Ғасырға жуық тарихы бар «Егемен Қазақстан»
01.07.2015 3075
«Қазақстан тарихы» веб-порталының журналистері Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні мерекесіне орай «Егемен Қазақстан» республикалық басылымының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты

Егеменқазақстандықтармен жасаған фоторепортажымызды назарларыңызға ұсынбас бұрын, газетінің тарихына қысқаша шолу жасап өтейік. Қазақ газетінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінің тұңғыш нөмірі 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынбор қаласында жарық көрген. Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды белгілі тұлғалар әр жылдары бас басылымның тізгінін ұстаған. Өз тарихында газеттің аты сан рет өзгеріп, көптеген жаңартулар мен жаңғыртуларға кезікті. Алғашында газет «Ұшқын» деген атпен белгілі болды, «Еңбек туы» да атанды, «Еңбекшіл қазақ» та, «Еңбекші қазақ» та болды, «Социалды Қазақстан» да болды, ондаған жылдар бойы «Социалистік Қазақстан» ретінде танылды, аз уақыт «Егеменді Қазақстан» күйінде жарық көріп келіп, 1993 жылдан бері «Егемен Қазақстан» болып орнықты. Алайда, газеттің аты өзгергенімен, мақсаты өзгермеді. Республиканың астаналары ауысқан сайын ұлттың бас басылымының шығатын орны да Орынбор, Қызылорда, Алматы болып ауысып жатты. Бүгінде «Егемен Қазақстанның» редакциясы Астанада орнығып, өзіне жүктелген аманатты абыроймен арқалап келеді. Мемлекетімізде болып жатқан саяси, мәдени және экономикалық жаңалықтар аптасына 5 рет «Егемен Қазақстанда» толығымен жарық көреді. 

Ата басылымның бүгінгі таңдағы жұмысымен танысу үшін алдымен газеттің вице-президенті – бас редакторы Жанболат Аупбаевпен кездестік. Жанболат Әлиханұлы «Егемен Қазақстанға» 1998 жылы 24 желтоқсанда жұмысқа орналасқан. Ол сол күні 47 жасқа толған екен. Бастапқы лауазымы бас редактордың орынбасары болатын. 5 жылдан соң бас редакторлыққа тағайындалады. Ал, сегіз жылдан кейін акционерлік қоғамның жарғысы тәртібіне сәйкес, вице-президенттің міндетін қосып атқарып келеді. Аузынан айналайыны түспейтін, алпысты алқымдаған, журналистикаға жан-жүрегімен берілген Жанболат Аупбаев таңнан таңға жалғасатын қарбалас баспасөздің қазанында қайнап, мұны ол өз өмірінің ажырамас бөлігіне, тіпті өміріне айналдырғандай. 

Жанболат Әлиханұлымен қысқаша сұхбаттан кейін редакцияның бірқатар қызметкерлерімен таныстық. 

«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің жанынан құрылған интернет-редакцияның бас редакторы Серік Пірназар ұжыммен жиын өткізіп, жаңалықтарға шолу жасауда


- Интернет-редакция портал ретінде газет жанынан 2010 жылдан бастап құрылды. Кейін интернет-редакция  ретінде техникалық құрылғылармен жабдықталып, журналистер мен дизайнерлер жұмысқа кірісті. Жаңа технологияның қарқынды дамуына орай, газет сайтының оқырмандары да күн санап артуда. Біз – жеке ақпараттық сайт емеспіз, газет жанынан құрылған порталмыз. Бұл екеуін шатастырмау керек. Сайт форматында шығатын ақпарат агенттіктерінің жөні бөлек. Ал біздің өз ерекшеліктеріміз бар. Мәселен, қандай да бір ақпараттың байыбына әбден жетіп, байсалдылықпен қарап барып жазамыз. Сенсацияның артына түсіп, жеңіл материалдардың шығып кетуіне жол бермейміз. Көтерген көкейтесті әрі күрделі мәселелер үлкен резонанс туғызып, парламентте талқыланып, арнайы заң қабылдауларға түрткі болуда. Осылайша, маман ретінде журналистік мақсатымызға жетіп отырамыз. Айтып өткенімдей, әр порталдың өз форматы мен аудиториясы бар. Біз салмақты, әрі салиқалы позициямызды сақтаймыз. Халықтың еңсесін, рухын көтеретін материалдар көбірек салуға тырысамыз, – дейді Серік Қожамқұлұлы.  

Интернет-редакцияның бас редакторы Серік Пірназар, журналистер Талғат Райымбек және Еламан Қоңыр жұмыс барысында

«Егемен Қазақстан» газетінің интернет нұсқасының модераторы Рысбала Әбдіқадыр 

Интернет-редакцияның бас редакторының орынбасары Серікқазы Кәкібаланов

 

«Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Самат Мұсаның ата басылымда еңбек еткеніне 28 жыл болыпты

«Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, белгілі қаламгер Сапарбай Парманқұл

 

 Журналист Дастан Кенжалин мен жүйе әкімшісі Дарын Салахов


Гүлжанат ӘБДІКӘРІМ