«Қазақстан тарихына байланысты сирек электронды басылымдар» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
01.05.2014 1354
«Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасы мен Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты бірлесе отырып, «Қазақстан тарихына байланысты сирек электронды басылымдар» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш шарада кітапхананың сирек қорында сақталған құнды қолжазбалар мен сирек кітаптардың сандық қалыпқа түсірілген нұсқалары таныстырылып, осы қордағы жәдегірлердің Қазақстан тарихы ғылымы мен әдебиетіне алатын орны жан-жақты қарастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысы ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Р.О. Кәрібжанова мен Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Х.М. Әбжановтың кіріспе сөздерімен басталды. «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапхана меңгерушісі мен Қ.Е. Қаймақбаева модератор міндетін атқарды.

Дөңгелек үстел барысында сөз алған т.ғ.к. Н. Сейдін бүгінгі күндегі ғылыми кітапханадағы инновациялық өзгерістер, әлемдік тәжірибе алмасу және тарихтағы ақтаңдақтарды ашуда обьективті баға беру үшін кітапхана қорларындағы деректерді пайдаланудағы тиімділік мәселелері жөнінде ой қозғады. Негізгі баяндамашы т.ғ.д., профессор В.З. Галиев Қазақстан тарихы бойынша деректер мен сирек кітаптардың электронды нұсқасы жайына қозғалып, «кітапхана ісі дұрыс жолға қойылмай, ғылымының дамуы мүмкін емес» деп атап өтті.  

т.ғ.д. С.О. Смағұлова ғылыми баяндамасында қазақ баспасөзінің тарихы, сирек кітаптар қорындағы баспасөз материалдары дерек көзінің бірі дей келе, ғалымдар үшін кітапхана мен мұрағаттың маңызына тоқталып, мерзімді баспасөз материалдарының электронды нұсқаларын жасау қажеттілігін айтты. Институтта ұйымдастырылған этно-тарихи экспедиция жұмысы барысында Алматы облысы Ескелді ауылы мешітінен алынған  сирек кездесетін, ғасырдан аса уақыт сақталынған 5 кітапты ғылыми кітапханаға табыстады. 

«Ғылым ордасы» РМК Кітапхана технологияларын автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Р.С. Ахметова Ғылыми кітапхананың электронды ақпарат көздеріне тоқталса, т.ғ.к. Д.А. Рахымқұлов ХІХ ғ. екінші жартысындағы қазақ депутациясына қатысты кітапты таныстырды. Ғылыми кітапхана сирек кездесетін кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің қызметкері Б.Н. Төлімбетова микрофильмдерді сандық қалыпқа түсірудің ерекшеліктері туралы мағлұматтар жайлы мәлімдеді . Жас тарихшы, бірнеше тілдерді меңгерген Ө. Қанай діни кітаптар және олардың ғылыми құндылығына тоқталды. Ғылыми кітапхана Сирек кездесетін кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің қызметкері А.Е. Мәлімова араб әрпімен шыққан сирек қазақ кітаптарының электронды каталогын жасау мәселелері төңірегінде ғылыми хабар жасады.


Дөңгелек үстел аясында зерттеуші мамандар, ғалымдар мен кітапхана ісінің мамандары өзара пікір алмасып, түрлі сауалдар қойылып, көкейкесті сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік туындады.