Ұлттық білім беру жүйесінің орыстандырылуы
30.12.2016 3972
Патша өкіметінің қол астына кіргелі отарлау ісінде жермен қатар білім жүйесіне шүйлікті. Дегенмен қырағы қазақ өз пайымын жоғалтпай ұлттық білімнің ұпайында ұстап тұрды

Ресей империясының 1854-1856 жылдардағы Қырым соғысынан жеңілуі крепостниктік құқықтың жойылуына және буржуазиялық қатынастардың кең қанат жаюына әсер етті.1864-1880 жылдар аралығында жүргізілген буржуазиялық қайта құрулар білім беру жүйесін де қамтыды. Білім беру жүйесіндегі өзгерістер Ресейдің отарлық саясатындағы жаңа кезең- Орта Азияны жаулап алумен және қазақстанның толық орыс боданына айналуымен тұспа-тұс келді.

1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформа Қазақстан толық Ресей қарамағындағы территория және барлық жер патша жері деп жарияланды. Жаңа әкімшілік жүйенің енгізілуі жергілікті кадр дайындау мәселесін де күн тәртібіне қойды.

Бұл солқыл саясаттың астарында жерді иелену ғана емес сонымен қатар сол елдің тілін, дінін, білім жүйесін өзгертіп өзінің жүйесін енгізу. Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтардың ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі оқу жүйесін мектеп және медреселер құрағаны баршамызға мәлім.

Қазақ даласында мұсылман дінінің нашар тарауы және территориялардың Ресей қоластына әр түрлі кезеңде өтуі білім беру жүйесіне де әсер етті. Ресейге ертерек қосылған территорияларда оқу ұяларын ашу мәселесі орыстардың ықпалымен жергілікті жердің өзінде көтерілген сияқты. Оған Жәңгір ханның 1841 жылы Ордада мектеп ашуы, Өскенбай Құнанбайұлының 1845 жылы Шекара басқармасынан мектеп ашуды сұрап, Уәлихан Шыңғысұлының сол жылы осы мәселемен өз болыстарын нұсқап жазған хаттары, Шорман Мұсасының 1853 жылы «қазақ балаларын Ресейдің кез — келген қаласындағы оқу орындарына түсуге рұқсат беру» жөніндегі өтініші дәлел.

1850 жылы Орынбордағы Шекара комиссиясы жанынан қазақ жастары арасынан тілмаштар, іс жүргізушілер даярлайтын қазақ тіліндегі екінші мектеп ашылғанға дейінгі тоғыз жыл ішінде Жәңгір мектебі қазақ даласына білім сәулесін түнектегі жалғыз шамдай жеке-дара шашып келген. Әрине, оның жарығы білімге сусап отырған қалың көпке түгел түсті дей алмаймыз. Бірақ мектеп ұжымының осы жылдарда жастарды өнер-білімге баулуда, олардың көкірек көзін ашуда тындырған игілікті істері, жинақтаған тәжірибесі кейінірек ашылған оқу орындарының қай- қайсысына да мықты таяныш, үлкен тірек болғаны анық. Мектептің алғашқы оқытушылары Әминов пен К.Ольдекон болған. Мектепті үздік бітірген 8 бала 1845 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға түсіп білім алды.

Патша 1844 жылдың 14 маусымында Орынбор шекара комитеті жанынан қазақ балаларына әртүрлі бағытта білім беретін мектеп ашу жөнінде ереже жариялайды. Осы ереженің негізінде алғашқы мектеп Орынборда 1850 жылы ашылды. Бұл мектептердің мақсаты «аға сұлтандар хат-шотын жүргізетін және тек қазақтардан ғана қойылатын болыстар тілмашын дайындау» болған. Тұңғыш мектепті 1857 жылы Ыбырай Алтынсарин бастаған 23 оқушы бітіріп шығады. Бұл кезең орыс білім беру жүйесін қазақстанға таратудың бірінші кезеңі, яғни-үгіт насихат кезеңі болатын.

Екінші кезеңнің басталуына 1861 жылы Ресейдегі крепостниктік құқықтың жойылуы, буржуазиялық қайта-құрулар және қазақстанның Ресейге толық қосылып, оның экономикасының бір бөлігіне айнала бастауы себеп болды.

1865 жылы 5 шілдеде ІІ Александр патша арнайы заңға қол қойды. Бұл құжатта екі нәрсеге айрықша көңіл бөлінді: біріншіден қазақтардың бәрін бірыңғай билеп төстеудің жаңа ережесі, яғни 1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформаны дайындап жүзеге асыру. Екіншіден орыстандыру және православие дініне енгізу шараларын жүргізу.

Қазақстанда халыққа білім берудің басты бағыттары 1867 жылы «Орал, Семей, Торғай, Ақмола және Сырдария, Жетісу облыстарын басқару туралы «Уақытша ережелерде» анықталды. Ағарту ісінің дамуына қазақтарға өз еріктерімен қаржы жинау құқығы берілді.

Ал мұсылман дін өкілдеріне қазақ ауылдарында мешіттердің жанында мектептер ашу үшін уездік басқармадан ерекше рұқсат алуы қажет болды. Ал осы молдалардың өтінішімен ашылған мектептердің негізгі шығынын өтейтін де қазақ шаруалары болды. қазақ шаруаларына шамалы ғана ақы төлеп, казак станицаларындағы, орыс қыстақтарындағы мектептерге балаларын оқуға беруге рұқсат етілді. Алайда қазақ жастарын орыс мектептерінде оқытуда патша үкіметінің мақсаты тек балалардың сауатын ашу емес, сонымен қатар отаршылдық пиғылын іске асыру болды.

Мектеп, медреселерде қазақ жастарының білім алуына мейілінше қарсылық жасауы патша үкіметінің Орта Азия мен қазақстанда ислам дінінің тарауына қарсылығының бір көрінісі еді. Орынбор губернаторы Крыжановскийдің 1867 жылғы «Ресейдің шығыс бөлігінде мұсылмандықпен күресу жөніндегі шаралары» да исламдық мектептерге шек қоюға бағытталған арнайы әкімшілік тықсыру еді. 1879 жылы 11 желтоқсанда Крыжановскийдің халық ағарту министріне жолдаған хатында Орал, Торғай облыстарында сауаттылық дәрежесін көтеру мәселесін айта келе, қазақ мектептері үшін арнайы оқытушылар даярлайтын оқу орындарын ашуды қажет деп тапты, оны бітіргендерді ауылдық старшын, болыстық іс жүргізуші, тіпті молда қызметтеріне тағайындау ұсынылған еді. Тұңғыш қазақ мұғалімдік мектебі 1883 жылы Орынбор губерниясының Ор қаласында ашылды. Осы кезде Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне ағартушы Ыбырай Алтынсарин тағайындалды.

ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанда ағарту ісінің төмендегідей жүйесі қалыптасты: бастауыш оқу орындары, приход мектептері кластары, толықтырылмаған гимназиялар, орыс-қазақ аралас мектептер, ауылдық және сауаттылықтың негізіне үйрететін мектептер. Орта оқу орындары, реальдық училищелер, қыздар мен ер балалар гимназиялары. Сонымен қатар мұғалімдер семинариялары да орта буындағы оқу орындарында теңестірілді. Арнайы маман даярлайтын оқу орындары: қазақтың мұғалім даярлайтын мектептері, ауылшаруашылық, малдәрігерлік, Торғайдағы қолөнершілік мектептері, Оралдағы қолөнер кәсіпшілігіне шәкірттер даярлайтын арнайы мектеп, Омбыдағы механикалық-техникалық училище, Атыраудағы теңізге жүзу ісін меңгеретін мектеп т.б. әр түрлі материалдық жабдығы бар оқу орындары болды. Оқу ісінің ұйымдастырылу сапасына қарай 1872 жылы Омбыда, 1879 жылы Ташкентте ашылған мұғалімдер институты да Ресейдегі орта оқу орындарына жатқызылды.

ХІХ ғасырдың соңына қарай өлкеде екі сегіз класты ер балалар гимназиясы, екі жеті класты қыздар гимназиясы, Верный қаласында сегіз класты әскери гимназия, Оралда 6,7 және 8 класты ер балалар гимназиясы, Семейде төрт класты ерлер, 5 класты қыздар гимназиясы ашылды. Сонымен қатар Қазақстанда шіркеу приход мектептері, жексенбілік сауат ашатын мектептер де болды. Бұған сондай-ақ білім беруде қалыптасқан оқу орындарының қатарына мұсылман мектебі мен медреселерін де жатқызған жөн.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан мектептерде білім беру жүйесі (кейбір өзіндік ерекшеліктеріне қарамай) жалпы ресейлік ағарту — ісіне мейлінше жақын еді және әр түрлі нұсқаулар арқылы үкімет империяның орталық аудандарындағы білім беруді ұлттық аймақтарға таратуға әрдайым мүдделі болды. Торғай және Орал облыстарындағы қазақ және басқа тілдерде білім беретін оқу орындары Орынбор оқу округіне бағындырылды. Ақмола және Семей облыстарындағы оқу орындары Батыс сібір оқу округіне қарады. Әр түрлі сипаттағы оқу орындарындағы өзгерістерді ретке келтіріп отыру кеңсесі Томскі қаласындағы шенеуніктерге бағындырылды. Сырдария және Жетісу облыстарындағы оқу орындарының қызметін қадағалау Түркістан генерал-губернаторлығына тапсырылды. Шыңжаңнан Жетісуға ойысқан ұйғырлар мен дүнгендер санының біртіндеп өсуі, Оңтүстік қазақстан өңірінде басқа аудандармен салыстырғанда қазақтардың басымдылығы «орыс-түземдік» мектептердің көбірек ашылуына әсер етті. Түркістан өлкесінің алғашқы генерал—губернаторы фон Кауфманның 1880 жылы 8 қараша күні Халық Ағарту министріне жолдаған хатында қазақтарды ислам дінін терең қабылдаған көрші халықтардан бөлек ұстай отырып , орыс жазуы негізінде оқытылатын мектеп арқылы тезірек ассимиляциялау міндетін алға қояды. Оның осы тілегі көп ұзамай - ақ 1881 жылы 28 қаңтарда патша тарапынан нақтылы қолдауға ие болады.

Жалпы түркі тілді халықтардың жазуын орыс әліпбиіне көшіру туралы ереже 1906 жылы 31 наурызда өткен мәжілісте ІІ Николай патшаның өзі бас болып қабылдатқан еді. Бірақ Ресей империясындағы сол тұстағы саяси — әлеуметтік жағдайдың қиындауы себепті, орыс әліпбиін бірден жүзеге асыруға сескенді. Әзірше бұратаналардың бойын біртіндеп үйрете беру үшін, орыс әліпбиін ресми құжаттар мен мектеп оқулықтарында қолданумен шектелу қажет деген қорытындыға келді.

1870 жылы Ағарту министрлігі жаңа заң жарияланды. Ол заңда негізінен Ильминскийдің орыстандыруды көздеген миссионерлік педагогикалық жүйесі ендізілді. Осы заңда орыс емес халықтарға үш түрлі категория белгіленді. Бірінші категория бойынша, ұлт тілдерінде сабақ өз тілінде, бірақ міндетті түрде орыс әліпбиімен оқыту талап етілді.

Патша өкіметінің осындай шовинистік, отаршылдық саясатына қарамастан Қазақстандағы білім беру ісінде елеулі өзгерістер болды. ХІХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы буржуазиялық реформалардың салдарынан және 1905-1907 жылдардағы революциядан кейін де бұратана халықтар арасында мектеп ашу ісі жаңа серпінмен жалғасын тапты. Қазіргі кездегі зерттеулерде Қазақстандағы білім беру жүйесінің қалыптасуы барысында елеулі өзгерістер болғаны атап өтілуде. Мысалы, бүкілресейлік халық санағының көрсетуіне қарағанда Қазақстанда 84 медреседе 28814 шәкірт оқып, 134 оқытушы жұмыс істеген. Ал сауат ашу мектептері 1446 жеткен.

Сонымен бірге мемлекеттік орыс-қазақ мектептері мен соған ұқсас орыс-қазақ мектептерінің саны қазақстанда 350-дей болған. Орыс-қазақ мектептерінің кең дамыған жері Орынбор округі болды. 1890 жылы осы жерде 250 орыс-қазақ мектептерінде 8 236 қазақ жастары оқыды.

ДӘУЛЕТ ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)