ҚР Орталық мемлекеттік музейінде Тәуелсіз күніне арналған көрме өтеді
10.12.2014 1793
2014 жылдың 12-ші желтоқсанында ҚР Орталық мемлекеттік музейінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Желтоқсан – Тәуелсіздік жаңғырығы» көрмесінің ресми ашылуы өтеді.

1986 жылғы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасы халықтың коммунистік партия басшылық еткен биліктің ресми саясатына қарсы наразылығын, бас көтерулерін, өз келіспеушіліктерін білдірді. Бұл Сумгаиттегі, Ригадағы, Вильнюстегі және КСР-ның басқа елдеріндегі толқулы оқиғалардың бастаушысы болған еді. 

17-18 желтоқсонда дүниені дүр сілкіндірген бұл көтеріліс бұрынғы тәртіпке қарсылық білдіруімен айғақталады. Желтоқсан демонстрациясына қатысқан 30 мың адамнан құқық қорғау органдары 8515 адамды ұстады, олардың ішінен бес мың адам қала сыртына шығарылып қарға тасталды, 2400 адам қамауға алынып, олардың 1722-і түрлі дене жарақаттарын алды. 

Желтоқсан оқиғасы қазақ халқын аяғынан тік тұрғызды, сана-сезімінің ұлттық бағытта дамуына зор әсер етті. Барлық жерде қазақ халқының тілін, дәстүрін және рухани құндылықтарын қайта өркендету үшін қозғалыстар күшейді. Желтоқсан оқиғасы қазақтардың ұлт ретінде этносаяси бірігуін айтарлықтай күшейтті. Бір айта кететіні, сол уақытта қазақ қоғамындағы полиэтникалық және поликонфессиялық дәстүрлі достық бұзылған жоқ. Қазақстанда тұрып жатқан орыстар, немістер, украиндар, өзбектер және басқа да ұлт өкілдері қазақ халқының ұлттық арманына түсіністікпен қарады. Қазақстанда өзін-өзі билеу және тәуелсіздік идеясын жүзеге асыруға бағытталған үдеріс басталды. 

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тәуелсіз мемлекет құруға зор ықпал етіп, халық тағдырына түрлі өзгерістер әкелді. Күн өткен сайын бұл оқиғаның маңызы арта түспесе, кеміген жоқ. 

Көрмеге келушілер назарына фотоқұжаттық, заттық қойылымдар, желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдардың құжаттары және де кітаптар қойылады.

Анықтама телефондары: 8 (727) 2644-644 (Қазақстан тарихын зерттеу орталығы), 

8 (727) 2644-650 (БАҚ аккредитациясының мәселелері бойынша).