Қазақстандағы қала атауларының өзгеруінің кейбір сәттері
28.11.2016 6218
Еліміз егемендік алып еңсемізді тіктегеннен бастап қолға алынған игі істердің бірі қала атауларын қазақылау, солардың бірер де бірегейіне тоқталсақ

Қазақстан Ресей империясының құрамына қосылғаннан бастап отарлау мен өркендеу қатар жүрді, бұлай дейтініміз патша өкіметі отарлау саясатының шегіне жету үшін, қазақтың кең даласына бекініс шептер сала бастады, қорғаныс ретінде салынған бекіністердің саны күн сайын артып,

Қазақстанда қалалар салынып қазақтар отырықшылыққа бет бұрды, біртіндеп қалалық өмір өркен жайды, қалалық жерде тұратын қазақтардың саны артып, тұрғылықты қала тұрғындары көбейе бастады. Қазақстанда қалалар салу қарқыны ХІХ ғасырдың басынан басталды, дегенмен бір айта кететіні, қалалық өмір қайнағанмен жаңадан салынған қалалардың барлығына дерлік орысша атаулар берілді. Елімізде әлі күнге дейін сол кезеңнен бастап орысша атау алған қалалардың бары мәлім, әрине тәуелсіздігімізді алып қолымыз аузымызға жеткеннен кейін шекарамызды межелеп, қалаларымыздың атауы да қазақшалана бастады, бүгін солардың біреріне тоқталып өтсек.

Айталық, Маңғыстау облысының ақсақалдары Жаңаөзен қаласын Бекет-ата деп өзгертуін ұсынды. Қаланың көз көрген үлкен ақсалдары осындай өтінішпен жергілікті әкімшілікке осы киелі жердегі жерасты мешітіне барған кезде қолқа салды. Жергілікті атқамінерлер әзірге сұрақты ашық қалдырды.

Бекет –ата 1750 жылы Атырау облысының Құлсары ауылының маңайында дүниеге келді. Хиуаның атақты медресесінде діни білім алған (кейбір деректерде Бұхара) Сонымен қатар физика,математика, астрономия ғылымдарын меңгерген. Көзі тірісінде өз күшімен бес мешіт тұрғызған, солардың ішіндегі ең бастысы өзі аттас жерасты қорымы Ақтаудан 300 шақырым жердегі Оғланды деген елді мекенде орналасқан. Бес мешіттің бірін Бекет-ата мектепке айналдырды. Кейін келе бұл мешіт аспан асты ғылыми орталық және обсерватория болды. Бекет-атаның арғы атасы қазақтың атақты батыры Есет батыр деген аңыз бар. Бекет-ата 1813 жылы қайтыс болды.

Енді жаңа тарихқа қайта оралсақ. Қазақстанда қала атауларын өзгерту тәуелсіздік алғаннан бастап қолға алынды. 1991-2005 жылдар аралығында үш облыс, 12 қала, 53 аудан, 7 қалалық аудан, 43 теміржол станциясы және 957 шағын елді мекендердің төлқұжаты ауыстырылды. Сонымен қатар 3 облыс, 12 қала, 14 аудан, 76 теміржол станциясы, 22 шағын елді мекен пункттерінің транскрипциясы өзгерді. 2005 жылға қарай Қазақстанның географиялық объектілерінің 60% жаңашаланып, атауы өзгертілді. Атауларды қайта өзгерту солтүстік және шығыс өңірде баяу жүрді, небары 30% -ы ғана өзгертілді. Мүмкін бұл Солтүстік Қазақстанның топонимикалық дәстүрінде славяндықтар басым болғандықтан да шығар.

Қазіргі Қазақстанның қалаларың көбісінің үш ғасырдан астам тарихы бар. Мысалыға, Орал 1584 жылы, Атырау (Гурьев) 1640 жылы, Семей 1718 жылы, Павлодар 1720 жылы, Петропавл 1752 жыл, еліміздің орталығы Ақмоланың негізі 1830 жылы қаланды. Бұл аталған қалалардың тұрғындары мен қатар географиялық атаулары КСРО құлағанша орыс тектес болып келді.

Қазақстанда соңғы ірі айтарлықтай қала атауын қайта өзгерту 2007 жылы орын алды. 16 маусымда президент Н.Назарбаев Семипалатинск атауын Семей етіп өзгертуді ұсынды, бұл қала еліміздің тарихында өзіндік орны бар, одан басқа 1949-1989 жылдары Семей ядролық полигонының зардабы аталған өңірдің ғана емес ел тарихының тарғыл беті болып табылады. Дауыс беру бойынша барлық қатысушылар бірауыздан қолдап, 21 маусым күні президент жарлығымен қала Семей болып өзгертілді.

Одан өзге Риддер қаласының Ұлы Отан соғысы ардергерлері қалаға Дінмұхаммед Қонаевтың есімін беруін ұсынды, Түркі халықтарының дүниежүзілік ассамблеясының президенті Ерментай Сұлтанмұрат қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар есімін ұлықтау мақсатында Жамбыл облысының , Шу қаласының атауын беруін алға тартты. «Аспандау» ғылыми білім беру қорының қызметкерлері Қазақстан халқын ұлтына, нәсіліне, тіліне, дініне қарамай «қазақ» деп, елдің орысша атауын «Казахстан» емес «Казакстан» деп атауды ұсынды. Қала, көше атауларын қайта атаудың өрістегені соншалық Алматы облысының ауылдық жерлердегі жағдайы бар тұлғалар көше мен көше қиылыстарын сатып алып өз беттерінше қазақша атау беріп, жаңалау жүргізді.

Осы тұрғыда атап өту керек қала және көше атауларын өзгерту жәй жаңарту емес «тарихи әділеттіліктің жаңғыруы» болып табылады. Бұл өзгертудің барлығы тарихи құндылықтан өзге қаншама қаражатты талап етті, бір ғана мысал Vласть интернет журналының есебі бойынша Алматы қаласының атауын өзгертуге (құжаттарды, маңдайшалар, мөр, бланк, қала картасы, Конституция және т.б.) жалпы алғанда 11 млн доллар жұмсалған.

Топонимдердің шығу, пайда болу тарихы, ең алдымен халық тілінің байлығына, әрбір тарихи дәуірдегі қоғамдық өмірдің құрылысына, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, ел-жұрттың кәсіби тірлігіне, мемлекеттің дамып өсуі мен елді мекендердің жан-жағынан артып, молая түсуіне тікелей байланысты.

Жеріміздегі мыңдаған атаулардың шығу, пайда болу, дамып өсуі бір ғана дәуірге тән емес, талай ғасыр, тарлан дәуірлердің куәсі, біздің заманға жеткен бай қазына, асыл мұрасы. Қазіргі қазақ жерінде сан-қилы тарихи оқиғалардың болып өткені, бұл қасиетті де, құдіретті жерімізді талай ұлыс, тайпа, ел, халықтың мекендеп, мемлекет құрып, ғұмыр кешкендігі тарихтан мәлім.

Жер-су аттары – халық тілі мен мәдениетінің кемел байлығы, мәңгілік тарихи мұрасы. Олар ана тіліміз бен ұлттық тарихымыздың сыр-сипатын, халқымыздың этномәдени құбылыстарын тереңдей зерделеп зерттеу үшін де аса қажетті, өте қымбат та құнды дерек болары сөзсіз.

Жер-су аттарының шығу, қалыптасып дамуында лингвистикалық факторлармен қатар табиғат құбылыстарының, жер бедері мен көрік-келбетінің ерекшелік сипаты, бейне көріністері, қоғам өміріндегі тарихы, әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің жай-жапсарлары тайға таңба басқандай анық та айқын көрініс береді. Олар өткен өміріміз бен тірлік-болмысымыздың рухани байлығына тән мәдени ескерткіш ретінде ғана құнды емес. Заман ағымына сай толысып, жаңарып қазіргі өмірімізде де ерекше қызмет атқарады.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)