Ғалымқайыр Мұтанов: Әл-Фараби есімі қазақтың қазақ екендігін көрсететін әлемдік бренд болуы тиіс
07.04.2014 2524
Алматыда өткен І Халықаралық Әл-Фараби форумы аясында ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановпен сұхбаттасқан болатынбыз. Ректормен сұхбат барысында университеттегі фарабитану мәселесі жайлы ақпарат алдық.

Ғалымқайыр Мұтанұлы ҚазҰУде, фарабитанушы тарихшы ғалымдарға қандай жағдайлар жасалуда?

Біріншіден университетіміз Әл-Фараби есімін иеленгендіктен, ғалым мұраларын халыққа жеткізуіміз қажет. Сондықтан, биылғы жылдан бастап Әл-Фараби трактаттарын қазақ, орыс тілдерінде баспадан шығаруды жолға қойып жатырмыз. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ғалым мұрасын таныстыруымыз қажет. Бізде ҚазҰУ студенттері оқуы тиіс 100 кітап деген жобамыз бар. Соның ішінде біздің студенттер танысуы үшін ғалым трактаттары бар. Бірінші «Қайырымды қала» кітабын шығардық. Біз осы еңбек негізінде «Al-Farabi university smart city» деп аталатын университетіміздің болашақ даму үлгісін жасап шығардық. «Қайырымды қала» еңбегін оқып отырсақ, бұл еңбек рухани дамудың үлгісі болып табылады. Қазіргі кездегі ғылыми техникалық өркендеу мен рухани дамуды үйлестіре отырып, біз университетіміздің әлемдік деңгейдегі жаңа нұсқасын жасап жатырмыз.

Әл-Фараби орталығы кітап шығарумен қатар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Бүгінгі форум өтіп жатқан ғимарат Әл Фараби кітапханасы деп аталады. Бүгінгі шара кезінде Олжас Омарұлы айтқандай: бұл кітапхана шығыста Отырар кітапханасынан кейінгі үлкен кітапхана  болып табылады. Кітап қоры 2,5 миллион дананы құрайды. Орталық Азиядағы ең үлкен кітап қоры болып саналады.

Әл-Фараби Отырардан шыққан отандас ғалым болғанымен, Алматыда бұл кісіге арналған бір мұражай болмаған. Отырардағы қазылған жәдігерлерден құралған мұражайдан басқа, еліміздің мәдени астанасы Алматыда да мұражай жоқ екен. Сондықтан біз университет қабырғасынан мұражай ашып отырмыз. Әл Фараби есімі қазақтың қазақ екендігін көрсететін әлемдік бренд болуы тиіс деп ойлаймын.   


Әл Фараби мұражайын ашып жатырсыздар, жәдігер жинау барысында қандай алыс-жақын шет елдер мен ел ішіндегі ұйымдармен байланыс орната алдыңыздар?

Елбасының «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында бірнеше профессорларымыз Таяу Шығыс елдерінде болып қайтты. Арабтанушы танымал ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі ҚазҰУде профессор. Ол жақында Араб елдері мен Түркиядан ғалым мұрасына қатысты отыз шақты кітаптар алып келді. Өткен жылы Иорданияға барып, Амман қаласындағы Иордан университетінде Әл-Фараби атындағы ғылыми-зерттеу, білім және мәдениет орталығын аштық. Бұл орталық арқылы Таяу Шығыс пен Араб елдеріндегі Әл Фарабиге қатысты дүниелер мен мұраларды зерттеп, жинақтап жатырмыз. Орталық көмегімен араб елдерімен қарым-қатынасты ғылыми түрде жолға қойдық. Әкелінген кітаптар мен еңбектерді өңдеп, баспадан жинақ қылып шығарудамыз.

Әл Фараби еңбектерінің бүгінгі таңдағы өзектілігі жайлы айта кетсеңіз?

Әл Фараби еңбектері өте көп. Ғалым ретінде ол жаратылыстану, философия, саясаттану секілді ғылымның көптеген салаларын зерттеген. Ол өз заманында ғылымдардың классификациясын жасап, жүйелеп, зерттеу бағыттары бойынша жұмыс жасаған. Түгелімен жинастырып, шығарудамыз. Түптің түбінде оның еңбектері біздің ұлтқа қажет. Әл Фарабиды тани отырып, зерттеу арқылы ұлтымызды әлемдік деңгейдегі халықаралық дәрежеге көтереміз. Университетіміздің 80 жылдығына орай І Халықаралық форум өткізуіміз осының айғағы. Бүгінгі іс-шараға он беске жуық елдерден ғалымдар келіп қатысуда. Енді жыл сайын Әл Фараби арқылы осы форумды өткізіп, бүкіл әлем ғалымдарын елімізде жинап, елімізді танытамыз деген жоспар бар.

Сұхбатыңызға рахмет!

Олжас БЕРКІНБАЕВ

«Қазақстан тарихы» Интернет-жобасының тілшісі