Абайдың жеке заттары
09.10.2014 1949
1885 жылы Абайдың Семейдегі орыс достарының бірі Нифонт Иванович Долгополов жаз айларында Абай ауылына барып, сонда екі айдай болып қайтады.

Қайтып келгенінде ол Семейдегі өлкетану музейіне қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты елуден астам нәрсе тапсырыпты. Бұл заттардың барлығы Абай ауылынан әкелінген заттар еді. Ол туралы музейдің сол кездегі тіркеу журналына да жазылып, баспасөз бетіне-де шыққан болатын. Сол жазбалардағы тізім бойынша қандай заттар екені анықталды. Бұл тізімді қарап отырсақ, заттарды арнайы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен жан-жақты хабар беретіндей, ғылыми тұрғыда таңдалғаны көзге түседі. Олар үй-ішінің жабдықтары: асадал, кебеже, саба, сүйретпе, жезмойнақты торсық, піспек, табақ, шыныаяққап, әшекейлі құтылар, бесік, ұршық, тоғызқұмалақ; қару-жарақтар: айбалта, найза, шоқпар. Ұста саймандары: көрік, төс, қысқаш. Музыка аспаптары: қобыз, сыбызғы, асатаяқ, домбыра. Қазақ ауылында сүттен даярланатын тағам түрлері, тіпті қара сабынға шейін бар. Заттардың бәрі тұрмыста қолданыста жүрген, талай адамның қолынан өткен. Олардың ішінде сынып, қайта жөнделгендері бар, әшекейлерінің кейбірі түсіп қалған, жоғалған. Бұлардың барлығы қазақ халқының этнографиялық болмыс-бейнесін көрсетуді мақсат етіп, жүйелі түрде жинақталған экспонаттар екені даусыз.

1940 жылы Семей қаласында Абай музейін ашу туралы арнайы қаулы шыққаннан бастап музей қорына ұлы, ақынға қатысы бар экспонаттар жинау жұмысы басталды. Абай туыстарының, ұрпақтарының қолындағы заттар музей қорына келіп түсе бастады.
1963 жылы «Ертіс» газетінің 8 қыркүйектегі санында Абай музейінің алғашқы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада ұлы, ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған еді. Ғалым арнайы Абай мен Долгополов тапсырған заттарды өлкетану музейінің экспозициясынан, қоймасынан музей қызметкерлерінің көмегімен іздеп, анықтау жұмыстарын жүргізген еді. Қ.Мұхамедханов Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан екен, олардың «…кейбіреуі жақсы сақталған, кейбіреуі күтімсіздіктен тозған». Осы ізденістің нәтижесінде келесі, 1964 жылы қыркүйек айында Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Абай тапсырған заттардың 17-і, ақынның өз музейіне берілді. Қазіргі уақытта бұл экспонаттар Абай музейінің баға жетпес асылдары қатарында.

Кісе белбеу

Белбеу — қазақтың ұлттық киімінің өте ертеден келе жатқан дәстүрлі құрамы. Халқымыздың ұлттық сырт киімдеріне түйме қадамай-ақ шалғайларын айқара қаусырынып, белге белбеу (белдік) буынып алады. Белбеулердің: күдері белбеу, былғары белбеу, кісе белбеу, қаралы белбеу, кемер белбеу, өрмелі белбеу сияқты көптеген түрлері бар.

Абайдың кісе белбеуі

Осылардың ішінде халық арасына кең тарағандары: ерлердің кісе белбеуі және қыздар мен әйел адамдар буынатын кемер белбеу екен.
Кісе белбеудің буынғанда оң жақ мықынының тұсында әшекейлі салпыншақ қалтасы болады. Осы қалтасы «кісе» деп аталады. Халық даналығы:
«Кісі болмас кісіні мүшесінен танимын,
Кісі болар кісіні кісесінен танимын» — деп бекер айтпаған шығар.

Абайдың өлкетану музейіне тапсырған заттарының ішінде қазақ шеберлерінің қолынан шыққан осындай бір кісе белбеу-де бар.

Ұлы ақын тапсырған заттар туралы өлкетану музейінің ескі кіріс кітаптарында осы кісе белбеуді кім берген деген графада: «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинскаго уезда» деп жазылған екен. Белбеудің ұзындығы 110 см, бір кісе, екі оқшантайы бар делінген.
Белбеудің өзінде металдан жасалған 17 әшекей бар. Олар әртүрлі пішінде жасалған: төртбұрышты, тармақты жұлдызша тәрізді.
Кісе белбеуге ұзындығы 11 см үш қайыспен жалғанған, олардың кісе мен белбеуді жалғастырып тұрған ұштары күмістелген темірмен бекітілген. Осы үш қайыстың оң жақ шеткісі кезінде үзіліп, кейіннен басқа қайыспен жалғап, жөнделгені көзге түседі. Басқа екі қайыстың орта тұсында кіші бес тармақты жұлдызшалар орнатылған.
Кісенің биіктігі 18 см жарты шеңбер пішінінде жасалған. Кісенің жоғарғы екі бұрышында шеттері ирек төрт бұрышты күмістелген металл әшекейлер бар. Ортасында он тармақты, диаметрі 6 см үлкен жұлдызша және кісенің өн бойына симметриялы түрде тоғыз кіші жұлдызшалар орнатылған. Кіші жұлдызшалардағы тармақтар саны әртүрлі. Кісе жасалған терінің бетінде металл әшекейлермен үйлесе салынған өрнек бар. Оюлар мен металл нақыштары әдемі үйлесім тапқан. Белбеуді жасаған шебердің теріні-де, металды да өңдеуді жоғары-деңгейде меңгергені көрініп тұр.

Оқшантайлар

Оқшантайлар да кісе сияқты белбеуге қайыспен жалғанған және жалғастырып тұрған ұштары күмістелген темірмен бекітілген. Әр оқшантайдың ортасында бір үлкен жеті тармақты және шеттерінде бес кіші жұлдызшалары бар. Бұларда да терінің бетіне бедерленген өрнектер бар. Екі оқшантай бір-бірімен шеттеріндегі әшекей жұлдызшарының бір тармақтары шығыршық ретінде жасалып солар арқылы темір сақинамен қосылған. Оқшантайларды бір-бірімен осылай қосып қоюының өзіндік бір себебі бар сияқты.

Құрсауланған кесе

Абайдың 1885 жылы өлкетану музейіне тапсырған заттардың ішінде қытай кесесі бар. Н.Долгополов қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты этнографиялық заттарды өлкетану музейіне алу үшін іріктеген кезде бұл қытай кесесін неге таңдады екен сұрақ туындау мүмкін.
Ақшыл көгілдір түсті кесе сыртына көк түсті ою-өрнек жүргізілген. Кесе жасалған фарфордың сапасы аса жоғары емес, оны фарфордың қалыңдығынан анықтауға болады және кесенің ішкі жағында қара дақтар бар.
Қазақ даласында фарфор жасау өндірісі болмаған. Абай заманында фарфор ыдыстар көршілес Қытай елінен және Ресейден әкелініп, қымбат бағаланатын. Оларды арнайы, ағаш қабығынан тоқылған шыныяққаптарға салып, қымбатқа түскен фарфор, фаянс ыдыстардың сынғаны болса, лақтырмай, оларды әлі-де қолдануға мүмкін болатындай етіп, құрсаулап жөндеп алуды қазақ шеберлері өте жақсы меңгерген. Осындай шеберліктің көрінісі ретінде Н.Долгополов музейге эспонаттар жинағанда осы бір кесені таңдағанына шүбә келтірмеуіміз керек деп ойлаймыз. Оған дәлел ретінде қазіргі уақытқа дейін сақталған кесенің сыртындағы Өлкетану музейіне қабылданған кездегі жазуды келтіруге болады. Онда: «Разломанная китайская чашка, починен. по киргизскому способу. Этногр. отд. № 79» деп жазылған. Демек, музейге жәдігер жинаған Н.Долгополовқа осы жөндеу шеберлігі қызықты болған.

Құрсауланған қытай кесесі

Кесенің бір жақ шеті 4 үлкен, 1 кіші бөлшекке сынған екен. Осы сынған бөлшектер орын-орнына желімденіп қойылған. Кесенің жиегі жалпақтығы 8 мм жұқа мыспен дөңгелей құрсауланған. Сынған бөлшектердің тұсынан үш мыс пластина кесенің жоғарғы жиегі мен түбіне қайырыла бекітілген. Кесенің диаметрі — 14 см, биіктігі-5,2 см, түбінің диаметрі -6 см.
Кесенің жоғарғы жиегін құрсаулаған металл пластинаны дөңгелей орнатқандағы жігі көрінбейді, тіпті қолға да білінбейді. Ал кесенің ернеуіне құрсау темір тұтасып кеткендей әсер аласыз, себебі, ұста металды кесенің жиегіне соншалықты шебер жапсыра білген. Бір-бірімен қосылмастай екі дүниені біртұтас зат ете білген белгісіз ұстаның шеберлігіне таңдай қағып, бас имеу мүмкін емес.

Асатаяқ

Асатаяқ — қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Асатаяқты ертеде абыздар мен бақсылар қолданған. Әдетте, олар асатаяқты қылқобыз бен даңғыраның үніне қоса қолданатын болған. Олар асатаяқты ырғақтатып, сілкіп, шайқап ойнайды. Асатаяқ емен, үйеңкі, қайың, долана секілді қатты, ағаштардан жасалады. Бетіне әртүрлі сылдыр- күлдір, шулы дыбыс беретін темір салпыншақтар, сақиналар, шығыршықтар тағылады.

Асатаяқ туралы Ш.Уәлиханов пен белгілі зерттеуші Б.Сарыбаевтың еңбектерінде жазылған.
Қазақстан музейлерінде сақталған асатаяқтардың ішіндегі көнесі деп музыка зерттеушілері біздің мұражайымыздағы Абай өлкетану музейіне тапсырған асатаяқты атайды.
Асатаяқтың ұзындығы 128 см. Сабы жұмыр, ағаштан жасалған. Аспатың басы сопақша жапырақ пішінді, шеті ирек жасалған. Екі беті-де әшекейленген. Бетінде, ағашқа арнайы сегіз ойық жасалып, оларға жез қаңылтырдан жасалған өрнекті, оюлы әшекейлер орнатылған.

Асатаяқтың беткі жағы

Жоғарыдағы екі және төменгі екі металл әшекейдің ортасына, ортадағы жез өрнекті қаңылтырда ілмектер орнатылған. Арнайы дыбыс шығаратын салпыншақтар тағуға арналған ілмектердің саны сегіз. Олар симметриялы орналасқан. Ілмектердің екеуінде ғана салпыншақтар сақталған, оның біреуі — темір, екіншісі- бетіне жез қағылған темірден жасалған. Ортаңғы төрт ойықтағы жез нақыштың ортасына үлкен тас, оны айнала кіші қызғылт түсті коралл тастастармен әшекейленген. Асатаяқтың дәл ортасына қағылған жез қаңылтырда да кіші коралл тастар орнатылған. Асатаяқтың сыртына алдымен қызыл түсті мата, оның үстіне асатаяқтың пішінін қайталайтын оюлы жез қаңылтыр қағылған. Бет жағындағы әр ойыққа сәйкес жерлерінде дөңгелей коралл тастармен көмкерілген айна көздері орнатылған. Ортасына оюланған жез қаңылтыр бекітілген. Өкінішке орай, асатаяқтағы әшекей тастардың көбі жоғалған.

Сыбызғы

Абай өлкетану музейіне тапсырған заттардың бірі сыбызғы. Сыбызғы — қазақтың үрлемелі көне музыка аспабы. Қурайдан, ағаштан, кейде жезден-де жасалады. Сыбызғы ойықтарынан демді жай немесе күшті шығару арқылы түрлі дыбыс әуендері туады. Сыбызғы тектес аспаптар басқа халықтарда да бар.

Аспаптың ұзындығы 64 см. Ортасы ойылған екі, ағашты бір-біріне желімдеп, алдымен жіппен орап, оның сыртынан малдың ішегі киілген. Бір жақ басының диаметрі 1,7 см, екінші жағы — 2,2 см. Үрлейтін жағынан арасы 5 сантиметрден 3 ойығы бар.

Сыбызғының бас жағы
Сыбызғы алғаш 1934 жылы қазіргі қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде пайдаланылды. Қазір оның жетілдірілген түрі фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер мен оркестрлерде қолданылады.

Піспек

Піспек — қымыз пісуге арналған құрал. Піспек сабаның бойынан екі-ұш тұтамдай ұзын, төменгі жағына айқастыра бекітілген екі, ағаш немесе төңкерілген тостаған тәрізді, ағаш бекітіледі. Піспектің үлкендігі сабаның көлеміне қарай жасалады. Ол туралы халық арасында «Сабасына қарай піспегі…» деген сөз бар.

Абай тапсырған заттардың ішінде піспек те бар. Кезінде өлкетану музейіне піспек жалғыз емес, сабамен бірге тапсырылып, сабаның сақталмай қалуы әбден мүмкін.
Піспектің ұзындығы 59 см, төменгі жағы жарты сфера тәрізді ойылып жасалған. Піспектің жоғарғы жағы төрт қырлы үшкір жебе сияқты жасалынған. Піспек орта тұсынан кезінде қиғаштай сынған, сондықтан сынықтары бір-біріне жанастыра екі жерден мыс сыммен оралып, орнына бекітілген.

Айбалта

Айбалта — қазақтың дәстүрлі соғыс қаруы. Тарихи деректер бойынша, айбалта ежелгі Египет заманынан бері белгілі. Оның алғашқы үлгілері Батыс пен Шығыстың көптеген елдерінің қару-жарағында ұшырасады. Орта Азия мен Қазақстанда XIV–XV ғасырдан бастап қолданысқа енген. Қазақ батырлары айбалтаны өте жиі қолданған және бұл қару түрін қазақтар ХХ ғасырға дейін пайдаланған.

Абай өлкетану музейіне тапсырған айбалта

Айбалта — жауынгерлік шабу қаруының бір түрі, негізгі екі функционалдық бөліктен тұрады. Қарудың металдан жасалып, жарақат салуға арналған негізгі бөлігі «басы», қолға ұстайтын бөлігі «сабы» деп аталады. Балта басының жалпақ келіп, шабуға арналған жағы «жалманы», шабатын жері «жүзі», жүзіне қарсы жағы «шүйдесі» («желкесі»), сапқа кигізілетін тесігі «ұңғысы», балтаның басының сабымен түйіскен жері «сағағы» деп аталады. Қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан «бүлдіргі» байлайды.

Айбалтаның шабу қаруларының басқа түрлерінен (шақан, жауынгерлік балта, жартылай айбалта) айырмашылығы — жүзі жалпақ, жалманы жарты айға ұқсас болғандықтан осылай аталады. Жауынгерлер айбалтаны белге байлап, жорыққа шыққанда тебінгінің астына қыстырып алып жүрген.
Қазақ халқы қолданған қарудың барлық түрлерінің әшекейсіз және күміс не алтынмен қақталған әшекейленген үлгілерін-де көруге болады. Соның ішінде айбалтаны көркемдеудің бір көрінісі ретінде жалманының бетіне жазу жазылған балта бастарын атауға болады. Айбалта басын ою-өрнекпен әшекейлеу көнеден келе жатқан дәстүр, бұл дәстүрдің негізінде діни-магиялық ырым жатқанын зерттеушілер анықтаған.

Жауынгерлік балталардың саптары қатты, ағаштан жасалады, басы, шығып кетпес үшін, сабына қосымша екі темір бекітпелер арқылы ұстатылады.
Балтаның ең сынатын осал жері, соққы кезінде көп күш түсетін жері — сағағы болғандықтан бұл бекітпе темірлер балта сағағын да сынудан сақтаған.
Қазақтың жауынгерлік балталары сабының ұзындығына қарай қысқа, орташа және ұзын сапты болып үш топқа бөлінеді. Қолданыста көбірек болғаны орташа сапты, ұзындығы 70–90 сантиметрге дейін жететін түрі. Бұл ат үстінде жүргенде айқасқа ыңғайлы мөлшер.
Ұлы, ақынымыз Абайдың өлкетану музейіне тапсырған әр заттың қолданыста көп уақыт бойы болғаны бір қарағаннан-ақ көрінеді. Айбалта әшекейсіз, қара металдан жасалған, жүзі уақыт өте мүжіліп, сабы қолданыста көп болғандықтан, ағашы жарыла бастаған. Түсім кітабы бойынша реттік нөмірі КП-1370.

Айбалта ұстап, сауыт, дулыға киген қазақ.
Белгісіз автордың фотосы. 1903ж. А.Акимбектің коллекциясынан

Айбалтаның ұзындығы — 98 см, жалманы — 7,2 см, жүзі бас жағынан мүжілген, шүйдесі — 10,9 см, жалманының ұңғысы жағынан өлшемі — 2,5 см. Сағағынан сынып кетпес үшін айбалта ұңғысының шүйде жағы ұзынырақ жасалған және екі жағынан да бекітпе темір орнатылған.

ХІХ ғасырда өлкетану музейінде жасалған жазу

Айбалтаның сабында өлкетану музейінде жасалған «хр № 425. этн.отд. № 70» деген қара бояумен жазылған жазу сол күйінде сақталған.

Шоқпар

Шоқпар — жауынгерлік соғу қаруының бір түрі, соғу, ұру арқылы зақым келтіреді. Қарудың соғуға, ұруға арналған бөлігі — «басы», қолға ұстайтын бөлігі — «сабы» деп аталса, қару басының сабымен жалғасқан бөлігі — «мойыны», ал басының сабымен түйіскен жері — «сағағы» деп аталады. Шоқпардың сабының төменгі жағына, айқас кезінде қолдан түсіріп алмас үшін қолға іліп алуға араналған қайыс бау- «бүлдіргі» тағылады.

Шоқпар негізінен басы мен сабын біртұтас қылып, түбірлі, ағаштан жасалады. Жасалуы оңай болғандықтан, ағаш шоқпарларды қазақтар жауынгерлік қару ретінде соғыста да, малшы қаруы ретінде жылқы баққанда да, барымтада да жиі қолданған болатын.

Абай тапсырған шоқпар қайыңнан жасалған. Түсім кітабындағы реттік нөмірі КП-1371. Ұзындығы — 86 см. Шоқпардың басы сопақша формалы. Өлшемі:12×7 см. Сабының ұзындығы — 74 см, түбінен 6 см мөлшерде, ағашта бүлдіргі өткізу үшін арнайы тесік жасалған, бірақ бүлдіргісі сақталмаған. Шоқпардың сағағы — 4,5 см, сабы түбіне қарай жіңішкерген. Саптың төменгі жағының диаметрі — 3 см.

Шоқпардың басы

Шоқпардың түсі қоңыр, кезінде өлкетану музейінде жасалған жазу өше бастаған, дұрыстап оқылмайды.
Бұл шоқпар малшы, жылқышылардың немесе, аңшы қолданысында болған қару болуы ықтимал. Малды жыртқыш, аңнан, барымташылардан қорғауға қолданған болу керек.

Абайдың мылтығы

Қазақ халқы әрқашан қару — жарақты дәріптеп өткен. Дәстүрлі қару — жарақ ұлттық мәдениеттің ерекше феномені. Халықтың түсінігінде қару — жарақ тек соғыс құралы ғана емес, өмірдің айырылмас элементі. Қару-жарақ түрлері өздерінің түрлі тұрмыстық және әлеуметтік функциялары арқылы халықтың өмір сүру процесіне әбден кіріккен.
Осындай көзқарастың айқын көрсеткіші ретінде қазақтың «жеті қазына» деген ұғымын қарастыруға болады.
Жеті қазынаны қазақ халқы ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады: жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездік. Ер жігіттің жүйрік аты — қанаты. Қыран бүркіт — қуаты. Құмай тазысы — абыройын асырар сенімді серігі. Мылтығы — қаҺарлы оты. Қақпаны — серті. Ауы — әдіс- айласы, кездігі — сұсы.
Осындай жеті қазынаның бірі саналатын мылтық — аң аулауда, соғыста қолданылатын қару. Алғашқы мылтық дәрісін қытайлар ойлап тапқан, кейіннен басқа халықтар да оқ — дәрі өндіруді үйренген. Қазақтар арасында мылтықтың пайда болу мерзімі — ХV–XVII ғасыр деп зерттеушілер анықтаған. Мылтықтың иыққа тіреп атуға ыңғайлы, ағаштан жасалған құндағы, оқтығы, шүріппесі, шаппасы, пілтесі, жерге тіреп қоятын тіреуіштері болды. Мылтықтың қазақ арасында пілтелі мылтық, жалғызауыз, қосауыз, жездіауыз, көкберен, бытыралы түрлері болған. Пілтелі мылтық ХVІ-XVIIІ ғасырларда жоңғар басқыншылығына қарсы соғыста қолданылды. Оның жерге тірелетін үш сирағы болды. Аузынан оқталып, дәрісі мақта пілтемен тұтатылды. Кейіннен мылтықтың жетілдірген түрлері пайда болды.

Қазақ халқының күнделікті тұрмыс тіршілігіне өте қажет қару түрі болғанымен жақсы мылтыққа әркім қол жеткізе қоймады. Ресей мемлекетінің өзінде шетелде: Испания, Франция, Германияда жасалған мылтықтар бағалы болды. Мылтықтардың арнайы марапаттауға, сыйға беруге арналған түрлері пайда бола бастады.
Жалпы, қару-жарақты сый, марапат белгісі ретінде қолдану көшпелі халықтарда тұрақты қалыптасқан дәстүр екендігі жайлы көптеген зерттеушілер еңбектерінде айтылады. Осындай дәстүрді патша үкіметі қазақ хандарын, рубасыларын, батырларын өзіне тарту мақсатында пайдаланды.

Биліктің әртүрлі-деңгейіндегі адамдарды әртүрлі қару түрлерімен марапаттау ХІХ ғасырда патша үкіметі тарапынан кең қолданыс тапты. Аға сұлтан, хандарға патша атынан алтын қару сыйға тапсырылды. Ал би-болыстарды Батыс Сібір Генерал — Губернаторы өз тарапынан әртүрлі сыйлармен марапаттады, оның ішінде, суық қару — алтын қынды семсер және арнайы, аңшылық мылтықтары да болды. Осының бір дәлелі ретінде Дала өлкесінің Генерал — Губернаторы Барон Таубенің 1890 жылы 25 қыркүйектегі № 89 бұйрығын алып қарайық. Аталған бұйрыққа сәйкес қазақ даласының 55 лауазымды адамы әртүрлі заттық сыйлармен марапатталды. Соның ішінде:
Алтын қынды семсермен: Семей уезі Шыңғыс болыстығының болысы — Оспан Құнанбаев;
Қызылмола болыстығының болысы — Ысқақ Құнанбаев.
Аңшылық мылтықпен: Семей уезі, Шыңғыс болысының құрметті азаматы Ибрагим Құнанбаев деп атап көрсетілген.

Абайдың аңшылықты, құспен саятқа шығуды жақсы көргендігі жайлы көптеген естеліктерде айтылады. Соның ішінде өз баласы Тұрағұлдың естелігінде-де: «…Бір ғадаты жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді, өзі-де 2–3 жыл салтанатын келістіріп, құсбегілерін, мергендерін сайлап құс салыпты» деп жазылған. Аңшы, мергендерге ең қажетті қару — мылтық. Тұрағұлдың естелігінде Абайдың Барон Таубеден сыйға алған қосауыз мылтығы туралы да жазған.
Абай мылтығы қосауызды 16 калибрлі.Түсім кітабындағы реттік нөмірі КП-24. Жалпы ұзындығы — 108 см, ұңғысы — 68 см, құндағының ұзындығы- 40 см. Құндақтың шүріппе тұсында металғаң аулау сәті бейнеленген бедерлі суретпен нақышталған.

Мұндай әшекейлеу арнайы сыйға берілуге арналған мылтықтарда кездеседі. Бағасы да қарапайым мылтықтарға қарағанда әлдеқайда қымбат болғаны белгілі.
Қазіргі уақытта бұл мылтықты Абайдың Жидебайдағы мұражай — үйінің экспозициясынан көруге болады.

М.Қайрамбаева

Абайдың әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары

Музей Семей қаласы, Интернационал көш.29 мекен жайында орналасқан.

Аптаның барлық күнінде демалыссыз сағ.10:00—18:00 аралығында жұмыс істейді.

Әр айдың соңғы күні санитарлық күн.

Байланыс телефондары: 8(72 22) 52-17-21, 52-43-57, 52-24-22.