Н. Назарбаев ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты үндеу жариялады
22.06.2015 1482
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты Қазақстан халқына үндеу жолдады

Құрметті қазақстандықтар! 

Еліміз аса маңызды тағы бір тарихи оқиға қарсаңында тұр. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтадық. 

Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады. 

Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады. Біз бұл нәтижеге жету үшін 19 жыл табанды түрде жұмыс жүргіздік, келіссөздер оңай болған жоқ. Осы жылдары біздің үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік. 

ДСҰ-ға мүше болу – күллі Қазақстанның жеңісі. Бұл – еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы. Ұйым мүшелігіне Бес халықтық реформаны іске асыруға кіріскен кезеңде қадам басуымыздың символдық мәні бар. 

Біз жаһандық нарық шарттарына сай болу үшін үлкен дайындықтан өттік. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасадық. Бірыңғай кедендік және экономикалық кеңістікте шыңдалдық. Алдымызда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бәсеке күшейеді. Оған дайын болуымыз керек. Себебі, шетелден келетін тауарларға біз шекарамызды ашамыз, тауар Қазақстанға көптеп келетін болады. Сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар. Барлық бизнесмендерге менің талайдан бері айтып келе жатқаным сондықтан: бәсекеге сай болу керек. 

ДСҰ беретін артықшылықтарды пайдалана білетінімізді дәлелдеу қажет болады. Бұл Қазақстанның қолынан келеді және біз әлемнің озық елдері қатарынан лайықты орын аламыз деп кәміл сенемін.

http://bnews.kz