Ғалымдар Алаш автономиясының тарихына қатысты тың деректерді ұсынбақ
18.12.2014 2622
2014 жылдың 19 желтоқсанында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-інде «Түркістан мұхтариятынан Алаш Автономиясына дейін: қазақ мемлекеттілігінің негіздері және тарихи сабақтастық» конференциясы өтеді.

Конференция Алаш және Түркістан автономияларының 97 жылдығына арналған.

Кеңес тарихнамасында «Қоқан автономиясы» деп аталған Түркістан мұхтариятын құру туралы шешім Қоқан қаласында емес — Орынборда, тіпті IV төтенше жалпымұсылман съезінде емес — Бүкілресейлік Уақытша үкіметтің құлауына қарамастан, оның комиссары міндетін атқара берген Әлихан Бөкейханның резиденциясында қабылданды. Оны 1917 жылғы аласапыран оқиғалардың белортасында жүрген башқұрт ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Әлихан Бөкейханның саяси шәкірттерінің әрі үзеңгілестерінің бірі Зәки Уәлиди Тоған (Ахмет-Зәки Уәлидов) өз естеліктерінде айғақтайды. Зәки Уәлидидің мәлімдеуінше, Петроградта Уақытша үкімет құлап, ізінше большевиктер Ташкенттегі билікті де басып алған соң, 1917 жылғы қазан айының соңы мен қараша айының басында Орынбордағы Уақытша үкімет комиссары Әлихан Бөкейханның резиденциясында бас қосқан Алаш қайраткерлері маңызды тарихи шешімге келді. Олар «Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыс күшеймей, не Қазақстанда, не Башқұртстанда ол кең өріс ала алмайды» деген ортақ пікірге келді. Екі күндік қызу талас-тартыстан соң Мұхаметжан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқай және Зәки Уәлиди Тоған Ташкентке, одан әрі қарай Қоқанға шұғыл түрде аттанады. Нәтижесінде, 1917 жылдың 27 қарашасында «Түркістан мұхтарияты» немесе «Түркістан автономиясы» жарияланды. 

Конференция жұмысына «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы мен Орта Азия елдерінің тарихын зерттеуші отандық және шетелдік ғалымдар, ҚР парламентінің депутаттары, қоғам қайракерлері, жоғары оқу орынының студенттері қатысады. Алаш қайраткерлерінің мұрағат мұралары, іргелі еңбектерінен кітап көрмесі ұйымдастырылады. Іс-шара барысы «Бабалар қорымындағы» хан Кенесары Қасымұлы сарбаздары және мемлекеті қайраткері Смағұл Садуақасұлы рухына құран бағыштаудан басталмақ.

Ұйымдастыру комитеті.

Байланыс: 8 (7172) 70-95-47, 

E-mail: alashorda2014@mail.ru