Мәдени серуен: Республикалық спорттық және олимпиадалық даңқ музейі
03.01.2015 2991
Спорт десе делебесі қозбайтын жан жоқ шығар. Олимпиада болғанда көгілдір жәшікке телміріп, жан алысып, жан беріскен жарысқа жанкүйер болатынымыз жасырын емес.

Спорттық сайыста біреу жеңеді, біреу жеңіліп жер құшады. Сайыс заңы қатал-ақ. Соңында барып, саулаған тері мен еселеп кеткен күшінің нәтижесін көріп, бағы мен бабы жанған біреуі бәйгеден оза шауып, лайықты жүлдесін мойынға тағады. Алтын алса тіске салып, «дәмін» көреді. Бұл бұлжымас қағида.


Бірақ кейінірек жарыс пен сайыс мәресіне жетіп, уақыты өткен соң жүлде алған жүйріктердің медальдары қанша, қай жерде тұр деп ойланып көрдіңіз бе? Ендеше Алматы қаласындағы Сейфуллин көшесі 551 (Бөгенбаймен қиылысында) Республикалық спорттық және олимпиадалық даңқ музейіне аялдай кетсеңіз артықтық етпейді. 

Музей күнделікті сағат 10.00–17.00 аралығында жұмыс істейді. Сенбі күні ғана 10.00–14.00 уақытында ашық болса, жексенбі күні демалыс болғандықтан жабық болады. Кіру құны да қымбат емес үлкендерге — 70, студенттерге — 50, балаларға — 30 теңге. Сосын қоса кетер қызықты жайты музей Мемлекет қорғауындағы ғимаратта орналасқан.

Музей ауласына енген бетте алшысынан түсіп тұрған асық тұр. Қазақтың «әрдайым асығың алшысынан түссін» деген батасы бар емес пе? Несі бар үнемі жарыс алаңында жүретін спортшылар үшін жақсы ырым.

Музей ауласындағы алшысынан түскен асық


Шағын ғана музейге кірген бетте қазақтың балуан ұлдары Балуан Шолақ, Қажымұқан, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыхановтың суреттері ілінген.

Оң жақ бетте ҚР спортшыларының шет елге шыққан сапарлары әлем картасында бедерленген. Қазақстан спортшыларының ізі тиген жерлер.

Музейде: «Тәуелсіз Қазақстан», «Әлем, Европа және Азия чемпиондары», «Салауатты өмір салты» деп аталатын үш зал бар.

«Тәуелсіз Қазақстан» залы

1997 жылы Румыния астанасы Бухарестте кикбоксингтен өткен жарыста жеңімпазға берілген Кубоктар.

«Әлем, Европа және Азия чемпиондары» залы

Олимпиада және Әлем чемпиондарының жаттықтырушыларына арналған ескерткіш тақта аталған залда орналасқан.

Медальсыз-ақ мойындалған майталмандар

Қазақ Туризм және Спорт академиясының Президенті К. Х. Закирьяновтың ҚР таэквондо спортын дамытуға қосқан үлесі үшін Азия таэквондо федерациясынан алған ордені

Қабырғаға оқ ату спортынан Европаның екі дүркін чемпионы А.Асановтың жүлделері

Ұлттық спорт түрлеріне арналған бөлме

Қазіргі кезде дамып, қанатын кеңге жая бастаған «Қазақша күрес» үйрететін оқулықтар.


Олжас БЕРКІНБАЕВ
Суреттерді түсірген автор
Астана-Алматы-Астана