Мұхамеджан Сералин – қазақ журналистикасының атасы
23.06.2015 5066
Журналистикасы жоқ ел – шежіресі және тарихи жады жоқ ел

XX ғасырдың басында қазақ даласында журналистиканың негізі қаланған. Бұл заманда өмір сүрген қазақ халқының көрнекті өкілдерінің арқасында ұлттық бұқаралық ақпарат құралдары пайда болған. Осындай тұлғалардың бірі — Мұхамеджан Сералин. 

М. Сералин – табиғатынан дарынды, аналитикалық ойлау қабілеті, қоғамдағы барлық оқиғаларға өз көзқарасы бар тұлға. 1891 жылы Қостанайдағы 2-сыныптық орыс-татар мектебін үздік тәмамдады. 

Қостанай қаласындағы орыс-татар мектебі

Содан соң Орынбор училищесіне қабылдау емтихандарын сәтті тапсырды. Бірақ қаржы қиыншылықтардан оқуды жалғастыра алмай, туған ауылына қайтып келді. Бұл жерде бірнеше жыл мұғалім болып жұмыс жасап, балаларға қазақ және орыс тілдерінен сабақ берді. Осы уақытта көптеген қазақ зиялылары кем дегенде орта білім алған. Сералин осындай білімге де қол жеткізбеді. Оның басты мұғалімі – өмір. 

1897 жылы Мұхамеджан Сералин Троицк қаласындағы зауытқа жүн сұрыптаушы болып жұмысқа тұрды. Зауытта еңбектеніп жүріп, қала кітапханаларындағы бүкіл орыс классикалық әдебиетін оқып шықты. 

Сонымен бірге, қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттей отырып, өзі де өлеңдер жаза бастады. Орыс, парсы, татар тілдерін жетік меңгерді. Осы уақытта «Топжарған» және «Гүлһашима» поэмаларын жазды. 

Мұхамеджан Сералин патша әкімшілігінің көптеген ұйымдарына барып, «Айқап» журналын шығаруға рұқсат сұрайды.  

1910 жылдың аяғында үкімет М. Сералиннің өтінішін қанағаттандырып, алғашқы қазақ журналының шығаруына рұқсатын берді. Рұқсат қағазында былай деп жазылған: «Қостанай уезінің №5 Шұбар болысының қырғызы М. Сералинге өзінің жауапкершілігімен Троицк қаласында ай сайынғы «Эй-Кафь» журналын шығаруға рұқсат беру. Журналдың бағдарламасы: озық мақалалар, шетел жаңалықтары, мұсылман ғұмырындағы мәселелер, жылнама, фельетондар және өлеңдер, библиография мен ғылыми мақалалар, редакцияға жазылған хаттар». 

«Айқап» журналының мұқабасы

Журналистика саласында еңбек өтілі жоқ болғанымен, Сералин өзінің өмір тәжірибесін пайдаланып, халық арасындағы кедейшілік жағдайын ескеріп, іске кіріскен. 

«Айқап» журналы – бұл кездегі адамдар үшін ерекше құбылыс. Әлеуметтік теңсіздік халыққа ауыр әсер еткен еді. Бұл көп адамдардың көкейінде жүрсе де, ештеңе өзгерте алмайтынын білген. 

Бірен-саран адамдардың қолынан ешнәрсе келмеді. Жаяудың үні шықпас, жалғыздың шаңы шықпас. Сондықтан зиялы қауымға жаңа жол таңдау қажет болды. Мақсатқа жету үшін өз басылымын ашу керек еді. Осылайша «Айқап» журналы құрылған. 

Мұхамеджан Сералин тілшілер және ақпарат беретін адамдарды жинады. «Айқап» журналы қызметкерлерінің қатарына көрнекті тұлғалар кірді: Жиһанша Сейдалин, Спандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбт Майлин, Сәбит Дөнентаев, Молдағали Жолдыбаев, Есенғали Хасболатов және басқалар. 

1915 жылға дейін шыққан «Айқап» журналының барлық сандарын қарап шықсаңыз, мерзімдік басылымның сапасы өте жоғары болғандығына көзіңіз әбден жетеді. Арнайы оқу орнында білім алмаған Сералиннің кәсіби тілшілерден айырмашылығы жоқ. Әр мақаланың мазмұны және тақырыбы терең әрі жан-жақты ойластырылған. 

Осылайша, мерзімдік басылымды шығарып жүрген Сералин өз халқына қызмет еткен. Ол алғашқы қазақ журналының редакторы әрі басқарушысы. Мұхамеджан Сералин қазақстандық журналистикада ірі жетістіктерімен өз қолтаңбасын қалдырған. Сол себептеп де оны қазақ журналистикасының атасы деп атауға толық құқығымыз бар. 

Сонымен қоса, Мұхамеджан Сералин – «Егемен Қазақстан» қазіргі республикалық газеттің негізін қалаушы, «Ауыл» (қазіргі кезде «Қостанай таңы») газетінің редакторы. «Айқап» журналы сол кездегі қазақ зиялыларына ана тілінде ойлау және жазуды үйреткен. Мұхамеджан Сералин бүкіл ғұмырын журналға арнаған.


Пайдаланылған әдебиеттер: 

1. С. Зиманов. Ш. Уәлиханов, М. Сералиннің қоғамдық-саяси ойлары. – Алматы, 2009 ж.;

2. Е. Суюнов. Өмірдегі басты мақсат // Казахстанская правда, 2003 жылы 28 маусым.; 

3. В. Архипов. Алғашқы ілгерішіл // Ленинский путь, 1976 жылы 9 қаңтар;

4. Қ. Бейсембиев 20 ғасырдың басында Қазақстандағы ілгерішіл-демократиялық және марксистік ойлар. – Алматы, 1965 ж.