Биыл 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа 100 жыл, нәубеттің 30-шы жылдардағы екінші кезеңіне 90 жыл толып отыр.
Өткен аптада Елордадағы Ұлттық Академиялық кітапханада қазақ тарихындағы ең ақтаңдақ оқиғалардың бірі ашаршылық тақырыбына арналған «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» атты дөңгелек үстел болып өтті. Ашаршылық тақырыбы тәуелсіздік алғаннан кейін зерттеле бастады. Оған дейін кеңестік жүйенің осы бір ауыр қылмысы туралы айтылып, жазылмады. 1991 жылдан бастап, мемлекеттік комиссия құрылып, ашаршылық және оның зардаптары жан-жақты зерттеліп, архивтерден мәліметтер көтерілді.
Дегенмен ашаршылық саяси тұрғыдан да, тарихи зерттеу тұрғысынан да әлі өз бағасын алды дей алмаймыз. Қазақ тарихындағы ауыр кезеңнен қанша халқымыз аштан қырылып, қаншасы жан сауғалап кеткені туралы мәлімет нақты емес. Қазақ халқын ішер ас пен ақыл-естен айырған ашаршылықты бірізділікке түсіріп, саяси, тарихи тұрғыдан бағасын беру керек. Осы ретте «Қазақстан тарихы» интернет-жобасы Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Сейітқали Дүйсен мен Жабай Қалиевті сөзге тартып, қасіретті ашаршылық тақырыбында сұхбаттасқан еді.
Сейітқали Жахияұлы ДҮЙСЕН, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Жабай Нұрмақұлы ҚАЛИЕВ, Мемлекет тарихы институты Ғылыми-ақпарат бөлімінің басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ашаршылық тақырыбын мұқият зерттеу керек екенін айтқан болатын. «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» деді Мемлекет басшысы сол мақаласында. Ендеше ұлт тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі - 1921-22 және 1931-33 жылдардағы ашаршылық. «Ашаршылық» тақырыбы аз айтылған жоқ. Бұл мәселе жан-жақты зерттелді. Алайда тарихи және саяси бағасын толыққанды ала алмай келеді. Алғашқы сауалымыз қазақ даласында аштық қалай басталды? Деректер мен сандарды сөйлетсеңіздер.
Сейітқали ДҮЙСЕН: Азамат соғысынан кейін Қазақ өлкесінің экономикасы қиын жағдайда болды. 1918-1920 жылдары халық шаруашылығын басқарудың әскери-әкімшілік әдістері басым болып, республиканың бүкіл өмірі милитаризацияланды. Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі құралы азық-түлік салғыртын арттыру болған. Әскер мен қалалық жұмысшылардың қажеттіліктері үшін артық ауыл шаруашылық өндірісін мемлекет меншігіне өткізу. Азық-түлік салғырты соғыс жылдарында қалыптасқан үлестіру принципіне негізделген әскери коммунизм саясатының құрамдас бөліктерінің бірі болды. Экономикалық дамудың заңдылықтарын елемеу және бақылаусыз басқару ауыл шаруашылығында нақты апатқа әкеліп соқтырды.
Егіс алқаптары күрт қысқарып, түсім төмендеді. 1921 жылы астықтың жалпы түсімі соғысқа дейінгі уақытпен салыстырғанда 3 есе төмендеген. Мал шаруашылығы одан да ауыр жағдайда болды. Қазақ ауылдары 1916 жылғы ұлт-азаттық соғысты басу кезінде басталған ұзаққа созылған дағдарыс жағдайында қалды. Мал жаюда табиғи циклдің бұзылуынан туындаған індет пен жұт, соғыс жылдарында қызылдар мен ақтардың малды үнемі реквизициялауынан оның санының күрт төмендеуіне әкелді. Шамамен 11 млн. бас, оның ішінде 2 млн. жылқы және 6,5 млн. ұсақ мал болды. 1919-20 жылғы егін жинау науқанында азық-түлік салғырты картоп, етке, 1920 жылдың соңында барлық ауыл шаруашылығы өнімдеріне таралды. Қазақстанда нан аз болғанын ескерсек, жергілікті тұрғындардың малдарын тәркілеуге үлкен көңіл бөлді.
Орталық билік өлке үшін осынау қиын сәтте, Сібір мен Қазақстанда азық-түлік салғыртын ұлғайтуды жариялады. 1920 жылдың тамызында - 1921 жылдың маусымында Үкімет шаруаларға 110 млн. фунт көлемінде төтенше салық тапсыруды міндеттеді. Осы тонау науқанының нәтижесінде 1921-22 жылдары Қазақстанның көптеген аудандарына зардабын тигізген ашаршылық болды. 2 млн 300 мыңнан астам адам аштыққа ұшырап, 1 млн. шамасында аштық пен аурудан қайтыс болды. Егер 1920 жылы республика аумағында 4781 мың адам өмір сүрсе, ал 1922 жылы тек 3796 мың адам қалды. Әсіресе бірнеше жылға созылған егін шықпаған республиканың батыс және оңтүстік-батыс өңірлері зардап шекті.
Қазақ зиялыларының арасында Қазақстанда болған ашаршылық туралы халықаралық қоғамдастыққа жеткізуге өткен ғасырдың 20-шы жылдары бірінші болып Мұстафа Шоқай белсенді әрекет жасаған екен, сол жайлы не айтасыздар?
Жабай ҚАЛИЕВ: Ия, дұрыс айтасыз, Мұстафа Шоқайдың саяси қызметімен, шығармашылығымен танысуға Кеңес өкіметі кезінде жол берілмеді. Кеңестік биліктің қудалауымен өмірінің соңғы 20 жылын елінен жырақта, Батыс Еуропада эмиграцияда өткізген Мұстафа Шоқай соңғы демі таусылғанша елінің тағдырын ойлаумен, қазақ халқының және жалпы Түркістан халықтарының тәуелсіздігі үшін күресіп өткен тұлға. Кеңестік Түркістанды ол кезде қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, ұйғыр, дүнген т.б. түркі халықтары мекендегені белгілі.
«Мұстафа Шоқайдың большевик отаршылдарының болмысын барынша терең танып, отарлаушы мемлекетке тән барлық белгілерді кеңестік Ресейдің бойынан тауып, сонымен қатар, оның басқа отаршылдық саясаттан айырмашылығын да көрді. Ол большевиктер билігінің саяси бет-бейнесін аша білді», - деп көрсетеді шоқайтанушы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір.
Ол Қазақстаннан жырақ, Францияда тұрып жатса да Ресей құрамындағы халқының ашаршылыққа ұшырағанын естіп, оның себептері мен зардаптарын анықтап, Еуропа жұртшылығына жеткізіп, Кеңес өкіметінің зұлымдық саясатын әлем алдында әшкерелеуге ұмтылған.
Мұстафа Шоқай 1933 жылдың басында, ашаршылықтың нағыз өршіп тұрған кезінде Түркістан өлкесінде болып қайтқан бір шетелдіктің көзімен көріп, естіп-біліп, куә болған оқиғасын «Бір «интуристің» Түркістан әсері» деген мақаласында келтіреді. Орыс және кейбір түркі тілін білетін шетелдік Кеңес елінің көп жерін аралаған. Сондықтан бұл елге сырттан баратын былайғы жұрт аңғармайтын көптеген мәселелерді дәл аңғарып, дұрыс түсінген. М.Шоқай оның қолжазбасын «Жас Түркістан» журналының 44-санында жариялай отырып, «түсінікті себептерге байланысты бұл «интуристің» атын атай алмаймыз. Сондай-ақ, оның Түркістан әсері хақында бізге әңгімелеп бергендерінің бәрін жариялауға шарасызбыз», - деп ескертеді.
Сонымен батысеуропалық азамат кеңестік Түркістанда көргендерін төмендегідей баяндайды. «Менің Түркістаннан алған әсерім: бұл елді аштық жайлаған. Қай жағына қарасаң да ашаршылықтың белгісі көзге ұрады. Орта Азия темір жол бойында, Түрксиб бойында, станцияларда, ірі және шағын қалаларда - қай жерге барсаңыз да алдыңыздан аш адамдар шығады. Ашаршылыққа душар болғандар Түркістанның жергілікті халықтары. Елдің әр түкпірінде - Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда және Түрікменстанда ашаршылықтың себебі туралы жергілікті тұрғындардан сұраулар қойып сұрасам, қашқалақтап өтірік жауап қайтарады. Олар: «Түркістанда ашаршылық ауық-ауық болып тұрады. Төңкерістен бұрын да ашаршылық болған», - дейді. Бірақ үкімет пен партияның жауапты орындарында отырмаған қатардағы адамдар ашаршылықтың шын сырын бүркелемей ашық айтуға тырысады.
1931-1933 жылдардағы ашаршылық негізінде көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды қамтыды. Сол уақытта халықтың басым көпшілігі қырылды, түрлі ауру-сырқауларға ұрынды және босқыншылыққа ұшырап Кеңес елінің өзге республикаларына және алыс шетелдерге жан сауғалап көшуге мәжбүр болды.
Сейітқали ДҮЙСЕН: Бұл апат ғалымдар, ақын-жазушылар мен журналистер қауымында, қоғамдық-саяси еңбектерде - «Ұлттық апат», «Қызыл табан шұбырынды», «Ашаршылық», «Нәубет», «30-жылдардағы ұлттық қасірет» ретінде сипатталуда.
Ашаршылық тақырыбына бірнеше мақала жазған тарихшы ғалым Нәзира Нұртазина аштықты басынан өткерген куәгерлер мен архив деректерін салыстыра отырып көшпелі қазақ халқын саналы түрде аштықпен қыру деп тұжырымдайды.
Тарихи әділдіктен аттауға болмайды. 30-шы жылдардағы ашаршылық тек Қазақстанда ғана емес Кеңес Одағының бірқатар аудандарында жүрді. Аштықтан Украина халқы да қатты зардап шекті.
Өткен ғасырдың 80-шы жылдарының ортасына дейін кеңестік тарих ғылымында бұл мәселені зерттеуге тыйым салынды және осы оқиғаларға қатысты деректердің ең маңыздылары Кеңес Одағының сол кездегі басшысы И.В. Сталинге қатысты «Особая папка Сталина» аталатын ерекше құпия құжаттар тобында сақталды.
«Қазақстан мен Қырғызстандағы ашаршылықтың басты себебі ретінде жергілікті тұрғындар колхоздармен қатар күштеп отырықшылдандыруды айтады. Қызмет бабы бойынша қазақ және қырғыз тұрғындарымен араласып жүрген кейбір партия мүшелері отырықшылдандыру бұл халықтар үшін аса тиімсіз бір жағдайда жүргізіліп жатқанын жасырмайды. Жаңадан отырықшылдырылатын шаруашылықтарға бөлінетін жерлердің көбі көшпелі және жартылай көшпелі жергілікті шаруалардан тартып алынып, Ресейден келген келімсектерге үлестіріп беріліп қойған және үздіксіз беріліп жатыр. Орыс шаруалары қалаған жерлеріне қазық қағып қоныстануда. Үкімет солар жағында. Жаңадан отрықшыланған қазақ-қырғыздарға не баспана үшін немесе азық-түлік үшін ешқандай көмек көрсетілмейді. Көмек көрсеткен жағдайда, ондай көмек тым мардымсыз.
Ақыры отырықшылануға қажетті ең қарапайым шарт-жағдайлардың өзін әзірлей алмай, қайтадан көшпелі күйге түсуге мәжбүр болуда. Солардың арасында Әулиеата аумағының да қазақтары бар. Мұндағы бірталай отбасы өздеріне берілген жерлерді тастап, қайтадан көшпелі мал шаруашылығымен шұғылдануға өткен. Бірақ оларда мал дейтін мал да қалмаған. Көбі ашаршылық азабын тартып өліп жатыр», - деп жазады шетелдік азамат.
Сонда патша өкіметінің қоныс аударту арқылы қазақтарды жерден айыру саясатын большевиктер де жалғастырған болып тұр ғой?
Жабай ҚАЛИЕВ: Қазіргі қазақстандық зерттеушілер патша өкіметінің қоныс аударту арқылы қазақтарды жерден айыру саясатын большевиктер де жалғастырғанын дәлелдеуде. И.Л.Ямзин мен В.П.Вошинин сияқты кеңестік ғалымдар 1926 жылы Ресейде «Отарлау және қоныс аударудың ілімі» деген еңбек жазып, оны жоғары оқу орындарында оқытқан.
Тарихшы ғалым Қанат Еңсеновтің қазақстандық мұрағаттан тапқан деректері бойынша 1925 жылы Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы «Қазақ АКСР-і жеріне көшіру мен қоныстандыруды тоқтату туралы» жөнінде қаулы қабылдаған. Ал Қазақ еліндегі билікке келген соң Ф.И.Голощекин ол қаулының күшін жойғызып, 1929 жылы республика үкіметі жанынан қоныс аударушылар басқармасын ашқызған.
М.Шоқай қазақ халқының жерінен айрылғанын мынадай деректермен дәлелдей түседі. «1926 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 6 миллион 503 мың адам тұрады. Осы санның мөлшермен жүзден отызы орыс және украин мұғажырлыры (М.Шоқай қоныс аударушыларды осылай атайды). 540 мың қала халқының көбі (мөлшермен жүзден 53-і орыстар). Орыс мұғажырлары өлкенің ең шұрайлы жерлеріне қоныстандырылған. Олардың көпшілігі Ақмола, Қостанай аймақтары мен Семей, Жетісу және Сырдария аймақтарына суармалы егіс алқаптарына орналастырылған», - деп кеңестік отаршылдық саясаттың бір қырын аша түседі.
М.Шоқай сол кезде тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы бойынша ең құнарлы жерлер саналатын Қостанай мен Ақмола аймақтарында орыс мұғажырлары қалаған жерлерін иемденген. Мұғажырлар Қостанайда тұрғындардың жүзден 62 жарымын, Ақмолада жүзден 52 жарымын құрайды», - деп көрсеткен.
Осылайша М.Шоқай Кеңес өкіметі шаруаларды күштеп ұжымдастыру арқылы жерден айырғанын, оларды жеке шаруашылық жүргізу құқынан айырып, мемлекетке басыбайлы етіп қойғанын жазады.
Большевиктер И.В.Сталин 1929 жылы Сібірге барған сапарында міндеттегендей Кеңес елін әлемдегі ең астықты елге айналдыра алмады. Бір кезде астық өндіруден атағы шыққан патшалы Ресей енді большевиктер билігі кезінде аштық апатына ұшырауда. М.Шоқай «Бүгінгі кеңестік Ресей «адам жегіштер» отанына айналды», - деп ресейлік большевиктер саясатын ашына сынайды.
Большевиктердің көшпелілерді күштеп отырықшылдандыру және ұжымдастыру саясаты Түркістанның жергілікті халқының наразылығын туғызып, қарулы күреске шығуға мәжбүрлегенін айтсаңыздар.
Сейітқали ДҮЙСЕН: Мұстафа Шоқай «Атамекен жағдайы» деген мақаласында Лондонда шығатын «Дейли экспресс» газетінің 34.12.29. санынан төмендегі телеграф хабарын келтіреді: «Кеңестік Түркістанның Ауғанстан шекарасына таяу жерінде Қызыл Армия мен жергілікті шаруалар арасында қарулы қақтығыс туылды. Осы қақтығыста 2 мыңнан аса адам қаза тапты. Түркістан шаруаларының үкіметке астық тапсырудан бас тартуы соғыстың туылуына басты себеп болғанын көріп отырмыз. Ауғанстан шекарасына жіберілген қызыл әскерлерді шаруалар қару кезеп қарсы алды. Соғыс тура бір күн жалғасты. Шаруалар тарапынан көрсетілген қарсылықтың күшті болғаны соншалық, үкімет оларды жаныштау үшін әскери самолеттерді іске қосып, улы газдармен толтырылған бомбалар тастады.
Шаруалардың бір бөлігі Ауғанстан аумағына шегінді. Соғыс болған жерге «ГПУ» (чекистер әскері) топтары жіберілді. Көтеріліс басшыларынан 14 адам атып өлтірілді. Шаруалардың қолындағы астық тартып алынуда». Ұжымдастырумен бір мезгілде Қазақстанда астық дайындау науқаны да белсенді түрде жүргізілген. Колхоздарда астықтың барлық қорлары, тіпті тұқым қорлары да тартып алынды. Мал шаруашылығымен айналысатын аудандарға астық тапсыру міндеті жүктеліп, қазақтар оны орындау үшін малдарын астыққа айырбастаған. Одан бөлек ет, жүн дайындау науқаны да малды жаппай союға соқтырды.
«Қазақстандағы сол кездегі большевик басшылардың қазақ даласының табиғи-климаттық ерекшеліктері мен көшпелі шаруашылық заңдылықтарын есепке алмай жүргізген әпербақан саясаты қазақ халқын аштыққа ұшыратты» деген пікірге тоқталады тарихшы Нұрбек Шаяхметов.
Сонымен Қазақстандағы ХХ ғасырдың 20-30 жылдары орын алған ашаршылық большевиктердің отаршылдық саясатының тікелей зардабы деп түйіндейміз.
PS. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң ғана, 1997 жылдан бастап 31 мамыр - «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып ресми бекітілді.