Ұлытау— тарих куәгері. Алаша хан кесенесі
13.10.2014 4344
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлытау өңірін киелі жер деп атаған болатын. Қазақ тарихының көп беттеріне куәгер болған киелі жер туралы "Қазақстан тарихы" веб-порталы әзірлеген арнайы жоба.

Тарихтың куәгері – Ұлытау Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр. Мысалы, керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды таныту үшін қазір көп нәрсе жасап жатырмыз. Сондай тарихтың куәгері – Ұлытау. 

                                                                                                                                               Н.Ә.Назарбаев 

Биылғы жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлытау жеріндегі сұхбатында осылай деп айтқан болатын. Ол Ұлытау өңірін киелі жер деп атады. Оның айтуынша, барлық заманда жаз кезінде даланың әр түкпіріндегі қазақтар Ұлытауды жайлайтын болған. Осында шаңырақ көтеріп, той тойлаған. "Рулар араласқан. Сондықтан, біздің кең даламызда диалект деген жоқ. Ұлытаудың халық үшін мәні зор", - деді. 

Осы орайда «Қазақстан тарихы» веб-порталы тарихи өлкені оқырмандарға одан әрмен таныту мақсатында журналист, әуесқой фотограф Максим Рожинмен бірлескен арнайы жобаны қолға алған болатын.

Ұлытау өңіріндегі барлық тарихи орындар «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық – музейіне жатады. Бұл жерде барлық қазақ хандарының ата-бабасы Жошы ханның және аты аңызға айналған қазақ жүздерінің негізін қалаушы Алаша ханның мазарлары орналасқан. Ұлытау өңірі өзінің айрықша археологиялық ескерткіштерімен ерекшеленеді: Теректі Әулие тастағы таңбалары, қола дәуірінің металлургиялық орталықтары, түркілік тас мүсіндер, сақ қорғандары мен оғыз-қыпшақ қалалары осы жерде қоныс тепкен. 

«Ұлытау» ұлттық – тарихи мәдени және табиғи қорық – музейі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1990 жылғы 29 қарашадағы № 466 Қаулысымен құрылған. Жалпы жер көлемін 147 246 гектардан тұратын, 25 тарихи – мәдени кешендер құрайды. Аталған аймақта 200 кешеннен артық ескерткіштер саны орын тепкен. Ескерткіштердің санын анықтау және төлқұжаттандыру жұмыстары бүгінгі таңда жасалуда. Ұлытау ауданы аймағында 358 тарихи – мәдени ескерткіш төлқұжаттандырылған. Олардың ішінде 11 ескерткіш: Айранбай, Мақат, Жошыхан, Алашахан, Болған ана, Басқамыр, Аяққамыр, Дүзен, Домбауыл, Кетебай, Лабақ мазарлары республикалық маңызға ие. 

Сондай маңызды кесененің бірі Алаша хан кесенесі.

Кесененің сыртқы көрінісі

Мазар халық шеберлерінің қолымен XI-XII ғасырларда Алаша ханның құрметіне салынған. Оның есімі қазақтың үш жүзінің пайда болуымен тікелей байланысты. Қазақстандық әйгілі кесенелердің бірі Қаракеңгір өзенінің аңғарында, оң жағалаудан 2 км қашықтықта, Малшыбай ауылынан алшақ емес жерде орналасқан. Сарыкеңгір өзенінің құярлық саласында биік жотаның үстінде тұр. 

Кесенеге кіреберіс есік

Мазарды зерттей бастау Ш.Уәлихановтың «Қырғыз қайсақ молалары және жалпы бұрынғы туралы» атты мақаласынан бастау алады. (1855 ж.). 1868 жылы подполковник Красовскийдің "Область сибирских киргизов" атты еңбегінде ежелгі құрылыс туралы сипаттама пайда болады. 

Ғалымдар күмбезді Қарахан әулетіне, оғыз-қыпшақ заманындағы Х–ХІІІ ғасырдағы сәулет өнерінің қатарына қосады. Кей зерттеушілер ХV–XVI ғасырға жатады деген пікірлер айтқанымен, күмбездің уақыт зардабынан мүжіліп тозған түрі мен басқа ешбір ескерткішке ұқсамайтын көркемдеу тәсілі арғы замандарға сілтейді.   

Кесененің ішкі көрінісі


Алаша хан күмбезі порталды-күмбезді сәулет өнері үлгісіне жатады. Аумағы — 9,73×11,9. Биікт. — 10 м. Күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Олардың көлемі 230×14×60 мм, 260×230 мм, 320×320×60 мм, т.с.с әртүрлі болып келеді. Құрылыс үстінен биіктігі екі жарым метрге жуық (231 см) барабан — күмбез мойындығы салынып, одан күмбез шығарылған.

Ішкі көрініс. Кесененің іші күйген кірпішпен айнала өрілген

Барабан сатыланып кішірейе түсетін төрт белдеуден тұрады. Көпқырлы және цилиндр тәрізді етіп жасалған бұл белдеулердің диам. — 743, 673, 643 см. Кіреберіс қақпа-портал аркасы мен екі жақ ұстынды мұнаралық бөліктерінің биіктігі қандай болғаны белгісіз. Олардың күмбез барабандары басталатын тұстан жоғарғы жағы жойылып кеткен.

Араб жазуымен жазылған тас ұстын

Кесененің бір ерекшелігі мұнда Еуропалық қамалдар секілді үстіңгі қабатқа көтерілетін баспалдақтар да соғылған

Кіреберіс сол жақ бұрышта баспалдақты тар қуыс бар. Сол арқылы жоғары көтеріліп барып, күмбездік екінші айналма қабатқа (барабан галереясы), одан портал аркасының желке тұсынан кесене үстіне шығуға болады. Портал мен күмбездің шыны сырлы қаптама жұқа өрнектерінен ешнәрсе қалмаған.Ары-бері өткен жолаушылар тәбәрік етіп алып кеткен болуы керек.

Үстіңгі қабаттағы терезелер айналаны бақылауға жақсы мүмкіндік берген

Кесененің алдындағы мазарлар көрінісі

Үстіңгі қабаттан бір көрініс

Орталық Қазақстанның сәуле ескерткіштерін зерттеуге «Атбасарцветмет» тресінің бас геологы Қ.И.Сәтпаев атсалысты. Кейін ол академик атанды. «Алаш» термині ежелгі кезеңде қолданылған, яғни ру-тайпалар бөлінбей, ортақ мал ұстаған кезеңде. Бұл ежелгі түрік сөзі «туған-туыс, ниеттес», деген мағынаны білдіреді. Дұрысын айтқанда «алаш» - қазақтың өз аты. «Алаш» сөзі бірнеше мағынада түсіндіріледі. 

Солардың дәлелденген бірі «Алты алаш» сөзі –Оғыздың алты ұлының соңынан ерген алты тайпа деген мағынада айтылады. Алтын Орда құлаған соң «Алаш» көшпелі қазақтарды біріктіретін ұранға айналды. Белгілі тарихшы Ж. О. Артықбаев " Материалы к истории правящего дома казахов" атты кітабында Алаш хан туралы сан түрлі аңыздарды салыстыра отырып, М.Ж.Көпеевтің нұсқасын толық деп тапты. 

Кесененің ішінен қарағандағы көрініс

"Алаша ханға дейін қазақтар біртұтас ел әрі мемлекет болған жоқ, және басқа халықтар оларды осы дәрежеде бағалаған жоқ. Бөтен баланы басқарушы етіп тағайындай отырып, олар оның атын ұрыс кезінде әскери ұран ретінде бағалаған. Олар жауға осы ұранмен шабуыл жасауға серттесті. Ал, осы атты айтпайтын адам, туған әкесі болса да, жауындай өлтіруге рұқсат етілді. Сол кезден мынадай сөз қалған: "Алаш Алаш болғанда, Алаш хан болғанда, біздің үйіміз ағаш киіз үй болғанда, Алаштың аты біздің ұранымызға айналғанда, сонда біз үш жүздің балалары қазақ атандық..."

Суреттерді автор Максим Рожиннің рұқсатынсыз және портал редакциясының келісімінсіз пайдалануға болмайды.

Дайындаған Олжас БЕРКІНБАЕВ