«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңы
18.12.2014 9575
1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының қабылдануы Қазақстан Тәуелсіздігінің маңызды кезеңі болды.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының қабылдануы Қазақстан халқының тағдырын анықтаушы құжат болды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңның қабылданғанынан бастап елдің тәуелсіз даму жолы басталды. 

Оның мазмұнында ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы, жеке тұлғалардың құқығы мен бостандығына басымдық беру, саяси тұрақтылық, билікті бөлісу, ұлтаралық келісім т.б. іргелі демократиялық қағидалар көрініс тапты. 

Шынайы егемендікті жариялау елді сыртқы әлемнің мойындауына мүмкіндік берді. Мемлекеттік егемендік туралы декларация мен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституцилық заң мемлекет Конституциясының негізі болды. Олар саяси және әлеуметтік-экономикалық салада тиісті реформалар жүргізу үшін құқықтық база болды. 

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы дәуір құжаты болып табылады. Аталған заң 1991 жылдың 16 желтоқсанында Алматы қаласында қабылданды. 

«Қазақстан Республикасы — тәуелсіз мемлекет» деп аталатын оның бірінші тарауында былай жазылған: «1-бап. Қазақстан Республикасы — тәуелсіз, демократиялық және құқылық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленеді, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргізеді. 2-бап. Қазақстан Республикасы барлық мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құқық принциптері бойынша құрады. 3-бап. Өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін басқа мемлекеттер тануы үшін Қазақстан Республикасы ашық. 4-бап. Қазақстан Республикасының бүкіл территориясында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, сондай-ақ ол таныған халықаралық құқық нормалары қолданылады. 5-бап. Қазақстан Республикасының территориясы қазіргі шекараларында біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтын территория болып табылады». 

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 7 тараудан тұрады. 

Міне, осылай 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi Қазақстан халқының еркiн бiлдiре отырып, Адам құқыларының жалпыға бiрдей Декларациясында, халықаралық құқтың жалпы жұрт таныған өзге де нормаларында баянды етілген жеке адамның құқылары мен бостандықтарының үстемдігін мойындай отырып, қазақ ұлтының өзiн-өзi билеу құқын растай отырып, азаматтық қоғам және құқылық мемлекет құруға бел байлағандығын басшылыққа ала отырып, бейбітшiлiк сүйгiш сыртқы саясат жүргiзе отырып, ядролық қаруды таратпау принципi мен қарусыздану процесіне адалдығын мәлiмдей отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсiздiгiн салтанатты түрде жариялады. 

Т.ғ.д., профессор Бүркітбай Аяғанның редакциясымен шыққан «Қазақстанның жаңа тарихы: Кеңес жүйесінің дағдырысы және ыдырауы» кітабынан алынған мақаланы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылыми комитеті Мемлекеттік тарихы институтының Ғылыми кеңесі ұсынған, Алматы, 2012 ж., 1-ші том, 107 б..