Қазақтың ұрпағы сағат сайын азайып, шетінен қырылған, аштық қасіреті туралы Батыс ғалымдарының өз пайымдаулары бар
ХХ ғасырдың 30-ыншы жылдардағы ашаршылықтан кейін қазақ халқының басынан өткен бұл қасіреті туралы Кеңес Одағында көп сөз қозғалмады. Кеңес тарихшыларының кейінгі буыны әу баста Қазақстанда совхоз-колхоздар құрылды, ұжымдастыру жүйелі жүзеге асты деп айқайлағанымен, кейін тарих бетіне шындық шыққанда өздері мойындады Голощекин бастаған солақай саясаттан қаншама зардап келгенін. Тек 80-жылдардың аяғы мен 90-ыншы жылдардың басында ғана Совет Одағы ыдырау белең алғанда қазақтың басынан кешкен аштық жайлы мәселе қоғамдық талқылауда кең етек алды. 1992 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен үкіметтен құрылған арнайы комиссия қазақ аштығын геноцид деп атап, бұл тұрғыда тыңғылықты зерттеулер мен ғылыми мақалалар жазылып оны бұқарамен бөлісу қолға алынды.Бір қызығы кейбір зерттеулер осыған дейін айтылған советтік «Голощекиннің геноциді» деген ойды қайталап, тереңінен үңілмеді. Дегенмен қазақстандық ғалымдардың арасынан архивтік құжаттарға сүйеніп, шындыққа шынымен кіріскендер де болды.
90-ыншы жылдардың соңында ашаршылық тақырыбы қоғам назарынан қайтадан тыс қала бастады. Оның себебі аз зерттелу мен күн тәртібінде басқа да өзекті мәселелердің болуы. Мәселені май шаммен қарауда көршіміз Ресеймен арадағы қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін деген пікірде болды. 2012 жылы Астанада ашаршылық құрбандарына арналған монументтің ашылуында мемлекет басшысы Н. Назарбаев нақты айтып өтті ашаршылық туралы қоғам пікірі өзгерді, дегенмен бұл қазақ халқының басына түскен ауыр сәттердің бірі ретінде тарихымыздан ұмытпауымыз тиіс, бірақ оны саяси тұрғыдан қазбалап, Украина секілді Ресейден ашаршылық кесірінің шығынын өтеуін талап етпеуіміз керек, себебі ол – өткеннің ісі.
Совет кезеңінің Батыста жұмыс істейтін тарихшылары қазақстандық әріптестерінің пікіріне қосылуға асықпады. Батыс ғалымдарының қазақ жұтын зерттеуі оның бетін ашудың бастамасы болды деуге болады, бірақ белгілі кедергілерде болды, атап айтқанда Совет үкіметінің мұрағаттарына бас сұғу оңайға соқпады. 1981 жылы Американдық ғалым Марта Брилл Олкотт қазақ аштығын Сталиннің және басқа сол кездегі атқамінерлердің жаңылыс қадамы деп санап, олар көшпелі қазақтың экономикасы мен тіршілігінінің мәнін түсінбеді деп баға берді. 1986 жылы тарихшы Роберт Конквест Украинадағы аштық туралы жұмысының басында Олкотт материалдарын негізге ала отырып, мәселенің басы ұжымдастыруды іске асырудан бастап кері тартпаның болғанын, ақыры зардабын қазақ көрді деген шешімге келді.
Осыдан кейін Батыста ғалымдардан жиналған халықаралық топ өз жұмысын бастады. Жұмыс тобы келесідегідей елдердің ғалымдарынан тұрды: Изабель Огайон (Франция), Никколо Пианчиоло (Италия), Мэттью Пейн (АҚШ), Роберт Киндлер (Германия), Сара Кэмерон (АҚШ).
Ұлы жұтқа қатысты барлық архивтік құжаттарды жалпақ жұртқа тарату әрине мүмкін емес еді, оның үстіне Қазақстанның милиция архиві, белгілі саяси басқарушы тұлғалары атап айтқанда Голощекин сияқты тұлғаларға қатысты жеке мәліметтер құпия сақталды және шетелдік ғалымдарға рұқсат берілмеді.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ел билігі мұрағаттық құжаттар мен мемлекеттік маңызы бар материалдарға рұқсат алу және шетелдік ғалымдармен бірлесіп жұмыс жүргізуге ықпалдастық танытты. Елбасы бағдарламасы аясында ҚР Президент архиві мен ҚР Мәдениет министрлігі біріккен комиссия құрып мемлекеттік, тарихи маңызы бар құпия құжаттармен отандық және шетелдік ғалымдарға жұмыс жасауға рұқсат алып беріп, септігін тигізді.
Зерттеушілердің жаңа толқыны бай жазбаларды пайдалана отырып, құнды мәліметтер бере алды. Зерттеу жұмыстарының барлығы қазақ қоғамында күш көрсетушілік саясатының сайрандағанын жайып салды. Дәлел ретінде былай келтіреді: Сталин жүргізілген реформаның неге әкеліп соқтыратынын білді бірақ, біле тұра ешқандай ишара жасамады.
Осы зерттеулерге қарап бұрыннан қалыптасқан қазақ аштығы «табиғи» нәрсе болды деген пікірге күмән туындайды. Қазақ басына төнген бұл қасіреті ғылыми әдебиеттерде: «қателік» немесе «жаңылыс» деп көрсетіледі. Бір жағынан осы саясаттан кейін қазақ халқы отырықшылыққа көшіп, тұрақты ел бола бастады деушілерде аз емес. Кеңес тарихынан бөлек бағытты ұстанатын ғалымдар қалай айтсада бұл қазақ халқына тиігізілген кесапат деп тұжырымдайды. Бұл жерде мәселеге мән бермей өте кету жүргізілгені аян. Олай етпесіне, егерде тарихи тұрғыдан белең алса оның арты саяси дауға ұшырап, бірінші кезекті Кеңестік саясаттың қателігімен қатар қылмысы ашылып, адамзаттың аражігін ашу қаупі бар. Сондықтан, оңай жолы жылы жаба салу.
Жоғарыда атап өткен шетелдік зерттеуші ғалымдардың қазақ аштығы туралы әрқайсысының өзіндік ой түйіні бар, мысалы Пианчиоло аштық кезеңі ХІХ ғ. аяғы нақты айтқанда 1890 жылдан орыс шаруаларын Қазақстанға қоныстандыру қарқын алғаннан бастап дейді. Ал Киндлер болса керісінше патша өкіметіне шаң жұқтырмайды, оның зерттеуінде ашаршылық кезеңі Азамат соғысынан кейін 1921 жылдан басталады. Пианчиоло өз баяндауында аштықты 1934 жылмен межелейді, ал Киндлер мен Огайон керісінші қазақ халқының аштығы 1945 жыл яғни соғыс біткенше жалғасты деп дәйектейді. Олардың дәйектеуінше республиканың шектелген аймақтарында Мәскеу қайтадан көшпелі шаруашылықты қолға алды, ондағы мақсат мал басын қайта көбейтіп жіберген қателікті қалпына келтіру, бірақ қарапайым халық одан зардап шекпесе, пайда көрмеді.
Осындай айырмашылықтар мен әртүрлілік бұл сұрақтың астарын одан әрі қазуға итермелейді және сұрақтан сұрақ туындайды: Ресей империясына қазақ халқын осындай апатқа ұшырату қаншалықты маңызды болды? Егер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне ойран салып, отарлау жүргізбегенде осындай ашаршылық болар ма еді? Түптеп келгенде аштық Мәскеуге не әперді? Осы бір халықты жоя жаздаған жұттан Мәскеу қандай сабақ алды, билікте көзқарас өзгерді ме? Осы аталған сұрақтар Кеңес тарихын тереңінен тануда үлкен маңызға ие, себебі бұл жұмбақтардың жауабын біле отырып біз Ресей империясы мен Кеңестік үкіметінің ұқсастығы мен айырмашылығын анықтаймыз, сонымен қатар сталиндік кеңес қоғамының ерекше тұстарын танимыз.
Осы тұрғыда сараптама жасау үшін жоғарыда аталған тарихшылар әртүрлі әдіс-тәсілдер мен жетістіктерді пайдаланды. Аштық тарихын тереңінен түсіну үшін Огайн отырықшылыққа үңіле ала отырып әлеуметтік тарихты (әлеуметтік тұрғыдан) құрал ретінде пайдаланды, Пианчиоло бұл тақырыпқа экономикалық тұрғыдан көз жүгіртті, ондағы мақсат көшпелілердің экономикалық жағдайын зерделеу арқылы, пайда, түсім, кім ұтты, кім ұтылды? Яғни экономикалық таразылау. Ал Киндлер аштық тарихына адамзатты қорлау деп баға берді, өз кітабында Киндлер халықтың барын тартып алып қана қоймай, оның артындағы зардабын да ұмытпау керек екендігін алға тартады, яғни аштықтан қырылған бір мәселе,ал ол елге қандай зиян келді, кесел, апат құнын кім, немен, қалай өтейді бұл үлкен сұрақ. Осы тұрғыдан ғалым өзіндік зерттеу жүргізіп қазақты балықшы қармағына түскен балыққа теңейді.
Жоғарыдағы зерттеулер көрсетіп отырғандай аштық ол дағдарыс сол ашаршылық адамзатты экономикалық, экологиялық, саяси, тарихи тұрғыдан құлдырауға алып келді. Бұл бес ғалым арасында келесідегідей сұрақ талас тудырады, Кеңес үкіметінің осындай салиқалы саясаты Қазақстанға қалайша аштық алып келді, дегенмен тағы бір түсінікті жайт бар, бірінші бесжылдықтың жүзеге асуының өзін асығыстықтан саясатта кеткен қателік екендігін көбісі мойындайды, оның көрерін халық көрді. Оқымыстылардың ішінде Пейн бұл қазақ халқын отырықшылыққа алып келді, тұрақтанды десе, Пианчиоло керісінше қазақ халқының байырдан келе жатқан ұлттық тұтастығы, өзіндік далалық даму жүйесі бұзылды деген пікірді ұстанады.
Дегенмен сөз соңында ғалымдар ойы бір жерге түйіседі, Кеңес үкіметі осы аштықты құрал ретінде пайдалана отырып қазақ халқын түбегейлі өзіне бағындырып алды деген. Ал геноцид мәселесіне келсек бұл шетелдік бес ғалымның ішінде тек Мэтью Пейн ғана қазақтың басына түскен бұл тұсауды геноцид деп толық санайды.
Не десекте қазақ қабырғасын қайыстырған сонау 30-ыншы жылдардағы ұлы нәубеттің зарбады ауыр тиді және тарихымыздың ақтаңдақ беттері деп атауға болады.
Дәулет ІЗТІЛЕУ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)