлеп еді. Драма-реквиемінде Үкілі Ыбырайдың екі түрлі қырымен танылған күрделі типтік образы жасалды. Біріншіден, ол осы Көкше өңірінде топтасқан сал-серілердің жиынтық бейнесінде танылса, екіншіден, Сәкен, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Ілияс, Бейімбеттер секілді халқына зор қызмет қыла тұрса да, «халық жауы» атанып, кеңестік идеологияның құрығына іліккен арыстарымыздың ортақ тұлғасында сомдалды.

Қазақ тарихында үлкен із салған, өз шығармашылығында дара да сара соқпақ тартқан басты кітабы (әкемнің жеке пікірі бойынша – А.Қ.) – «Қансоқта», «Қанды қасап» атты екі кітаптан түзілген (әкем басында роман трилогияны жоспарлап еді, бірақ денсаулықтың нашарлауына байланысты соңғы үшінші кітабын аяқтай алмады – А.Қ.), бірақ тұтас, түбегейлі көркемдік әлемі. Алаш өткен ғасырда: XX жүзжылдықтың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында бастан кешкен ауыр нәубет, әділетсіз асыра сілтеу, алапат ашаршылық, одан бергі уақыттарда жалғасқан тағдыр тәлкегі, заман тауқыметі, сана сапырылысы – тұтас бір дәуір дидары.

Тас қайнардың суындай қаламгердің шығармашылық шабытты көкірегінен бұлқынып шыққан бұл шығармалар нәрлі тілімен, айшықты стилімен кітаптардың алғашқы беттерінен менмұндалап жүлгелі көркемдік өріс қуатын танытады.

Романның басты кейіпкері – Кенже қайшылықты да күрделі образ. Жүрегі ақ адал жігіт тағдыр тәлкегімен, қатал да безбүйрек қоғамның әуселесімен тайғақты тұрлаусыз, қансоқта жолға түседі. Әдебиет тарихына көз жүгіртсек Кенже образының Пушкиннің Дубровскийімен, Әлжаппар Әбішевтің «Найзағайындағы» Мәдимен, Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалындағы» Құлан (Кейкі батыр) образдарымен туыстығы бар. Төкең де бұл тақырыпқа өзіндік тұрғыдан келіп, жаңаша образ сомдайды.

«Қансоқта» романында Қарағаш өңіріндегі даңқой елінде орын алған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі алдындағы ахуал, онан кейінгі аласапыран кезең реалистік суреттеулер арқылы тарихи фон аясында дәуір мен кезең трагизмінің сипаттарымен өрнектеліп шынайылық сипат алады. Шығармадағы трагизм пафосы көкірекке мұң ұялатып, көзге жас үйіреді. Шығармадағы Кенже трагедиясы, сол кездегі қазақ қоғамының трагедиясы, ал қазақ қоғамының трагедиясы Кенженің трагедиясы еді.

Романдағы Кенженің сүйген қызы Гүләйімнің, шешесі Салиқа мен ағасы Сәліктің де, тіпті Кенженің немере ағасы Жоламан мен Сүйрік баланыңда өз жеке бастарына жетерлік трагедиясы бар. Байлықты ғана мұрат тұтқан, «Малға достық мұңы жоқ, малдан басқа Аларында шара жоқ андамасқа», – деп Абай жырлайтын әділетсіз, тасыр қоғамның трагедиясы бұл. Тіпті мыңды айдаған Қасым мен Тасымның да өз трагедиясы бар. Қарақшылар атаманы аталған Сәттің басындағы трагедия ше?! Бір қайғыны қозғасаң, мың қайғыны қозғайсың. Шығарма табиғатындағы трагизм осылай жалғаса береді. Қансоқта коғамның қансоқта іздері кейіпкерлер тағдырына өшпес таңба қалдырады. Романның лейтмотивіне сұранып тұрған: «Сұрасаң менің атым Кенже батыр, Соңымда қансоқталы ізім жатыр», – деп Кенженің өзі жырлағандай, романның «Қансоқта» аталуында осындай сыр бар. Төлеген Қажыбайдың шығармашылық шабытынан туған бұл туынды оның соңғы жылдарындағы прозадағы зор табысы деп білеміз.

Қазақ тарихының жазылуы мен зерттелуі қазақ ұлтының өзіне ұқсас тағдыр талайы соқтықпалы соқпақсыз болғаны белгілі. Әр заманның өз саясатына ыңғайланып өрілген тарихтың қазаққа дегенде шынайылығы аз болды. Әлі де талай шындықтың бетін ашуда кәрі тарихтың қойнауында жатқан қатпар-қатпар дүниелері жарияланбай-ақ келеді. Соның бірі – ХХ ғасырдың басында қазақ халқының басынан өткен зобалаң мен зұлмат жылдар шежіресі.

Бұл ретте қаламгердің қазақ тарихының ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі оқиғаларына көптен қалам тартып жүрген еді. Әсіресе, Арқада, соның ішінде өзі туып өскен Көкше өңірінің қалың тарихының майталман білгірі болатын. Энциклопедиялық білімі мен біліктілігі зор Төкең төңіректің әдебиет пен өнер, тарих, шежіре бағытындағы ең білгірі, озық сарапшысы, әділ сыншысы еді.

Өткен дәуірдің 20–30 жылдардағы қазақ елі басынан өткерген дүркін-дүркін қиын-қыстау кезеңдерінің толық шындығының әлі де болса шымылдығы ашылмай келеді. Соның орнын толтыратын, жоғын жоқтайтын жаңа бір рухани дүние – «Қанды қасап» романы.

-Төкеңнің тарихи туындыларының ішіндегі ең жоталы шығармасы «Қан қасап» романы емес пе?

-«Қанды қасап» «Қансоқта» романының екінші кітабы. Осы роман-дилогияның басты тақырыбы жазушының өзі туып өскен жері – Даңқойлар елінің басынан өткен тарихи кезеңі суреттеледі. Бір елдің тарихы арқылы бүкіл қазақ халқы, Қазақстан басынан өткізген сұмдық зұлматтың шындығын шынайы әрі тарихи негізге сүйене суреттеу – Т.Қажыбайдың жазушылық шеберлігі деп білген жөн. «Ақылды адам тек өзінің еңбегіне шын жүрекпен тұшынғанда ғана мақтанады, ақылсыз айналасындағылардың қол шапалағына ғана мақтанады» деген ағылшын жазушысы әрі қайраткері Джозеф Аддисонның сөзі Төкеңе арналғандай. Өзінің кіндік қаны тамған туған елі – Қарағаш ауылының тарихын романға арқау етуі жазушының перзенттік парызын өтеудегі зор аманатты орындауы деп түсінген дұрыс.

Өткен дәуірде Еуразия материгінің басым бөлігін иемденіп, алып мемлекетке айналып, қуатымен әлемді тітіренткен Кеңес Одағы өз құрамындағы жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың ішінде қазақ пен украин халқына қырын қарағаны белгілі. 1921, 1932–33 жылғы ақсирақ аштық, 1925–28 жылдардағы кіші октябрь кәмпескесі, 1937–38 жылдардағы жаппай репрессиядан осы екі ұлт қатты зардап шекті. Тіпті, ұлттың генофонды құрып, жер бетінен жойылып кетудің азы-ақ алдында қалды. Роман дилогияның екінші кітабы осы зобалаң жылдардың зардабы көп оқиғаларын тарихи таныммен, шежірелі зердемен айшықты бейнелеп беруі қазақ прозасына, Көкше әдебиетіне қосылған зор рухани байлық деп бағалау керек.

Өткенді бүгінгі ұрпаққа жеткізу, санасына құю, зердесіне қондыру аға ұрпақтың аманаты. «Ар мүмкін моральдің қайнары шығар. Бірақ мораль ешқашанда ар қайнарының жақсылығы болған емес», – дейді Төкең өзі өте жақсы көретін жапон жазушысы Акутагава Рюноскэ. Екі бірдей дәуірдің куәгері Төлеген әкемнің көкірегінде тұтас бір ұлттың бар болмыс-бітімі жатталған. Қос дәуірдің ішінде қайнаған қазақ тағдырының бар оқиғалары хатталған. Ендеше, ұрпақ алдында осы дүниелерді тасқа басып, жарыққа шығарып, елге ұсынуды парыз санаған. Бұл борыш арман толығымен орындалды деп айтуға құқымыз жетеді ендеше.

Романның көркемдік ерекшелігі, тақырыпты ашуы, идея мен образдар жүйесі сияқты әдеби теориялық мәселелерді тәптіштеп баяндауға болады. Бірақ әдебиеттің әлемдік бүгінгі талабы – оқырман өзі жетуі керек бұл мақсатқа. Қазір прозаның роман түрі ықшамдалып келеді. Бұл әлем әдебиетіндегі бүгінгі тенденция. Төлеген Қажыбай осы үрдісті ұстанған, яғни романның айшықты кредосы осы. Екінші байқағанымыз тілдің грамматикалық жағынан оқуға ыңғайлылығы, жеңілдігі. Бірақ бұл романның көркемдік ерекшелігін әсте төмен түсіріп тұрған жоқ. Бүгінгі оқырман, әсіресе, қазіргі жастар, тіпті филологтардың өзі синтаксистің бар мүмкіншілігін толығымен пайдаланған жарты беттік сөйлемдерді оқуы һәм түсінуі неғайбыл. Соның өзінде жазушы Төкеңнің тілінің шұрайлылығы, қазақтың әдеби тілінің әрленген әсемдігін сол кездегі қазақ ұлтының өз тілінде әспеттеп бере білуі оның жазушылық талантының әлі де тамаша баптаулы екенін дәлелдейді. Мәселен, «мұртыңыздың шалғысын малып», «тістерінің суын ішіп отырған», «тертені теріс тепкен алауыз» деген сөз тіркестерінің бүгінде жас буын түгіл үлкендердің өзі үшін архаизмге айналғаны шындық қой. Мұндай шұрайлы теңеулер, сырлы бейнелеулер туындыда өте жиі кездеседі.

Әдебиетте дүниеге келген әр туындының, әр шығарманың ғұмыры болады. Ол оның уыздылығына, рухына байланысты. Көкше ақын-жазушыларының көшін бастап келген Төлеген Қажыбайдың бір артықшылығы бар. Ол оның азаматтық позициясының ел үшін, ұлт үшін, қоғам үшін деген принцип кеңістігінде қала беруі. Дәл қазіргі қоғамдағы алауыз араздық пен екіленіп алған екіжүзділік әдебиет пен өнерді де жайлап алған. Осындайда дүниеауи көзқарасын күніге сан өзгертетін біздегі қорқау қоғамның өзін илеп алып, өзіне көндіретін тұлға. Ендеше, Төкең шығармаларын, туындыларын, «Бұқпадағы!» бұқпантайсыз дүниелерін ел әлбетте оқиды. Іздеп оқиды. Бұл – жазушы бақыты.

«Қанды қасап» романы оқырманға жол тартты. Әр дәуір басында дүниені дүрліктіретін оқиғалар көп болады. Оны футуристер болжаған. Бүгінгі әлемдік текетірес соның айғағы, жаңа формациялық өзгерістердің бастауы. Осы жолда қазақ ұлты қалай көрінеді. Міне, бүгінгі мәселе осында.

Оны Төкеңнің «Даңқойдың қотанына келіп енген жаңа қоғамның сырына бойлай бойлап бара алмай...» деген тұжырымында жатқанынан аңғарайық, сезіне білейік. Ұлағат ұлыдан дейтін болсақ, ғұмырдың өзін бағындырып келген қаламгердің тарихи тақырыпқа арналған көркем туындылардың бір парасы осылар.