Алматыда «Бабалар сөзі» қазақ фольклорының 100 томдық топтамасының тұсауы кесілді
17.11.2014 2951
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Бабалар сөзі» қазақ фольклорының 100 томдық топтамасының тұсаукесер рәсімін өткізді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалған 100 томнан тұратын «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклоры топтамасының тұсаукесер рәсімін өткізді.

«Ұзақ жылдар бойы қазақ фольклоры сериялы түрде жарияланған жоқ. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, т. б. фольклор шығармаларын арнайы том немесе жеке кітап түрінде жарыққа шығарды. Қазақ фольклорын көп томдық етіп жариялау ісі тек өткен ғасырдың 80 жылдары қолға алынғанмен, 17 томы ғана жарыққа шықты», — делінген хабарламада.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары елімізде қазақ фольклорын зерттеу бойынша жұмыстар қолға алынды. Президентіміз Н. Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ұлттық фольклорымыздың басым көпшілігі біртұтас серия түрінде «Бабалар сөзі» деген атаумен 100 том көлемінде жарыққа шықты.

100 томдық «Бабалар сөзі» атты қазақ фольклорының топтамасында шағатай, қадім, төте араб жазулары мен латын әрпінде хатқа түскен мәтіндер қамтылды. Топтаманың ішінде халық эпосының дастандары — 13 том, діни дастандар — 7 том, ғашықтық дастандар — 11 том, тарихи жырлар — 11 том, батырлар жыры — 20 том бар. Одан бөлек мақал-мәтелдер — 5 том, шежірелік жыр-аңыздар — 3 том, ертегілер — 5 том, тарихи аңыздар — 4 том, ауызекі әңгімелер — 3 том, ғұрыптық фольклор — 2 том, ән өлеңдер — 2 том бар. Басқа томдардың ішінде «Жұмбақтар», «Балалар фольклор», «Қазақ мифтері», «Моңғолия қазақтарының фольклоры», «Топонимдік аңыздар», «Күй аңыздар», «Аңыздық шежірелер», «Аңыздық жырлар», «Өтірік және мысалдар», «Магиялық фольклор», «Түс жору және ырымдар» сияқты томдар бар. Әрбір том жанрлары текстологиялық сараптаулардан өтіп, әр томның ғылыми қосымшасы да берілген.

Қазақстан ұлттық фольклорымыздың басым көпшілігін біртұтас серия түрінде «Бабалар сөзі» деген атаумен 100 том көлемінде жарыққа шығарды.