Семей ядролық полигонына арналған эссе сайыстың жеңімпаздары марапатталды
17.10.2014 2056
Үстіміздегі жылдың 8 қыркүйегі мен 10 қазаны аралығында мектеп оқушылары арасында өткен «Семей полигоны. Қазақстан сынақтардан бұрын және кейін» эссе сайысының жеңімпаздары марапатталды.

Семей ядролық полигонында 1989 жылы 19 қазанда жасалған ақырғы жарылыстың 25 жылдығына арналған эссе сайыс «Қазконтент» АҚ «Қазақстан тарихы» веб-порталының ұйытқы болуымен және «Казахстанская правда» Республикалық Газеті» АҚ, Астана қаласы білім басқармасының және Халықаралық ғылыми-танымдық "Мәңгі Ел" журналының жан-жақты қолдау көрсетуімен ұйымдастырылған болатын.

Аталмыш эссе сайыстың мақсаты оқушылардың Қазақстан тарихын оқуға қызығушылығын арттыру, азаматтық-отансүйгіштік тұрғыдан белсенділігін қалыптастыру, өз елінің қоғамдық-саяси өміріне қатысуға дайындығын анықтап, Семей полигонының Елордалық жас ұрпақтар мен оқушылардың санасында қандай естелік, із қалдырғанын байқау болды.

Ұйымдастыру комитетіне мемлекеттік және орыс тілдерінде жалпы саны жиырма тоғыз жұмыс келіп түсті.

ҚР БҒМ Ғылыми комитетіне қарасты Мемлекет тарихы институты мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкерлері «Қазақстан тарихы» веб-порталының ғылыми сарапшылары ретінде өзекті әрі қызықты, тақырыпқа сай деген эсселерді таңдап алды. Әділ қазылар алқасының әділ пікірінше, эссе сайысы барысында оқушылар өздерінің ұлт тарихын терең білетіндіктерін және ойлау тұрғыларының өзіндік, бірегей ерекшеліктерін паш еткен. 

Қазақ жерін 1949 жылдан бастап жарты ғасыр улаған Семей полигонының тақырыбын толық әрі жан-жақты, қызығушылықпен аша білген. Сонымен қатар өзіндік ой-пікірлерін қағаз бетіне түсіре алған.

Эссе сайыстың қорытындысы бойынша № 1 мектеп-лицейінің оқушысы Жәнібек Балташев, мұғалімі М.Қ. Байғонова, № 10 мектеп-гимназиясының оқушысы Сәбина Баймұрзина, мұғалімі С.С. Әлмағанбетова және Дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушысы Жансая Болатбек, мұғалімі Б. Т. Рысмамбетова жеңімпаз деп танылды. 

Жеңімпаздарды «Казконтент» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нартай Әшім мақтау қағазымен марапаттап, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың қолтаңбасы жазылған «Казахстан: архитектура безъядерного мира» кітабын сыйға тартты. Ал Астана қаласы Білім басқармасы өз кезегінде оқушыларды сайысқа дайындаған жетекшілерін басқарма жетекшісінің алғыс хатымен марапаттады.

Сонымен қоса сайыстың тек Астанада қаласында өткеніне қарамастан, әділ қазылар Қызылорда қаласы «Мұрагер» мектебінің оқушысы Әшірбек Бекарыстың жұмысын жоғары бағалады.

Айта кетейік конкурсқа қазақ және орыс тілінде жалпы саны 29 жұмыс келіп түскен болатын. Жеңімпаз деп танылған Болатбек Жансаяның «Семей полигоны. Қазақстан кеше және бүгін», Балташев Жәнібектің «Семипалатинский полигон, Казахстан до и после», Баймұрзина Сәбинаның «Неядерная безопасность» жұмыстарының толық мәтінін оқи отырыңыздар.