Аманаты мұрағатта қаттаулы
17.03.2014 1620
Астана қаласы мемлекеттік мұрағатында еліміздің көркеюіне үлес қосқан немесе өз еңбегімен ерекшеленген азаматтардың құжаттарынан жеке қор жаcақталған.

Сол жеке қордың бірі жерлесіміз Хажымұрат Рахимовқа арналған. Ол 1924 жылы туып, 1992 жылы дүниеден өткен.

Ақмола өңірінде дүниеге келіп, көптеген игілікті істер атқарып, артында мол мұра қалдырған аяулы азамат 1941 жылы  мектепті бітірген соң, үш айлық мұғалімдер курсына оқуға түседі. Бұдан соң Ұлы Отан соғысына аттанады. 1943 жылы ауыр жараланып, Пенза облысына тылдағы әскери бөлімнің құрамына жіберіледі.

Соғыстан кейінгі жылдары Хажымұрат Рахимовтың шығармашылық кезеңі басталады. Облыстық «Есіл правдасы» газетінде, Целиноград телестудиясында қызмет атқара жүріп роман повесть, әңгімелер жаза бастайды. Жазушының тұңғыш көлемді шығармасы «Қарлығаштар» повесі еді. Туған өлке тарихына арналған «Сеңгір сырлары» трилогиясының орны бөлек. Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған бұл шығарманың шоқтығы биік еді. Романда 1916 жылғы патшаның «июнь жарлығына» қарсы күресі суреттеледі. Кейіннен автордың бұл еңбегі орыс тіліне аударылып, «Жазушы» баспасынан жарық көрген.

Ақмола өңіріндегі қоғамдық көріністер Хажымұрат Рахимовтың қаламынан шет қалмаған. Қорғалжын даласына патша жандармдарынан қашып келіп қазақтардан пана көрген, ислам дінін қабылдап халықпен мұңдас болып, ел арасында Жақып Жоламан аталып кеткен Афанасий Латута туралы да жазған.

Жазушы өзінің 60 жасқа толу мерекесі қарсаңында «Бақытым менің – Балсары» атты романын жариялады.

Туғанына 90 жыл толып отырған  Хажымұрат Рахимовтың шығармалары қазіргі кезде де жақсы бағалануда.

Гүлнұр Күштаева, құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің меңгерушісі