«Көшпенділер өркениеті»: Бесік туралы бұрын біз білмеген бес дерек
19.06.2015 5044
Бесік – көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра

Бесік қалай пайда болды? 

Аңызға сүйенсек, бесік алғаш рет Алтай мен Жетісу аймағында Айырқалпақ Айдахар бидің заманында пайда болған деседі. Айдахар бидің әкесі қазақтың дархан даласына ағаш егіп, орман отырғызған атақты Мизам Баб болған екен. Мизам баб 150 жыл өмір сүріп дала өркениетін өзінің бау-бақшасымен таң қалдырыпты. Алайда ол қайтыс болған соң, қызғанышпен қараған қытайлықтар орманды өртеп кетіпті. Бұл кезде Айдахар би алыс сапарда жүрген көрінеді. Әкесінен түсінде аян алған Айдахар би тез арада елге оралады. Нулы тоғайдың жапан далаға айналғанын көріп, қатты қапаланады. Қалған, ағаштарды сүйретіп, үйіне барады. Өмір жалғасып, Айдахар би үйленіп, өмірге сәбиі келеді. Алайда, нәресте іңгәлап жылағанын тоқтамайды. Тіпті, ең атақты емшілер де еш көмектесе алмапты. Кенеттен бала бірден жылағанын доғарады. Қараса, ақ шапан киген ақсақал Айдахар бидің әкесінен қалған ағаштарға сәбиді тербетіп, жұбатып отыр екен. Айдахар би жақындай бергенде, әлгі ақсақал көзден ғайып болыпты. Айдахар би баласына әкесінің орманына қалған ағаштан бесік жасап беріпті. Бесік көшпенді халықтың өмірінің ажырамас бөлігіне айналыпты. Бұл аңыздың түпнұсқасы «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында бар. 

 

Бесік – бала денсаулығына пайдалы

Біріншіден, бесікте жатқан баланың қан-айналым жүйесі жақсы дамиды. Яғни, тербеліп өскен бала атпен шапқанда немесе көлікке мінгенде жүрегі айнып, лоқсымайтын болады. Екіншіден, бесікке жатқан баланың аяғы түзу, дене бітімі келісті болып өседі. Неге десеңіз, тартпа бау аяқ қолын байлап қысып, үнемі бір қалыпта ұстап тұрады. Дәл осы себептен, баланың аяқ-қолы жинақы, қимылы ширақ болып қалыптасады. Үшіншіден, бесікте шүмек және түбек деген гигиеналық құрылғылар бар. Осының арқасында баланың жамбасы құрғақ, денесі таза күйінде қалады. Төртіншіден шалқалап жатқан баланың бел омыртқасы түзу, еңсесі тік болады. Бесіншіден, бесіктің үстіндегі жабу баланы шыбын-шіркейлерден, ызғар жел мен күннің аптап ыстығынан, түрлі қауіп-қатерлерден сақтайды. 

Бесікке салу – басты рәсім 

Әрине, бесік той туралы исі қазақтың көпшілігі біледі. Алайда оның тәрбиелік және психологиялық мәні аса терең. Нәресте қырқынан шыққан соң, қыздың төркіні «Бесік әкелу» рәсімін жасайды. Яғни, тұңғыш балаға бесікті нағашылары әкеледі. Бұл екі жақтың туыстық қарым-қатынасын нығайтып, жаңа босанған келіншекке де үлкен қуаныш сыйлайды. Баланы бесікке салмас бұрын, үлкен әжелер оны отпен аластап, түрлі жаманаттардан тазартып алады. Бесіктің төбесіне үкі тағып, көз моншақ байлайды. Мұның барлығы нәрестенің әке-шешесі мен ата-әжелерінің жақсылыққа деген сенімі мен үмітін ұлғайта түседі. 

Шетінеген сәбиді қазақтар осылай жерлеген

Бесік туралы мақал-мәтелдердің мәні 

Бесік – көшпелі ғұмыр кешкен бабаларымыздан қалған қасиетті мұра. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп өсиет қалдырған Мұхтар Әуезов. Бесік – тек материалды тұрғыда емес, рухани тұрғыдада көп мағынаға ие. Бесік – туған жердің, ананың ыстық құшағының,тәлім-тәрбиенің, ұрпақ жалғастығының айнымас символы. «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деген мақал бойдақ жігіттерге қаратылып айтылады. Яғни, бесік көрген деп тәрбиелі, арлы, ибалы қыз баласын меңзейді. Бесік туралы мәтелдер басқа халықтарда да көп кездеседі. Сондай-ақ, хадисте «Тал бесіктен жер бесікке дейін ғылым үйрену мұсылманға парыз» деп айтылған екен. 

Бесікке байланысты ырым-тыйымдар 

«Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Осынау қасиетті үш затты қатты тозып, тым ескірген кезде де аяқтың астына тастамай, өртеп жіберетін болған әрі күлін де аяқасты қылмай, көміп тастаған», – делінген кейбір деректерде. Біздің білетініміз, бос бесікті тербетпейді және оны сәби туылғаннан кейін ғана сатып алады. Оған қоса бесікті саудалауға болмайды дейді, шебердің ынсабына сеніп, айтқан бағасына сатып алу керек екен. Заман ағымына қарай, кейбір ырым-жырымдар ескіріп, өзінің тұрмыстық мәнін жоғалта береді. Атап айтсақ, бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмау, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет және бесіктің теріс жағына отырмау деген ырымдардың тамыры көне заманға кеткен.

Мақала «Үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» бағдарламасындағы «Біртектілік пен бірлік» бөліміндегі 86 және 87 қадамдарын жүзеге асыру аясында жазылды. 

Гүлжанат ӘБДІКӘРІМ