Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы, заманауи нормаларға сай тілдік сапасы, сұраныс ауқымы, оны үйренудегі қиындықтар, оқулықтардағы олқылықтар секілді себептерді негізге ала отырып, бүгінгі күнге дейін шешілмей келе жатқан тіл мәселесі төңірегінде шағын ізденіс жасап жатқанымызды жасырмаймыз. Осы мақсатта тіл ғалымдарынан, қазақ тілі мұғалімдерінен, жалпы қазақ тілінің дамуы мен қолданыс аясының кеңеюіне септігін тигізіп жүрген белгілі тұлғалардан сұхбат алуды жоспарлаған едік. Әр саладағы мамандар әр түрлі себепті атайды. Мәселені шешудің жолы – ең әуелі негізгі себептерді табудан басталатыны анық. Бүгінгі пікір иесі белгілі редактор, әлеуметтік желіде белсенді пікір білдіріп жүрген медиатренер Назгүл Қожабек ханым. Сұхбат негізінен қазақ тіліндегі калькалардың көбеюі, әдеби норманың бұзылу себептеріне арналды.
– Сіздің әлеуметтік желідегі сындарыңыз бен түзетулеріңізге қарап отырып, қазір әдеби норма қатты бүлініп жатқанын аңғарамыз. Аударма арқылы келген қазақ тілінің логикасына сәйкес келмейтін калька тіл пайда болды. Бұл сауатсыздықтың түпкі себебі неде? Қазақ тілін оқытудағы қателік пе, әлде тіл ғалымдарының өз ісіне немқұрайлы қарауынан туындаған жүйесіздік пе? Осы жағдайдың пайда болу сырын тексеріп көрдіңіз бе?
– Әдеби норма бүлінгені бүгін емес қой. Кеше де емес. Сын айтып, қате түзетіп жүргендердің алды-арты да мен емес. Бұл нәрсе кезінде Ғабит Мүсірепов «Авгийдің ат қорасынан бастайық» деп жазғанда бар болған, демек одан бұрын басталған. Тіл деген қатып қалған формула, бір әрпін өзгертуге келмейтін сірескен машина емес қой, өзгеруі заңдылық. Жұрттың бәрі жазушы, сөз ұстаған адам болмаған соң, ереже заңдылық дегенді білмей жатуы да қылмыс емес. Тек бұрын сауатсыздарды өз айналасы ғана көріп, еститін, қазір, әлеуметтік желілер заманында олардың бәрі «эфирге шығып кетті». Қазақ тілінің қазіргі жағдайын айтсақ, қазіргі қазақ тілі – қазақ тілі емес, сөздері ғана қазақша орыс тілі. Бұл қалай болып кеткенінің себебін ешкім дөп басып айтып, «міне, мынау кінәлі» деп нұқып көрсете алмайды. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан үрдістің салдары. Ол үрдіс – дүниенің бәрі алдымен орысша жазылып, қазақшаға аударылуы. Орыс тілі мінсіз демеңіздер. Ондағы страдательный залог (біздің ырықсыз етісіміз) редакторлардың ата жауы, «является»-мен (болып табылады) олар да күресіп келеді. Орыс тілінің мамандары өзі жеңе алмай келе жатқан қателерді біз өз тілімізге калькалап әкеліп, қолданысқа енгізіп жібердік. Бізден алдыңғы буын соның бәрімен күресіп өтті, енді біз күресіп келеміз, бұл күрес ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын сияқты.
Ал ғалымдардың жауапкершілігі дегенге келсек, қатені болдырмау ғалымдардың қолында болса, ол кісілер аянып қалар еді деп ойламаймын. Әрі-беріден соң, тіл қолданысындағы қатемен күресу жалпы лингвист атаулының міндеті емес, Тіл білімі институтында сол саланы зерттейтін бөлім бар, сондағы қызметкерлер айналысады. Тек, сол ғалымдар жұртшылыққа түсінікті тілмен жаза бастаса, жұртқа сөзі жетер ме еді. Тексте ғылыми термин неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым оны оқитын адам аз болады. «Мынау – қате, мынау – дұрыс» деген форматтағы сөз ғана өтетін болып тұр қазір...
– «Болады ма?», «Ұнайды ма?», «Керекпіз» ... осындай қателерді қаншама рет түзеткеніңізді көрдік, бірақ толастар емес. Жалыққан жоқсыз ба? Сізді осынша табанды күресуге не итермелейді?
– Мен редактормын ғой. Жиырма жылдай болып қалды, тек мәтінмен жұмыс істеймін. Көшедегі қоқысты жинай бергеннен ол таусылмайды, «қоқыс тастама» деп жазып қойған тиімдірек емес пе. Сол сияқты, қатені жөндей бергеннен, «қате жазбаңдар» деген де тиімдірек, нәтижесі көбірек. Қазір қате қолданысқа қатысты «ой, сіңіп (сіңісіп) кетті ғой, неғылар дейсің» деген пікір көбейіп барады. Тек... Бір сөздің қате қолданылуына көнсең, демек сол санаттағы, сол сөз табындағы, сол септіктегі басқа сөздерді де өзгерту керек. Мысалы, көмектес септігін қазіргі қате қолданысында қабылдасақ, онда оның ережесін қайта жазып, соған ілестіріп өзге септіктерді де өзгертіп, тілді мүлде басқаша қайта «жасауымыз» керек болады. Ал ол басқаша «жасалған» тілде сөйлейтін адамдар бұған дейін жазылған әдебиетте оқи алмайды ғой. Сонда неміз қалады?
Мысалы, «керекпіз» дегенді қабылдасақ, онда «қажетпіз, мүмкінбіз» дегенді де қабылдауымыз керек.
Әрине, бір ғана менің жазғаным, айтқанымнан қатенің бәрі түзеліп кетеді деген сөз емес. Айтып, жазып жүрген бір мен ғана емес. Аға-апайлар жеріне жеткізіп жазып, алдынан өткен текстерді түзеп жүр. Бұл – қолына қалам ұстаған жұрттың ортақ күресі.
– Бізде неге «Процент – Пайыз», «Қыркүйек – Қыргүйек», «Ми – мый» деген секілді әр түрлі үлгілер өмір сүреді. Неге бірізді емес? Сөзді былай қойғанда кей бір міндетті түрде тұрақты шаблоны болуға тиісті тіркестер мен сөйлемдердің өзі әр түрлі айтылады. Осыдан кейін әр кім өз дауын айтып, таласып жатады. Бұл кімнің қателігі?
– Сөздер түрлі нұсқада жүргені – терминком пен орфографистердің қатесі. Ал тіркестер мен сөйлемдердің түрліше айтылып, жазылуы – жазарман қауымның қатесінен. Мысалы, «қалғып-мүлгіп» дегенді «қалғып-шұлғып» деп айтып-жазатын адамға не дейсің? Немесе «Қателікті көзге шұқу» дегенді ше? Мұның бәріне ықпал еткен факторлар көп, қайсыбірін «тек осы» дей алмайсың. Қазір қолдан келетіні – түзей беру, түзей беру.
– Қазіргі кезде сайттар мен телеарналарды былай қойғанда газет пен баспа редакциялары да корректорды өте сирек ұстайды. Менше, кез-келген БАҚ пен баспасөз орындары біртұтас арнайы курстан өткен корректор мамандар ұстауы керек секілді. Бұған қалай қарайсыз? Тіл деген сайлау арқылы шешетін саясат емес, нарыққа бағынатын сауда емес, ресми әдеби тіл біртұтас болуы керек шығар, тілді әркім өзінше пайдаланам деп айта алмаса керек. Неге біз бұл проблеманы жалпыға салып қойдық?
– Корректура – өнер. Филфак бітіргеннің бәрі корректор бола алмайды. Оны мен өз тәжірибемнен көрдім. Қазір «жаза алатынның» бәрі өзі аудармашы, өзі редактор, өзі корректор. Ал шындап келгенде, бұлардың бәрі бөлек машық, бөлек икемді қажет ететін шаруа. Айталық, тіпті қазақша жазылған дүниені өңдеу мен аударылған дүниені өңдеудің өзі – бөлек жұмыс. Орыс тілінен аударылған текст пен ағылшын тілінен аударылған тексті өңдеу – мүлде екі түрлі шаруа. Сол сияқты, газет корректоры кітапқа корректор бола алмайды. Оның бәрі базалық білімнің үстіне машық қосылғанда ғана болады. Редакцияда корректор маман болуы керек, бұл – жазылмаған заң. Редакциялар бұл заңға бағынар-бағынбасында өзінің оқырман алдындағы абыройын ғана ойлауы керек. Бірақ, одан да жоғары тұрған нәрсе бар – тіл, ұлт алдындағы жауапкершілік.
– Кейбір пікірлер бойынша, 90 жылдары еліміз алғаш тәуелсіздік алған тұста қазақ тіліне деген үлкен ынта болған деседі. Ал қазір сол процесс кері кетіп бара жатқан секілді. Жұмысқа тұруға қазақ тілін білмесең ештеңе етпейді, орыс тілін білмесең қиын. Сіздің бағамдауыңыз бойынша осы рас па? Қазір қазақ тілін білуге, оны сауатты жазуға, айтуға жұрт қаншалық ынталы?
– Оның бір ғана шешімі бар. «Ішкі/сыртқы, бастапқы құжат айналымы» деген нәрсе бар, соның қазақша болуын міндеттеп қойса болды, қай мекеме болса да қызметке міндетті түрде қазақ тілін білетін адамдарды ғана алады. ал қазіргідей, құжаттың бәрі алдымен орысша жазылып, мақұлдаудың бар кезеңінен сол орысша нұсқасы өтіп, әбден бекітілген соң ғана қазақша аударылатын жүйе үстемдік құрып тұрғанда, бір мекемеге қазақ тілін білетін бір адам жеткілікті. Сол құжаттың соңғы нұсқасын аударып берсе болды.
– Тіл мәселесіне қатысты үлкен жоба-жоспарларыңыз бар ма? Корректорларға арналған кәсіби курс ашу ойыңыз жоқ па?
– Ой көп, жоспар көп, бәріне уақыт жетпейді. Қазір қолымнан өткен мәтіндерді тазалап отырғаным олжа болып жүр. Курс ашсам, корректорларды емес, редакторларды оқытсам ба деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!