Т.Омарбеков: Кеңес өкіметінің кемшілігі көп
30.05.2014 2210
31 мамыр Елімізде жазықсыз жапа шеккен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Тарихта «Қызыл террор» деген атпен қалған бұл сойқанда қаншама адам мен отбасы құрбан болып кете барды.

-Өткен күн жарасы әлі жүректе, ұлт зиялыларының қаншама беткеұстарлары бақилық болды. Қазақ тарихындағы қаралы күнге орай біз белгілі тарихшы Талас Омарбековпен сұхбаттасқан болатынбыз.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының басын жалмаған, 1937 жылы Қазақстанда болған саяси репрессияға қандай баға бересіз?

-Саяси-қуғын сүргін 1934 жылы большевтиік партияның ірі қайраткері С.М.Кировты Ленинградта Л.В.Николаевтың атып өлтіруінен басталды. Себебі партияның ХVII сьезінде партия өкілдері Кировке көп дауыс берген еді.

Қазақстанды Голощекиннен кейін басқарған Л.И.Мирзоян Кировтың жан досы болған. Сталин бір сөзінде Мирзоянға қарап: «Сізге досыңыз Киров кеткен жаққа бару» керек деген. Сталинге барынша адал ол «мені Ленинград облысына жібереді» деп түсінсе керек. Сталин болса, 1934 жылы ХVII сьезде өзіне қарсы шыққандардың шетінен көзін құртуды ойластырған. Ал Мирзоян болса Сталинге барынша адал болып тапсырманы артығымен орындап жүрген. Қазіргі командалық жүйе Мирзоянда да болған, бірақ ол кезде артель деп аталған. Соны Сталин жақтырмай, сынға алған. Сол жылдары Троцкий, Каменев, Рыков, Зиновьев. Бухарин тобы оңшылдар деген желеумен көптеген қылмыстық істер қозғалған.

1936 жылы Зиновьев, Каменев, Рыков ісі деген қылмыстық іс қозғалды. 1937 жылы Троцкий ісі басталып, 1937 жылы бітті. 1939 жылы Бухаринның соты болып өтті.

Мирзоян Қазақстанда аштықты жою жөніндегі тапсырма алып, үдесінен шыға білді. Аштықты жою Сталиннің тікелей тапсырмасы болатын. Аштықты жойған соң Қазақстандағы 1937 жылғы саяси-қуғын сүргінге негіз болған үш сот отырысы болып өтті. Ең маңыздысы Қарағандыда болды: ол жерде Асылбек Мұстафин мен Ғатауллин (аймақтық  басшы, бесеудің хатын ұйымдастырушы) жауапқа тартылды. Екінші сот процесі Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданы мен Шығыс Қазақстандағы Үржарда болып өтті. Тарихи деректерді қарап отырсам, жергілікті басшыларды мал шығыны, егістің аз шыққан үшін деген қисынсыз дәлелдермен соттай берген. Бруцеллоз ауруын қолдан таратты деген айыптар да таққан. Қазақтардың арасынан халық жаулары қолдан іздестірілді. Көптеген көзі ашық оқыған қазақ азаматтары жазықсыз сотталды. Бас көтерер зиялы қалмады. С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров секілді комунистердің өзі бұл науқаннан аман қала алмады.  Ал Алаш зиялыларын қуғындау 1930 жылдары басталған болатын,  олардың дені 1932 жылы сотталды, жер аударылды.

-Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы зерттеп жүрген ғалымдар, репрессия құрбандарының нақты саны жайлы әр түрлі жазады. Нақтысы қанша?

-1934-1938 жылдар аралығында 30387 адам партия қатарынан шығарылды. Ол заманда партиядан шығу болашағыңа балта шабу деген сөз еді. 25833 адам жұмыстан қуылып, қамалды. 8500 адам «халық жауы» деп айыпталды. 1920-1953 жылдар аралығында 110000 адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қуғындаудың нәтижесінде Қазақстанға 1 млн 209 мың адам көшіп келді. 1936-1940 жылдар аралығында КСРО Конституциясының 58 бабы бойынша 3 млн 770 мың адам айыпталып, 642980 адам ату жазасына кесілді. 2 млн 369 мың адам 25 жылға сотталды. 1928 жылғы  жекешелендіру науқаны кезінде ОГПУ линиясы арқылы 46091 отбасы немесе 180015 адам түрлі лагерлерге қамалды. Қазақстандағы кеңес үкіметіне қарсы көтеріліске шыққан 60000 адам атылып кетті. 1928 жылы Қазақстанда 4 млн 800 мың қазақ болса, 1939 жылы 2 млн 328 мың ғана қазақ қалған екен.

1926 жылы елде 1 млн 275 мың орыс болса, 1939 жылы олардың саны 2 млн 636 мыңды құраған.

1926 жылы елдегі украинның саны 860 мың болса 1939 жылы 677 мыңға азайған.

1934-1939 жылдары елде табиғи өсім жақсы болғанымен, 2 млн 400 мың қазақ құрбан болған.

1932 жылы 7 тамызда «Социалистік меншікті қорғау» туралы заң қабылданып, жазаның екі түрі болды: ату және он жылға соттау. Осы заңмен 1932 жылы ОГПУ «бестігі» 30800 адамды соттады, оның ішінде 125 адам атылып, 342 адам ГУЛАГқа айдалды. ОГПУ «үштігі» тек 1929-1933 жылдары Қазақстанда 9800 қылмыстық іс қарап, 22930 адамды тергеп, 3386 адамды ату жазасына13151 адамды түрлі лагерлерге соттап жіберген. 165 мың момын бейкүнә шарулар жазықсыз жапа шекті.

-Қазақ ССР-не Голощекиннен кейін келген Л.Мирзоянның 1937 жылы Сталиннен қосымша лимит сұрап жазған жеделхаты жайында не айтасыз?

-Л.И.Мирзоянды қазақтар «Мырзажан» деп атағанымен ол періште емес. Жаңа сөзімнің басында айтқанымдай, ол Сталиндік гвардияның сарбаздарының бірі болатын. Бірақ ол өз жұмысына адал болатын. 1933 жылы 5 наурызда ол елдегі аштықты тоқтату үшін 2 млн пұт астық сұратқан. Ал Голощекин 1932 жылы 9 қыркүйекте орталықтан 3 млн пұт астық алуға сұраныс берген. Мирзоянға қазіргі кезде көше атын бергеніміз дұрыс, себебі ол қанша дегенмен 2 млн қазақтың өмірін алып қалды. Сол мақсатта ол Қытайдан сауын сиырларын сатып алғызып, елге таратқан. 1934 жылы елде астық еккізді. Аштықты жою үшін ол көптеген жұмыс атқарды.

Лимит мәселесіне келер болсақ, оны сол кездегі республика басқарған көптеген азаматтар сұратқан. Ол жерде бірнеше адамның қолы бар. Кеңес өкіметі мен партияның сұмдығы мен кемшілігі көп. Мәселен «Қордай – Қастек көтерілісін»  Ораз Жандосов басқан. Нығмет Сырғалиев Абай ауылын конфискелеген. Көп құжаттарда Нығмет Нұрмақовтың, Ораз Исаевтың қолдары бар. Тізе берсек 1920-1930 жылдары Халком, ҚазОАК қызмет еткен кісілердің көбі кінәлі болып шығады. Алматыдағы көптеген көше атауларының атауын қайта қарау қажет болады. Қанша дегенмен Мирзоян мәдениет саласын көтерді. Оның еңбектері мен кемшіліктерін көтеруге қазір дайын емеспіз, ол болашақ ұрпақ тірлігі.

Олжас БЕРКІНБАЕВ